Қазақстандық боксшылар үшін Токиодағы Олимпиада ойындары аяқталды. Финалда боксшыларымыз жұдырықтаспайды. Қоржынымызда екі қола медаль бар. Бұл боксшылар үшін ең сәтсіз Олимпиадада ма? Tengrinews.kz тілшісі боксшылардың әр Олимпиададағы нәтижесін сараптады.
Қазақстандық боксшылар үшін Токиодағы Олимпиада ойындары аяқталды. Финалда боксшыларымыз жұдырықтаспайды. Қоржынымызда екі қола медаль бар. Бұл боксшылар үшін ең сәтсіз Олимпиадада ма? Tengrinews.kz тілшісі боксшылардың әр Олимпиададағы нәтижесін сараптады.
Атланта Олимпиадасы
1996 жылғы жазғы Олимпиада Атлантада өткен. Бұл тәуелсіз Қазақстан қатысқан алғашқы Олимпиада болды. Қазақстандық боксшылардың "алтынсыз" қайтпау дәстүрі сол кезде басталды.
Атлантаға сегіз боксшымыз барған. Оның төртеуі жүлдемен оралды. Василий Жиров алтын медаль тақса, Болат Жұмәділов "күмісті" қанағат тұтты. Жартылай финалда жеңілген Ермахан Ибраимов пен Болат Ниязымбетов қола медаль алды.
Василий Жиров. Фото: Boxing News
Осылайша, Қазақстан боксшылары командалық есепте үшінші орын алып, Олимпиададағы азулы қарсыластардың бірі екенін көрсеткен.
Сидней Олимпиадиасы
Ал 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында Қазақстан мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Бірден төрт боксшымыз финалға жолдама алды.
Нәтижесінде төрт жыл бұрын қола медаль еншілеген Ермахан Ибраимов Олимпиада чемпионы атанды. Кейін 20 жастағы Бекзат Саттарханов алтын медаль иеленді.
Бекзат Саттарханов. Фото: olympic.kz
Ал Болат Жұмәділов Олимпиаданың екі дүркін вице-чемпионы атанды. Олимпиадада жүлде алған қазақстандықтар тізіміне Мұхтархан Ділдәбеков те қосылды, ол да күміс медаль иеленді.
Бұл Қазақстан боксы тарихындағы ең табысты Олимпиада саналады - 2 алтын, 2 күміс медаль. Содан бері бір Олимпиадада бокстан қоржынымызға екі алтын жүлде түспеген. Жалпыкомандалық есепте тағы да үшінші орын алған еді.
Афины Олимпиадасы
XXI ғасырдағы алғашқы Олимпиадада боксшыларымыз елге үш медаль алып келді. Жанкүйерлер атап кеткен "қазақ салмағы" сол кезде бастау алған. 69 келіге дейінгі салмақта Бақтияр Артаев алтын медаль иеленген болатын.
Бақтияр Артаев. Фото ©REUTERS
Ал бүгінде кәсіпқой бокс жұлдызына айналған Геннадий Головкин сол кезде финалда жеңіліп, күміс медаль еншілеген. Серік Елеуов болса, Қазақстан қоржынына қола жүлде салған.
Сол кезде де Қазақстан командалық есепте үшінші орын алған.
Бейжің Олимпиадасы
2008 жылғы Бейжің Олимпиадасы қазақстандық боксшылар үшін сәтсіздеу болды. Ширек финалға жолдама алған алты боксшымыздың екеуі ғана жүлдеге іліккен.
69 келіде Бақыт Сәрсекбаев алтын медаль алса, Еркебұлан Шыналиев қола медаль таққан.
Бақыт Сәрсекбаев. Фото: zimbio.com
Ал командалық есепте бір алтын және бір қола медальмен Қазақстан 7-орынға тұрақтаған.
Лондон Олимпиадасы
Қазақстандық боксшылар есесін 2012 жылы Лондон Олимпиадасында қайтарып алды. Боксшылар ел қоржынына төрт медаль салды.
Серік Сәпиев 69 келіде қарсылас шақ келтірмей, Вэл Баркер кубогын иеленген. Ал Әділбек Ниязымбетов финалда сүрініп, күміс медаль алды. Ауыр салмақтағы Иван Дычко қола медаль таққан. Командалық есепте Қазақстан 5-орын алды.
Серік Сәпиев. Фото: ҚБФ
Сонымен қатар, бұл Олимпиадада алғаш рет әйелдер арасындағы бокс жарысы өткен. Бұл жарыста Марина Вольнова қола медаль еншіледі.
Рио Олимпиадасы
Бес жыл бұрын өткен Рио Олимпиадасында Қазақстан медальдар саны бойынша жеке рекордын орнатты. Ел қоржынына боксшыларымыз бес медаль салды.
Сол кезде үш боксшы финалға шыққан болатын. Данияр Елеусінов 69 келіде топ жарды. Ал Әділбек Ниязымбетов тағы да финалда жеңіліп, екі дүркін вице-чемпион атағын алды. Василий Левит те финалда қарсыласына жол беріп, кейін бокс әлемінде үлкен дау шыққан.
Данияр Елеусінов. © Reuters
Сонымен қатар, Иван Дычко тағы да жартылай финалда жеңіліп, қола жүлде алған. Ал әйелдер арасында Дариға Шәкімова ел қоржынына қола медаль салған болатын.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан төртінші орынға тұрақтаған еді.
Токио Олимпиадасы
Токиода да жанкүйерлер боксшыларымыздан "алтын" күткен. Бірақ Қазақстан үшін бокс жарысы жартылай финалда аяқталды. Ел үміт артқан көп боксшы 1/8 финалда жарыс жолын аяқтады.
Ал ел қоржынына екі медаль ғана түсті, екеуі де - қола. Құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов финалға берілер жолдаманы ала алмады. Сондықтан "алтынсыз" біткен Токионы ел боксы тарихындағы ең сәтсіз Олимпиада деп бағалауға болады.
"Кеңес заманында қалып қойдық". Бокс әлемі Олимпиададағы сәтсіздік туралы не дейді?
Алғашқы "алтынды" қанша күн күттік? Олимпиададағы қызық деректер