Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
15 января 2020 17:32

"Головкинге ұқсайсың". Бокс әлемі "екінші GGG" деп кімдерді атап жүр?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бокс маманы Филипп Сен-Мартен қазақстандық Геннадий Головкиннің ізін жалғастыруы мүмкін боксшыны атаған. Ол Садриддин Ахмедовті орта салмақта GGG-дің ізбасары болып мүмкін деп санайды. Tengrinews.kz тілшісі биыл 38 жасқа толатын Головкиннің ізін жалғастыруы мүмкін қазақстандық боксшыларға шолу жасады.


Бокс маманы Филипп Сен-Мартен қазақстандық Геннадий Головкиннің ізін жалғастыруы мүмкін боксшыны атаған. Ол Садриддин Ахмедовті орта салмақта GGG-дің ізбасары болып мүмкін деп санайды. Tengrinews.kz тілшісі биыл 38 жасқа толатын Головкиннің ізін жалғастыруы мүмкін қазақстандық боксшыларға шолу жасады.

Садриддин Ахмедов


Садриддин Ахмедов. Фото Eye of the Tiger Management

Садриддин Ахмедов екі аптадан кейін 22 жасқа толады. Садриддин Ахмедовтің жасы 21-де. Былтыр бір рет Алматыға келіп жұдырықтасқаны болмаса, жекпе-жектерінің бәрін Канадада өткізген. Әзірше АҚШ-та дебюті болған.

Карьерасын 2018 жылы ғана бастаған боксшы бүгінге дейін 11 жекпе-жекке шығып, бәрін жеңіспен аяқтаған. 10 қарсыласын нокаутқа түсірген. Соңғы рет былтыр 7 желтоқсанда Монреальда аргентиналық Хосе Антонио Вильялобосты 7-раундта нокаутпен жеңген. Негізі 11 қарсыласының сегізі мексикалық боксшы болған.   

"Меніңше, ол алдағы онжылдықта орта салмақтағы ең жарқын боксшыларының біріне айналатын жолмен келе жатыр. Ол танымал отандасы Геннадий Головкиннің жетістіктерін қайталай алады деп ойлаймын", - деген еді Филипп Сен-Мартен Vesti.kz сайтына берген сұхбатында.

Садриддин Ахмедов қазір канадалық Eye Of The Tiger Management компаниясымен жұмыс істейді. Боксшы былтырдан бері WBC Youth World и WBC Asia белбеулеріне иелік етеді.

Қазақстандық боксшыны Головкиннің болашақ ізбасары деп атауға толық негіз бар. Ахмедов өзін Головкинмен салыстырғанды ұнатпаса да, 3-4 жылдықта әлем чемпионы болып, GGG-ді жеңген Сауль Альвареспен жұдырықтасуды жоспарлап отыр.

Жәнібек Әлімханұлы


Жәнібек Әлімханұлы. Фото: Top Rank

Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой карьерасын 2016 жылы бастаған. Еншісінде 8 жекпе-жек бар. Боксшы алғашқы екі кездесуін Қазақстанда өткізген. Былтыр танымал промоутер Боб Арумның Top Rank компаниясымен келісімшартқа отырғаннан кейін АҚШ-та жұдырықтасып жүр.

Әлімханұлын Головкин секілді панчер деп айтуға келмейді. Бірақ GGG секілді Жәнібектің де әуесқой карьерасы табысты болды. Кәсіпқой рингте 8 жекпе-жегінің бәрін жеңген, оның төртеуін - нокаутпен.

Оның үстіне, Әлімханұлының бокстағы шаруасымен танымал Боб Арумның промоутерлік компаниясы айналысады. Бұл талай чемпион шығарған промоутер.

"Біз қазір Әлімханұлымен жұмыс істеп жатырмыз, ол өзін ғажап қырынан көрсетті. Бұл аймақ - таланттар ұстаханасы", - деген еді Боб Арум.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко да бұл промоутер Әлімханұлынан әлем чепмионын шығарады деп сенеді.

"Осындай менеджермен және промоутермен Әлімханұлында орта салмақта Головкиннің мұрагері болуы мүмкін. Әлімханұлы өзін көрсетсе, Арум оған жақсы жекпе-жектер береді", - деген еді Демьяненко.

Әлімханұлы карьерасын енді бастап жатқан кезде колумбиялық Милтон Нуньесті жеңген болатын. Бұл боксшыны кезінде Головкин де нокаутқа түсірген. Ал соңғы уақытта Жәнібек GGG-дің ықтимал қарсыластары тізіміне жиі енетін Деметриус Андрадені жекпе-жекке шақырып жүр. Сондықтан Әлімханұлы атақты жерлесінің жолын қайталауға тырысады дегенге толық негіз бар.

Қазір 26 жастағы Жәнібекте WBC Continental Americas және WBO Global белбеулері бар.

Жеңіліс дәмін татпаған. Қазақстандық проспект-боксшылар кімдер

Мейірім Нұрсұлтанов


Мейірім Нұрсұлтанов. ©twitter.com

26 жастағы Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой карьерасын бірден АҚШ-та бастаған. 2016 жылы америкалық Генри Бекфордты жеңген. Содан бері тағы 12 жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтаған. Оның біреуі ғана Қазақстанда өткен, қалғанының бәрін АҚШ-та өткізген.

13 қарсыласының сегізін нокаутпен жеңген. Боксшы орта салмақта жұдырықтасады. Бокстағы шаруаларымен америкалық Main Events промоутерлік компаниясы айналысады. Менеджері - Эгис Климас. Былтырғы үздік жекпе-жектердің бірі Сауль Альварес пен Сергей Ковалев кешінің андеркартында жұдырықтасқан.

Боксшы бүгіннің өзінде T-Mobile Arena, Madison Square Garden және MGM Grand сынды аңызға айналған ареналарда жекпе-жек өткізіп жүр. Қазір WBC United States (USNBC) чемпионы белбеуі бар.

Боксшы азулы қарсыластарды жекпе-жек өткізуден жасқанбайды. Қазір Мейірімнің командасы багамалық танымал боксшы Туреано Джонсонның өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатыр екен. Джонсон кім десеңіз, ол бірнеше жыл бұрын даңқтың шыңында тұрған Головкинмен жекпе-жек өткізуі керек болған. Бірақ жарақатына байланысты ғана кездесу өтпей қалған.

Мейірім Нұрсұлтанов осындай қарсыластармен кездессе, Климас секілді тәжірибелі промоутер одан жақын арада әлем чемпионын жасап шығаруы әбден мүмкін.

Таңдау жасатса, Канело мен Джейкобсқа қарсы шығар едім - Мейірім Нұрсұлтанов

Али Ахмедов


Али Ахмедов ©Mario Rojas

Головкиннің ізін қуған боксшы деп Али Ахмедовті айтуға болады. Али қазір Головкинмен бір залда жаттығып, бір кеште жекпе-жек өткізіп жүр. Оның бокстағы шаруасымен Головкиннің GGG Promotions компаниясы айналысады. Головкинмен бірге жаттығып, кеңесін алған боксшы жаман бола қоймас.

Былтырғы жылдың аяғында AsianBoxing.info порталы Азияның болашағынан үміт күттірер 20 боксшысын атады. Олардың қатарында Али Ахмедов те болған.

"Екінші орта салмақтың проспекті Али Ахмедовтің қуаты, агрессиясы, керемет стилі бар. Ол барлық параметр бойынша лайық. 24 жасында Головкиннің ұзақ жылға мұрагері болуы мүмкін", - деп бағалаған азиялық портал.

Ахмедов бүгінде кәсіпқой бокста 16 жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтаған. 12-сі - нокаут. 8 кездесуін АҚШ-та өткізген. Сондықтан жас боксшы құрлықтың ар жағында фан-базасын жинап үлгереді. Головкиннің АҚШ-тағы дебюті 30 жаста болғанын ескерсек, Алидің әлі уақыты бар. Оның жұдырықтасу стилі көптеген боксшыға қиындық тудыратыны сөзсіз.

Қазір Ахмедов - WBC International Silver белбеуінің иегері.

Батыр Жүкембаев


Батыр Жүкембаев. Фото: Eye of the Tiger Management

Батыр Жүкембаев пен Головкиннің бокстағы лақапаттары ұқсас - 777 мен GGG. 2016 жылы дебютін өткізген Батыр бүгінге дейін 17 рет рингке шыққан. Бәрінде жеңіске жеткен, 13-і - нокаутпен.

Eye Of The Tiger Management промоутерлік компаниясының боксшысы жекпе-жектерінің бәрін Канадада өткізген. 17 қарсыласының 13-сі мексикалық. Енді АҚШ нарығына шығуды мақсат қылып жүр.

Батыр сұхбаттарының бірінде өзін Головкинге ұқсататындар бар екенін айтқан.

"Маған Головкинге ұқсайсың деп айтып жатады. Оған қуанамын, себебі Головкин жоғары жетістіктерге жетті. Бірақ өз боксым және стиліммен танылғым келеді. Мақсатым - АҚШ-та жекпе-жек өткізу. Ол бокс Меккесі деп бекер айтпайды. Головкиннің бокс кешінде болдым, атмосферасы қатты ұнады", - деген болатын ол.

"777-нің" қазір екінші деңгейлі төрт белбеуі бар - WBA Continental, IBF Inter-Continental, IBO International және WBC Continental Americas.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети