"Показуха". Арақты құдыққа тастаған жастардың әрекеті Желіде қызу талқыланып жатыр

06 Қаңтар, 13:55
19
"Показуха". Арақты құдыққа тастаған жастардың әрекеті Желіде қызу талқыланып жатыр - Видео кадрлары
Видео кадрлары

Жыл басында Түркістан облысындағы ауыл жастары алкоголь сусындарын құдыққа лақтырып, ішімдікке қарсы акция бастаған. Бұл акцияның видеосы қазір әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Ауыл жастарының бұл бастамасын қолдағандар да, популизм деп сынағандар да табылды. Tengrinews.kz тілшісі бұл акцияны желідегілердің қалай қабылдағанына шолу жасады.

Facebook желісінде таралған видеода ауылдың бір топ тұрғыны түсіріліп, ролик авторы "Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылының тұрғындары ішімдікке, нашақорлыққа қарсы" деп бастайды. Кейін тұрғындар "Қарсымыз!" деген ұранмен ішімдік салынған қорапты құдыққа лақтыра бастайды.

Видеоны өз парақшасында Ғалым Тұрманбеков есімді қолданушы жариялаған. Бүгінде бұл видеоға 400-ден аса пікір жазылып, оны 1,700 адам өз парақшасында бөліскен.

Желі қолданушыларының бұл акцияға қатысты пікірі қақ жарылған. "Бұл ақшаға азық-түлік сатып алып, мұқтаждарға көмектесуге болады. "Показуха" үшін жасалған арзан челлендж", "Жарадыңдар, бірақ кәріз жүйесі жабылып қалмасын", "Қолдаймын, жарайсыңдар, жігіттер!", "Шын ниетпен жасаған адам жарияламайды, осылардікі "показуха" сияқты" деген секілді пікірлер жазылған.

Facebook желісінде белсенді Алмас Тоқабаев оның арақтың жаман емес екенін, оның қандай жағдайда зиян екенін айтқан.

"Қате түсініктер: Арақ жаман. Темекі - жау. Интернет - дұшпан. Дұрысы: Олар өз-өзімен тұрғанда еш зияны жоқ. Кәдімгі зат. Адам пайдаланса немесе дұрыс пайдаланбаса ғана зиян. Түйін: Адам жаман, өзіне жау һәм дұшпан", - деп жазған ол желідегі парақшасында.

Сондай-ақ желіде белсенді ол бұл жағдайға қатысты "Енді Айфон сындырғанын күтеміз" деп қалжыңдаған.

Журналист Халима Тәжіқұл болса, ішімдіктерді құдыққа лақтырғандарына мән берген.

"Аноу араққа қарсы ағайын оны қайда лақтырып жатыр? Біреулер құдыққа дейді, қазақ су ішкен құдығына түкірмеуші еді, бұлар арақ лақтырады. Санэпидемстансаның мамандарына жұмыс табылды, Кеше баламның ыстығы шыққанда, түн ортасында арақ сатылмайтынына жыным келген", - дейді ол Facebook-парақшасында.

Тағы бір журналист Айдос Жұқанұлы жастар сындырған арақ-шараптардың маркаларына көз жүгіртіп, қалжыңдаған: "Түркістан жастары арақ-шарапты һарам деп, шағып жатыр. Видеоны бірнеше рет көрдім. Ішінде Jack Daniels пен Jameson вискиі, Absolute арағы жоқ. Е-е, бәсе дедім".

Бұл жазбаға қатысты бірнеше пікір бар. Мысалы, ақын Абылай Мауданов құдыққа тасталған ішімдікті өртенген кітапқа ұқсатқан.

"Маған кітап өртеуге ұқсас сияқты боп көрінді. Кітапты өртеуден ауыры - оқымай қою ғой. Арақты жазалау үшін ішпей қою да жеткілікті. Үш-төрт жәшік ішімдіктің ақшасын пайдалы нәрсеге жұмсар едім", - деген ол.

"Показуханың" көкесі болды, тек ішпей қойса болды емес пе?!", "АҚШ-қа қарсы шығып 1 долларды өртеген сияқты нәсте ғой", "Құдыққа тастап жатыр ма? Спирт топыраққа сіңіп, айналадағы шөп тамырына шапса, ол шөпті мал жесе, малдың етін өздері жесе..." деген пікірлер жазылған.

Ал блогер Өркен Кенжебек осы акцияға қатысты пікірін жазып, дерек келтірген.

"Қарасаңыз, біреулер топтасып, арақтан адамыз деген пиғылын ел білсін, басқалар ұялсын, болмаса үлгі алсын деп бейнеге түсіріпті. Бұны айыптайтындай біз алкоголизм жоғалып кеткен ел ме едік? Биыл 1500 алқашты мемлекет міндеттеп емдетті. 34 мыңдай отбасының әйтеуір бір мүшесі алқаш дейді, тіркеуде тұр. Оның ішінде 31 бала (!) алқаш деп тіркеуде тұр. Қазақстандағы әрбір бесінші қылмыс, адам өлімінің тең жартысы, отбасылық-тұрмыстық негіздегі қылмыстың 60 проценті арақты көп ішкеннің салдарынан болған. 1996 жылы емес. Былтыр. Бізде ерлерге бауыр циррозы деген диагноз қойылса, соның 74 процент жағдайында арақтың кесірінен дейді. Әлі күлкіңіз келіп отыр ма?", - деп жазған ол.

Сондай-ақ блогер ішімдіктерді тек арнайы дүкенде сатуды ұсынған.

"Бізде 37 мыңдай сауда орыны тіркелсе, соның бәрінде дерлік арақ-шарап сатылады. Анау ауылды айтамын да, сол маңдағы бір-екі дүкеннің иелері де шығар, бәлкім, естерін жиып, ұяты оянып, берекетін тілеп, арақ-шарапты төгіп жатыр ғой. Ең дұрысы, өркениетті елдердегідей арақ-шарапты тек арнайы дүкендер - алкомаркеттерде сату. Финляндия дым да шариғат елі емес. Бірақ арағын осындай дүкендерде сатқалы бері алкоголизміміз 20 процентке түсті деп жатыр. Мемлекет мұндай реттеуге бармаған соң, әлгі ауылдағы жігіттер әйтеуір бір амалын қарастырған шығар. Қарлығаштың өртке тұмсығымен су тасығанындай әрекет қой олардікі", - деп жазған ол Facebook желісіндегі парақшасында.

Жазбаға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет "Ол сынған бөтелкелер экологияға қаншама зиян келтіріп жатқанын біле ме? Одан да төге салу әлдеқайда тиімдірек" деп пікір білдірген.

Получить короткую ссылку

Автор :

  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (19)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц