Қазақстан қалаларының атауы тарихта қалай өзгерді

29 Наурыз, 09:25
3

Күні кеше ел астанасының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді. Осыған орай Tengri TV журналистері Қазақстан қалаларының атауы қашан және қалай өзгергені жайлы тарихи деректерді жинады. 

Нұр-Сұлтан

Нұр-Сұлтан қаласының тарихы 1830 жылы Есіл өзенінің жағасында орыс әскері негізін қалаған бекіністен бастау алады. 1862 жылы бұл қала Ақмола деп аталып, ресми түрде қала мәртебесін алады. Ал 1962 жылы қалаға Целиноград атауы берілді.

1997 жылы егемен Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданды. Осылайша 1998 жылдың 6 мамырында жаңа елорданың атауы Астана болып өзгертілді. 1998 жылдың 10 шілдесінде Қазақстанның жаңа елордасы - Астананың халықаралық тұсауы кесілді.

2019 жылы 20 наурызда Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың атын тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынып, бұл ұсыныс қабылданды.

Алматы

Тарихшылар 2,5 мың жылдық тарихы бар деген Алматының о бастағы атауы Алмату екен. Ежелден қазақ ұлтын құраған тайпалар мекен еткен Іле Алатауының етегінде Алмату қаласы туралы алғашқы жазба деректер Рашид ад-Диннің шығармаларында кездеседі. Бабыр Шыңғыс хан шапқыншылығынан қираған Алмалык, Алмату қалалары туралы жазады. Мұхаммед Хайдар Дулати және Шараф ад-Дин Йезди өз шығармаларында Алматуды атап кеткен екен.

Археологиялық зерттеулер қазіргі Алматының орнында ертеректе сақтар, кейінірек үйсін, орта ғасырларда дулат тайпалары өмір кешкен елді мекендер мен қалашықтар, Алмалық пен Алмату қалалары (екеуі екі басқа қала) болғандығын дәлелдеп отыр. Бұл қалалардың қираған құрылыстарын 1251-59 жылы фран­цуз королі IX Людвигтің елшісі және Қытай саяхатшысы Чжан Дэ өз көздерімен көргенін жазған.

Алмату қаласының аты жазылған күміс ақшалар, сақтардың 25 барыс бейнесімен безендірілген "Жетісу құрбандық табағы", ғажайып "Қарғалы тәтісі" бұл жердің мыңдаған жылдық тарихы бар өркениетті өлкенің орталығы болғандығын көрсетеді.

Ал кейін бұл қала орнында Заилийское қорғаныс бекінісі салынады, бұл бекініс Верный деп аталады. 1921 жылдан бері Алма-Ата, ал қазақша Алматы деп аталып келсе, 1993 жылдан бері елдің мемлекеттік органдары қала атауын қазақ және орыс тілдерінде Алматы деп бекітті. Ресейде қала әлі күнге дейін Алма-Ата деп аталып жүр.

Атырау

Тарихы 1640 жылдан бастау алатын қаланың бірінші атауы Төменгі Яицк (немесе Жайық) деп аталған. Орыс көпесі Гурий Назаров Жайық өзенінің бойында ағаш бекініс салған. Оның балалары Михаил, Иван және Андрей Гурьевтер бірінші болып Жайықтың балық өндірісімен айналыса бастады. Кейін бұл бекініс Яицк казак әскерінің билігіне өтті. 

1647-1648 жылдар аралығында патша жарлығымен қала салынып, оны Төменгі Жайық, кейін Усть-Яицк деп атай бастады. XIX ғасырда қала Гурьев қалашығы деп, кейін қалаға айналады.

1920 жылдары қысқа уақытқа большевиктер Гурьев қаласының атауын Чапаев деп өзгерткен. Ал 1991 жылдың 4 қазанында Гурьев қалалық халық депутаттары кеңесі қала атауын Атырау деп өзгертуге шешім қабылдаған. 

"Атырау" деген сөздің негізгі мағынасы: өзен сағасы тармаққа бөлінгені; сумен, топырақпен қоршалған жер алқабы; арал.

Ақтау

Ақтау - қаланың аты өзі орналасқан теңіз мүйісінің ақ бордан тұрып (картада Меловой мүйісі делінген) теңіз жақтан қарағанда, биік ақ тау сияқты болып көрінуіне байланысты делінеді.

1959 жылы осы жерде ескі балықшылар жұртының орнында елді мекен салынып, кейін Ақтау деген қалаға айналды. XIX ғасырдың ортасында Қазақстанға жер аударылған украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне 1964-1991 жылдары Шевченко қаласы деп аталды.

Ал 1991 жылдан бастап қала қайтадан Ақтау деп аталды.

Ақтөбе

Қала атауының қазіргі жазылуы 1940 жылы кирилл қарпінің негізінде жасалған әліпби қабылданған кезден бастап қолданыста. 1929-1940 жылдары қала атауы латын әріптеріне негізделген қазақ әліпбиімен "Aqtɵbe", одан бұрын араб-парсы әріптерін қолданған әліпбимен "اقتوبە" деп жазылған. Қытай және Таяу Шығыстағы қазақтарға арнап шығарылатын басылымдарда қала атауының араб әріптерімен жазылатын нұсқасы әлі күнге дейін қолданылады.

1891 жылы Ақтөбе бекінісі (Акъ-Тюбе) Ресей империясының уездік қалаларының біріне айналғаннан бастап 1999 жылға дейін қаланың орыс тіліндегі атауы "Актю́бинск" (Актюбинскъ) болып жазылып келді.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысына сәйкес 1999 жылдың 11 наурызында жарияланған қала атауының орысша транскрипциясына, яғни "Актобе́" деп өзгерді.

Бұл қаулы "Тiл туралы" заңның "елді мекендердің… дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлуге тиiс" деген тұсына сәйкес келетіні айтылды.  Қала атауы көне түркі тіліндегі aq ("ақ") және töpü ("төбе") сөздерінен құралған. Бұл атау орыс тілінде "белый холм" мағынасын білдіргендіктен, кейде Ақтөбені орысша "Город на белом холме" немесе "Беловершинск" деп те атайды.

"Ақтөбе" және осыған ұқсас елді мекен атаулары Қазақстаннан басқа елдерде де кең таралған (Ахтуба, Актюба, Ақтепа, Ақ Таппе, Ақдепе) .

Қостанай

Алғашқыда Қостанай Николаевка деп аталған. 1893 жылы Қазақстанның құрамында болған бұрынғы Торғай облысында жаңадан енген уездік аумақтық-әкімшілік бөлінісіне сәйкес оған Қостанай атауы берілді де, Қостанай уезінің орталығына айналды.

Қостанай атауының шығу тарихы туралы ауыз әдебиеті үлгілері арқылы тараған аңыз-әңгіме көп. Ықылым заманнан бүгінге белгілі деректерде Тобыл жағалауында Қос және Тана есімді егіз қыздың өмір сүргені жайлы айтылады.

Бұл туралы жергілікті ақын Асылбек Шаяхметтің 1996 жылы Қостанай қаласынан шыққан "Пирамида" атты кітабында жазылды. Жуырда қаланың кіреберістегі қақпасына біз айтып отырған аңызға арқау болған егіз қыздың мүсіні орнатылған еді.

Кейін "Қостанай таңы" газетіне Қостанай облысы Лисаков қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Қапыш Наурызбаевтың хаты шығады. Онда ол Қостанай атауының шығуын Танай есімді қызбен байланыстырады.

Негізгі нұсқасы:

"…40-жылдары менің бала кезімде біздің үйге Қамысты ауданының Жайылма, Тұмарлы (Ливановка) ауылдары жағынан Әбіштай, Әбдірайым деген екі  қарт  кісі  келді.  Әбдірайым біздің елге күйеу екен. Сол кісілермен біздің ауылдың үлкен кісілері әңгіме-дүкен  құрып отырғанда осы Қостанай деген ат сонда да қозғалды. Сонда Әбіштай ақсақалдың айтқанын оқырман алдына тартпақпын. Әбіштай ақсақалдың айтуы: "Біздің қазақтың дау-дамайы біткен бе? Ертеректе бір жігітке ағайын арасында жер тимей, еліне өкпелеп, "көз көрмес, құлақ естімес жерге кетемін" деп көшіп кетіп, осы Қостанай тұрған жерге келіп жалғыз үй қоныстаныпты. Ол кез бұл маңда ел болмаған екен дейді. Осы жерге қоныстанғаннан кейін бұл жігіттің 13 жасар қызы қайтыс болады. Аты Танай екен. Сол қызы осы жерге қойылады. Қызы қайтқаннан кейін тағы бір қыз бала дүниеге келеді. Ата-анасы қуанып, "Танайдың орнына Танай болды" деп, бұл қызды да Танай атайды. Өкінішке қарай, 2-3 жасында бұл қыз да қайтыс болып, апасының жанына жерленеді. Содан соң "қос Танайдың моласы" атанады. Ақыры елді мекеннің атына айналады".

Тараз

Жамбыл облысының орталығы Тараз - XVIII ғасырда Әулие-Ата деп аталған. 1936-1937 жылдар аралығында шаһар Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Левов Мирзоянның атымен Мирзоян деп аталған. Келесі жылы, яғни 1938 жылы қалаға қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың құрметіне Жамбыл аты берілді. 

1993 жылдың 4 мамырында Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының орыс тіліндегі Джамбулская область транскрипциясы орыс тілінде Жамбылская область, ал Джамбул - Жамбыл қаласы болып өзгерді. 

Ал 1997 жылдың 8 қаңтарында Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысының жергiлiктi атқарушы органдарының өтiнiшiн және жұртшылығының тiлегiн ескере келiп, Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы Мемлекеттiк ономастика комиссиясының қорытындысы негiзiнде Жамбыл қаласының аты Тараз қаласы қылып өзгертуге қаулы еткен еді. 

Қытай жылнамаларындағы үйсін сөздерін талдаған синолог Иакинф Бичурин Чаян, Бури, Күңгел, Темірлік, Нарын, Долос, Талас, Қарқара, Ақсай деп келетін жер-су аттарын үйсін тіліне тән деп жазады. Атаудың мағынасы жайлы нақты пікір айту өте қиын. Алайда Тараз, Тархан, Тарғап, Дараты сияқты топонимдердің бірінші компоненттеріндегі -тар, -дар сөздері түбірлес әрі мәндес болуы мүмкін.

Тараз атауы Талас дегеннен сөзден шыққан деген де нұсқа бар. Осы күнге дейін нақты түсіндірмесі жоқ. Ғалым Ғұзыхан Ақпанбектің пікірінше: "Тарихи аты қайтарылған Тараз қаласы да аспан әлемімен байланысты. "Тараз сөзінің мәні әдеміліктің үлгісі" деп келеді.

Қызылорда

Қызылорда қаласының атауы бірнеше рет өзгерген. Ақмешіт 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды.

1853 жылы 28 шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Сыр қазақтарын қорғауды сылтауратып, орыс әскерлерімен қамалға басып кіріп, қоқандықтарды қаладан қуып шығады.

Қала Перовск аталып, 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналады. 1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атанып, 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасына айналды. 1925 жылы қалаға Қызылорда аты беріледі. 

Түркістан

Түркістан қаласы ежелгі Самарқанд, Бұқара және Хива қалаларынан шыққан керуендердің солтүстікте тоғысатын жерінде б.з.д. 500 жылдары пайда болған. Х ғасырда қала Шавғар деп аталып, ал ХІІ ғасырдан Ясы деген атау алады.

"Түркістан" атауы жазба дерек мәліметтерде VІІІ-ІХ ғасырлардан кездесе бастайды, парсы тілінде "Түркілер елі" деген мағынаны береді. Алғаш рет бұл атауды VІІ-ІХ ғасырларда араб-парсы тарихшылары қолданды да, оған барлық түркі тілдес тайпалардың мекендеген жерін жатқызады.

Тарихшы, әрі географ ал-Якуби "Китаб ал-булдан" атты шығармасының бір тарауын "Түркістан" деп атап: "Барлық түркі елдері Хорасан мен және Седжестанмен шектеседі. Ал Түркістанда түркілер бірнеше елге, тайпаға бөлінеді" дей келе, түркі тайпаларының атауларын жазады. Осылайша, Түркістан атауы ІХ-Х ғасырлардан бастап этно-географиялық мәнге ие болып, кең түрде қолданыла бастайды. XVI-XVII ғасырларда Ясы-Түркістан Қазақ хандығының саяси, экономикалық және мәдени орталығы болған.

Талдықорған

Талдықорған қала мәртебесін 1944 жылы ғана алған. 

Кеңес үкіметі кезеңінде қалаға Ресей мен Украинадан жер аударылған адамдарды қоныстандырған. Қала алғашында Қаратал өзенінің бойын жағалай орналасқан. 

Кейін Жетісу облисполкомының ұйғаруымен 1920 жылы Гавриловка селосының атауы ресми түрде "Талды-Қорған" селосы деп өзертіліп, Қапал уезінің орталығы дәрежесін алады. 

Ал 1993 жылы қала атауы ресми түрде Талдықорған деп өзгертілді. Қазіргі кезде Талдықорған қаласы 2001 жылдың 22 қыркүйегінен бастап, Қазақстан Республикасы Алматы облысының орталығы болып саналады.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (3)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц