Бүгінде коронавирустың қайдан шыққаны әлі белгісіз. Бірақ оны Қытайдың қолдан жасағаны немесе АҚШ-тың биоқаруы деген пікірлер бар. Вирусқа байланысты кей елдер бір-біріне айып тағып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі елдердің коронавирус пандемиясына байланысты айыптары туралы баяндайды.
Бүгінде коронавирустың қайдан шыққаны әлі белгісіз. Бірақ оны Қытайдың қолдан жасағаны немесе АҚШ-тың биоқаруы деген пікірлер бар. Вирусқа байланысты кей елдер бір-біріне айып тағып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі елдердің коронавирус пандемиясына байланысты айыптары туралы баяндайды.
"Коронавирусты Қытай қолдан жасады"
Дүниежүзінде COVID-19 індетін Қытай қолдан жасады деген пікір тарап жатыр. Қарапайым халықтан бөлек мұндай пікірді танымал ғалымдар да қолдаған. Мысалы, Нобель сыйлығының лауреаты, француз вирусологы және ЖИТС-ты алғашқы болып ашқандардың бірі Люк Монтанье де осындай пікірде. Ғалым COVID-19 тарала бастаған Ухан қаласындағы "молекулярлық биологтар жұмысының" нәтижесінде SARS-CoV-2 шықты деп есептейді.
Таяуда америкалық Fox News телеарнасы арнайы материал шығарып, онда коронавирусты жұқтырған алғашқы адам Ухандағы зертхананың қызметері болған деген мәлімдеме жасаған еді.
© Reuters
Ал жақында Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь осы айыпқа қатысты пікірін айтты. Ол коронавирустың қолдан жасалғанына ешқандай дәлел жоқ екенін мәлімдеді.
"Еске салайын, коронавирустың жаңа түрінің зертханада жасалғанына ешқандай дәлел жоқ", - деп айтқан еді Чжао Лицзянь.
Ал кеше Ухан вирусология институтының директоры, профессор Юань Чжимин де SARS-CoV-2 коронавирусын қолдан жасады деген айыпқа қатысты пікір білдірді.
"Бұл вирус бізден шыққан жоқ", - деді профессор.
Маманның айтуынша, вирусты адам дайындағанына ешқандай дәлел жоқ.
"Кей ғалым вирус дайындау үшін айрықша интеллект және зор еңбек керек деп есептейді. Сондықтан мен мұндай вирусты бүгінде, біз, адамдар дайындады дегенге ешқашан сенбедім", - деді ол.
© Reuters
Юань Чжимин коронавирустың зертханадан шыққаны туралы мақалаларда дәлел жоқ және жай күдікке негізделгенін айтты. Профессордың сөзінше, зертхана Уханда орналасқандықтан және әлемде пандемия жалғасып тұрған кезде адамдарда мұндай күдік болады.
Сонымен қатар, ғалымның айтуынша, институт мамандарының бірде-бірі вирус жұқтырмаған.
"Коронавирус - АҚШ-тың биоқаруы"
Вирустың әлемге таралуына байланысты оның шығуы туралы пікірлер де көбейді. Солардың бірі - "COVID-19 - АҚШ-тың биоқаруы" деген пікір. Көбі осы арқылы АҚШ Қытайға экономикалық тұрғыда шабуылдады деп пайымдаған. Мұндай пікір әлеуметтік желілерде көп жазылды. Сол тұста америкалық тарап Ресей фейк-аккаунттар ашып, осындай жалған ақпарат таратып жатыр деп айыптаған. Ал Ресей мұндай пікірге қатысы жоқ екенін мәлімдеген.
© Reuters
Артынша Иран шенеуніктері коронавирусты қолдан жасады деп АҚШ-ты айыптаған. Мысалы, Ислам революциясының күзет корпусы басшысы Хоссейн Салами Иранда коронавирустың тарауына АҚШ-тың биологиялық шабуылы әсер етуі мүмкін деген. Иранның жоғарғы басшысы Али Хаменеи және Хосейн Амир-Абдоллахиан, Расул Фалахати секілді бірнеше ирандық шенеунік те дәл осындай пікір білдірген.
Ал 9 наурызда Иранның бұрынғы президенті Махмуд Ахмадинежад БҰҰ-ға хат жолдап, коронавирустың зертханада шыққанын және оның әлемдік аренада саяси және экономикалық көшбасшы болу үшін жасалған қару екенін мәлімдеген.
Аlarabiya.net мәліметі бойынша, бәзбіреулер жыл басындағы Иран мен АҚШ-тың қақтығысын еске алған. Ирандықтар АҚШ президенті Дональд Трамптың сол кездегі уәдесін еске түсірген. Трамп Иран зымыранмен шабуылдағаннан кейін жауап ретінде елдің мәдени нысандарын құртуға уәде берген еді. Енді ирандықтар коронавирусты Трамптың сол уәдесі деп санап отыр.
© Reuters
Осыған байланысты 17 наурызда Ақ үйде баспасөз мәслихаты өткен. Сонда Трамп АҚШ-тың коронавирус тарауына еш қатысы жоқ екенін мәлімдеген.
"Біздің әскерилер ешқандай коронавирус таратпады", - деді ол.
Сондай-ақ, АҚШ басшысы вирустың Қытайда басталғанын еске салды.
Сол баспасөз мәслихатында АҚШ бас хатшысы Майк Пампео Иранның айыбына жауап берді. Оның пікірінше, ирандық шенеуніктер елде вирустың тарауын тоқтата алмаған соң, бәрін АҚШ-қа жапқан.
"Ухан вирусына қатысты Ирандағы жалған ақпараттар кампаниясына көңіл аударғым келеді. Иран халқына көмектесудің орнына ирандық билік апта бойы вирус туралы өтірік айтып жатыр. Билік күн сайын адам өлімінің көбеюіне жауапкершілік алудан қашқақтайды", - деді АҚШ бас хатшысы.
Бірақ Пампео АҚШ-тың Иранға гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.