Қазақтың тойшыл халық екені белгілі. Екі жастың үйленіп, сәбиді дүниеге әкелгенінен бастау алатын қалжа той, шілдехана, бесік той, тұсаукесер сияқты тойлар жетерлік. Тарихқа үңілсек, қазақтар ежелден-ақ той-томалақ өткізуге және оның өту мәдениетіне аса мән берген. Расында да олар ғасырлар бойы той өткізудің өзіндік мәдениеті мен ережелерін қалыптастыра алды. Бірақ бүгінде қазақ тойлары түрленіп, шоуға айналып, кейбір дәстүрлерді ескермей жатады. Мысалы, қазақ қандай жағдайда той жасамаған? Оны біреу білсе, біреу біле бермес. Бұл туралы толығырақ Tengrinews.kz тілшісіне тарихшы Жұлдыз Орманова айтып берді.

Тарихшының айтуынша, көшпенді қазақ жоқшылық болған кезде де, той-томалақ болмаса да, кішігірім жиын ұйымдастырып, туған-туыстарын шақырған. Орманова мұны қазақ халқының қонақжайлығымен байланыстырып отыр.
"Қазақ ерте бастан-ақ тойды жақсылық, қуаныш нышаны деп түсінген. Көшпенді қазақ әр маусымға жақсылық тілеп, келесі тойды амандықта, қуанышта қарсы алатын күнді асыға күткен. Тойды қазақ мәдениетінің бір бөлігі деп санаған, қуанышты жаңалық болғанда қонақ шақырмауды ұят деп қабылдаған", - дейді тарихшы.
Дегенмен, Жұлдыз Орманованың айтуынша, белгілі бір жағдайларда шулы жиындар жасап, көңіл көтеруге тыйым салынған.
"Барлығы білетіндей, некесін қиғысы келетіндердің, яғни екі тараптың жақындарының бірі қайтыс болғанына бір жыл уақыт өтпесе, ол үйде көңіл көтеріп, қазан-ошақ басына жиналуға мүлде болмайды. Ол күнә деп саналады. Мұны бүгінде барлығы біліп түсінеді деп айта аламын. Кем дегенде бір жыл уақыт жиын, тойсыз, азалы күйді сақтау керек. Қайтыс болған кісінің басына құлып тас орнатып, күмбез тұрғызған соң ғана той-томалақ өткізген жөн", - дейді тарихшы.
Сонымен қатар, Орманова қазақтың сапар айында той жасамағанын айтады.
"Қазақта сапар айы деген түсінік болатын. Бірақ бүгінде ол түсінік қолданыста жоқ. Сапар айы жайлы XX ғасырдың соңына қарай көп айтылатын. Жалпы сапар айы күз мезгіліне келеді. Көбіне қазан немесе қараша айларына түсетін. Бұл айды бақытсыздық, қайғы-қасірет айы деп қабылдаған. Сапар айының соңғы сәрсенбісінде қайғылы жағдайлар болатынына сенген. Сондықтан ол кезеңде жастар некесін қимайтын. Той жасау жайлы тіпті сөз болмаған. Көбі оны ораза айымен шатастырады. Олар екі бөлек дүние. Сапар айы тек наным-сенімнен болған деуге болады", - дейді тарихшы.
Дегенмен Орманова сапар айына қазір ешкім мән бермесе де, қазақтар мамыр айында үйленбейді деген ырымға сеніп алғанын айтады.
"Бұл қате түсінік. Батыстан келсе де, біздікілер оны ырымға санап алған. Расында олай емес. "Мамыр айында үйленуге болмайды" деген пікір біздің дінімізге, халқымызға жат. Өкінішке қарай, сондай теріс түсінік қалыптасып кеткен. Қазақтың дүниетанымында үйленуге болмайтын сәтсіз ай жоқ. Мамыр айында үйленіп, той жасауға болады. Барлық ай сәтті", - дейді тарихшы.
Cондай-ақ, Орманова Ораза кезінде той-томалақ өткізуге қатысты ойын айтты.
"Қазақтар Ораза айында той жасамайды. Бір жағынан бұл дұрыс шығар. Дегенмен бізде той дегенді естісе, бірден арақ-шарап пен көңіл көтергендер елестейтіні рас. Бірақ Рамазан айы той жасауға тыйым салатын ай емес. Бізде көңіл көтеру деген басқаша түсінік болғандықтан шығар, Оразада той жасау жат нәрсе болып көрінеді. Меніңше, Ораза кезінде ішімдіксіз той-томалақ өткізудің еш айыбы жоқ. Керісінше, оның жастарға тиер сауабы болады", - дейді Орманова.
Оқи отырыңыз:
Қазақстанда тойдағы ысырапты заңмен шектеу қажет пе
"Танымал адамдар, тікұшақ пен түйе". Қазақ тойындағы трендтер