Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылдан бері Қазақстанда Ұлттық құрылтай жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде құрылтайдың төрт отырысы өтіп, ел үшін маңызды шешімдер қабылданды. Бесінші отырыста мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, Парламенттің өкілеттігін кеңейту және вице-президент қызметін енгізу мәселелері талқыланды.
Президент Қазақстан президенттік республика ретінде дами беретінін атап өтіп, вице-президенттің өкілеттігін Конституцияда бекітуді ұсынды. Мемлекеттік аппарат пен Президент Әкімшілігінің құрылымы реформаланатыны айтылды. Экономика, энергетика, әлеуметтік саладағы кемшіліктер сынға алынып, кадрлық шешімдер болуы мүмкін екені жеткізілді.Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі, ұлттық мүддені қорғау, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы, сот жүйесін реформалау мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, Халық Кеңесін құру, Парламентті «Құрылтай» деп атау, ӘМСҚ-ын Қаржы министрлігіне беру, цифрландыру мен жасанды интеллектінің маңызы, патриотизм және мәдени мұраны сақтау туралы бастамалар көтерілді.