Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
04 июля 2018 15:30

Этнодизайнер сән әлеміндегі трендтерді атады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Суреттер new.kazmkpu.kz сайтынан Суреттер new.kazmkpu.kz сайтынан

Интернет дәуірінде жастар барлық трендті біліп, бақылап отырады және сол толқында киіну үлгілеріне еліктеп жатады. Десе де, соңғы кезде этностильде киіну үрдісі байқалады. ҚР алғашқы қолөнершілер орталығының басшысы әрі этнодизайнер Айгүл Жансерікова Tengrinews.kz тілшісіне қазақ жастарының қалай киінетіні, талғамы және қазіргі сән трендтерінің қандай екені жайлы пікірін айтты.


Интернет дәуірінде жастар барлық трендті біліп, бақылап отырады және сол толқында киіну үлгілеріне еліктеп жатады. Десе де, соңғы кезде этностильде киіну үрдісі байқалады. ҚР алғашқы қолөнершілер орталығының басшысы әрі этнодизайнер Айгүл Жансерікова Tengrinews.kz тілшісіне қазақ жастарының қалай киінетіні, талғамы және қазіргі сән трендтерінің қандай екені жайлы пікірін айтты.

Оның айтуынша, қазақ жастары жаңа трендке бейім.

"Қазір ақпарат көзінің көптігіне байланысты киім-кешектің түр-түрі шығып жатыр. 1980-90 жылдардағыдай тапшылық болмағандықтан, әркім қалағанын киеді. Елімізде халыққа қолжетімді бағада киім-кешек сататын брендтерден бастап қымбат Luх сападағы өнімдерге дейін тұтынуға мүмкіндік бар. Себебі нарық үлкен, әлемдік брендтердің де Қазақстанда өкілдері көп. Онымен қоса, жеке дизайнерлік дүкендер де көбейіп жатыр. Бұл өскелең ұрпақтың өз стилін қалыптастыруына көмектеседі", - дейді дизайнер.

Оның айтуынша, нәзік, жұмсақ реңктер ашық-қызғылт және сары түсті образдарды алмастырды. "Мұндай киімдерді көзге түсетін әшекей-бұйымдармен киген жөн", - дейді Айгүл Жансерікова жаңа трендтерді айта отырып.

"2018 жылы пэчворк, поп-арт стилі, гүлді және жабайы аңдардың түсі жаңа маусымда дизайнерлер үшін шабыт көзіне айналады. Түрлі фигуралардан құралған немесе жануар я болмаса басқалардың суреті мен реңі бар киімдер көктем-жаз маусымының сәні. Сонымен қатар, америкалық, яғни түрлі шашағы бар және ковбой стилінде киімдер өзекті болып жатыр. Ассиметрия да сәнде. Бұл жолғы мақсат - мойын мен иық сызығын бір жағына қарай ашып, қыз нәзіктігін көрсету. Сasual, күнделікті стиль мен минимализм де сәннен қалмайды. Киім қарапайым болған сайын тартымды. Сонымен қатар, жолақты киімдер өзегін жоғалтпады. Бірақ бұл жолы олар көлденең емес, тік орналасқан. Деним де сәннен шықпайды. Осы жылғы басты өзгеріс - белге асатын сөмкелер мен пластиктен жасалған киім", - дейді маман.

Сәнді қуалап жету қиын, ал ұлттық нақыштағы киімдер әрдайым өзектілігін жоғалтпайды. Этно-дизайнер Айгүл Жансерікова қазақстандықтардың киіну үлгісіне баға беріп, күнделікті өмірде ұлттық нақыштағы заттардың таралуы жайлы айтып берді. 

"Әрине, сән көрсетілімдер қазақстандықтардың, сән қуалаушы жастардың киіну үлгісіне әсер етеді. Соған қарамастан ұлттық нақыштығы заттар да кең етек алып келеді. Әсіресе, көшпелі халықтарға тән киізден жасалған өнімдер тек Қазақстан емес, шет елдерде де таралған. Себебі ол табиғи, экологиялық таза, денсаулыққа пайдалы тоқыма өнім. Қазір киімнің сапасына мән беретін және денсаулығын күтетін ересектер көп. Мұндайға жастар да қарқынды тартылуда. Ал этно-стильдегі өнімдер тек жоғары сапалы матадан тігіледі. Олар киіз, жібек, зығыр матасы және басқа. Жастардың этно-стильге қызығушылығын байқаймын. Көбіне, олар бұл стильде түрлі бұйым, сөмке, киім-кешек, бас киім және той көйлектеріне тапсырыс береді. Тіпті көрпе мен төсек-орын жасату үшін арнайы келеді, автомобиль салонына да киізден тыс жасатқызған. Бұрын өнім тұтынушыларының басым бөлігі шетел азаматтары болатын, ал қазір қазақстандықтардың үлесі 70 пайызы десе болады. Бұл этно-стильге деген сұраныс көбейгендігінің көрінісі. Ұлттық нақыштығы өнімдер - сәнді, әсерлі көрінеді. Әсіресе, шет елде жүргенде қазақстандық екеніңді білдіргің келеді. Сондайда ұлттық нақыштағы киім көптің ішінде дараландырады", - дейді дизайнер.

"Этно стильдегі киімді дайындағанда, әрине, трендке қараймыз. Мысалы, соңғы коллекциямда жолақты тығыз зығыр матасына киізден ою-өрнекті тіктім. Нәтижесінде заманауи, этно-стильдегі, әдемі өнім шықты. Этно-дизайнерлер де әлемдік сән үлгілеріне қарайды, сөйтіп келісті мата таңдап, бүгінге сай киім тігеді",- дейді дизайнер.

Дайын киім көктем-жаз, күз-қыз коллекциясының сән көрсетілімінде халыққа ұсынылады. Айгүл Жансерікованың айтуынша, ең алдымен дизайнер өзінің жаңа идеясын, ойлап тапқан үлгілері мен тігу технологиясын бөліседі.

"Қазақстанда сән үлгілерін көрсету үлкен қарқын алып келеді. Барлығы Алматыдан бастау алған. Қазір еліміздегі басты көрсетілімдер - Kazakhstan Fashion Week және Mercedes-Benz Fashion Week. Онда жылына екі рет, яғни көктем-жаз, күз-қыс коллекциясы ұсынылады. Оған тек Қазақстан емес, ТМД мен шетел дизайнерлері қатысады. Ең алдымен олар халыққа өзінің туындысын көрсетіп, жаңа идеяларын бөліседі, шығармашылық шабыт алады. Он жыл бұрын көрсетілген киімдер мен қазіргі сән үлгілерінің айырмашылығы үлкен. Бұл дизайнерлердің осындай көрсетілімдер арқасында дамып жатқандығының белгісі. Екіншіден жарнама, дизайнер бренді, аты көпшілікке танылу үшін. Көрсетілімге арнайы "Buyer-лер", яғни сатып алушылар да шақырылады. Көрсетілім кезінде немесе одан кейін біздің киімді сатып алып жатса, бұл дизайнер үшін үлкен жетістік. Яғни, еңбектің зая кетпегені", - дейді дизайнер.

Айгүл ханымның айтуынша, киім - адамның ішкі дүниесінің көрінісі.

"Менің ойымша, барлық адам өзінің көңіл-күйін, эмоциясын, талғамын киім арқылы білдіреді. Әркім өзінің дүниетанымы, ойлау қабілеті мен қиялына қарай киінеді. Адамның киіміне қарап ішкі дүниесін көруге, не айтқысы келетінін білуге болады. Бірі ашық, көзге түсетін киім кигісі келеді, мұндай көбіне жастарда кездеседі, бірі күнделікті, қарапайым стильді дұрыс көреді. Мұнда тек айналаңа, сүйіктіңе ұнау емес, ең алдымен өзің үшін, ішкі жайлылық үшін киінеді", - деп өз ойын бөлісті дизайнер.

Оқи отырыңыз:

Қалыңдық көйлегінің құпиясы немесе биылғы басты трендтер

Елімізде қыз-келіншектердің киім кию стандарттарын бекіту қажет пе?

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 449.57   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети