ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
28 июня 2021 | 14:50

Тәліптер 20 жылдан кейін бас көтерді. Ауғанстанда не болып жатыр?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото ©REUTERS Фото ©REUTERS

Қазір Ауғанстанда үкіметтік әскер "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған радикал ұйым) қозғалысымен қақтығысып жатыр. Қарулы топ елдің солтүстік бөлігін жаулап алған. Ал үкімет әскері Өзбекстан мен Тәжікстан ауып кеткен. Бүгінде Ауғанстанда жағдай тұрақталмай тұр. Tengrinews.kz тілшісі Ауғанстандағы қақтығыс туралы баяндайды.


Иконка комментария блок соц сети

Қазір Ауғанстанда үкіметтік әскер "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған радикал ұйым) қозғалысымен қақтығысып жатыр. Қарулы топ елдің солтүстік бөлігін жаулап алған. Ал үкімет әскері Өзбекстан мен Тәжікстан ауып кеткен. Бүгінде Ауғанстанда жағдай тұрақталмай тұр. Tengrinews.kz тілшісі Ауғанстандағы қақтығыс туралы баяндайды.

АҚШ әскері Ауғанстаннан неге кетті?

"Талибан" қозғалысы 1994 жылы Ауғанстанда құрылып, 1996 жылдан бастап елді басқарған. Қозғалыс режимі 2001 жылға дейін сақталды. Сол жылы 11 қыркүйекте лаңкестер Нью-Йоркке шабуыл жасағаннан кейін АҚШ өз әскерін Ауғанстанға жіберген. Сол кезде америкалықтардың көмегімен Ауғанстандағы "Талибан" режимі құлаған.

Ал биыл АҚШ президенті Джо Байден 1 мамырдан бастап америкалық әскер Ауғанстаннан кететінін хабарлады. Бірақ бәрі бірдей емес, әскерилер елден 11 қыркүйекке, яғни, 2001 жылғы шабуылға тура 20 жыл болған күнге дейін шығарылады. 


Фото: ©REUTERS

DW.com мәліметінше, қазір ауған халқы қауіпсіздігін ойлап, қорқып жүр. Себебі елге АҚШ пен НАТО кіргелі қарапайым халықтың кейбірі оларға көмектескен. Аудармашы, еден жуушы, аспаз - мұның бәрі ауған халқы болатын. Оларды тәліптер елін сатқандар деп санайды екен. Сондықтан, басылым мәліметінше, қарапайым халық "Талибан" кек ала ма деп қорқып отыр.

Америкалықтар 20 жылдан кейін ауған елінен неге кетіп жатыр? Себебі 2020 жылы Дохада АҚШ пен "Талибан" қозғалысының өкілдері бейбітшілік туралы келісімге қол қойған болатын. Келісім бойынша, 14 ай ішінде Ауғанстаннан шетелдік әскер кетуі керек, екі тараптан да тұтқындалғандар өз жағына жіберіліп, өзара диалог басталады.

Бірақ АҚШ әскерін қайтарып алғанымен, Ауғанстанға көмегін тоқтатпайды. Таяуда АҚШ президенті Джо Байден солай деді. 

"АҚШ пен Ауғанстан арасындағы әріптестік аяқталмайды. Біздің әскеріміз кеткенімен, Ауғанстанға қолдауымыз тоқтамайды", - деді Байден 25 маусымда. 

Тәліптер шабуыл жасай бастады

АҚШ пен НАТО елден кеткен соң халықаралық саясаттанушылар елде тәліптер қайта күшіне енеді деп болжаған. Мамырдан бастап олардың шабуылы үдей бастады. Бүгінде олар Ауғанстанның солтүстік бөлігін жаулап алған.

РИА Новости мәліметінше, 3 мамырда "Талибан" Ауғанстандағы Фарах провинциясында орналасқан әскери базаға шабуыл жасап, жойқын жарылыс болған. Сол кезде кем дегенде 18 әскери қызметші қаза тапқан.

Ал Ariana News мәліметіне сүйенсек, сол Фарахта содырлар мина жарып, провинцияның қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасарын өлтірмек болған. Жарылыс салдарынан 13 бейбіт тұрғын жарақат алған, оның ішінде балалар да бар.


Ауғанстан Қауіпсіздік күштерінің әскери қызметшілері. © Reuters

Ауған әскері көрші елдерге қашып жатыр

Содан бері елде күн сайын қақтығыс болып жатыр. Таяуда "Талибан" содырлары Ауғанстандағы бірнеше әкімшілік ауданды бақылауына алды. 

Қақтығыстар нәтижесінде тәліптер Тахар провинциясының Чохоб, Янги-Кала, Даркад, Дашти-Кала, Ходжа Гар, Кундуз провинциясының Дашти-Арчи, Имам Сахиб пен Калаи-Золь аудандарын басып алған.

Ауған телеарнасының дерегіне сүйенсек, "Талибан" қозғалысының әскері Шерхан-Бандар сауда және кеден өткелін де жаулап алған. Басылымның мәліметінше, қала және оның маңындағы Пяндж өзеніндегі екі жолақты көпір - Иран мен Пәкістаннан тауар келетін негізгі транспорт артериясы.

22 маусымда, кешке Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті шекара қызметінің баспасөз орталығы арнайы мәлімдемесінде Шерхан-Бандар өткелінде "Талибан" әскерін ығыстырған 134 сарбаз өз қаруларымен Тәжікстан аумағына өтуге мәжбүр болғанын айтты.

"Тәжікстан шекарашылары адамгершілік ұстанымын басшылыққа алып, мемлекеттік шекарадан өткен ауған әскеріне ешқандай кедергісіз Тәжікстан аумағына кіруге рұқсат берді", - делінген хабарламада.

Шерхан-Бандарда тәліптер қолына тұтқынға түскен, жараланған және қаза тапқан ауған сарбаздарының жалпы саны 100-ге жуық.


Фото: ©REUTERS

Шекара бекеті содырлар қолына өтті

Ал кеше тәліптер Ауғанстанның Балх провинциясындағы Калдор уезді Укчук шекара бекетін басып алды. Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті шекара қызметі баспасөз орталығының мәліметінше, үкіметтік күштердің тағы 17 әскери қызметкері Тәжікстан аумағына ауған.

"Жергілікті уақытпен 12.50-ге дейін (Нұр-Сұлтан уақытымен 14:50) созылған қақтығыс нәтижесінде үкіметтік күштердің 17 әскери қызметшісі "Шахритус" шекара жасағының бірінші бекеті арқылы өмірі мен жеке құрамды құтқару үшін Тәжікстан аумағына шегінуге мәжбүр болды", - деді дереккөз РИА Новостиге.

Ресми деректер бойынша, "Талибан" қозғалысы қазір Ауғанстандағы 34 провинцияның 26-сында соғысып жатыр. Кейінгі екі айда Ауғанстандағы 50 аудан "Талибан" қолына өткен немесе тіршілік атаулы қалмаған. Олардың басым бөлігі - солтүстік аудандар. Мұндағы аудандардың көбінде жағдай әлі ушығып тұр.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 494.98   521.17   4.92 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети