ОЦЕНИТЕ ДЕПУТАТОВ МАЖИЛИСА
19 октября 2021 | 11:41

"Мұнда шексіз демалыс қарастырылған" - PayPal-да жұмыс істейтін жалғыз қазақ

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
PayPal кеңсесі PayPal кеңсесі

Олжас Айтбеков - әлемнің ең ірі дебеттік электронды төлем жүйесі PayPal компаниясында жұмыс істейтін жалғыз қазақ. Ол Tengrinews.kz тілшісіне PayPal-ға қалай жұмысқа тұрғанын және Кремний алқабындағы тіршілік туралы айтып берді. 

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Олжас Айтбеков - әлемнің ең ірі дебеттік электронды төлем жүйесі PayPal компаниясында жұмыс істейтін жалғыз қазақ. Ол Tengrinews.kz тілшісіне PayPal-ға қалай жұмысқа тұрғанын және Кремний алқабындағы тіршілік туралы айтып берді. 

Олжас Жамбыл облысында туған, жасы 25-те. Балалық шағы Таразда өтіп, кейін отбасымен Алматыға көшіп келген. Қарапайым отбасында дүниеге келген ол ерте есейюге мәжбүр болған.   

Жастайынан әкесіз қалды

"Әке-шешемнің жұмысына байланысты екі қаланың арасында өстім. 2 бауырым бар. Әкеміз ертеректе қайтыс болып, қиын кезеңдерді бастан өткердік. Ерте ес жиып, анама қолғабыс болдым. Ешқандай да қиындыққа мойынсынбай, осы күнге жеткізген шешеме алғысымды айтамын", - деп сөзін бастады ол.

Алтын қақпа, Сан-Франциско

Кейіпкеріміз Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне (ХАТУ) оқуға түсіп, 2017 жылы оны аяқтап шыққан.

"Мектепте математикаға деген қызығушылығым ерекше еді. Есеп-қисап пен формулаларға әуес болдым. ҰБТ-дан жоғары балл жинап, 2013 жылы ХАТУ-да бағдарламашы мамандығын оқыдым. Университеттегі білімді аздық етіп, 3-курста шетелдің оқу орындарын қарастыра бастадым, бірақ бағдарламашы үшін теориядан гөрі практиканың пайдасы зор екенін түсіндім. Сөйтіп, әлемнің алып IT-компанияларында тәжірибеден өтуге бел байладым", - дейді Айтбеков.

Еуропадағы тәжірибе

Студент кезінде республика және шетел төңірегіндегі түрлі технология байқаулары мен жобаларға жүйелі түрде қатысқан Олжас Еуропадан бір-ақ шығады.              

"20 жасымда өмірім күрт өзгере бастады. Алға айқын мақсат қойып, білімімді жан-жақты жетілдіруге бар күш-жігерімді жұмсадым. Университетті бітірер шағымда жолым болып, Австриядағы бағдарламаны қамтамасыз етумен айналысатын компаниядан шақырту алдым. Тіпті, дипломын алып үлгермеген мен үшін бірден шетелде жұмыс істеу үлкен мәртебедей көрінді. Австриядағы 4 айға созылған тағылымдамадан алғаным көп болды. Ағылшын тілін де сонда жетілдіріп, Еуропада емін-еркін саяхаттауға мүмкіндік алдым", - деді ол.

Австриядан Қазақстанға...

2017 жылы Олжас Айтеков Қазақстанға қайта оралып, отандық компанияда мансабын ары жалғастырады.

"Австриядан орала салып, Алматыдағы Chocofamily холдингіне жұмысқа тұрып, Еуропадан жинаған тәжірибемді бөлістім. Менің ойымша, IT саласындағы қызметкерлер үшін бұл компанияның берері мол, өйткені ондағы жұмыс жүйесі шетелдік стандартқа сай келеді", - дейді кейіпкер.

"100 адамның ішінен бесеуі ғана таңдалды"

Кез келген бағдарламашының арманы - Кремний алқабында жұмыс істеу, дейді Олжас. Ол Қазақстандағы табысы жоғары жұмысын тастап, талай жылғы арманының жетегімен АҚШ-қа келеді.

"Алматыдағы миллиондап түсетін табысыма қарамай, көкейімде жүрген компаниялар мен жобаларға өз кандидатурамды ұсынудан шаршамадым. Бірде Америкадағы халықаралық тағылымдамаға өтініш беріп көрдім. Оған 100 адамның ішінен тек бесеуі ғана таңдалды, соның ішіне мен де іліктім. Практика Кремний алқабында өтетін болды. Жарты жыл бойы түрлі стартапта жұмыс істеп, тұрақты жұмысқа тұрудың амалын іздей бастадым. Сол кезеңдерде зат тасымалдаумен айналысатын Marca жобасына қатысып, Кремний алқабының тыныс-тіршілігімен жақын таныса бастадым", - деді Олжас Айтбеков.

PayPal кеңсесі

PayPal, Facebook және Google сынды алып компаниялар Кремний алқабында

Олжастың айтуынша, Силикон алқабындағы өмір салты мүлде бөлек.

"Кремний алқабы Калифорния штатындағы Сан-Францискода орналасқан. Онда тұру маған оңай болған жоқ. Тек мен үшін емес, жұмыс іздеп келгендердің бәрі қаржыдан қысылды. Өйткені Кремний алқабы - әлемнің ең қымбат мекендерінің бірі. Әлемнің ең мықты мамандары да осында шоғырланған. Мысал үшін айтайын, онда бір бөлмелі пәтерді 3000 АҚШ долларына жалдайсыз. Бұл америкалықтар үшін де қомақты қаражат. Одан бөлек, көлік, азық-түлік, ұялы байланыс және тағы да көп қызмет түрлері өте қымбат. Кейіннен менің де осы ортаға тез бейімделіп, кәсіби әлемдегі өз орнымды тапқым келді. PayPal, Facebook және Google сынды алып корпорациялардың қызметкерлерін көргенде басқа мотивация болмайды екен", - дейді ол.              

"PayPal мені LinkedIn желісі арқылы тауып алды"

Ол діттеген мақсатына жетіп, дебеттік электронды төлем жүйесімен айналысатын PayPal компаниясына жұмысқа тұрады.

"Стартапта жүргенде әлемнің көптеген жетекші компанияларына көз тігіп, алдын ала жұмыс берушімен сұхбатқа дайындала бердім. Негізі бұл оңай шаруа емес. Оған ұзақ уақыт бойы дағдылану керек. Таңғы 5-те тұрып, ұйықтамай дайындалған кездерім де аз болмады. Кез келген міндетті, тапсырманы шешу және деректер құрылымының алгоритмін анықтау үшін барымды салдым, өйткені бағдарламашы іздеген компанияға керегі сол. Содан күндердің күнінде мені LinkedIn желісі арқылы PayPal компаниясының қызметкері тауып алып, қызығушылығын білдіртті. Бұл мен үшін күтпеген сый болды. Мен бірден келісе кеттім. Алайда барлығы мен ойлағандай оңай болған жоқ. Жұмысқа тұрмас бұрын 5 кезеңнен құралған сынақтан өту қажет екен. Біріншісінде программалау бойынша білімімді тексерді, кейін оған алгоритм жүйесі қосылды. Келесі кезеңде департамент директорымен сұхбаттасып, арнайы сұрақтарға жауап бердім. Оларға тек менің мақсатым мен тәжірибем маңызды болды. Содан не керек, ұжым басшысының көңілінен шығып, рекрутерден жұмысқа қабылданғаным туралы хабарлама алдым. Қазір PayPal-да бағдарлама әзірлеуші боп жұмыс істеймін", - дейді Олжас.    

Қазір басшылық қызметте

Қазақстандық бағдарламашының PayPal компаниясындағы қызметіне 2,5 жыл болды. Бүгінде ол қызметте өрлеп, бір бөлімді басқарады.

"Қарапайым бағдарламашыдан аға инженерге дейін өстім. Әрбір уақытым санаулы, мойынға артылған жауапкершілік жоғары. Көптеген ауқымды жобаның талқылауына қатысып, өз бағамды беріп отырамын. Сонымен қатар, қазір PayPal клиенттерімен тікелей жұмыс істейтін болдым. Он адамнан тұратын бөлімді басқарамын", - деді ол.

Сиэтл, Вашингтон штаты

PayPal несімен бөлек?

Сондай-ақ, Олжас PayPal-дың ерекшелігі мен ондағы қызметкерлердің жұмыс тәртібі туралы айтып берді.  

"Бізде еркіндік бар. Кез келген қызметкер қалаған ісімен айналысады және ешқандай дедлайн жоқ. Мұндай жұмыс үлгісімен ешкім де мақтана алмас. Бір сөзбен айтқанда, PayPal микроменеджмент пен бюрократиядан бас тартқан. Одан бөлек, жұмысшыларға шексіз демалыс кезеңі қарастырылған. 3-4 айға еңбек демалысына шығып, саяхаттап кететін әріптестеріміз аз емес. Енді мына қызықты қараңыз, осындай жүйенің өзінде жұмысқа ешқандай да зақым келмейді. Барлығы өз ретімен, қалыпты деңгейде жұмыс жалғаса береді", - дейді Айтбеков. 

"Шетелдік достарым бауырсақ пен қазыны жақсы көреді"

Олжастың АҚШ-та жүргеніне 3,5 жылдан асты. Ол осы уақыт аралығында көптеген мықты маманмен дос болып алды.

"Досым көп. Компаниядан да, басқа қалалардан да жолдастарым бар. Олардың әрқайсы түрлі ұлт өкілінен екенін де атап өтейін. Себебі Калифорнияда иммигранттар тым көп. Оларға қазақ мәдениеті қызық. Қолым қалт етсе, достарыма Қазақстан туралы айтып отырамын. Бірнеше рет шетелдік серіктестерім мен жолдастарыма дастархан жайып, алдына қазақтың ұлттық тағамын қойдым. Шетелдіктер бауырсақ пен қазыны ерекше жақсы көреді. Мүмкіндік болса, оларды қазақ тағамдарымен қуантып тұрамын", - дейді ол.     

Алдағы жоспары мен елге оралу

Олжас Айтбеков алдағы жоспарымен де бөлісіп, елге деген сағынышын білдірді.

"Қазақстанға оралу - менің басты ұмтылысым. Қазір мен тәжірибе жинап, өзімді жан-жақты саладан дамытып жүрмін. Қазаққа пайдам тиіп, елдің технология бағытын дамытуды өзіме мақсат еттім. Жақын арада арманыма жетіп, ол жағын тағы да әңгімелей жатармыз", -деп сөзін аяқтады ол.

Суреттер Олжас Айтбековтің жеке мұрағатынан

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 523.95  course up  543.16  course up  5.1  course up

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer