ОЦЕНИТЕ ДЕПУТАТОВ МАЖИЛИСА
11 ноября 2020 | 20:32

Ұлылардың кездесуі. Балуан Шолақ пен Қажымұқан белдескен бе?

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
Балуан Шолақ пен Қажымұқан Балуан Шолақ пен Қажымұқан

Қазақтың атақты халық әнші-композиторы, айтыскер-ақын, ат үсті ойынының түрлі тәсілдерін меңгерген ерекше өнерпаз, күш өнерін көрсеткен спортшы Балуан Шолақ (Нұрмағанбет Баймырзаұлы - Авт.) пен қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқанның кездесуіне қатысты талай зерттеу мен мақала жазылды. Бізге белгісі қайсы, аңызы мен ақиқаты қайсы? Tengrinews.kz тілшісі "Ұлылардың кездесуі" мақалалар циклын ұсынады. 

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Қазақтың атақты халық әнші-композиторы, айтыскер-ақын, ат үсті ойынының түрлі тәсілдерін меңгерген ерекше өнерпаз, күш өнерін көрсеткен спортшы Балуан Шолақ (Нұрмағанбет Баймырзаұлы - Авт.) пен қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқанның кездесуіне қатысты талай зерттеу мен мақала жазылды. Бізге белгісі қайсы, аңызы мен ақиқаты қайсы? Tengrinews.kz тілшісі "Ұлылардың кездесуі" мақалалар циклын ұсынады. 

***

1864 жылы дүниеге келген Балуан Шолақ пен 1871 жылы туған Қажымұқанның замандас екені белгілі. Алайда қос балуан қай кезде және қай жерде кездесті? Бұл турасында Балуан Шолақтың туған жерінен шыққан, ол туралы зерттеу очеркін жазған жазушы, публицист Естай Мырзахметов "Жұлдыз" журналына 1989 жылы осы кездесу жайлы мақала жазады. Онда автор қос балуанның қандай жағдайда кездескенін баяндайды. 

Автордың мәліметінше, жер-жерді аралап, күресіп жүрген Мұқан Мұңайтпасұлы (Қажымұқанның шын аты - Авт.) әкесінің қазасын естиді. 

"Қаладағы жаңалықты даладағы елдің бұрын еститін әдеті емес пе. "Патшаның балуаны Қажымұқан Қызылжар-Көкшетаулап келе жатыр" деген дақпырт тарады. "Патша балуанын" тым болмаса, түстендіріп жіберуді абырой-дәреже көрген бай адамдар жолын тосып әлек. Бірінен соң бірі іліп әкетіп жатты. Бұл хабар Балуан Шолаққа да жетеді. Балуан: "Маған қалай да келеді, сәлем береді", - деген оймен қам жасап, қатты күтеді. Өйткені, күре жол Тастыөзек қонысында отыратын Балуан Шолақ ауылын іргелей өтеді. Демек, Қажымұқан былай да, былай да келуі керек. Бірақ Қажымұқанды атығай байы Әлжан мен керей болысы Сатыбай бұрып әкетеді. Бұл іс Балуан Шолақтың қытығына тиеді. "Әке қазасы қиын-ау, қайғырып келе жатқан адам емес пе, кейін оралғанда соғар!" - деп күтіп отырады. Бірақ та үміті ақталмады. Қажымұқан төте Ақмолаға аттанды барады деген хабар алады", - делінген мақалада.

Осыдан кейін Балуан Шолақ түн ішінде атқа қонып, Қажымұқан қонып жатқан Шортандағы Шаймерденнің үйіне тұмсық тірейді екен. Кездесу жайлы автордың баянын толықтай беруді жөн көрдік:

"Әлгі Қажымұқан деген көргенсіз осында ма?", - деп сұрайды да, осында екенін білген соң "Ендеше мені қазір тура соның жатқан жеріне бастап апар. Есіңе тұт, менің де кім екенімді тісіңнен шығармайсың, оның атын да ауызға алмайсың!", - дейді еркін сөйлеп. 

Қажымұқан, қадірлі қонақтарға арналған түкпір бөлменің тақ төрінде, белден салынған құс төсекте дөңбектей дөңкиіп жалғыз жатқан-ды. Есік ашылады. Бөлме ішіне жарқырап жарық түседі. Шөкең босағадан аттай тоқтап: "Уа, Шаймердан, немене, үйіңде қонақ бар ма еді? Тап төріңде күмпиіп жатқан кім бұл?" дейді. Кім екенін жорта білмегенсіп. Үй иесі "Осында, бір жолаушы мейман еді" деп сылқ еткізіп қоя салды.


Жамбыл облысы, Төле би ауылындағы Балуан Шолақ ескерткіші

- Е, сонда, бір үйді бір өзі алып, үлде мен бүлдеге оранып жататын, соншалықты не қылған - мейман ол?

Қажымұқан жата беруіне енді болмай қалып еді. Жорта ұйқыдан жаңа оянып кеткенсіп, көзін сығырайта ашып қарады… Босағаға сүйеніп біреу тұр, - адам емес сурет. Баста сусар бөрік, үсте омырауы ашық жібек шапан, аяқта өкшесі сынық сүйем, күміспен күптелген көк сауырлы, кісі құны дерліктей кебіс.

- Ей, Шаймердан, малдың қарны жуан, басы үлкені - соғым, адамның қарны жуан, басы үлкені - боғым деуші еді, сенің мына қонағыңның қарны кебежедей, басы қара бақырдай бірдеме екен, сірә, нағыз боғымның өзі болар…

Қажымұқанда үн жоқ. Өзіне шүйіліп, сөзбен піспектеп тұрған жанның осал емесін іші сезіп-ақ жатыр, ал бірақ дәл осы Баулан Шолақ болар-ау деген ой оған қайдан келсін?! Кім де болса ойсаң денесін көрсетіп-ақ жүрегін шайлықтырып тастамақты ойлап, көрпені төменірек ысырып, бұлшық еті білеу-білеу балуан білегін, есіктей кең кеудесін жалаңаштайды. Оны көрген Шөкең қарқ-қарқ күледі:

- Ойбай-ау, мына жаманның түріне қараңдар! Әй… Осының өзі балуансымақ бірдеме болмағай… Менімен күресемісің? - дейді.

Қажекең бұдан әріге шыдай алмайды. "Күрессем, күресемін!" деп, шамырқанған қимылмен көрпені серпе лақтырып тастап, сілкіне тұрады. Шөкең сол босағаға сүйеніп тұрған күйі: - Шаймердан, қане, бізге екі қыл шылбыр әкел, арбиған мәстекі неме екен, өнерін көрейін! - дейді. Екі шылбырдың бірін Шолақ Қажымұқанға "ал ұста" деп лақтырды, бірін шапан сыртынан беліне өзі байлай бастады… Қажымұқанның көзі Шолақтың аяғындағы кебісіне түседі. 

- Аға, аяғыңыздағы кебісіңіздің өкшесі тым биік екен, омырылып кетер, шешсеңіз қайтеді? - дейді.

- Кет, ит, сөйлемей! - деп, Шөкең қатты қайырып тастайды.

- Сенімен ұстасуға жарамаған кебісті мен кисем-ау. Бір емес, екі емес, әбден басынып біткеніне ызасы қозып, ширыға жақындай берген Қажымұқанның беліндегі шылбырға Шөкеңнің қолы сарт етіп бұрын тиіп қалады. Сол сәтте Қажекең ышқына дауыстап жіберіп:

- Ойбай, аға, Сіз Балуан Шолақ емессіз бе?! 

- Енді кім деп едің!

Қажымұқан еденді омырып жібергендей дүрс еткізе, жалп етіп отыра кетеді. Жалма-жан екі қолын көкірегіне басып:

- Ойбай, аға, менен бір ағаттық болды, мен жығылдым!.. Мен жеңілдім! Сол, сол-ақ екен, Балуан Шолақ оны жерден алып, жерге салады.

- Оңбаған ит!.. Сен ит болмасаң, мені басымнан аттап кетер ме ең! Әуелі маған келмес пе ең, сәлем бермес пе ең?! Содан кейін Мұңайтпас ағам орнына сені өзім алып бармас па ем! Көркейіп бармас па ең сен!.. Сасық байлардың итаяғын жалайсың!

Қажымұқан ләм-мим демейді. Не десін, кінә өзінен. Оны осы арада ғана түсінеді.Қолынан бар келгені, ағаның аяғына жығылып, кешірім сұрау ғана.

- Қанеки, тұр-дағы, тез киін! - деп әмір етеді оған Шөкең. 

- Қазір жүреміз!.. Әке қазасына асығып келе жатқан Қажымұқан ләм демей балуан ағасына ілесіп жүре береді". 

***

Ал бұл оқиғаны өнер зерттеушісі Серік Оспанов басқаша келтіреді. 

"Күшін сынауға келеді ғой. Қажымұқан "ол кісіні былай бір рет шиырып жібердім де алдына тізерлеп отыра қалдым. Маңдайымнан сүйді, "бәсе, өзімнен де мықты біреу тусын, деп едім. Туған екен, жаның жамандық көрмесін, жауырының жерге тимесін" деп бата берді" деп Қажымұқан өле-өлгенше көзіне жас алып айтып отырады екен", - дейді Оспанов Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында.

***

Қажымұқанды зерттеуші ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әлімқұл Бүркітбаевтың 1990 жылы "Жалын" журналы басқан "Қажымұқан" атты мақаласында Балуан Шолақ пен Қажымұқанның күресе жаздаған оқиғасы баяндалған. Олардың күресіне халық композиторы, әнші, ақын Иманжүсіп (Құтпанұлы - Авт.) қарсы шығады екен. 

Автор оқиғаны былай баяндайды: 

Осы туындыда Ұлытау өңірінде атақты Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақ, Қажымұқан балуан үшеуі бас қосып, даланы ду-дыруға бөлегені жайлы айтылады.

Бірін-бірі көріп бас қосуға ынтазар болып жүрген қазақтың арыстары алқа-қотан отырып өнер көрсетеді. Балуан Шолақ білектей темірді арқан сияқты білегіне үш-төрт қайыра орап, екі ұшын тұйықтап тастай салады. Ал, Қажымұқан болса жуан рельс темірді жотасына көлденең көтеріп, жиналған халыққа, "екі басына сыйғанша мініңдер!" дейді. Ел рельске жабысады. Қажымұқан рельсті айналдырғанда жұрт көбелектей шашырап ұшады.


Қажымұқан ескерткіші. Ақмола облысы, Қажымұқан ауылы

Одан кейін Балуан Шолақ асау көк қасқа айғыр ер салып, қырық құлаш қыл арқанның ортасына ойық жасап мойнына іледі де, арқанның екі ұшын Қажымұқан інісіне ұстатады. Асау айғырды шу деп шаба жөнеледі. Айғырдың екпіні қатты Қажымқұан қаншама тырысып тарса да, шамасы жетпейді, арқан қолынан шығып кетеді.
Көк қасқаны ойнақтатып қайта оралған Балуан Шолақтың мойны қанталап кеткен екен. Ағасының алып күшіне еріксіз куә болған Қажымұқан:

- Бар әлемде бұл өнерді көрсететін сіз ғана боларсыз, - деп басын шайқайды.

Осылай қос арыстың алып күшіне халық тамсанып, таңданып, қайран қалады. Ойын қызған бір сәтте жылқысы қойнауға сыймай жатқан атақты бай сәлімбай ортаға шығады.

- Уа, халайық, менің бір шартым бар!

- Ләпбай байеке.

- Олай болса, Балуан Шолақ пен Қажымұқан күрессін! Қай жеңгеніне 100 жылқы беремін!

Сәлімбайдың үкімін естіген елде ес жоқ. Тобырға қызық керек. Жер тоқпақтап шулап жатыр. Күрессін! Күрессін! Елірген елдің шулынан жер шайқалып тұр. Мұндай қиын сәтте кім де болсын абдырап қалары сөзсіз. Балуан Шолақ інісі Қажымұқанға қарайды, Қажыекең көзін төмен салып үнсіз ыңыранады. Ат үстінде шіреніп, сусар бөрігі желбіреп Сәлімбай тұр.

Көптің айқай-сүреңінен кейін шынында күреспек болып, Балуан Шолақ пен Қажымұқан беліне шылбыр байлап дайындала бастайды. Осы сәтте аюдай ақырып ортаға Иманжүсіп шығады.

- Ей, халайық, ей, Сәрсен! Өрге тартса, сорға тартатын неткен сорлы едіңдер! Сендердің бағыңа туған екі балуан көздеріңе көп көрінді ме? Ал, бұл екеуін күрестірдіңдер, бір-біріне зәбір жасауға итердіңдер! Бір-бірін майып қылса сендерге пайда түсе ме? Неткен сорлы едіңдер!

- Ей, Балуан Шолақ сен ұялмай артыңнан ерген жалғыз ініңді жер қаптырмақсың ба?

- Ей, Қажымұқан сен мына елдің айтағына еріп жалғаз ағаңның жағасына жармаспақсың ба?

Имакеңнің үкімінен кейін ел сабасына түседі. Қажымұқан болса еңіріп келіп, "Қайран ағам-ай, сен болмағанда Шөкемнің жағасынан ұстап, күнәкар болар едім" деп екі ағасын құшақтап солқылдапты.

***

Ал Балуан Шолақтың 150 жылдығына орай "Балуан Шолақ" шығармалар жинағын құрастырған Балжан Хабдина зерттеуші Қалмақан Әбдіқадыровтың "Қажымұқан" повесінен осы кездесуге қатысты мынадай үзіндісін келтіреді: 

Мырза ыңыранып барып басын көтерді де, палуанға көз қиығын салып, үндемеді.
- Мырза, қайдан келесің?
- Петербордан.
- Я, ол жақтағы ел аман ба?
- Аман.
- Патшаның палуаны - Қажымұқан деген біреуі бар деп еді,
оны көрдің бе?
- Жоқ.
- Сандалып талай жерге барсаң да, ауылда мен көрген Қажымұқанды көре алмаған екенсің?
- Сіз оны қалай көрдіңіз?
- Көргенде, əкесін таныттым, қар басқан бір бекетте отыр екен.
"Мен патшаның палуанымын", - деп былшылдады. Отырған жерінде бүріп ұстадым да, жан-жағыма алма-кезек қарап алып, атып ұрып, далаға лақтырып жібердім.
- Өтірік айтасыз, оны көрген жоқсыз. Қажымұқанды атып жіберу үшін алдымен менімен бел ұстасып көру керек!
- Е, ондай да өнерің бар ма?
- Бар.
- Ендеше, орныңнан тұра ғой!
Мырза бешпентіне таққан медальдары сылдырап ұшып тұрды. Нұрмағамбет те атып тұрып, Қажымұқанды баурына құшақтай басып:
- Атағың шығып, елдің абыройы болған бауырым, сағынып жүргенде, сені де көрдім ғой!.. Əкел бетіңді... 

Қазақтың екі палуаны бекетшінің үйінде осылай кездесті".

***

Қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор Ахмет Жұбановтың 1963 жылы жазған "Замана бұлбұлдары" кітабында бұл кездесу жайлы аз-кем ғана айтылып өткен: 

Ал жасы қырықтың тоғызына келгенде Қояндының базарында Карон деген балуанмен күресіп, оның қабырғасын сындырады. Бір өлеңде:

Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым,
Ардақты елі ішінде менің басым.
Қалтамнан жетпіс бес сом залог салып,
Сындырдым Карон балуан қабырғасын, - дейді.

Біреулер Шолақ Қажымұқанмен де кездесіпті, екеуі қол алысып болғаннан кейін күресуден бас тартыпты-мыс дейді".

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 523.95  course up  543.16  course up  5.1  course up

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer