Грузиядағы гейпарадта ЛГБТ өкілдері мен оларға қарсылардың қақтығысы болды. 50-ден аса журналист зардап шекті. "Пирвели" телеарнасының операторы Александр Лашкарава қайтыс болды. Бұл жаппай наразылықтың өршуіне әкелді. Tengrinews.kz тілшісі оқиға неден басталып, қалай өрбігенін, халық неге үкіметтің отставкаға кетуін талап еткенін және қайтыс болған оператордың өлім себебін баяндайды.
Грузиядағы гейпарадта ЛГБТ өкілдері мен оларға қарсылардың қақтығысы болды. 50-ден аса журналист зардап шекті. "Пирвели" телеарнасының операторы Александр Лашкарава қайтыс болды. Бұл жаппай наразылықтың өршуіне әкелді. Tengrinews.kz тілшісі оқиға неден басталып, қалай өрбігенін, халық неге үкіметтің отставкаға кетуін талап еткенін және қайтыс болған оператордың өлім себебін баяндайды.
Тбилисиде 1 шілдеде "Абырой апталығы" басталды, ЛГБТ-қоғамдастық мүшелері бірқатар іс-шара өткізді. Ал тәртіпсіздіктер 5 шілдеде, осы акцияның соңғы күнінде болды. Бұл күні жергілікті уақытпен сағат 17.00-де "Абырой маршы" өтуі тиіс еді. Алайда оларға қарсы адамдар орталықтағы Руставели даңғылын жауып, Tbilisi Pride кеңсесіне басып кіріп, кемпірқосақты жалауды жұлып тастады, марштың өтуіне тосқауыл болды. Олар журналистер мен оппозициялық хабар таратушылардың операторларына таяқ, бөтелкелер лақтырды. Салдарынан бірнеше БАҚ өкілі зардап шекті. Осылайша шеру болмай қалды. Алайда тәртіпсіздіктер тоқтаған жоқ.
ЛГБТ қауымдастығының қарсыластарының әрекеті жаппай тәртіпсіздікке ұласты. "Sputnik Грузия" мәліметінше, наразылық білдірушілер журналистерге агрессиясын көрсетіп, оларға жұмыс істеуге мұрша бермеді. Сонымен қатар, олар бірқатар қоғамдық ұйымның кеңсесін талқандаған. Митингілерден кейін 100-ден аса адам ұсталды. Шабуылдағандар арасында шіркеу қызметкерлері болғаны айтылады.
© Sputnik / Alex Shlamov
ІІМ мәліметінше, Тбилисиде барлығы 20 қақтығыс ошағы болған, оқиға орнында 3,2 мың полиция қызметкері жұмыс істеген. Ресми мәліметтер бойынша, сол күні 55 адам зардап шекті, оның 53-і БАҚ қызметкері. Олардың арасында кейін қайтыс болған оператор Лексо Лашкарава да болған.
Соңғы мәліметтер бойынша, осы уақытқа дейін полиция журналистердің кәсіби қызметіне заңсыз кедергі келтірді, олардың ізіне түсті, топтық зорлық-зомбылық жасады деген күдікпен 20 адамды ұстады.
Оператор Лексо Лашкараваның өлімі
11 шілдеде, жексенбіде "Пирвели" телекомпаниясының операторы Лексо Лашкараваның қайтыс болғаны белгілі болды. Ол 5 шілдеде ЛГБТ өкілдері мен оларға қарсылардың қақтығысында зардап шеккен еді. Телеарна сайтында ер адам пәтерінде өлі табылғаны жазылған. Лашкараваның мәйітін анасы тапқан.
Оқиға орнында жедел криминалист-сарапшылар жұмыс істеді.
Газета.ru мәліметінше, оператор ел парламентіне жақын орналасқан "Сирцхвилиа" ұйымының кеңсесінің маңында соққыға жығылды. Бет сүйегі сынып ауруханаға түсті, содан хирургиялық операция жасалды. Соңғы күндері емін үйінде жалғастырған.
Сурет: Aleksandre Lashkarava / FB
Оператор өлімінен кейінгі наразылық акциясы
Осыдан кейін Руставели даңғылындағы Тбилиси орталығына бірнеше мың адам жиналып, үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. "Sputnik Грузия" Telegram-арнасының ақпараты бойынша, наразылықты соққы көрген оператор Лексо Лашкараваның өлімі тудырған.
Акция символы - қан екені хабарланды. Тбилисидегі тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен журналистерге қолдау көрсеткісі келген адамдар митингіге қызыл бояумен боялған жейде киіп шықты. "Жүйе өлтіреді! Өмір үшін шық!" - деп ұрандатты наразылық білдірушілер.
Арна мәліметінше, адамдар "Грузин арманы - Демократиялық Грузия" билеуші партиясының кеңсесінің алдына жиналды. Наразылық білдірушілер арасында оппозиция жетекшілері, журналистер мен жастар бар. Олар билік өкілдерімен сөйлесу үшін ғимаратқа кірмек болды, алайда полиция өткізбеді.
Халық неге үкіметтің отставкаға кетуін талап етті?
Қатысушылар премьер-министр Ираклий Гарибашвили мен оның министрлер кабинетінің отставкаға кетуін, Лексо Лашкараваның өлімін әділ тергеуді және операторға жасалған шабуылдың барлық қатысушысын жазалауды талап етті. Акция қатысушылары билікті 5 шілдедегі контракция мен тәртіпсіздік кезінде "журналистерге әдейі шабуыл жасалды" деп айыптады. Олардың ойынша, үкімет ЛГБТ-ға қарсыларға дем беріп отыр. Журналистерді соққыға жыққандардың біразы ұсталса да, ел үкіметі оларды босата салуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.
"Мтавари архи" телеарнасының бас директоры Ника Гварамия Грузияның мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы Григол Лилуашвили де қызметінен кетуі керек деді.
Оларға Грузияның премьер-министрі Ираклий Гарибашвили отставкаға кетпейтінін баса айтып, мәлімдеме жасады. Ол үкіметтің отставкаға кетуін талап ететін акцияларды "мемлекетке қарсы, шіркеуге қарсы және ұлтқа қарсы әрекеттер" деп атады және мемлекетке қарсы арандатуды жоспарлаған экс-президент Михаил Саакашвили деді.
Грузия Парламентіндегі жаппай төбелес
12 шілдеде, дүйсенбіде таңертең Тбилисиде жағдай қайта шиеленісе түсті. Грузия парламентінде депутаттар, журналистер және Грузияның оппозиция өкілдері жаппай төбелесті. Қақтығыс парламент ғимаратындағы депутаттардың жалпы отырысына журналистер мен оппозиция өкілдері басып кіргеннен кейін басталды. Олар парламентшілермен кездесуді талап етті. Бұл туралы "Sputnik Грузия" хабарлады.
Төбелес тура мәжіліс залында болды. Сот орындаушылары адамдарды залдан шығаруға тырысты. Алайда оппозицияның бірнеше өкілі парламент спикерінің орнына тұрып, трибунаға Грузия мен Еуропалық Одақтың жалауларын қойып, үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, ұрандатты.
Осылайша Парламенттің жалпы отырысы тоқтатылды.
Ал "Грузин арманы - Демократиялық Грузия" билеуші партиясының депутаты Шалва Папуашвили олардың әрекетін "әдейі арандату" деп атады.
"Бұл мемлекетке қарсы және шіркеуге қарсы күштер, сәйкесінше олар арандатулар жасайды және елді дүр сілкіндіргісі келеді. Ең өкініштісі, олар бұл үшін адам өлімін қолданып отыр. Оппозицияның әрекетін түсіндіру қажет емес. Оппозиция елде тәртіпсіздік болғанын қалайды", - деді "Грузин арманы" атқарушы хатшысы Мамука Мдинарадзе оқиға туралы.
Сурет: Mamuka Mdinaradze / FB
"Лело" оппозициялық партиясының жетекшісі Мамука Хазарадзе де сөз сөйледі.
"Тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар. Біз елімізде бейбітшілік болсын десек, күшімізді біріктіруіміз керек. Премьер-министрдің бұрын жасаған үндеулері, соның ішінде бүгінгісі де қабылданбайды. Бұл мемлекеттік институттардың жойылуы. Сондықтан ол өзіне міндет алып, үкіметпен бірге отставкаға кетуі тиіс. Біз де жаңа өтпелі үкімет қалыптастыруды бастауымыз қажет. Басқа жолды көріп тұрғам жоқ", - деді ол.
Кейін БАҚ өкілдері Парламенттің мәжіліс залынан шығарылды, оппозиция депутаттарының бір бөлігі сол жерде қалады. Журналистер Парламент ғимаратының маңындағы Руставели даңғылына жиналды, себебі кешкі сағат алтыда наразылық акциясы болатыны хабарланған. Онда үкіметтің отставкаға кетуі талап етілді. Митинг ұйымдастырушыларының қатарында "Пирвели", "Формула", "Мтавари архи" телеарналары бар.
© Sputnik / Alex Shlamov
Акция бастала салып, кеңседегі жағдай шиеленісе түсті. Себебі акция қатысушылары полицияның көп жүргеніне наразы болды. Олар "Грузин арманы" кеңсесіне жұмыртқа лақтыра бастады.
Кейінірек қатысушылар ғимаратқа бояу құйлған пакеттерін лақтыра бастады, пакеттердің бірі полиция қызметкері мен "Время" партиясының жетекшісі Элена Хоштарияға тиді. Белсенділер ғимарат маңында тұрған көлікті сындыруға тырысты, сөйтіп жағдай одан да шиеленісе түсті.
Соңғы бейресми мәліметтерге сәйкес, төбелес нәтижесінде үш адам ұсталды. Полицейлер бетіне белгісіз біреулер бояу мен жұмыртқа лақтырғанын айтты.
© Sputnik / Alex Shlamov
Грузия ІІМ 21.00-де төтенше брифинг өткізді.
Осы уақытта Парламент ғимараты маңында Грузияның әнұраны шырқалды. Митингіге қатысушылар ІІМ брифингін үлкен экранан көруге жиналды. Онда министрлік оператор Лексо Лашкараваның алдын ала өлім себебі бойынша мәлімдеме жасайды.
© Sputnik / Alex Shlamov
Акция қатысушылары кешке үйіне тарады.
Оператор өлімінің алдын ала себебі
Кейін Грузияның Ішкі істер министрлігі брифинг өткізіп, телеарна операторы Лексо Лашкараваның өлімінің алдын-ала себебін атады. Бұл мөлшерден тыс есірткі болуы мүмкін дейді.
"Химиялық сараптама қорытындысына сәйкес, Лексо Лашкараваның денесінен алынған сынамаларда есірткі бар - морфин, кодеин, тетрагидроканнабинол, габапентин және моноацетин морфин. Сараптамаға сәйкес, өлім себебі осы заттарды мөлшерден тыс қолдануы болуы мүмкін. Бұл қорытынды әлі нақты емес екенін атап өткім келеді" - дейді ішкі істер министрінің орынбасары, Қылмыстық полиция департаментінің директоры Мамука Челидзе.
Сонымен қатар, оқиға қарсаңында ол дәріханаға кіріп, есірткі заттарын сатып алды деп, бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрларды көрсетеді. Оны куәгерлер дәлелдейтінін айтады.
ІІМ мәліметінше, оператор қайтыс болғанға дейін бір күн бұрын оның досы медициналық мекемелердің біріне барып есірткіні артық қолданып қойғанда көмектесетін наркан беруді сұрағанын мәлімдеді. Олар Лашкарава бірнеше рет өзін нашар сезінгенін айтты. Туыстары оған таңғы сағат алтыда жедел жәрдем шақырған, алайда дәрігерлер келгенше ол қайтыс болады.
Оператордың өліміне қатысты 5 күдікті ұсталды.
Грузияда наразылыққа қарамастан Жоғарғы соттың судьялары бекітілді
Грузияда үкіметтік емес ұйымдардың наразылығы мен дипломаттар мен халықаралық ұйымдардың судьяларды тағайындау процесін тоқтата тұруға өтінішіне қарамастан ел парламентінің депутаттары Жоғарғы соттың алты судьясын бекітті. Оған негізінен билеуші "Грузин арманы" партиясының дауыстары қаралды. Оппозицияның негізгі бөлігі дауыс беруге қатысқан жоқ.
13 шілде. Журналистер Грузия үкіметінің әкімшілігінде талап айтты
БАҚ өкілдері үкімет әкімшілігінде ведомствоаралық кеңесінің отырысы аяқталған соң өткен брифингте демарш ұйымдастырды. Соңғы мәліметтерді "Sputnik Грузия" бөлісті.
Отырыс қорытындысы бойынша денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тамар Габуния трибунаға бірінші болып шықты, алайда "Формула" телеарнасының журналисі Георгий Кикабидзе оның сөзін бірден бөліп жіберді.
"Бүгін біздің әріптесіміз Лексо Лашкараваны жерлеп жатыр, мен бұл трибунада тұруға ешкімнің моральдық құқы жоқ деп санаймын. Мен қазір әріптестерімнен осында шығып, наразылық білдіруді сұрағым келеді", - деді журналист.
Осыдан кейін журналистер мен операторлар қайтыс болған оператордың суретін ұстап трибунаға шығып, талаптарын айтты.
"Премьер-министр Ираклий Гарибашвили міндетті түрде отставкаға кетуі керек, өйткені ол елдегі бірінші гомофоб және ол зорлаушы премьер-министр, ол қызметінен кетуі керек. Сонымен қатар, кінәлілер міндетті түрде жазалануы тиіс", - деді Формула телеарнасының журналисі.
Осыдан кейін БАҚ қызметкерлері трибунадан түсіп, денсаулық сақтау министрінің орынбасары брифингін жалғастырды.