Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қатты зардап шеккен ғимараттардың бірі - Asia Park сауда орталығы. Алдымен қарақшылар сауда орталығын талқандап, дүкендердегі тауарларды қолды қылған. Соның ішінде Asia Park-тегі Fora техника дүкеніне миллиондаған шығын келген. Tengrinews.kz тілшісі дүкен қызметкері Жанболат Болатовпен сөйлесіп, қарақшылар шабуылынан кейінгі жағдай туралы сұрады.
Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қатты зардап шеккен ғимараттардың бірі - Asia Park сауда орталығы. Алдымен қарақшылар сауда орталығын талқандап, дүкендердегі тауарларды қолды қылған. Соның ішінде Asia Park-тегі Fora техника дүкеніне миллиондаған шығын келген. Tengrinews.kz тілшісі дүкен қызметкері Жанболат Болатовпен сөйлесіп, қарақшылар шабуылынан кейінгі жағдай туралы сұрады.
Қарақшылар 4 қаңтарда Asia Park сауда орталығының есігін сындырып, ішке кірген. Видеоға қарағанда, қаскөйлер сауда орталығының кіреберісін тас-талқан еткен.
Жанболат бірнеше жылдан бері Asia Park-тегі Fora техника дүкенінде жұмыс істеп жатқанын айтады. Қарақшылар қала ғимараттарына шабуыл жасағаннан кейінгі келесі күні жұмыс жағына барыпты.
"Алыстан қарағанымда бәрі дұрыс секілді көрінді. Жақындасам, терезелер шағылған. Алдында 2-3 адам ғана тұр. Бірге ішке қарай кірдік. Артымыздан тағы екі жігіт кіріп, қалтасына парфюмдерді салды да, қашып кетті", - дейді ол.
Жанболат ішке кіргенде өз көзіне сене алмағанын айтады. "Ғимарат ішінде соғыс болғандай" дейді ол.
"ішке кірген соң бірден Fora дүкеніне қарай бардым. Дүкен астан-кестен болып жатқанын түсіндім. Барсам, тезерелері сау, тек есіктің бір бұрышын қиратып кірген екен. Дүкенге кірген жоқпын, кетіп қалдым", - дейді ол.
"Кейін басшылық шығынды есептеп, аман қалған техникаларды алып кетуге шақырды. Дүкенге қайта барсам, іште дым жоқ. Жаңажылдық сатылымға жинап қойған телефон көп еді. Содан тек 90 мың теңгедей тұратын бір Samsung смартфоны жатыр. Оны байқамай қалған сияқты. Қалған телефонның бәрі ұрланған", - дейді дүкен қызметкері.
Жанболаттың айтуынша, қарақшылар дүкеннен ақша тұрады-ау дегеннің бәрін ала берген. Бірақ тонаушылардан аман қалған тауарлар да бар екен.
"Диагоналі ұзын теледидарлар, жоғарғы сөреде тұрған теледидарлар ұрланбаған. Бірақ соның өзінде теледидарлардың экранын сындырып, кей смартфонды мыжып кеткен. Аман қалған техника аз, оның үстіне ұсақ-түйектер, көбі бүлінген. Бұл дүкенге былтыр тамызда күрделі жөндеу жасалған. Сол жұмысымыздың бәрі текке кетті. Әрине, мен оның қожайыны емеспін, сол кезде мен жұмыссыз қалдым деген ой келді. Өкінішті болды", - дейді Жанболат.
Жанболаттың айтуынша, қарақшылар келетін түні дүкенде құны 110 миллион теңгеден асатын тауарлар болған.
"Шығын қанша екенін қазір нақты айта алмаймын. Қаншама Apple техникасы, Samsung тауарлары, ноутбуктер ұрланды. Екі ноутбук қана қалыпты. Ұрланғандарды есептесек, кемінде 70-80 миллион теңге шығады", - дейді дүкен қызметкері.
Оның сөзінше, кейін жақын маңдағы тұрғындар келіп дүкендерді күзетуге көмектескен.
"Қалған техниканы жинай бастағанда жастар келіп, қарақшылар тағы келуі мүмкін деді де, бізге көмектесті. Жақын жерде тұратындар келіп, дүкендерді күзетті. Біздің дүкенді есептемесек те, Asia Park-тегі барлық бутикке шығын келді. Қанша халықтың еңбегі бұл. Пандемия кезінде шығынға батқан олар енді аяққа тұрып жатқан еді. Ал қаскөйлер бір түнде келді де, жылдар бойы жасаған кәсібін быт-шыт қылды", - дейді Жанболат.
Ол қарақшылар арасында пакет ұстаған әйелдер де болғанын айтады.
"Бәрі басылған соң бейнебақылау камераларының жазбаларын көрдік. Қарақшылар арасында әйелдер жүр, кейбірінің қасында балалары бар. Бетіне маска таққан, қолында пакет, асықпай таңдап жүріп, телефондарды пакетке салып жатыр. Біреу көрпеше әкеліп, бүкіл техниканы буып алып кеткен. Бір түнде сүйікті жұмыс орнымды ғана емес, сүйікті қаламның быт-шытын шығарғандары өкінішті", - дейді ол.
Енді дүкендегі қарапайым қызметкерлер жұмысы не боларын білмей алаңдап жүр екен. Жұмыссыз қалуы да мүмкін.
"Қарапайым сатушыларға да қиын. Бәрімізді қайда жібереді? Ақырындап дүкендер ашылар, бірақ қашан екені белгісіз. Дәл қазір жұмыссыз қалдық деуге болады. Компания басшылары, дүкен иелерінен бөлек, қарапайым сатушылар да зардап шегіп отыр", - дейді Жанболат.