Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
12 октября 2020 14:17

"Сиыр қарнын беремін". Тазыны қалай баптау керек?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Тазы асыраушы Нұрғали Нұрышев Жұлдыз FM эфирінде тазыны қалай ұстайтынын, қалай баптау керегін айтты. Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Мейрамбек Махамбетов итбегілік мәселесіне қатысты пікірін бөлісті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Тазы асыраушы Нұрғали Нұрышев Жұлдыз FM эфирінде тазыны қалай ұстайтынын, қалай баптау керегін айтты. Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Мейрамбек Махамбетов итбегілік мәселесіне қатысты пікірін бөлісті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Тазының мүсініне ғашық болдым"

Нұрғали Нұрышев Алматы қаласының тумасы. Тазысын да Алматыда асырайтынын айтады.

"Тазыны осында жүгіртіп, аңға шығамын. Тазы асырап жүргеніме төрт жыл болды. Бірнеше жыл бұрын досым атқа мініп қайтайық деп фазендаға шақырған. Оның тазысы болатын. Атпен серуендеп жүргенде тазының созылуына, келбетіне, мүсініне ғашық болып, тазы ұстаймын деген мақсат қойдым. Интернетке кіріп, тазылар туралы видео көрдім, олармен жақынырақ таныстым", - дейді ол.

Тазы ұстаушының сөзінше, ол демалысын атқа мініп, тазымен серуендеп өткізеді екен.

"Қалада басқа жұмысым бар. Бірақ атқа мініп, тазы жүгірту адам үшін жақсы демалыс деп ойлаймын. Өйткені, таза ауаға шығасың. Атқа міну - мен үшін ем. Ипотерапия деген бар. Адамның омыртқасына, сүйегіне әсерін береді. Біз тауға шығамыз, таза ауада жүріп, өзімізді бір "сілкіндіріп" аламыз", - дейді Нұрышев.

Сегіз тазы баптап отыр

Нұрғали Нұрышев қазір сегіз тазы асырап отқанын айтады.

"Қазір аңшылық маусымы келе жатыр. Қазаннан бастап аңға шығамыз. Қазақстанды аралап аң аулаймын. Жаз бойы тазыны семіртіп, жілік мойын толтырамыз. Күзге жақын тазыны ақырындап жүгіртіп, жілік майын, етін қатайтамыз. Ат баптау мен тазы баптау ұқсас. Күн суыған кезде дайын тазыларды аңға салып, соларды сынаймыз. Заманға сай қылып аңшылық кезін видеоға түсіремін, дрон бар. Қазақылығымызды, салт-дәстүрімізді заманға сай етіп, кейінгі буынға көрсетуді мақсат қылдым. Өйткені, мұндай видеолар 100-200 жылдан кейін бола ма, болмай ма - белгісіз. Мұрағат ретінде қалдырғым келеді", - дейді эфир қонағы.


© "Қансонар" Республикалық қауымдастығы

Бағдарлама барысында Нұрышев тазыны қалай баптайтынын түсіндірді.

"Сиырдың не қойдың қарнын беремін, онда витамин көп. Соны күрішке араластырып беремін. Сол арқылы тазы табиғи ет жинайды. Тазыны 3-4 айынан баптау керек. Алдымен түлкінің терісін беріп, жұлқытып ойнату керек. Сол кезде мойны сынып, аңға шыға алады. Кейін 7-8 айында аттың артына қойып, жүгіртіп, аңға салу керек. Алдымен қоянға, кейін қарсақ, түлкіге шабуылдайды", - дейді ол.

Тазыларына есімді қалай таңдайды?

Сондай-ақ, тазы асыраушы қазақта ит сатуға болмайды деген ұғым туралы пікірін бөлісті.

"Қазақта ит сатуға болмайды деп сенеді. Бірақ екі жақ келіссе, аң аулайтын және мал қарайтын итті сатуға болады. Әрине, таныстарыма тазының күшіктерін сыйлаймын. Тазының бағасы әр түрлі болады. Таза қанды тазы қымбат тұрады. Мысалы, бұрын бір тазыны бір үйір байталға ауыстырған дейді. Бірақ жақын таныстарыңа, бауырларыңа мынадай ақша бер деп айта алмайсың. Кішігірім қарғы бауын тастап кет дейсің, ол 100 мың теңге тастай ма, мың теңге тастай ма - өзі біледі. Менен тазы алатын адамға бір шартым бар - оның өскенін, қалай жүгіргенін маған айтып отыруы керек. Өйткені, мен селекциямен айналысамын, сондықтан жүгірісін, рухын білуім қажет", - дейді Нұрышев.


© aqmeshit-aptalygy.kz

Сондай-ақ, эфир барысында ол тазыларына есімді қалай таңдайтынын айтты.

"Ата-бабамыз ешқашан тазыға адам есімін бермеген. Мен есім қоярда тазыға қараймын. Бір тазының көзі доп-домалақ, қаршығаға ұқсайды, мен оны Қаршыға деп атадым. Қара түсті тазымды Қарахан дедім. Жалы қара тазымды Қаражал деп атадым. Бірақ нақты дәстүр жоқ, біреу орысша ат қояды, біреуі қыздың есімін біреді. Бір адам тазысын Макгрегор деп атаған. Төбелеске құмар шығар", - деп қалжыңдады ол.

Нұрғали Нұрышевтың сөзінше, тазының басқа аңшылық иттерден айырмашылығы - жүйріктігі және рухы. Тағы бір қасиеті - іздеу. Аңшылыққа қажет үш қабілеттің бәрі осы тазыда бар екен.

Итбегілік спорт түріне айналады

Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің ұлттық спорт түрлері және спорттағы мүмкіндігі шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов эфир барысында телефон арқылы байланысқа шығып, итбегілікті ұлттық спортқа айналдыру туралы пікірін айтты.

"Бүгінде министрлік итбегілікті спорт түрі етіп тануды мақсат қылып отыр. Құсбегілік, атбегілік бар. Оған енді өзімізге тарихи маңызды итбегілік қосылады. Дене шынықтыру және спорт саласының заңнамасына  сәйкес, итбегілік толық рәсімделген жағдайда бірнеше ауқымды іс-шара атқарылады. Облыстық, республикалық және халықаралық жарыстар ұйымдастыруға болады. Өңірлердегі мемлекеттік спорт мектептерінде итбегілік пәнін ашып, мамандарды жұмысқа тарта аламыз. Сонымен қатар, төрешілер мен жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру курстарына ұйымдастыруға мүмкіндік пайда болады", - деді басқарма басшысы.


Фото: 24.kz

Министрлік өкілінің сөзінше, қазақи тазы мен төбеттің құндылығын сақтап қалу, оның санын арттыру - өте күрделі мәселе. Мәдениет және спорт министрлігі өз құзіретіне сәйкес, спорттық сипатта жұмыс істейтінін айтады.

"Елімізде "Қансонар" деген ірі ұйым бар, сол ұйымның деректеріне сүйенсек, елімізде 644 тазы және 8 төбеттің паспорты бар екен. Сонымен қатар, олар өңірлерде арнайы көрме ұйымдастыру арқылы тағы паспорт алуға жарамды 1300 тазы және 200 төбет бар екенін анықтаған", - дейді Мейрамбек Махамбетов.

Оның айтуынша, қазір тазыны патенттеу және ЮНЕСКО-ға енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

"Бельгияда Халықаралық итбегілік федерациясы бар. Онда иттердің 400-ге жуық түрі тіркелген. Алайда оған тазы мен төбет енбепті. Сол федерацияға және ЮНЕСКО тізіміне ену бойынша жұмыстар қолға алынып жатыр. Арнайы жұмыс тобы құрылды. 2021 жылы жақсы жаңалығымыз болады деп сенемін", - деді министрлік қызметкері.

"Ауызбіршілігіміз жоқ". Қазақстан тазыны неге патенттей алмай отыр?

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети