Рахметолла Караманов

  • Фото ветерана: Рахметолла Караманов
    Рахметолла Караманов
  • Фото ветерана: Рахметолла Караманов
    Фото ветерана: Рахметолла КарамановФото ветерана: Рахметолла Караманов

Жылойлықтар марқұм Рахметолла Қарамановтың есімін аса қадір тұтады. "Қазақстан тарихы" оқулығында "...ол Орал өңірінің жас офицерлері" К.Мәденов пен Р. Қараманов 1008-атқыштар полкінің туын Берлин Ратушасының төбесіне тікті..." (Алматы, 1993, 203 бет). Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында, осыдан 36 жыл бұрын майдангер ағаның өз қолымен жазылған естелігін назарларыңызға ұсынамыз.

ҚОСШАҒЫЛДАН БЕРЛИНГЕ ДЕЙІН

1941 жылы 22 июнь күні ертеңгі сағат 10-дар шамасында Қазақ КСР Халық Комиссарының орынбасары П.Г. Мищенко аудандық финанс бөлімінің қызметкерлерімен кеңес өткізіп отырған. Кенет телефон шыр ете түсті. Соғыс басталғанын хабарлап, митингке шақырып жатқан аудандық партия комитетінің қызметкерлері екен. Сол бойда ентіге басып, клубқа беттедік. Қосшағылдағы клубтың арқа бетінде (жел боратып әкеп үйген), биік құм төбе болатын, сол жерге көп адам жиналып қалыпты. Митингті аудандық партия комитетінің бірінші секретары М.Айтмұқанов ашып, неміс фашистерінің тұтқиылдан шабуыл жасағанын хабарлады. Фашизмнің өз ордасында талқандалатынын айтып, еңбекшілерді ерлік еңбекке шақырды. Сөйтіп, ғаламат соғыс басталып кетті. Күні-түні құлағымыз радиода. Хабар жақсы емес, басқыншылар екпіндеп келеді.

Ел соғыс хабарын қайсарлықпен қабылдады, ойын-күлкі тыйылды, құлшына бүлкілдеген бұлшық еттерде, сазарыңқы беттерде үрей емес, ашу мен ыза бар. Сол жылғы июль айынан бастап-ақ майданға жігіттер аттана бастады. Екі адам орнына біреу істеуге дағдылана бастадық. Күндіз кеңседе жұмыс істеп, түнде мұнай өндіру участоктерін бақылайтын болдық. "Бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін!" деген ұран көкірекке берік орнады. Майдан үшін жылы киім, қаржы жинау басталды. Ел одан барын аямады. Фашистер басып алған жерлерден әйелдер, қарттар, балалар келе бастады, оларға үй, тамақ, киім, жұмыс тауып беру керек болды. Елде карточка системасы жүргізілді, жұмыс істейтін үй иесіне 600 грамм, семьясына 400 грамм нан берілетін болды. 1942 жылдың басына дейін елдің жігіттері түгелге дерлік майданға аттанып та кетті. Бірен-саран жаралылар келе бастады, алғашқы қайғылы "қара қағаз" да жетті. 1942 жылдың қысында Москва түбінде фашистер талқандалып, кейін шегінуі көңілімізді көтеріп тастады. Ел еңсені басқан ауырлықты иығынан лақтырып тастағандай дүр сілкініп, жасарып қалды, мұңды жүздерді қуаныш кернеді. Мен бұрын армия қатарында болған адаммын, сондықтан да майданға аттану кезегімді күтудемін. Біраз уақыт бұл үмітім ақталмады.

Ақырында, 1942 жылғы 15 июньде мен де шақырылдым. Көп кешікпей Башқұрт атты әскер полкының бірінші эскадронында взвод командирі болып тағайындалдым да, ноябрьде майданға аттандым. Башқұрт атты дивизиясы (командирі генерал-майор Шаймұратов) соғыстың алғашқы айларында құралып, майданда талай көзге түскен алдыңғы қатарлы соғыс құрамаларының бірі екен. Біз Сталинградтың солтүстік жағындағы бір қалың орманға орналастық. Бұл 10 ноябрь күні еді. Соғыстың алғашқы жылдарында атты әскердің үлкен рөлі бар болатын. Ол немістің қорғаныс шебін бұзған танктермен бірге тылға өтіп кететін де, тылдағы гарнизондарға шабуыл жасайтын. 23 ноябрь күні таңертең біз де танктермен араласа шабуылға шықтық. Бір үлкен селоға таяй бергенімізде немістер күшті қарсылық көрсетіп, жиырмадан астам танк қарсы шабуылға шықты. Біздің танктер де тоқталмастан ұрысқа еніп кетті. Атты әскерге селоның терістік жағынан шабуыл жасау міндеттелген. Біз бытырай шауып, алға ұмтылып келеміз. Соның арасынша біздің самолеттер де селоны бомбылай бастады. Артымыздан жеткен танктермен ілесе селоға кірдік. Село ішіндегі екі сағаттай ұрыстан соң румын әскерінің дивизия штабы, көп қару-жарақ түгелдей қолға түсті. Көптеген неміс, румын солдаты өліп, 1800-ден астам солдаттар мен офицерлерді тұтқынға алдық. Село шетіндегі ұрыста атыма оқ тиіп, жауынгерлерім құтқарып қалған, оның орнына румын командирінің құла төбел айғырына мініп алдым.

Біздің бөлімдер 24-25 ноябрьде танкистермен бірлесе Калач қаласына қарай бағыт алып, Донның жағалауына жетіп үлгерді. Осы өзеннен өтетін көпір бар екен, соны аман сақтау бізге жүктелді. Көпір маңында бізден бұрын жеткен танкистер ұрыс салып жатыр екен, бірнеше сағаттан кейін немістер кейін қашты да, біз көпірді қорғап қалдық. Келесі күні кеште біздің полктың бөлімдері бір селоны босатуға бұйрық алды. Селоға жақындағанымызда оқ жауып қоя берді. Аттарды кейін жіберіп, жаяу шабуылға шықтық. Түні бойы ұрыста селоны ала алмай, қардан бекініс жасап, таң атуын күттік. Бес адам барлаушы жіберіп едік, олар оралмады. Таңертең селоның екінші бетінен ұрыс басталды. Сөйтсек, жау тылына өтіп кеткен біздің танктер екен. Солардың көмегімен түске таман селоға кірдік. Селодағы итальян әскерінің бір бөлімінің штабы екен. Жаудың үш жүздей солдаты мен офицерін, арба мен зеңбірекке жеккен екі жүзден астам қашырын қолға түсірдік және түнде кеткен барлаушыларымызды аман-есен құтқарып алдық. Бұл біздің армияның Сталинград түбінде Паулюстің армиясын қоршауға алу шарасын алып жатқан кезі екен.

Қар қалыңдап, күн суытып кетті. Алғашқы шабуыл басталғанда румын армиясының алдыңғы шебін бұзып, тылға шығып кеткенбіз, содан бері немістер тылындамыз. Немістер де қатты мазасызданып, бізді құртуға шара алып жатқаны анықталды. Алды-артымыз, екі жағымыз түгел неміс. Бір күні кешке таман біз тұрған селоға батыс жақтан он шақты танкісі бар, екі батальонға жуық немістер келе жатқаны белгілі болды. Тез шабуылға әзірлендік. Біздің полкта аз болса да танкке қарсы ататын зеңбіректер мен мылтықтар болатын. Біздің зеңбіректер екі танкті өртеді, сонда да олар ілгерілеп, село шетіне таянды. Тағы да үш танк жана бастады. Автомат пен винтовкадан жаяу әскерге бас көтертпедік, бір эскадрон шабуылға шықты. Қалған танктер қаша жөнелді. Екі жүз елудей адам тұтқынға түсті. Сол түнде артымыздан біздің танктер жетіп, солармен бірге Котельниково бағытына аттандық. Бірнеше күн жүріп, біздің дивизияның бөлімдері Белая Калита қаласына таяп келіп тоқтады. Тоқтаған жеріміз терең сайлы, сиректеу салынған уақ селолар екен. Осы арада бірнеше күн қорғаныста болып, февральдың бас кезінде немістердің шебін бұзып, Ворошиловград қаласына қарай шабуылға шықтық.

Түнде ат үстінде топтанып келе жатқанымызда кенеттен немістер оқ жаудырды. Аттарды кейін жіберіп, шеп құрдық. Таңертең олар тағы да шабуылға шықты. Немістер өте көп екен, кейін шегінуге мәжбүр болдық. Осы шегіністе эскадрон командирі жараланды, менің сол аяғымның тізесінен оқ өтіп, құлап түстім. Қозғалуға дәрмен жоқ, қалың бұтаның түбінде қала бердім. Немістер жан-жағымнан өтіп жатыр. Біздің келген жағымыз биік төбе болатын. Сол жерде біздің жігіттер күш жинап, қайта шабуыл жасап, немістерді кері қуды. Немістер үстімнен тағы да өтті. Осы жанталас кезді пайдаланып, халім жеткенше жылжып, өз жігіттеріме жеттім-ау. 1943 жылғы майға дейін госпитальда емделдім де, басқа бөлімге ауысып кеттім. Ержүрек башқұрт жігіттерімен сөйтіп айырылыстым. Башқұрттар ақ көңіл, ұйымшыл, батыр жігіттер еді. Кейіннен бұл дивизия "16 гвардиялық дивизия" атағын алды. Мен емделгеннен кейін қорғаныста тұрған 266-атқыштар дивизиясы, 1008-полктың 2-атқыштар батальонына взвод командирі болып тағайындалдым. Біз күзге дейін бекіністе болдық. Уақ ұрыстар, "тіл" алу үшін арпалыс қана болатын. Солдаттардың бұған еті үйреніп кеткеннен, тіпті бейқам жүретін. Бірде мынадай бір оқиға болды. Түн ортасы ауа алдыңғы шептегі взводымды аралап келе жатқанмын, алты-жеті адам терең траншеяда жатқан сияқты көрінді.

Жаймен жақындап келсем, киімдері әртүрлі. Бақсам, бес неміс қалғып кеткен шеттегі біздің екі жігітпен алысып жатыр екен. Сол бойда пистолетіммен екі немісті атып құлаттым. Басқа жігіттер көмекке келіп, офицерлерімен бірге бесеуін де қолға түсірдік. Біздің екі жігіттің аузына шүберек тығып тастапты, айқайлауға шама жоқ, жан дәрменмен алысып жатыр екен. Сентябрьде біздің майдан шабуылға шығып, Донбасты, Запорожьені босатты. Дивизиямыз "қызыл тулы Запорожье" атағын алды. Соғыста өлім қас пен көздің арасында ғой. Бірде мынадай жағдай болды. Біздің батальон немістерді бір биіктен қуып шыққанда, олар бізді бомбылап, әрі мол күшпен қайта шабуыл жасап, төбені тартып алды. Мен бомбылауда контузияға ұшырап әрі траншея құлап, топырақ басып, ес-түссіз қалып қойыппын. Қанша жатқаным белгісіз, бір мезгілде біреу басымнан теуіп өткендей болды. Көзімді ашсам, үстімде немістер жүр. Қозғалуға дәрмен жоқ, құлақ естімейді. Олар мені өлгенге санаса керек, қайта оралмады. Кешке ғана қайта шабуылдаған біздің жігіттер мені шығарып алды. Осы ұрыста батальонның партия ұйымдастырушысы қазаға ұшырады да, 1943 жылдың октябрінен бастап оның орнына мен тағайындалдым.

1944 жылдың мартында Днепрден, апрельдің бас кезінде Днестрден өтіп, плацдарм ұстадық. Оның ені сегіз-тоғыз километрдей болатын. Днестр қатты тасып, соңымызды су басып кетті, тылмен байланыссыз қалдық. Түнде ғана кішкене самолеттер оқ-дәрі, тамақ тастап тұрды. Шегінерге жер жоқ, бізді немістер жойып жіберуге қатты әрекет жасады. Біздің бөлім жиырма тәулік бойы кескілескен ұрыста табан аудармай тұрды, майдың басында ғана басқа бөлімдер ауыстырды. Осы ұрыста мен Қызыл Жұлдыз орденін алдым. Сол жылғы авгусьте біздің полк Ясса-Кишинев группировкасын талқандауға қатысып, Молдавияның астанасын азат етті. Тек біздің батальонның өзі 2800-дей немісті тұтқынға алды. Біз енді Польша жеріне өттік. Бұл жерде біздің бөлімдер толықтырылды, жауынгерлер арасындағы саяси тәрбиені өрістету, партия қатарын өсіру, роталарда партия ұйымдарын қайта құру, жауынгерлерді шешуші майданға жігерлендіру жұмыстары жүрді. 1945 жыл біз үшін жеңіс жылы болып басталды. Совет майданының күші басым екені кім-кімге де белгілі еді. Январьда-ақ Польшаның орталығы Варшаваны азат еттік. Февральдың бас кезінде Берлинге 60-70 километр жердегі Одер өзеніне таянып қалдық. Немістер жанталасып жатты. Олар қалай еткенде де совет әскерлерін Одерде тоқтату үшін бар күшін өзеннің арғы бетіне жұмсауда. Өзенде бірде-бір көпір қалмаған, әрі күн ерте жылынып, мұз еріп кетті. Бірақ өзеннен өтіп, неміс бекінісін қиратып, Берлинге өтетін жол керек – бұйрық осылай! Батальон коммунистерінің жиналысы осы мәселеге арналды. Одерден жауынгерлерді топ-топқа бөліп, қайықпен өткізу жоспарланды. Бірінші топқа он сегіз коммунист белгіленіп, оны батальон командирінің орынбасары Н.В.Бобылев басқаратын болды, осы топқа мен де іліндім. Түн көзге түрткісіз қараңғы. Қайыққа отырып, жылжып келеміз.

Немістер біздің түнгі шабуылымызды күтпеген сияқты. Қарсы жар қабаққа да ілігіп, тырмыса кеттік. Түн ішінде біздің батальонның роталары түгелге дерлік аса сақтықпен өтіп алды. Таңғы сағат алтыда шабуылға шықтық. Немістер қарудың барлық түрінен оқ жаудырды. Алты сағатқа созылған ұрыстың нәтижесінде біз екі километрдей алға жылжыдық. Одер плацдармын кеңейту, Берлинге жол ашу бізге оңайға түскен жоқ, көп жолдастарымыз, коммунистеріміз қатардан шықты, талай қарапайым жауынгерлер тамаша ерлік көрсетті. Біздің 266-шы атқыштар дивизиясының 1008-полкы жауынгерлерінің Одердегі ерлігі Совет Одағының Маршалы Г.К.Жуковтың естелік кітабында ерекше атап көрсетілген. Одердегі болған ұрыста мен бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталдым. Бір күні батальонға жап-жас кіші лейтенант келіп, мәлім болды. Батальон командирі алматылық майор Дейкин деген жігіт еді, ол "батальонда үш қазақстандық болдық" деп жүрді. Бұл жаңа келген жігіт жерлесім Мәденов Кенжебай екен, ол взвод командирі болып тағайындалды. 14 апрельде дивизияның партия активі өткізілді, онда Берлинге шабуыл жасаудағы коммунистердің жауынгерлік міндеті сөз болды.

16 апрельде таңертең Берлинге шабуыл басталып та кетті. Қиян-кескі ұрыстармен 22 апрельде Берлин қаласына шығыс бағытынан келіп кірдік. Берлин үшін соғыс оңайлыққа түскен жоқ. Әр көше, әр үй немістер үшін бекініске айналды. Биік үйлердің әр қабатында кескілескен ұрыс бір бәсеңдемейді. Көшелерде екі жақтың да танкі соғысып жататын. Ауыр зеңбіректерден атқан оқтан биік үйлердің үстіңгі қабаттары құлап, жаяу әскерге үлкен қиындық келтіріп, шығынға ұшырататын. 24 апрельде жерлесім батальон командирі Дейкин, полк командирі полковник Горюнов қазаға ұшырады. Батальонды басқару батальон командирінің орынбасары капитан Н.В.Бобылевке тапсырылды. Бұл кісімен 1943 жылдың майынан бір батальонда жұмыс істеп келдік, бұл кезде батальонда екеумізден басқа бұрынғы жігіттерден ешкім де қалмаған еді. Бір күні кешке қарай немістер бекінген бір биік үйді ала алмай, екінші үйді тазартып, бірінші үйдің жарын тесіп кірдік. Қатты ұрыспен бұл үйді де босатып, подвалына кірдік.

Ол күндері подвалдарды неміс шалдары, балалар, әйелдер паналайтын. Мұнда да солай екен. Оларды жоғары этаждарға орналастырып, подвалға батальон штабы келді. Бір қартаңдау неміс жолдастарынан кейін қалып, өзінің коммунист екенін, осы подвалда немістің бір полкының штабы жасырынып отырғанын хабарлады. Түнде өзіміздің полк штабымен хабарласып, түні бойы осы үйге қарулы күзет қойдық. Ертемен полк штабы бізге келіп орналасты. Ертемен неміс штабын іздеп таптық. Есікті іштен бекітіп алған, келіссөзге келмеді. Қару жұмсадық. Штабта жиырмадан астам офицер, жүздеген солдат бар екен, полк командирі сол бойда өзін-өзі атып тастады. Батальон бөлімдері күнбе-күн бірнеше кварталды босатып, ілгерілеп келеді. Жау ордасындағы біздің жауынгерлердің ерлігі адам таңқаларлықтай. Ұмытпасам, 28 апрель күні Бобылев екеуімізді полк штабына шақырды. Басқа бөлімдерден де өкілдер келген екен. Полк командирі қаланың көшелері мен кварталдарының әр бөлімшеге бөліп берілгенін айта келіп, біздің батальонның өз міндетін жақсы атқарып келе жатқанын және біздің майдан алдымызда Рейхстагтан кейінгі маңызды екінші орын – Берлин Ратушасының тұрғанын айтты. Ратушаға шабуылға біздің батальон және Алексеев бастаған 1-батальон әзірленді.

Сол түні біздің батальонға отыздан астам танк, бірнеше "Катюша", ауыр минометтер әкелінді. Немістер түні бойы бізге оқ жаудырды. Таңертеңгі сағат жетіде артиллерия Ратушаға оқ атты, танктерге еріп, біз де шабуылға шықтық. Қарсы жақ та танктерін жіберді, тар жерде танктер шайқасы басталды. Екі сағатқа созылған көше ұрысынан кейін батальонның екінші ротасы Ратушаға лап қойды, бірінші болып төменгі этажға Мәденовтің взводы енді. Полктың 1-батальоны да шабуылға шықты. Біздің батальонның жауынгерлері түгелге дерлік ішке еніп, бірінші этажды босаттық. Әр бөлме, бұрыш үшін қызу ұрыс жүрді. Арасында екі жақ қолдасып та кететін. Комбат Бобылев екеуміз бірнеше солдатпен бір бөлмеге ене бергенімізде іштен немістер оқ жаудырып, дүрсе қоя берді. Менің ординарецім жараланды. Комбаттың бір құлағын оқ жұлып кетті. Бобылев оған қарамастан қарсы келген неміс офицерін жағасынан алып, жерге басып жатты, біз қалғандарын жайғастырдық. Бұл мекемені қорғаушылар СС армиясының таңдаулы бөлімдері екен. Қатты қарсыласты, жеңілетінін білгендер жоғарғы этаждан қарғып, өліп жатты. Ратушада бір генерал, үш полковник және басқа көптеген офицерлер қолға түсті.

Ратушаға ту тігілді, сол үшін 1-батальонның комсоргі Гранов Совет Одағы Батыры атағын алды. Ратуша үшін болған ұрыс туралы Совет Одағының Маршалы Г.К.Жуков "Естеліктер мен ойлар" атты кітабының 653 бетінде былай деген: "29 апрельде қаланың орталығында қатты ұрыстар жүріп жатты. Ратушаға 266-атқыштар дивизиясының 1008-атқыштар полкі (полк командирі В.Н.Борисов) және 1010-полк (полк командирі М.Ф.Загородский) шабуыл жасады. Батальон командирі Н.В.Бобылев майор М.А. Алексеевтің батальонымен бірлесіп, Ратушаны босату туралы тапсырма алды. Мұнда бірінші болып лейтенант К.Мәденовтің взводы кірді..." 2 майға дейін полк штабы Ратушаға орналасты. Біздің батальон Ратушадан шығып, Шпрее өзені жағалауындағы кварталдар үшін соғыса бастады. Бірінші май күні бір үлкен үйді босатып, түнге қарай аз-кем тыныс алдық. Түн ортасында біз тоқтаған үйдің көше бетіне снарядтар жауып қоя берді. Біз мұны немістердің шабуылы деп есептеп, бекіне бастадық.

Таңертең келесі көшеге шығуға бет алсақ, түндегі снаряд түскен жердегі немістердің қарақұрым өлігін көрдік. Көше асфальтының бойымен адам қаны ағып жатыр, өліктен аяқ басар жер жоқ. Мен бүкіл соғыс бойы осындай тар жерде адамның мұнша көп өлігін, суша аққан қанын көрген жоқ едім. Бақсақ, түнде немістің бір үлкен бөлімшесі шегініп, біз жатқан үйге таяна бергенде, оларды барлаушылар көріп қалып, хабар беріп, сол бойда "Катюшамен" жайратқан екен. Біз екінші көшеге аса бердік, бірақ немістердің бұрынғыдай қарсылығы байқалмайды. Соның арасында полктан шабарман жетті. Оның айтқан бір ауыз сөзі – "Немістер тізе бүкті!". Қуанышта шек болсайшы.

Бөріктер аспанға атылды, у-шу, құшақтасып, сүйісіп жатқан советтік жауынгерлер, қасымыздан қолдарына ақ жалау ұстап, өтіп бара жатқан неміс солдаттары. Кешке полк Ратуша жанына сапқа тұрды. Дивизия командирі генерал Фомиченко жауынгерлерге алғыс айтып, фашистердің Берлинде тізе бүккенін хабарлады. Сол түні жауынгерлер үшін тәуір тағам әзірленді, құрмет көрсетілді. Ұзақ жылдар бойы қан кешіп, шаршап-шалдыққан солдаттар жүзінде қуаныш ойнады, түні бойы ән, би. Мен де сол түні өткен жолымды, елімді ойлап, көз ілмей шықтым. Біз үшін екінші май бейбітшілік күні болып басталды. Бұрынғы гүрсілдің бірі жоқ. 9 май күні сағат сегіздер шамасында ұйықтап жатыр едім, Бобылев жүгіріп келіп, соғыс біткенін хабарлады. Сол бойда дивизияда митинг өтті. Корпус командирі генерал Фирсов жеңіс күнімен құттықтады. Қуанышта шек жоқ, жүрек кеудеге сыймайды, қарудың барлық түрінен салют беріліп жатыр. Келесі күні дивизия офицерлер үшін үлкен банкет ұйымдастырып, көп адамдарды наградтады. Мен де Қызыл Ту орденін алдым. Неміс фашизмі өз ордасында бүк түсті.

Бүгін бүкіл халқымыз Жеңіс мерекесін - Совет адамдарының ерлігі мен елдігінің мерекесін, неміс фашизмін талқандағанына ширек ғасыр толған мерекесін тойлап отыр. Төрт жылға созылған соғыс оңайға түскен жоқ. Қаншама қала, село талқан болды, қаншама адам қырғынға ұшырады! Соғыс талай семьяны қаусатып кетті, көп адам майдан даласынан оралмады. Ширек ғасыр өтсе де, соғыс жарасы жазылған жоқ. Мен соғыстың алғашқы жылында тылдағы ауыр еңбекті көрген, төрт жыл бойы майдан даласында қан кешіп, солдат ауыртпалығын арқалаған жауынгермін. Мен бұл естелікті жазғанда мақтан үшін ерлік істедім деп еңбегімді көрсету үшін емес, сол бір халық басына туған күндерді, тылдағы совет адамдарының, майдандағы қарапайым солдаттың тарихта теңдесі жоқ ерлігін, біздің социалистік қоғамымыздың мызғымас берік күшін, тек біздің қоғамға ғана тән патриоттық тегеурінді бүгінгі жастарға жеткізу, жаңа, жас ұрпаққа бүгінгі шатты тұрмыстың кешегі ата-аналарының күс қолы, маңдай терімен, қасық қанымен келгенін ескерту, оларға аға ұрпақтың жауынгерлік рухына ой жүгіртуді мақсат еттім. Әлі де империалистік әлем соғыс бұлтынан арыла қойған жоқ. Сол кешегі ұрпақтың атынан жерлес ақынымыз Берқайыр Аманшиннің сөзімен: "Өлгендер қайтып келмейді, Сақ болыңдар, тірілер!" - дегім келеді. Рахметолла ҚАРАМАНОВ, отставкадағы гвардия аға лейтенанты, аудандық жоспарлау комиссиясының председателі. ("Ембі" газеті, 1,5,7,9 май 1970 жыл.)

КЕҢ ЖЫЛОЙДАН ШЫҚҚАН ҚАҺАРМАН

Тағылымды тағдыры бар осы бір азамат турасында республикамыздың кешегі бас тарихшысы, академик кезінде Қазақстанның Ұлы Отан соғысына қосқан үлесі туралы молынан және негізгі монографиялық еңбектерді жазған, осы тақырыптағы ең білгір маман танылған марқұм Манаш Қозыбаев ағамыз мен білген жерде сонау 1968 жылдан бері мадақты мағынада ғана жазып келді. Алғашқысы – сол кездегі айтулы оқиғалардың бірі саналған – комсомолдың 50 жылдық тойына арналып жазылған "Қазақстан коммунисі" (қазіргі "Ақиқат") журналында жарияланған мәнді мақаласы еді. Онда ғалым ағамыз Жылой перзентінің әлемге апат әкелген фашистік құзғындардың ұясы – Берлинді алудағы ерлігін атап өткен-ді. Мұндай пікірін М.Қозыбаев соңғы шыққан "Равнение на коммунистов. Комсомол Казахстана в годы Великой Отечественной войны" деген (Б.Рахматуллинмен бірге жазылған еді), 1980 жылы жарық көрген "Ұлы ерлік" атты кітапшасында да дамытып жазды.

Ал Қазақстанымыз мемлекеттік егемендік алғаннан кейін баласы Ілияс Қозыбаевпен (тарих ғылымдарының докторы) бірігіп жазған, жалпы білім беретін орта мектептің 10-сыныбына арналған “Қазақстан тарихы” оқулығында тағы да даралап көрсетеді. Соңғысында мынадай жолдар бар: "...ал Орал өңірінің жас офицерлері К.Маденов пен Р.Қараманов 1008-атқыштар полкінің туын Берлин Ратушасының төбесіне тікті..." (Алматы, 1993, 203-бет). Атыраулықтар бұл күндері Кенжебай Мәденовтей батыр жерлесі туралы біраз хабардар болып қалды. Ол хақында сонау 1970 жылы көрнекті жазушы ағамыз Әнес Сараев республикалық "Лениншіл жас" (бүгінгі "Жас алаш") газетінде үлкен мақтанышпен "Маршал мақтаған қазақ" деген мақала жариялап еді. Соңғы жылдарда облыстық "Атырау" газетінде де бірнеше жарияланым болды. Ал Р.Қараманов деген кім еді? Енді сол жөнінде әңгімелейік.

Мен аудан тарихшыларымен бірге аталмыш қаһарман туралы баспасөз бетінде 1978 жылдан бері Жылой тарихына байланысты мақалаларымда жазып келемін. Оның аржағында Рақаңды 1954-1958 жылдары біздің И.В. Сталин атындағы ұжымшардың төрағасы болған кезінде ардақты азамат, білікті басшы қызметкер ретінде біршама жақсы танығанбыз. Алайда, батыр туралы бөлек мақала жазудың сәті тек 2000 жылы ғана түсті: жыл басында 29 ақпанда облыстық "Прикаспийская коммуна" газеті редакциясының өтінішімен есімі ортамызға қайтадан оралған Бейбарыс бабамыз туралы "От кипчакского мальчугана до легендарного полководца" атты мақалам жарияланды, оны түйіндей келе былай деп жазған едім:

"...Необходимо увековечить имя. Можно поставить памятники, а лучше этого я предлагаю в будущем в Атырауском городском парке Победы открыть комплекс исторических памятников, где будут поставлены различные памятники нашим героям всех времен – начиная с Бейбарса и заканчивая современными героями нашей страны. В комплексе должны быть памятники, бюсты и другим нашим батырам: Сырыму Датову, Атагозы, Минбаю, современникам Л.Владимирскому, майору У.Шунаеву, героям штурма Берлинской ратуши Р.Караманову и К.Маденову и многим другим. Этого требует история. Это нужно нам, людям".

Осыған разашылық білдіріп, алғыс алған Рахаңның кенжесі Мақсот Рахметуллин маған батырдың 1945 жылы Берлинді алғаннан соң түскен фотоларын әкеліп берді. Осыдан соң "Атырау" газетіне арнап, батыр туралы бөлек мақала жаздым, әлгі фотолардың екеуін қостым да, 2000 жылдың мамыр айының 5-і күні редакцияға апардым. Бұл әлі күнге дейін жарық көрген жоқ, редакция қызметкерлері әлгі суреттерді де "таба алмай жатырмыз" деген сылтаумен тауып бере алмай жүр. Бұдан соң жерлестерден күдер үздік те, аталған мақаланы республикалық "Қазақ батырлары" газетінің 2002 жылғы шілде айындағы кезекті №7 (48) - санында жариялап жібердік. Рахаңның отбасынан мақаланы кешіктіргеніміз үшін ғафу өтіне отырып, осы еңбекті жеке кітап етіп жариялауды жөн көрдім, ондағы мақсат – батырдың ерлігін баяндайтын өз мақаласын оның сонау кезеңдегі қан майданға сүйікті Отанын қорғауға 1942 жылдың 15 маусымында аттанғанына биыл 70 жыл толуына орай қалың жұртшылықтың назарына ұсыну, қаһарманды халыққа кеңінен таныстыру. Себебі, ол туралы 2000 жылы және 2002 жылы шыққан "Атырау", "Жылыой" энциклопедияларында өте мардымсыз жазылған екен.

Рахметолла Естебайұлы Қараманов 1909 жылы есімі Жем-Атырау өңіріне кеңінен таныс болған белгілі би, атақты Дәден бидің шәкірті, Мәтжан сынды билердің замандасы Естебай би Елемесұлының жанұясында, қасиетті Жылой жерінде дүниеге келді. Оның туған жерін ескіше "Жем-Атырау болысындағы 13-ші ауыл" деп атаушы еді. Рахметолла 1923-1929 жылдары сонау Ойылдағы мектепте оқып, алты сынып көлемінде білім алып шығады. Жас жігіт өзінің еңбек жолын осы 1929 жылы бастауыш мектептің мұғалімі болып бастады. Аталмыш жұмыста 1931 жылға дейін қызмет ете жүріп, үлкендердің арасында сауатсыздықты жою ісіне де үлкен үлес қосты.

Бұдан кейін Рахметолла әскер қатарына шақырылып, 1937 жылға дейін әскери қызметте болды. Тоғыз айлық полк мектебін бітіріп, кіші командир болған Р.Қараманов 1935-1937 жылдары КСРО-ның Моңғолиядағы сауда өкілдігінің бақылаушысы болып жұмыс жасайды. 1937 жылы әскери қызметтен босаған ол туған жеріне оралып, 1942 жылға шейін Жылой аудандық қаржы бөлімінде аға инспектор болды. Рахметолланың бұдан кейінгі төрт жылы тағы да әскер қатарында өтті. 1942 жылдың маусым айында Ұлы Отан соғысының майданына шақырылған Р.Қараманов 1943 жылдың ақпан айына дейін Оңтүстік-Батыс майданда атты әскердің қылышкерлер взводына командир санатында ерлікпен шайқасты. Осындай бір шайқаста ауыр жараланған жас командир мамыр айына дейінгі уақытта Тарасовка қаласындағы госпитальда емделеді.

Қайтадан жауынгерлік сапқа тұрған Рахметолланы енді майдан талабына орай жаяу әскерлер қатарына қосады да, оны 4-Украин майданындағы атқыштар ротасының старшинасы етіп тағайындайды. Өмірлік тәжірибесі мол, 1939 жылдан бастап коммунистік партияның мүшесі болған Қараманов Рахметолла 1943 жылдың қазан айында батальондық партиялық ұйымдастырушылардың үш айлық курсына жіберіледі. Оның бұдан кейінгі өмірі 1944 жылдың қаңтар айынан бастап 1946 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта алғашқыда 3-Украин майданының, кейін 1-Белорусь майданының құрамында ерлік күрес жүргізген 26-атқыштар дивизиясының 1008-полкындағы 2-батальонның өмірімен біте қайнасты. Рахаң осы батальонның партиялық ұйымдастырушысы болды. Аталмыш атқыштар дивизиясының Одердегі ерлігі сол заманның ұлы қолбасшысы, маршал Г.К.Жуковтың "Естеліктер мен ойлар2 кітабында ерекше атап көрсетілген болатын.

Осы Одердегі ұрыста көрсеткен ерен елгілі үшін Жылой батыры бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Осы бір ұмытылмас шақтар туралы майдангер 1970 жылы аудандық "Ембі" (қазіргі "Кең Жылой") газетінде "Қосшағылдан Берлинге" деген жазбаларын жариялаған еді. Онда ол Берлинге шабуыл қарсаңындағы жайды айта келе, былай деп жазды: "...Бір күні батальонға жап-жас кіші лейтенант келгені мәлім болды. Батальон командирі алматылық майор Дейкин деген жігіт еді, ол батальонда үш қазақстандық болдық деп жүрді. Бұл жаңа келген жігіт жерлесім Мәденов Кенжебай екен, ол взвод командирі болып тағайындалды".

Алайда, 24 сәуірде Берлинде болған бір шайқаста әлгі алматылық Дейкин қазаға ұшырайды да, батальонды басқару капитан Н.В.Бобылевке жүктеледі. Соғыстың ең қиын, кескілескен жағдайда өткен жерінің бірі Берлин болғандығы тарихтан белгілі. "...Ұмытпасам, - деп жазды одан әрі Р.Қараманов, - 28 апрель күні Бобылев екеумізді полк штабына шақырды. Басқа бөлімдерден де өкілдер келген екен. Полк командирі қаланың көшелері мен кварталдарының әр бөлімшеге бөліп берілгенін айта келіп, біздің батальонның өз міндетін жақсы атқарып келе жатқанын және біздің маңдай алдымызда Рейхстагтан кейінгі маңызды екінші орын - Берлин Ратушасының тұрғанын айтты".

Ең ақырғы, шешуші шайқасқа батальон командирі мен партиялық ұйымдастырушы жауынгерлерді жан-жақты дайындады. Ол кезде әсіресе, үгіт пен насихат мәселесіне жете мән беретін-ді. Н.Бобылев пен Р.Қараманов та қапысыз әзірленді. "Ратушаға шабуылға, - деп еске алды 1970 жылы отставкадағы гвардия аға лейтенанты Р.Қараманов, - біздің батальон және Алексеев бастаған 1-батальон әзірленді... Таңертеңгі сағат 7-де артиллерия Ратушаға оқ атты, танктерге еріп біз де шабуылға шықтық...Екі сағатқа созылған көше ұрысынан кейін батальонның екінші ротасы Ратушаға лап қойды, бірінші болып төменгі этажға Мәженовтің взводы енді. Полктің 1-батальоны да көше беттен шабуылға шықты. Біздің батальонның жауынгерлері түгелге дерлік ішке еніп, бірінші этажды босаттық. Әр бөлме, бұрыш үшін қызу ұрыс жүрді... Комбат Бобылев екеуіміз бірнеше солдатпен бір бөлмеге ене бергенімізде іштен немістер оқ жаудырып, дүрсе қоя берді. Менің ординарецім жараланды. Комбаттың бір құлағын оқ жұлып кетті. Бобылев оған қарамастан қарсы келген неміс офицерін жағасынан алып, жерге басып жатты, біз қалғандарын жайғастырдық. Бұл мекемені қорғаушылар СС армиясының таңдаулы бөлімдері екен. Қатты қарсыласты... Ратушада бір генерал, үш полковник және басқа көптеген офицерлер қолға түсті. Ратушаға ту тігілді..."

Міне, ғалым-тарихшы М.Қозыбаев марқұм сүйсіне жазып жүрген тамаша ерлік осылай жасалып еді. Аталмыш ерлігі үшін Рахметолла 10 мамыр күні Қызыл Ту орденін алды. Бұл оның үшінші жауынгерлік ордені болатын, оның біріншісімен Рахаң 1944 жылы марапатталған-ды, онысы жауынгерлік Қызыл Жұлдыз ордені еді. Фашизм ордасына ешкімнен қаймықпай, қазақ азаматтарының санаулы ғана санатында жүріп жасаған қаһармандығы қалай бағаласа да тұрарлық ерен ерлік болып табылады. Біз мұны тарихи тұрғыда лайықты бағалауды ұсынып, 2000 жылы мамыр айының 8-і және 9-ы күндері облыстық "Атырау" газеті, республикалық "Егемен Қазақстан" газеттерінде "Өз абыройымызды өзіміз асырмасақ, кімнің бізге жаны ашушы еді?!" деген мақаламызды шығардық және республикалық "Қазақ батырлары" газетінің 2002 жылғы 1 (42)-санында "Құрмет лайық болсын!" тақырыптағы мақаламызды жариялаған едік. Үшеуінің де мазмұны бір арналы.

Енді осы мақаланы да жұртшылық назарына қайталап ұсынайық. "Егемендік алып, өз бетімізше тырбанып күн кешкелі бері, құдайға шүкір, ауған көшіміз түзеліп келеді. Қазақы болмысымызды қалпына келтіргелі бері еңсеміз едәуір көтеріліп қалды: бізді дербес ел ретінде әлем танып отыр. Жұрт бізбен санасып келеді, салауатты тарихымыз жасалынып жатыр, соңғы тоғыз жылда талай тамаша істер дүниеге келді, досымыз қуанып, дұшпанымыз амалсыз мойындауда. Аталғандай абзал істе тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі ерекше екендігін парасатты адамдар қашан да айтып келеді, айта берері де сөзсіз. Ұлтымыздың мерейін көтерген істердің бір парасы – Президентіміздің даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлына қайтыс болғаннан кейін болса да, Кеңес Одағының Батыры атағын, ал өткен жылы Ұлы Отан соғысының атақты батыры Рақымжан Қошқарбаевқа Қазақстан Республикасының ең жоғарғы атағы – "Халық қаһарманы" атағын алып беруі еді. Бұған қуанған себебіміз де баршаға белгілі – бұрынғы Кеңес өкіметі тұсында қазақ сияқты қаһарман елдің жауынгер ұл-қыздары тиісінше бағаланбай келді, біздің назарымыз басқалармен салыстырғанда бір қабақ төмен болып жүрді емес пе?!

Отан үшін қан кешкен азаматтарымыздың лайықты құрмет биігіне шығарылуы бәрімізді де аса зор қуанышқа бөледі. Ежелден Атырау жері ардақты перзенттерге толы болып келеді. Олардың бір тобын 1998 жылдың желтоқсанында облыс сайлаушыларымен өткен кездесуінде Елбасы да құрметпен атап берген болатын, оның ішінде даңқты жерлесіміз, сонау ХІІІ ғасырда Мысырда он жеті жыл патша болған Бейбарыс та айтылған-ды. Атыраулықтар Ұлы Отан соғысы тұсында да аталар дәстүріне берік болды. Атақты "Қанатты қыз" Хиуаз Доспанова Кеңес Одағының Батыры М.Раскованың қарамағында ұшқыш бола жүріп, ерекше ерліктер жасады. Ол кезде ер азаматтар ғана меңгерген ауыр міндетті қаршадай қазақ қызының ауырсынбай, абыроймен арқалауының өзі ғана шынайы ерлік емес пе?! Әдебиетіміздің ардақты ақсақалдарының бірі Сағынғали Сейітов тамсана жазған, майданда 215 фашистің көзін жойған даңқты мерген, жылойлық батыр Есқайыр Халықовтың ерлігі де үлкен құрметке лайық болады. Ұлы державалық шовинизмнің зардабын тартқандардың бірі – қызылқоғалық қаһарман офицер Кенжебай Мәденов.

Оны уақытында (шындығында ерліктен 24 жылдан соң) ұлы қолбасшы, Маршал Г.К.Жуков өзінің "Есте қалғандар мен ойлар" атты мемуарында еске алып, оның Берлиннің Ратушасына бірінші болып өз взводын бастап кіргенін жазып еді. Оның осы ерлігін журналистер М.Мержанов, Ғ.Сланов т.б. мадақтап көрсетті. Академик М. Қозыбаев 1968 жылдан бергі еңбектерінде Мәденовпен бірге осы Ратушаға алғашқылардың қатарында 2-батальонның партиялық ұйымдастырушысы, жылойлық офицер Рахметолла Қарамановтың да шабуылдағанын жазып келеді. Ол осы екі батырды 10-шы сыныпқа арналған "Қазақстан тарихы" оқулығына да енгізді. Атыраудан шыққан вице-адмирал Лев Анатольевич Владимирский шеберлікпен шайқасып, 1943-1944 жылдары Қара теңіз флотына басшылық жасады.

Бүкіл Қазақстан секілді Атырау жұрты да майдан сыртында қажырлы еңбек етті. Сонымен бірге олар елді ішінен бүлдіруге әрекеттенгендерге нағыз отаншылдар ретінде тойтарыс берді. Неміс фашистері 1944 жылдың мамыр айында Жылой ауданына түсірген диверсанттарға қарсы күресте егіс бригадирі Байжан Атағожиев ерлікпен қаза тапты. Ал колхозшы Бектұр-лиев Байшыған өздеріне мұнай кәсіпшіліктеріне қарай жол көрсетуді бұйырған жау тобына басқа жолды көрсетіп, оларды әдейі тосқауылға соқ-тырды. Сөйтіп, Б.Атағожиев пен Б.Бектұрлиев та азаматтық ерлік көрсетті. Біздіңше, осы аталған майдангерлердің бәрін де жоғары атаққа – "Халық қаһарманы" атағына ұсынған, ал екі колхозшыны тиісінше медальдарға ұсынған дұрыс болар еді, олар оған әбден лайық. Қазақ бабамыз "Өлі разы болмай, тірі байымайды" дегенді бекер айтпаса керек.

Бұл бүгінгі ұрпақтарымыздың да, ортамызда жүрген Хиуаз Доспанова апаймыздың да мерейін өсіріп, айбынымызды асырар еді. Мұндай мадақтауға лайықты адамдарымыздың Қазақстанның барлық облыстарынан да табылатыны сөзсіз. Сондықтан да біз, көрнекті тарихшыларымызды қатынастыру негізінде арнаулы комиссияның құрылуын, оның осындай батырларды анықтап, тиісінше ордендерге, құрметті атақтарға ұсынып отыруын қалар едік. Қалай болғанда да Отан үшін жасалынған ерлік ұмытылмасын! Ұландарымыздың абыройы - елдің ар-намысы. Өз абыройымызды өзіміз асырмасақ, кімнің бізге жаны ашыр дейсің! Ендеше, өз қаһармандарымызды өзіміз лайықты мадақтай білейікші!".

1946 жылы әскерден босаған майдангер Р.Қараманов туған жеріне – Жылой ауданына оралып, абыроймен еңбек етті. Жылой, Есбол, Мақат аудандық қаржы бөлімдерінің бастығы, жоспарлау комиссиясының төрағасы, ірі шаруашылықтың кемел басшысы болған Рахметолла Қараманов өмірінің ақырына дейін халық құрметіне бөленіп өтті. Ол 1986 жылы қайтыс болды. Бүгінде қала атанған Құлсарыда оның атын алған үлкен көше бар, жыл сайын осы ауданда оның атындағы спорт турнирі үзбей өтіп келеді. Р. Қараманов өнегелі әулеттің де басшысы болып еді. Жары Секер апамызбен бірге Мұрат, Жалғас, Темір, Еркін, Кенжеғали, Мақсот атты арыстай алты ұлды тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда Раханды осылардан өрбіген немере-шөберелер де зор мақтан тұтады. Рахаң ондай мақтанышқа толығымен лайық азамат, тарихи тұлға!

ЖЕҢІС КҮНГІ ЖЕҢІС

1996 жылдан бастап Жеңіс мерекесінің қарсаңында жыл сайын кіші футболдан Ұлы Отан соғысы ардагері Рахметолла Қарамановтың атындағы турнир өткізіліп келеді. Оның ұйымдастырушысы – Жылой аудандық жастар ұйымы. Биыл Жеңістің 61 жылдығына аталған турнир оныншы рет өткізіліп отыр. Құлсары қаласының әкімі Бекім Жайсанбаев қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, сәттілік тілеп, дәстүрлі турнирді ашты. Еліміздің жаңа әнұранымен команда капитандары жарыс туын көтерді. Турнирге 8 команда қатысты, оның ішінде бір команда Мақат ауданының Доссор қалашығынан келген. 7 мамырда басталған турнир қызу тартыста өтіп, 8 мамыр күні өз мәресіне жетті. 9 мамыр – Жеңіс күні мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін Қараманов көшесінде салтанатты түрде тақта ашылды. Онда аудан әкімінің орынбасары Мәжит Сағиев, соғыс, еңбек ардагері Ахат Нұрханов және Р.Қараманов отбасынан Естебаев Жұман шын көңілден жылы лебіздерін арнады. Содан соң турнир қорытындысымен жеңімпаз командаларды марапаттау салтанаты өткізілді. Бірінші орынды “Жастар”, екінші орынды "Жалын" және үшінші орынды "Мерей" командалары иеленді. Жеңіс күні жеңіске жеткендерге кубоктар, дипломдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Демеушілердің ішінде "Бақай" коорпорациясы, "Өмірзақ" және "Ақберен" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бар. Соңында Р.Қараманов отбасы атынан демеушілерге, жарысқа қатысқан командаларға және жылма-жыл жарысты ұйымдастырушы аудандық жастар ұйымына алғыс айтылды.

Нравится