Сатиев Арыстан

  • Фото ветерана: Сатиев Арыстан
    Сатиев Арыстан
  • Фото ветерана: Сатиев Арыстан
  • Фото ветерана: Сатиев Арыстан
  • Фото ветерана: Сатиев Арыстан
  • Фото ветерана: Сатиев Арыстан
  • Фото ветерана: Сатиев Арыстан
    Фото ветерана: Сатиев АрыстанФото ветерана: Сатиев АрыстанФото ветерана: Сатиев АрыстанФото ветерана: Сатиев АрыстанФото ветерана: Сатиев АрыстанФото ветерана: Сатиев Арыстан

Выписка из наградного листа: "Наводчик первой батареи, сержант Арыстан Сатиев в боях с немецкими захватчиками проявил себя преданным, смелым и отважным воином. 6 сентября 1943 года в бою за город Константиновка он быстро и умело открыл огонь прямой наводкой в упор и уничтожил: 3 пулемета, 1 миномет с прислугой, 2 ДЗОТ а и до 40 немецких солдатов и офицеров, рассеял более роты пехоты противника. Тем самым обеспечил возможность дальнейшего продвижения нашей пехоты вперед". "7 сентября 1943 года во время налета 46 вражеских бомбардировщиков на Новоэкономическое, сержант Сатиев смело и отважно бросился спасать горевшую машину, боеприпасы и пушку. Рискуя жизнью, он помогал спасать материальную часть батареи. Будучи легко раненым при взрыве снарядов, он продолжал спасать и выносить тяжело раненых". Как отличный наводчик, смелый и отважный воин сержант Сатиев получил правительственную награду - орден Красной звезды.

Қазақ ­– ержүрек халық. Отан соғысының отты жылдарындағы қазақ сарбаздарының көрсеткен тілмен айтып жеткізгісіз ерлігі соның нақты бір дәлелі. Ерліктің, қаһармандықтың үлкен, кішісі болмайды. Ажал оғынан сескенбей, оқ боратып тұрған зеңбіректердің үнін өшіру де – ерлік. Жаумен шайқаста қайтпас қайсарлығымен көзге түсіп, ерлік көрсеткен жаужүрек сарбаздың бірі – 179 танкіге қарсы артиллерия атқыштар полкінің зеңбірек командирі, көптеген медальдармен қоса, Отан соғысының І, ІІ дәрежелі ордендерінің иегері, сержант Сәтиев. 1941 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданынан соғысқа аттанған 18 жасар өрімдей жас жігіт шамалы дайындықтан соң бірден қан майданның ортасына түседі. Соғыстың аты соғыс. Ол ешкімді аямайды. Ажал қай жағыңнан келіп, алып кетері де белгісіз. Құның бір оқтық. Тек бұйрықты қалтқысыз орындау арқылы жеңісті жақындатуға өзіндік үлес қосарыңды сезіну – намысыңды жанып, жауға деген өшпенділікті еселей түспек. Сондықтан да кез келген сарбаз бұйрық берілгенде оны орындауға өршелене ұмтылады. Алғашқы шайқастарда-ақ Арыстан Сәтиев бұйрықты бұлжытпай орындайтын жауынгердің бірі ретінде ерекше көзге түседі.

Губен қаласының оңтүстік шығыс бағытындағы шайқаста қатты қарсылық танытқан жауды дер кезінде тоқтатпаса, кеңес әскерлерінің көп шығынға ұшырау қаупі туындайды. Өлім мен өмір арпалысқан ұрыстарда талай мәрте өжеттік танытқан Сәтиев жау армиясы орналасқан тұсты нысанаға дәлме-дәл алып, фашистердің алғашқы қарқынын қайтарып үлгереді. Жаяу әскерлерімен қоса танктерін қаптатқан фашистердің жойқын шабуылына тойтарыс беруде қазақ жауынгері тез арада шешім қабылдай алатын батылдығымен бұл жолы да ерекшеленеді. Ауыр зеңбіректі жауға қарсы ыңғайлы орналастырғаннан кейін, немістердің "Тигрлары" мен "Фердинантын" бірінен соң бірін істен шығарады. Артиллерист Арыстанның қайтпас қайсарлығының арқасында кеңестік жаяу әскердің қарсы шабуыл ұйымдастыруына қолайлы сәт туады.

Жарақат алғанына қарамастан, ұрыс алаңынан кетпеген осы ерлігі үшін сержант Сәтиев Отан соғысының ІІ дәрежеліорденімен марапатталады. Тағы бірде Богомазов хуторының оңтүстік батыс аймағынан 5 шақырымда болған кескілескен шайқаста Сәтиев жаудың көптеген техникасын істен шығарады. Немістің әуе қорғанысына арналған ауыр зеңбірегін тіркемеге алған транспортерді, әуе қорғанысына арналған ауыр зенитін, бірнеше жүк көліктері мен винтовкаларын күл талқан етеді. Нысананы дәл көздей білетін сержанттың тез арадағы іс-қимылы ескерусіз қалмайды. Осы ерлігі үшін  Отан соғысының І дәрежелі орденімен марапатталыпты.

Арыстан Сәтиевтің соғысқа кірген төрт жыл ішінде мұндай ірілі-ұсақты ерліктері айта берсе жетерлік. Бұл деректерді бізге ұсынған – сол жылдардың құжаттары тіркелген интернеттегі "Наша победа" сайтынан өзіне қажетті бір ақпарды қарап отырып, атасының атын кездейсоқ кездестірген Арыстан Сәтиевтің жиені Лаура Ділдәбекқызы. "Бұрын әкеңіз соғыс туралы естелік айтушы ма еді?" деп сауал қойғанымда: "Соғыс жайында көп ештеңе айтпайтын. Чехославакияға дейін барған. Бірде іздеп келген майдандас достарымен әңгіме үстінде Одер өзенінен қандай қиындықпен өткендерін естігенім бар. "40 жыл қырғын болса да, ажалы жеткен өледі" деген рас шығар. Талай сарбаз өзеннің екінші бетіне жете алмай, бөренесімен бірге суға ағып, шейіт болды ғой" деп әңгіме айтып отырды. Атамыз Сәти Рубцовск қаласында майданға қару-жарақ жасауға қатысыпты. Баласы екеуі бірін-бірі алты жыл көрмейді. Соғыс аяқталып, елге оралған екеуінің Жамбылдағы Атшабар алаңында кездескені тіпті қызық" деді қызы Бақыт.

Әңгімені жалғастырған қарындасы Ақбөкен апай соғыстан қайтқан ағасы мен әкесінің қалай кездескенін айтып берді. "Туысқанымыз Күншуақ ағам келіп, тәтем мен Арыстан ағам келе жатыр" деп сүйінші сұрады. "Әкеміз бен ағамыздың бір күнде келуі мүмкін емес" деп сенбедік. Тәтелеріңнің жүгі ауыр. Екеуі Атшабарда кездесіпті, енді аудан орталығында отыр. "Көлік керек, жүкті жаяу жеткізе алмаймыз" деді деген соң Дастан ағам қөршіміздің түйесін сұрап, ауданға кетті. Тәтеміз қару-жарақ жасайтын зауытта жұмыс істеген ғой, қайтарында бес жылғы жинаған табысына бала-шағасына керекті дүниелерді ала шыққан болса керек. Тәтем көлік күтіп отырғанда соғыстан қайтқан 2-3 жауынгерді көзі шалып қалады. Олар да көлік қарастырып жүрсе керек.

"Менің де ұлым осылар секілді елге аман-есен оралса ғой, шіркін» деп сырттарынан қарап сүйсініп отырғанында, жанына жақындаған әлгі әскери киімдінің бірі "Тәте!" деп қапсыра құшақтай алыпты. Сонда ғана өзінің ұлы Арыстан екенін таниды. Ағамның да соғыстан қайтқан беті екен. Сабақтан келсем, ағамның үстінде қызыл жағалы киім, дауысы гүр-гүр етеді. Мені көре сала, төбесіне көтеріп, бір айналдырды да, құшағын айқара ашып күтіп тұрған тәтеме берді. Тәтем болса, шапанына орап алды. Анамыз Қосмая деген жерге шөп шабуға кеткен болатын. Сол арада "Сүйінші сұраймын" деп Қарлығаш әпкем жүгіріп кетті. Тәтем мен Арыстан ағамның келгенін айтқанында, "ең болмағанда біреуі келсе екен» деп зарыға күтіп жүрген анамыз да, күйеуі мен баласының бір күнде келгеніне сенбепті". Соғыстан аман-есен елге оралғаннан кейін Сарысу ауданына қарасты бұрынғы Карл Маркс, қазіргі Маятас ауылында 35 жыл ферма меңгерушісі болып қызмет атқарған Арыстан Сәтиев -- сол шағын ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге үлкен үлес қосқан азамат. Ауылдың әлеуметтік нысандары – мектеп, кітапхана, монша, дүкендерінің бірқалыпты жұмыс істеуіне ықпал жасайды. Мал шаруашылығын өркендетуге атсалысып, көзі жұмылғанша абыройлы қызмет атқарады. Көз көргендердің әңгімесі қашанда сабырлы, салмақты, ісіне мығым, ағайынның арасында бәрінің басын біріктіріп, ортақ іске ұйытып отыратын кісілігі хақында өрбіді. "Сәти тәтем темірден түйін түйген адам еді. Қостөбеде тәтемнің ұстаханасы да болды. Ат әбзелдерін керемет өрді. Өріп отырып, бір қиссаны айтып шығатын-ды. Бала емеспіз бе, соғыстың не екенін білмейміз ғой, кішкентай кезімізде Арыстан ағаның орден, медальдарын көріп қызығатынбыз, кеудемізге тағып ойнайтынбыз. Өте қарапайым, кішіпейіл жанның ашуланғанын көрген емеспін. Мақтану дегенді білмейтін, өзі туралы ештеме айтқан емес. Соғысқа қатысқандар көлік, үй алып жатқанда біздің ағамыз соны керек те етпеді" деп еске алды ағайындас інісі Серік Уәлиев. Өзін "Сәтиевтің шәкіртімін" деп есептейтін ауыл әкімі Қанат Дондаев та ұстазына қатысты есте қалған әдемі естеліктерімен бөлісті.

"Еңбек жолымды ауылда, Арыстан ағаның қарамағында бастадым. 9 сынып оқып жүрген кезімізде, Калинин колхозының мектеп оқушыларын Маятас фермасына, шаруашылықтың мал азығын дайындау жұмыстарына көмектесуге жіберді. Жаз мезгілі, күн ыстық. Біраз жұмыс істегеннен кейін жалыға бастаған болсақ керек, түгелдей ауылға қаштық. Менің әкем мектеп директоры тұғын. Оқушыларының тәртіпке бағынбаған бұл әрекеті әкеме ыңғайсыздық тудыратынын білсем де, балалардан бөлініп қалуға болмайтын еді. Қашуын қашқаныммен, әкемнен қорқып, әрі қиналып, екіұдай көңіл күйде келе жаттым. Түнгі сағат 12-ден аса, түнделетіп үйге де жеттік. Азанда оянсам, бір кісілердің әңгімелесіп отырғанын естідім. Арсекеңнің дауысын бірден таныдым, аулада әкеймен шай ішіп отыр екен. "Құрыдым" деп ойладым іштей. Сонымен, мені шақырды.  "Неге жұмыстан қаштың?" деп ренжитін болды ғой деп әкейден сескеніп, қыпылықтап тұрмын. Сөйтсем, "түнде балалар кино көруге кетіп еді, енді оларды алып кетуге келдім" деп Арыстан аға жайбарақат әңгіме айтып отыр. Қатты риза болдым. Сол кеңдігі есімнен шықпайды. Егер жұмыстан рұқсатсыз қашқанымызды айтса, әкейдің өзімді оңдырмайтыны белгілі. Кейін қарамағында жұмыс істедім. Қызметтегі адами әрекеттері де көз алдымда. Сол уақыттағы көрсеткен үлгісі, ел басқарудағы ерекшелігі жадымда ұмытылмастай жатталып қалды. Арыстан аға өмірдегі алғашқы ұстазым.

Шаруашылықтың дамып, өркендеуіне қосқан үлесі, еткен еңбегі ерекше. Елмен жұмыс істеудің үлкен мектебінен өткен адамдар ғой, біз сол кісілердің шәкірті болғанымызды мақтан тұтамыз» деді ол. Ағайын ортасында бір бөлек, қызметте бір бөлек, барлық орында кісілігімен, парасатымен, үлкенге де кішіге де құрметімен дараланған тұлға Арыстан Сәтиевтің есімін мәңгілікке есте қалдыру мақсатында ұрпағы өзі іргесін қалаған ауылдағы мектептің, ия болмаса аудан орталығынан көше аты берілсе деген ниетпен қажетті құжаттарын дайындау үстінде. Еліне еңбегі сіңген ардагердің аты ұлықталғаны – бірінші кезекте ұрпақ сабақтастығының дәнекері сынды келер буынға аға толқынның өнегесінен сабақ алар көрнекі құрал ретінде де қызмет атқарары даусыз.

Нравится