АҚШ-та COVID-19 жұқтырғандардың саны 1 миллионнан асты. Індеттен 76 мыңнан астам адам көз жұмды. Калифорния штатында оқып жатқан қазақ студенті Айжан Әділхан елде не болып жатқанын, коронавирустан қалай қорғанып жүргенін Тengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
АҚШ-та COVID-19 жұқтырғандардың саны 1 миллионнан асты. Індеттен 76 мыңнан астам адам көз жұмды. Калифорния штатында оқып жатқан қазақ студенті Айжан Әділхан елде не болып жатқанын, коронавирустан қалай қорғанып жүргенін Тengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Айжан Әділхан - Калифорния университетінің студенті. Ол Tехнология менеджменті мамандығы бойынша білім алып жатыр. Отбасымен бірге Америка Құрама Штаттарында тұрғанына 2,5 жыл болыпты.
"Мен Калифорния университетінің Санта-Барбара қаласындағы бөлімінде оқимын. Студенттер қалашығында отбасыммен тұрамын. Күйеуім МВА бағдарламасы бойынша оқып жатыр. Кішкентай ұлым мен қызым бар. Жанымызда күйеуімнің анасы да бар. Анамыз бізге бала қарауға көмектеседі әрі ағылшын тілін үйреніп жатыр. Коронавирус пандемиясына байланысты қазір бәріміз онлайн оқуға көштік", - дейді қазақ студенті.
"Дүкенге бетпердесіз кіруге болмайды"
Наурыз айының соңында Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюсом COVID-19 вирусына байланысты штатта карантин режимін жариялаған. Ол халықты себепсіз далаға шықпауға шақырып, карантин талабын қатаң сақтауға кеңес берген. Бұл жаңалықты естіген штат тұрғындары дүкеннен азық-түлік алуға асығыпты.
"Дүкенге бетпердесіз кіруге болмайды. Кезекте шамамен 2 метр арақашықтықты сақтаймыз. Супермаркет сөрелерінде ұн, сұйық май, күріш және басқа да кейбір азық-түлік түрлері жоқ. Дәретхана қағазы туралы айтпай-ақ қояйын. Ұн іздеп, бірнеше дүкендердi аралап, таба алмадық. Соңында таң атпай дүкеннің алдында кезекте тұрып, бір қап ұн алдық", - дейді Айжан Әділхан.
Ncov2019.live сайтының мәліметінше, бүгінде Калифорния штатында 67 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған, ал 2 717 науқас көз жұмған.
"Мұнда жағдай мүлдем бөлек"
Қазақ студентінің айтуынша, Санта-Барбара қаласындағы жағдай тұрақты. Мұнда 91 мыңнан астам халық тұрады.
"Мен Калифорния штаты бойынша коронавирусқа байланысты жалпы жағдайды айта алмаймын. Мысалы, Лос-Анджелес қаласындағы жағдай мүлдем бөлек. Себебі, шаһар ірі, халық саны көп. Ал Санта-Барбара шағын қала болып саналады. Мұнда халық тығыз қоныстанбаған. Шаһарда 541 тұрғын індет жұқтырса, 10 адам аурудан қайтыс болды", - дейді ол.
"Бетперде, ансептик табу қиын"
Сондай-ақ, Айжан Әділхан шаһардан бетперде, антисептик табу қиын екенін атап өтті.
"Қаладағы дәріханалардан санитайзер, бетперде, антисептик табу қиын. Бір күні жолым болды. Студенттер қалашығындағы супермаркеттен бетперде таптым. Оның 1 данасы 2 доллар (859 теңге) екен. Сөйтіп, 5 адамға 5 бетперде сатып алдым. Осылайша, 10 доллар (4 296 теңге) жұмсадым. Кейiн бетпердені де, антисептиктi де өзіміз қолдан жасап алдық", - дейді студент.
"Үйден шықпауға тырысамыз"
Сонымен қатар, ол коронавирустан қалай қорғанып жүргенін айтып берді.
"Үйден шықпауға тырысамыз. Арасында азық-түлік алу үшін супермаркетке барамыз. Балалар әжесімен бірге үйде қалады. Дүкенге бетперде киіп барамыз әрі арақашықтықты сақтаймыз. Супермаркеттерде арнайы бекеттен міндетті түрде тексерістен өтеміз. Қолымызды жиі жуып, антисептик немесе спиртпен жиі сүртеміз", - дейді Айжан Әділхан.
"Коронавирус жұқтыру алу қаупін де ұмытпаған жөн"
Студент неге Қазақстанға оралмағанын түсіндірді. Оның айтуынша, сәуір айының соңында АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирусқа байланысты көші-қонды уақытша тоқтату туралы жарлыққа қол қойыпты.
Ол АҚШ аумағынан тыс жерде тұрып жатқан виза алып үлгермеген шетел азаматтарына қатысты екен.
Сондай-ақ, бұл құжат бойынша тек медицина қызметкерлері мен АҚШ азаматтарының туыстарына елге кіруге рұқсат берілуі мүмкін. Жарлық 24 сәуірде түнде күшіне енген.
"АҚШ президентінің бұл жарлығы біздің осында қалуымызға әсерін тигізді. Ал қауіпті індеттің қашан тоқтайтыны белгісіз. Оқуым тек 1,5 жылдан соң ғана аяқталады. Егер мен Қазақстанға оралсам, күзде қайтадан АҚШ-қа қайтып, оқуымды жалғастыра алмауым мүмкін. Күйеуім де MBA бағдарламасын аяқтауы керек", - дейді қазақ студенті.
Айжан Әділхан анасының әуе билетін алғанымен, бірақ Қазақстанға қайта алмай отырғанын атап өтті.
"Анамыз алдын ала әуе билетін алып қойған. Мәскеу арқылы Атырауға жетуі керек еді. Бірақ Aeroflot әуе компаниясы рейстерді белгісіз уақытқа шегерді. Маусым айында жол ашылады деп болжап отырмыз. Сондай-ақ, Лос-Анджелес-Амстердам-Атырау рейсі арқылы ұшуға мүмкіндік болды. Бірақ әуе билеті қымбат болды. Сонымен қатар, жолда коронавирус жұқтырып алу қаупін де ұмытпаған жөн. Осы жағдайларды ескере отырып, анамыздың елде қалу уақытын бірнеше айға ұзарту үшін АҚШ көші-қон қызметіне өтініш бердік. Әзірше бәріміз осында боламыз деп шештік", - деп түйіндеді сөзін ол.