Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
15 июня 2021 10:12

150 жыл бұрын Алматы қандай болған? Архив суреттері

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ


Алматы - Қазақстанның ең ірі шаһары, экономикасының күре тамыры, мәдениетінің ошағы. Қазіргі таңда бұл мегаполисте 2 миллионға жуық адам тұрады. 1921 жылға дейін - Верный, орта ғасырларда Алмату (Алмалы) аталған алып қала Алматының қойнауы толған тарих. Сол тарихтың бірер тұсынан сыр шертейік.

Алматы тұрғындарының жартысынан көбі - қазақтар. Қазақтардан басқа орыстар, ұйғырлар, татарлар, украиндер және тағы да басқа ұлт өкілдері тұрады. Шетелдіктердің ішінде ең көбі - түріктер. Бейресми деректер бойынша, Алматы қаласының халық саны - 2,5 миллион, ал ресми деректе - 1,9 миллион адам. Тарих беттерінде қазіргі Алматы, сол кездегі Верныйдың 1859 жылы халық саны 5 мың адам болғаны айтылады. Ал, 20 жылдан кейін, яғни 1879 жылы тұрғындар саны 18 423-ке жеткен.


Верный аталған кезіндегі қаланың жобасы (1879 жыл).

Верный - Алматы қаласының 1921 жылға дейінгі атауы. Орта ғасырлардағы Алмату (Алматы) қонысының орнына 1853 жылы Ресей үкіметі Заилийский әскери бекінісін салған. Ол 1854 жылғы ақпаннан "Верный" деп аталған. Верный табаны бес бұрышты қамал тұрғызылды, оның айналасына терең ор қазылып, ағаш шарбақпен қоршалған. Қамал гарнизонында Іле отрядының 470 солдаты мен офицері қызмет еткен. 1855 жылдан бастап Верныйға Ресейдің орталық губернияларынан, кейіннен Сібірден орыстар мен татарлар көшіп келе бастаған. 1855 жылы Алатау округінің әкімшілігі Қапалдан Верныйға ауысты.


Губернатор үйі (1887 жыл).

1856 жылы Верныйда Қазына бағы, қазіргі Орталық саяжай салынған. Сонымен қатар, татарлар қонысының маңынан кәсіпкер Әлімжановтың алғашқы су диірмені іске қосылған. 1858 жылы Кузнецов деген көпес сыра қайнататын зауыт ашқан. 1860 жылы пошта бөлімшесі мен аурухана ашылып, шешек ауруына қарсы егу жүргізіле бастапты. 

Қазақстан қалаларының атауы тарихта қалай өзгерді


Баспа ғимараты (1887 жыл).

1867 жылы 11 сәуірде Верный қамалының атауы өзгеріп, Алматинск қаласы деп аталған. Бірақ сол жылы "Дала комиссиясының" баяндамасы бойынша қаланың аты Верный болып қайта өзгертілген. Верныйдың қала болуы сол кездегі реформаларға байланысты еді. Верный өзімен аттас Верный уезі мен Жетісу ауданының орталығына айналған.


ХІХ ғасырдың соңында түсірілген сурет.

1913 жылы қала тұрғындарының саны 40 мың адам болған.


Қала көрінісі (1910 жыл).

1921 жылы 5 ақпанда аудан комитетінің салтанатты жиынында Верный қаласының атауын өзгерту туралы шешім қабылданған. Верный қаласы Алма-Ата деген жаңа атқа ие болды. Бұл шешім бойынша Жетісу Әскери-революциялық комитеті: "Қаланың революциялық орталық мәртебесін алуына байланысты Жетісу әкімшілік орталығының атауы Алма-Атаға өзгертілсін" деген бұйрық шығарған.


ХХ ғасырдың басында түсірілген сурет.

1926 жылы 3 желтоқсанда Еңбек және қорғаныс кеңесі Түркістан-Сібір теміржолын салу жөнінде шешім қабылдаған.


Қала көрінісі (1900 жыл).

1926 жылы қала халқы 45 мың адам болса, 1929 жылдың күзінде қала тұрғындарының саны 100 мыңға жеткен.


Қала көшелері (1922 жыл).

1927 жылы 2 наурызда ҚазАССР-ң ОСК-і астананы Қызылордадан Алматыға көшіруге шешім қабылдады. Осы жылы Өлкелік комитеттің астананы Қызылордадан Алматыға ауыстыру жөніндегі қаулысы шығып, арнайы комиссия құрылды. Негізінен бұл идеяны кезінде Тұрар Рысқұлов ұсынған. Ал қаулыны жүзеге асыру Ораз Жандосов пен Ұзақбай Құлымбетовке тапсырылған. Олар Жетісу жеріне келіп, тау бөктеріндегі Алматымен танысты. Құлымбетов болашақ астананың құрылысы мен инфрақұрылымдарына жауап берді. Екі жыл дайындық нәтижесінде Алматының қазіргі Панфилов көшесі бойынан жаңа Үкімет үйі салынып, бірнеше мекеме ғимараттары мен тұрғын үйлер бой көтеріп, қыруар жұмыстар атқарылды.


Бас арық (ХХ ғасырдың басы, қазіргі Абай даңғылының бойы).

Республиканың кеңестік халық комитеті 1929-1930 жылдарға арналған қала құрылысының жоспарын қабылдады. Тұрғын үй құрылысына 6,5 миллион сом қаржы бөлінді, әкімшілік мекемелер құрылысына 2,9 және коммуналдық шаруашылыққа 2,2 миллион сом қаржы бөлінді. Қаржы бірінші кезекте тұрғын үй және мектептер, денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысына бөлінген.


Офицерлер жиыны ғимараты (1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін).

1930 жылдың 28 сәуірінде "Айнабұлақ" станциясында соңғы балдақ соғылды. Осы арқылы Кеңес Одағының екі ірі экономикалық ауданы Сібір мен Қазақстан қосылды.

1930 жылы 1 мамырда Түрксіб жолы ашылды. Алматыға Мәскеуден бірінші пойыз келді. 


Татар мешіті (ХХ ғасырдың басы).

1930 жылы Алматыда әуе жолы ашылды, сөйтіп Қазақстан астанасы Мәскеумен әуе арқылы қатынаса бастады.

Торговая көшесі 


Кәсіпкер Габдуалиевтің Торговая көшесіндегі дүкені (1906-1912 жылдар).

1930-1935 жылдары темір құйматастан, күйген кірпіштен құралған, жер сілкінісіне төзімді материалдардан салынған байланыс үйі, ішкі істер министрлігінің клубы, Түрксіб темір жолы басқармасы, "Ала­тау" кинотеатры және тағы да басқа алғашқы ірі ғимараттар бой көтерген.

Офицерлер үйі, кинотеатр, музей. 111 жыл бұрын салынған ғимараттың тарихы

Қала көшелерінің көрінісі (1912-1913 жылдар).

Қазақстан астанасы Алматыға көшірілуіне байланысты 1936 жылы қаланың архитектуралық құрылысы жөнінде арнайы жоспар құрылды. Жоспардың басты мақсаты Алматы қаласын мәдени орталыққа айналдыру болған. Жоспар бойынша қалыптасқан тарихи маңызы бар құрылыстарды түбегейлі өзгерту және үлкейту көзделген. 


Қала көшесі (1940 жыл)

1939 жылы қала тұрғындарының саны 222 мың адамға жеткен.

Қала көшелері (1949 жыл).

1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдары қала көптеген өзгеріске ұшырады. Бүкілодақтық тыл жұмыстарын ұйымдастыруда өнеркәсіптік және материалдық қорды концентрациялау үшін 45 мың шаршы метр жер берілді, көшіріліп әкелінген 26 мың адамды қабылдау үшін жер бөлінді. Алматы қаласына майдан шегінен 30 өнеркәсіп орны, 8 госпиталь, 15 жоғарғы оқу орны, орта кәсіптік білім беру жүйесі, 20-ға жуық ғылыми-зерттеу институты, жиырмадан аса мәдени орталық көшірілді. Ленинград, Киев, Мәскеу киностудиялары Алматыға ауыстырылды. 

Қала көшелері (1951 жыл).

Со­ғыс жылдары Қазақ опера және балет театры, ал 1950 жылы Қазақстан ғылым академиясының бас ғимараты мен Үкімет үйін салу қолға алынған.

Қала көшелері (1951 жыл).

1949-1950 жылдары Ленинградтық Гипрогор жасаған жаңа жоба ҚазССР-і халық шаруашылығы дамуының 5 жылдық жоспарына негізделді. Жоспар бойынша қала аумағын оңтүстік-батыс бағытында үлкейту, орталық бөлігінде 3-4 қабатты үйлер салу, жол құрылысы мен қатынасы, селге қарсы қорғау шаралары қолға алынған.


Алматы қалалық жұмысшы депутаттар кеңесінің ғимараты (1953 жыл).

1959 жылы Алматы тұрғындарының саны 456 мың адам болған.


50-жылдардың соңында түсірілген фото.

"Ленгипрогром" жоспарлағандай, 1962-1963 жылдары Алматы қаласы 1980 жылға дейін төрт жоспарланған аумақ және сел жүретін аумақтарға ауқымды өзгерістер енгізілді.

ҚазССР Үкімет Үйі (50-жылдардың соңы).

Тек 1966-1971 жылдар аралығында қалада 1400 шаршы метр мемлекеттік және кооперативтік құрылыс тұрағы тапсырылған. Жыл сайын қалада 300 мың шаршы метр баспана салынды. Құрылыс барысында жер сілкінісіне төзімді көпқабатты үйлер салу ұйғарылған.


Тұрғын үй (1956 жыл).

Бұрынғы Верный қаласының тарихи жоспарланған жүйесі 1968 жылы қабылданған Алматы қаласының бас жоспарында негізделген.


М.Горький атындағы Мәдениет және демалыс бағының орталық аллеясы (1956 жыл).

Сталин атындағы даңғыл (1958 жыл).

1970 жылдарға қарай алматылықтар саны 665 мың адамға жеткен.

Мұндай Алматы енді жоқ: алғашқы мейрамхана, монша мен үйлер


Көрме орталығының аумағы (Алма-Ата, 1961 жыл).


Қала көрінісі (1961 жыл).

Құрылыста түрлендіру мен сәйкестендіру архитектуралық тұрпаттың әр түрлі болуына себебін тигізді. Мектеп, аурухана, мәдени орталықтар, солардың қатарында Ленин атындағы сарай, "Қазақстан" қонақ үйі, Медеу спорттық кешені және тағы да басқа құрылыс нысандары салынды.  


Үкімет үйі алдындағы жаңа жылдық шырша (1966 жыл). 


Үкімет үйінің ғимараты (1967 жыл).

Қалада демалыс орындарын құруға, қалалық көліктің дамуына жіті көңіл бөлінген.


Көрме орталығының кіреберісі (1970 жыл). 


Байсейітова көшесіндегі субұрқақ (1972 жыл).

1979 жылы Алматыда тұрғындардың саны 899 700 адам болған.


Ленин атындағы сарай (1976 жыл).

Ал 1981 жылдың желтоқсанында миллионыншы алматылық өмірге келген.


Пионерлер сарайы (1985 жыл).

Суреттер Кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатынан алынды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети