Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
26 июля 2019 18:05

Жеңіліс дәмін татпаған. Қазақстандық проспект-боксшылар кімдер

ПОДЕЛИТЬСЯ

Геннадий Головкиннің кәсіпқой бокстағы жолын қайталап, тіпті, одан да жоғары нәтиже көрсетуге ұмтылып жүрген қазақстандық боксшылар баршылық. Отандық боксшылардың көбі әлі жеңіліс дәмін татпаған. Тengrinews.kz тілшісі болашақта өз дивизионын бағындырып, чемпиондық титулдар еншілеуі мүмкін кәсіпқой боксшыларды шолып шықты.


Геннадий Головкиннің кәсіпқой бокстағы жолын қайталап, тіпті, одан да жоғары нәтиже көрсетуге ұмтылып жүрген қазақстандық боксшылар баршылық. Отандық боксшылардың көбі әлі жеңіліс дәмін татпаған. Тengrinews.kz тілшісі болашақта өз дивизионын бағындырып, чемпиондық титулдар еншілеуі мүмкін кәсіпқой боксшыларды шолып шықты.

Жәнібек Әлімханұлы


Жәнібек Әлімханұлы ©Top Rank

Жәнібектің кәсіпқой рингте жүргеніне 3 жылдай уақыт болғанымен, жекпе-жектер саны көп емес. Боксшы алғашқы екі кездесуін Қазақстанда өткізген. Былтыр танымал промоутер Боб Арумның Top Rank компаниясымен келісімшартқа отырғаннан кейін АҚШ-та жұдырықтасып жүр. Бүгінге дейін ол алты жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтаған. Оның екеуін нокаутпен.

Орта салмақта сынға түсетін 26 жастағы боксшы соңғы жекпе-жегін 12 сәуірде Лос-Анджелесте мексикалық Кристиан Оливасқа қарсы өткізіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен болатын. Сол кездесуден кейін Жәнібек WBC Continental Americas және WBO Global белбеулерін жеңіп алған еді. Енді боксшы 17 тамызда АҚШ-та канадалық Стюарт МакЛеннанмен жұдырықтасады.

Дебюті: 10 қазан, 2016 жыл
Рекорды: 6-0, 2 КО
Нокауттар пайызы: 33%
Жаттығатын жері: Окснард, АҚШ
Промоутері: Top Rank

Али Ахмедов


Али Ахмедов ©Mario Rojas

24 жастағы Али Ахмедов кәсіпқой карьерасын 2016 жылы мамырда бастаған. Алғашқы төрт жекпе-жегін Қазақстанда өткізген ол кейін Польшада жұдырықтасып көрді. Соңғы уақытта тек АҚШ аймағында қолғап түйістіріп жүр. Бүгінге дейін 15 жекпе-жегінің бәрін жеңіспен аяқтаған. 11 қарсыласын нокаутпен жеңген.

Али GGG Promotions промоутерлік компаниясының қол астында жұмыс істейді. Сондықтан, биыл маусымда Головкин жекпе-жегінің андеркартында жұдырықтасқан. Ол кезде америкалық Маркус МакДэнилді нокаутпен жеңіп, екінші орта салмақта WBC International титулын иеленген болатын. 

Дебюті: 14 мамыр, 2016 жыл
Рекорды: 15-0, 11 КО
Нокауттар пайызы: 73%
Жаттығатын жері: Калифорния, АҚШ
Промоутері: GGG Promotions

Нұрсұлтан Жаңабаев


Нұрсұлтан Жаңабаев ©Тұрар Қазанғапов

Жартылай орта салмақта жұдырықтасатын Нұрсұлтан әзірше АҚШ рингіне шыққан жоқ. Кәсіпқой карьерасын Қытайда бастаған 26 жастағы отандасымыз кейін Қазақстан мен Ресейде жекпе-жек өткізген. Боксшы бүгінге дейін жеті жекпе-жегінің бәрін жеңіспен аяқтаған - бесеуі нокаут.

Жаңабаевтың соңғы жекпе-жегі 24 наурызда Алматыда өткен. Ол кезде венесуэлалық Иван Матутені техникалық нокаутпен жеңіп, WBA Inter-Continental титулын иеленген еді. Енді боксшы келесі жекпе-жегін Аустралияда өткізеді.

Дебюті: 22 қазан, 2016 жыл
Рекорды: 7-0, 5 КО
Нокауттар пайызы: 71%
Жаттығатын жері: Тараз, Қазақстан
Промоутері: Suleimen promoutions

Мейірім Нұрсұлтанов


Мейірім Нұрсұлтанов ©twitter.com

25 жастағы Мейірім кәсіпқой карьерасын бірден АҚШ-та бастаған. 2016 жылы америкалық Генри Бекфордты жеңген. Содан бері тағы он жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтаған. Оның біреуі ғана Қазақстанда өткен, қалғанының бәрін АҚШ-та өткізген. 11 қарсыласының сегізін нокаутпен жеңген. Боксшы орта салмақта жұдырықтасады.

Нұрсұлтанов өзінің соңғы жекпе-жегін 24 наурызда өткізген. Голливудта боксшы пуэрториколық Луис Эрнандесті төрешілер шешімімен жеңген. Енді боксшы өзінің 12-жекпе-жегін 24 тамызда Челябинскіде өткізеді. Ол Сергей Ковалев жұдырықтасатын бокс кешінде өнер көрсетеді.

Дебюті: 19 қараша, 2016 жыл
Рекорды: 11-0, 8 КО
Нокауттар пайызы: 73%
Жаттығатын жері: Окснард, АҚШ
Промоутері: Main Events

Виктор Коточигов


Виктор Коточигов © profiboxing.kz

26 жастағы Коточиговтің жекпе-жектер географиясы кең. Боксшы бүгінге дейін жеті елде жұдырықтасып үлгерген. Виктордың кәсіпқой боксқа ауысқанына төрт жыл болса да, бүгінге дейін 10 рет қана рингке шыққан. Бірақ соңғы жылдары жиі жұдырықтасып жүр. Сол он кездесуінің бәрін жеңіп, оның төртеуін нокаутпен аяқтаған. Боксшы Қытай, Ресей, Германия, Грузия, Қазақстан, Польша, Ұлыбританияда жұдырықтасқан.

Коточигов те соңғы жекпе-жегін 6 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткізген. Ол кезде мексикалық Хаиро Лопесті ұпай санымен жеңіп, WBC International титулын иемденген. Биыл боксшы MTK Global промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырды.

Дебюті: 26 желтоқсан, 2015 жыл
Рекорды: 10-0, 4 КО
Нокауттар пайызы: 40%
Жаттығатын жері: Алматы, Қазақстан
Промоутері: MTK Global

Али Балоев


Али Балоев ©Тұрар Қазанғапов

Али Балоев қазірге дейін Польша, Қазақстан, Ресей және АҚШ-та жұдырықтасып үлгерген. Ауыр салмақта өнер көрсететін 26 жастағы боксшы рингке тоғыз рет шығып, бәрін жеңіспен аяқтаған. Жеті қарсыласын нокаутпен ұтқан.

Панчердің соңғы жекпе-жегі 6 шілдеде Нұр-Сұлтандағы бокс кешінде өтті. Қарсыласы бразилиялық Хэмилтон Вентура болған. Қазақстандық боксшы төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді.

Әзірше Али промоутерлік компаниялармен жұмыс істемейді.

Дебюті: 11 наурыз, 2017 жыл
Рекорды: 9-0, 7 КО
Нокауттар пайызы: 78%
Жаттығатын жері: Лас-Вегас, АҚШ

Абылайхан Құсайынов


Абылайхан Құсайынов © Interbox

Абылайхан көбіне Канадада жекпе-жек өткізеді. Жеңіл салмақта өнер көрсететін ол он рет рингке шығып, қарсыласының бәрін жеңген. 7 кездесуді нокаутпен аяқтаған. Бір рет Қытай мен Қазақстанда жұдырықтасқан, қалған кездесуін Канадада өткізген.

Абылайхан биыл алғаш рет Қазақстанда жұдырықтасты. 5 шілдеде ол Алматыда армениялық Гарник Арутюнянді техникалық нокаутпен жеңіп, NBA титулын иемденген еді. Ал былтыр желтоқсанда Eye of Tiger Management компаниясымен келісімшартын үзген болатын.

Дебюті: 26 желтоқсан, 2015 жыл
Рекорды: 10-0, 7 КО
Нокауттар пайызы: 70%
Жаттығатын жері: Лос-Анджелес, АҚШ

Нұрзат Сәбіров


Нұрзат Сәбіров © Eye of the Tiger Management

25 жастағы Нұрзаттың кәсіпқой рингте жүргеніне екі жыл болды. Он жекпе-жегінің бәрін жеңіспен аяқтаған. Тоғыз қарсыласын нокаутпен жеңген. Боксшы кездесуінің бәрін Канадада өткізген. Ол Eye of the Tiger Management промоутерлік компаниясымен жұмыс істейді.

Екінші орта салмақта жұдырықтасатын Сәбіров соңғы рет 29 маусымда рингке шыққан. Сол жекпе-жекте венгриялық Ласло Тотты екінші раундта нокаутқа түсірген. Енді боксшы 26 қыркүйекте Монреалда жекпе-жек өткізеді.

Дебюті: 2 маусым, 2017 жыл
Рекорды: 10-0, 9 КО
Нокауттар пайызы: 90%
Жаттығатын жері: Монреал, Канада
Промоутері: Eye of the Tiger Management

Садриддин Ахмедов


Садриддин Ахмедов

Садриддин Ахмедовтің жасы 21-де. Биыл бір рет Алматыға келіп жұдырықтасқаны болмаса, жекпе-жектерінің бәрін Канадада өткізген. Карьерасын былтыр ғана бастаған боксшы бүгінге дейін тоғыз жекпе-жекке шығып, бәрін жеңіспен аяқтаған. Алматыда индонезиялық Джон Рубаны төрешілер шешімімен жеңген, ал Канадада қарсыластарының бәрін нокаутқа түсірген.

Соңғы жекпе-жегін 29 маусымда мексикалық Дэниэл Вега Котаға қарсы өткізіп, 90 секундта нокаутпен жеңген. Боксшы жастар арасындағы WBC және WBC Asia титулдарына иелік етеді.

Дебюті: 7 сәуір, 2018 жыл
Рекорды: 8-0, 7 КО
Нокауттар пайызы: 89%
Жаттығатын жері: Монреал, Канада
Промоутері: Eye of the Tiger Managament

Сұлтан Зәуірбек


Сұлтан Зәуірбек ©MTK Global

Сұлтанның жасы 23-те. Сұлтан Зәуірбектің тізімдегі басқа боксшылардан басты айырмашылығы - ол АҚШ-та емес, Ұлыбританияда жұдырықтасады. Жеңіл салмақта өнер көрсететін ол кәсіпқой боксқа былтыр келген. Бүгінге дейін рингке сегіз рет шығып, тек жеңіспен кеткен. Алты қарсыласын нокаутпен ұтқан. Бес рет Ұлыбританияда жекпе-жек өткізді, сондай-ақ Қазақстан, БАӘ және Польшада жұдырықтасқан.

Боксшының соңғы жекпе-жегі 6 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткен. Ол кезде Сұлтан грузиялық Георгий Гачечиладзеді жетінші раундта нокаутқа түсірген болатын. Зәуірбек MTK Global промоутерлік компаниясымен жұмыс істейді.

Дебюті: 26 қазан, 2018 жыл
Рекорды: 8-0, 6 КО
Нокауттар пайызы: 75%
Жаттығатын жері: Саттон, Лондон, Ұлыбритания
Промоутері: MTK Global

Оқи отырыңыз:

Таңдау жасатса, Канело мен Джейкобсқа қарсы шығар едім - Мейірім Нұрсұлтанов

Головкиннің ізімен. Америкалықтар неге қазақ боксшыларына жанкүйер

Головкин әуесқой бокста қанша рет жеңілген - GGG жайлы тест

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.2   490.7   4.82 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети