Чехия кейінгі аптада коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша дүние жүзінде бірінші орынға шықты. Мұндай мәлімет Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы (ECDC) жариялаған деректе келтірілді. Бұған дейін көш басында тұрған Андорра екінші орынға ығысты. Tengrinews.kz тілшісі кейінгі аптада коронавирустан адам өлімі бойынша антирейтингте көш бастап тұрған бес ел туралы баяндайды.
Чехия кейінгі аптада коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша дүние жүзінде бірінші орынға шықты. Мұндай мәлімет Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы (ECDC) жариялаған деректе келтірілді. Бұған дейін көш басында тұрған Андорра екінші орынға ығысты. Tengrinews.kz тілшісі кейінгі аптада коронавирустан адам өлімі бойынша антирейтингте көш бастап тұрған бес ел туралы баяндайды.
Чехия
Қазір Чехияда коронавирус өршіп жатыр. Кейінгі аптада бұл ел COVID-19-дан қайтыс болғандар бойынша антирейтингте көш бастады.
Бұл антирейтингті ECDC жүргізеді. Онда әр елдің жүз мың адамға шаққандағы көрсеткіші есептеледі. Кейінгі аптада Чехияда жүз мың адамға шаққанда 11,2 адам коронавирустан қайтыс болған. Яғни, 10 миллион халқы бар Чехияда әр жүз мың адамның 11-і вирустан көз жұмған. Бұл - дүние жүзі бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Фото Слово і Діло
Жалпы алғанда елде кейінгі аптада 1 174 адам COVID-19-дан қайтыс болған.
Кейінгі тәулікте Чехияда 11 428 адам коронавирус жұқтырғаны анықталды. Жалпы ауырғандар саны 342 мыңнан асты. Оның 157 мыңы аурудан жазылса, 3 429 адам көз жұмған.
Чехияда 5 қазаннан бастап төтенше жағдай режимі енгізілді. Жұма күні парламент депутаттары оны 20 қарашаға дейін ұзартуды қолдап, дауыс берді. ТЖ режимі аясында елде мектептер мен ЖОО, тамақтану орындары, мәдени мекемелер, дүкендер (азық-түліктен басқа) жабық және спорт жарыстарына тыйым салынды.
"Министр мейрамханада ұсталып, қызметінен кетті". Чехияда екінші локдаун қалай өтіп жатыр?
Андорра
Бұған дейін бұл антирейтингте Андорра көш бастап тұрған. Бұл елде 76 мыңнан аса адам тұрады. Сондықтан, COVID-19-дан қайыс болғандарды жүз мың адамға шаққанда бұл елдің көрсеткіші жоғары болып көрінеді.
Андорра бұл антирейтингте 7,88 көрсеткішімен екінші орын алды. Кейінгі аптада елде үш адам қайтыс болған. Халық санының аз болуына байланысты бұл тізімде жоғары жақта тұр.
© Reuters
Жалпы, пандемия басталғалы Андоррада 4 825 адам вирус жұқтырған. Оның 3 475-і аурудан жазылса, 75 адам коронавирустан көз жұмған.
Андорра шағын мемлекет болғандықтан, елдегі карантиндік шара туралы мәлімет аз. Белгілісі - жаздың соңында Ұлыбританияда Андоррадан келетіндерді екі аптаға карантинге жатқызу туралы қаулы шыққан. Сондай-ақ, Андорраға коронавируспен күресуге көмектесу үшін бірқатар елден дәрігерлер барған.
Бельгия
Бельгия антирейтингте үшінші орында тұр. Бұл елдің 100 мың адамға шаққандағы адам өлімі - 6,81.
11,4 миллион халқы бар Бельгияда COVID-19 өршіп тұр. Кейінгі тәулікте 11,7 мың адамнан коронавирус табылған. Соңғы жеті күнде елде тәулік сайын 130-дан көп адам көз жұмып отырған.
Фото: ©REUTERS
Пандемия басталғалы елде 441 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырған. Бельгияда аурудан жазылу деңгейі өте төмен. Вирус жұқтырғандардың 26 мыңға жуығы ғана аурудан жазылған. 11 737 қайтыс болған.
Осыған байланысты, таяуда Бельгияда қатаң карантин режимі енгізілді. Оқушылардың демалысы бір аптаға ұзартылды, азық-түліктік емес дүкеннің бәрі жабылды. Халық қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті.
Ел премьер-министрі Александр де Крооның айтуынша, қазір Бельгиядағы барлық аурухана бос емес, қабылданған шаралар да нәтиже бермей жатыр екен.
Армения
Үш миллионға жуық тұрғыны бар Арменияда да жағдай оңалмай тұр. Бұл ел кейінгі апта қорытындысы бойынша, жүз мың адамға шаққанда 6,19 көрсеткішімен антирейтингте төртінші орында келеді.
Соңғы бірнеше күнде Арменияда тәулік сайын 2 мыңнан аса адамнан коронавирус табылды. Тәулік сайын 30-ға жуық адам қайтыс болды. Жалпы алғанда, соңғы жеті күнде Арменияда 183 адам коронавирустан көз жұмған.
Фото:facebook.com/armgovernment
Пандемия басталғалы елде 93,4 мың адам коронавирус жұқтырған. Оның 56 мыңнан астамы аурудан жазылса, 1 391 науқас қайтыс болған.
Арменияда 2021 жылдың 12 қаңтарына дейін карантин енгізілген. Үкімет қаулысына сай, іс-шараларда 60 адамнан көп жиналуға болмайды. Әлеуметтік қашықтық пен маска тағуға міндеттеледі.
Черногория
Черногория да - Еуропадағы шағын елдердің бірі. 622 мың тұрғыны бар бұл ел антирейтингіде бесінші орында тұр. ECDC жасаған тізімде Черногорияда жүз мың адамға шаққанда 6,11 көрсеткіші тіркелген.
Соңғы жеті күнде Черногорияда 47 адам коронавирустан көз жұмған. Тәулік сайын 300-ден аса адам коронавирус жұқтырып жатыр.
©РИА Новости
Пандемия басталғалы Черногорияда 18,7 мың адамнан COVID-19 табылған. Оның 14 мыңнан астамы аурудан жазылса, 131 науқас қайтыс болған.
Қыркүйектің соңында Черногорияның бірнеше өңірінде комменданттық сағат енгізілген. Никшич, Андриевиц пен Беранда шектеу шаралары күшейтілген. Кешкі 22:00-ден кейін барлық мекеме жабылады, қонаққа баруға тыйым салынады.