Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
30 мая 2021 15:21

"Анам әшекейін люстраға жасыратын". Мұхаметжан Тынышбаевтың ұлы балалық шағы туралы

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сол жақта Мұхаметжан Тынышпаев. Фото: Tengrinews/Сандуғаш Сұлтан Сол жақта Мұхаметжан Тынышпаев. Фото: Tengrinews/Сандуғаш Сұлтан

31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі қуғынға ұшырағандардың бірі Мұхаметжан Тынышбайұлының перзенті Дәулет Мұхаметжанұлымен сұхбаттасты.


31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі қуғынға ұшырағандардың бірі Мұхаметжан Тынышбайұлының перзенті Дәулет Мұхаметжанұлымен сұхбаттасты.

Дәулет Мұхаметжанұлы Шейх-Али (Тынышбаев) - "Құрмет" орденінің иегері, Башқұртстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, техника ғылымдарының докторы, ҚБТУ профессоры. Қазіргі таңда АҚШ-та тұрады, 90 жастағы ғалым әлемдік пандемияға қарамастан, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Алматыға арнайы ұшып келіпті.

"Анам әшекейін люстраға жасыратын"

Мен дүниеге келгенде әкем Алаш ордалықтармен бірге түрмеде болған. Бір жылдан аса уақыт өткенде оларды 5 жылға Воронеж облысына жер аударды. Анам декабрист ретінде Воронежге аттанды, әрине ол жерде үнемі органдардың бақылауында болдық, қолда бардың бәрін тартып алатын еді. Әлі есімде, үйдегі дүниенің бәрін жасыруға мәжбүр болатынбыз. Анамда мұраға қалған қымбат әшекейлері болған. Ол оны люстраның ішіне жасырды. Тінтуге келгендер аспалы шамның ішін тексермеді, сөйтіп, алып қалған еді.

Воронеждегі өмір, тінтулерді есепке алмасақ, біздің жас отбасымыз үшін салыстырмалы түрде бақытты кезең болды. Себебі ата-анам бірге тұрды, әкем жұмыс істеді, көпір құрылысында жүріп ақша тапты. Бірақ ол кез ашаршылық кезеңі болатын. Анам теміржол саласында қызмет ететін, ол жерде аз болса да тамақ бар еді, әлі есімде, анам мені жетектеп келе жатқанда көшеде балалар аштықтан жылап, ересектер аштықтан бұратылып далада жататын. Анам аш балалардың жанынан үндемей өтіп кете алмайтын, қолында барын беруге тырысатын.


Мұхаметжан Тынышбаев бірінші жұбайы Гүлбахрам Шалымбековамен, Верный қаласы, 1920 жыл.

 Әкем үйреткен екі сөйлем... 

Бұл аштық әкемнің денсаулығына да әсер етті. Жүрегі ауыратын. Сол қиын кездер әлі де көз алдымда, әкем жұмыстан келгенде мен ұйықтауға дайындалып жататынмын, әкем батасын беріп, ұйықтататын. Мерзім аяқталған соң Ташкентке кеттік, себебі Алматыға кіргізбеді. Ташкентте әкем ұзақ уақыт жұмыс іздеді, Түрксіб іске қосылғаннан кейін ол бір үлкен тұлға болды, соған қарамастан, оған ешкім жұмыс бермейтін. Анам бізге тамақ сатып алу үшін аталарынан қалған әшекейін сататын. Әкем маған орыс тілінде сөйлеуді үйретті. Мына екі сөйлемді жаттатушы еді: "Алматы - Родина моя!" және "Я буду инженером".

Сөйтіп жүргенде, Шатов деген бұрынғы басшысы Қандыағаш-Гурьев құрылысынан жұмыс беріп, сол жаққа аттандық. Жолда мен ауырып, пойыздан түсіріп тастады, бірден ауруханаға жатқызды, себебі ауыр, жұқпалы дертке шалдықтым. Әлі есімде, анам жұқпалы аурулар ауруханасының терезесінен қарап тұратын, палатам бірінші қабатта еді. Әкем бір күннен кейін ары қарай кетті, анам пәтер жалдап қалды, күнде келіп тереземнен қарап тұрушы еді. Мен жатқан аурухана шамамен Арал теңізі жақта болды. Бір күні әкем мен анам ауруханаға бірге келді. Мен бір айдан аса уақыт сол ауруханада жаттым. 

Ауруханадан шыққан соң денсаулықты реттеп, қалыпқа келу керек болды, ал ол кездері теміржолшылардың жағдайы мәз емес еді. Сол үшін анамның әпкесі тұратын Үфіге келдік. Ол кісі де, жолдасы да мал дәрігері болатын, екеуі ғана тұрды, сол үшін біз бардық. Олар менің аяққа тұрып кетуіме көмектесіп, анамды сол кезде Алжир аталған лагерьден құтқарып қалды. Егер біз сол кезде Қазақстан аумағында тұрсақ, өзге "халық жауларының" әйелдері сияқты анам да сол жерге түсетін еді. Ал, әкем кейде Үфіге келіп тұратын, хат жазатын, мен салған суреттерімді жолдайтынмын.

 "Үйге жақын жерге көлік тоқтаса қорқатынбыз"

Үфіде репрессия басталды. Үйге жақын жерге көлік тоқтаса қорқатынбыз, себебі ол кезде ішкі істер халық комиссариатында (НКВД) ғана көлік болатын, құлағымызды түріп жүретінбіз. Бір күні ер адам келіп, "маған 2 адам тап деді, план бар, әкететін кімді білесіңдер", - деді. Нағашы тәтемнің жолдасы үнемі оларға "ешкімді білмеймін" дейтін. Сөйтіп жүргенде, бір күні нағашы тәтемнің жолдасын тұтқындауға келді. Оларға екі жылқыны улады деген айып тағылды. Жала екенін бірден түсіндім, себебі ол кісінің жылқыларға қалай қарайтынын, жануарлардың да оны көрсе қалай жүгіретінін көріп жүретінмін. Сөйтіп, ол кісі 2 жыл түрмеде отырды. Дәл сол кезде Ташкенттен хабар келді, әкемді де тұтқындаған екен. Бізге келген хатта былай жазылды: "Муха уехал в Достаевск". Біз басында Достаевск деген қала деп ойладық. Кейіннен ол Үфідегі көше екені анықталды, түрме Тюремная көшесінің бойында орналасқан екен, ал ол көше Достаевск болып өзгертілген, қазір де атауы сондай. Осылайша, хат шифрланған мәтінмен келді, соның арқасында инспекторлар байқамай қалған. 

Менің бөлмемнің терезесі сол түрмеге апаратын жолға қарайтын, терезеден тұтқындарды әкетіп бара жатқан колонналарды көруші едім. Көп ұзамай нағашы тәтемнің жолдасын босатты, ал бізге түрмеден хат келді. Ол хатта әкемнің түрмеде қайтыс болғаны жазылған.

"Алматыда Тынышбаев атында көше жоқ"

Әкем қайтыс болғаннан кейінгі өмірімнің барлығын әкемді ақтауға арнадым. Біздің Үкімет, өкінішке қарай менің әкемді өзгелермен бірге толық ақтап ала алмады. Мен Башқұртстан ішкі істер министрімен бірге Ташкентке жүгініп жүріп, екі айда толық ақтау туралы шешімге қол жеткіздік. Әкемді ақтатып алғанымды өмірімдегі ең үлкен жетістігім деп білемін. Кейін Алашордалықтардың атын Алматыдағы көшелерге берді, алайда менің әкеме әлі де берілмеген. 1999 жылы Алматы-1-де кішкентай көшеге атын берді, "көше" деп атауға келсе әрине, бірақ ол көшеде 2 үйден басқа ештеңе жоқ. 


Сол жақта Дәулет Мұхаметжанұлы, Асқар Дәулетұлы және Мұхамеджан Тынышбаевтың жиен қарындасы Нұршәкен Жүнісқызы. Суреттерді түсірген Сандуғаш Сұлтан.

Мұхаметжан Тынышбайұлы - қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайрат­кері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш Орда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері.

Мұхаметжан Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы Лепсі уезі Мақаншы-Садыр болысында (қазір Алматы облысы Қабанбай ауданы) туған. Ауыл молдасынан хат таныған соң, 1890 жылы Верный ерлер гимназиясының даярлық сыныбына қабылданған. Даярлық сыныпты қоса есептегенде, 10 жыл аталған гимназияда оқыған Тынышбайұлы оны үздік (алтын медальмен) аяқтаған. 1900 жылы Мұхаметжан император I Александр атындағы Петербор теміржол транспорты институтына қабылданады. Бұл институтты 1906 жылы бітірген.

Мұхаметжан Тынышбайұлы 1906 жылы біраз уақыт Жетісу теміржолын жобалау ісіне араласады. I Мемлекеттік Думаның қуғындалғанынан хабардар ол ел құқына қажет қоғамдық-саяси жұмысымен көзге түседі. Сөйтіп, 28 жасында II Мемлекеттік Думаға Жетісу облысы атынан депутат болып сайланады, саясатқа бет бұрады. Алайда II Думаны да патша қуғындап, таратады. 1907 жылы 3 маусымдағы жарлықпен империя қазақ секілді шет ұлттарды (ресми жер иелігі жоқ ұлттарды) Думаға сайлану құқығынан айырады. Дума таратылған соң Тынышбайұлы қайта кәсіби қызметіне кіріседі. Енді ол Түркістан генерал-губернаторлығы қарамағындағы аймақтың теміржол құрылысына инженер болып қызмет ете бастайды. 1907-1914 жылдар аралығында Әмудәрия үстіне салынған көпір құрылысына, Ұрсат-Әндіжан теміржол құрылысына жетекші маман, бас инженер есебінде қатысады. 1914 жылы қайраткер Жетісу теміржол құрылысына қайта ауысқан. Бұл жолы ол Арыс-Әулие ата учаскесінің басшысы және бас инженері болып қызмет атқарды.

Осы шақта инженер Мұхаметжанға Ташкент Мұғалімдер институтына оқуға бармақ болып, қаржыдан қысылып жүрген Тұрар Рысқұлов келеді, шамамен 1915 жылдар. Тынышбайұлы бір кезде өзі де осылай қиналғаны есіне түсіп, Рысқұловқа ақша ұсынады және мұндай керек қаражатты кейін де беріп тұрған көрінеді. Екі азаматтың осы риясыз көңілі адал достыққа айналған екен.  

1927-1930 жылдары ұлт басына төнген қауіпті сезген Алаш көсемдері халықты ашаршылық пен ұлттық ыдыраудан құтқарудың жолдарын барынша жанталаса қарастырды. Мұны бақылап отырған Кеңес орындары дереу "Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан "Алашорда" қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астыртын кұпия ұйымын əшкерелеу" туралы қылмыстық іс қозғаған. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев тағы басқа бірінші топтағы 41 адамның тергеу ісі 1927-1930 жылдары арасында жүргізіліп, үкім шығарылған соң, Мұхаметжан Тынышбайұлы бастаған "ұлы құрбандықтың" екінші легі, 30 адам, түрмеге түседі.

Осы тергеу ісіндегі басты нысаналы тұлға болып қарауылға алынған Тынышбайұлы туралы Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасарының 1972 жылы 18 ақпандағы Партия институтының директорына жолдаған кұпия хатында:

"Тынышбаев Мұхаметжан... қазақ, партияда жоқ, мамандығы инженер. Қазақстандағы бұрынғы ОГПУ мекемесі оны "Алаш" партиясын құрушылардың бірі, Мемлекеттік думаның мүшесі, "Алашорда" үкіметінің мүшесі, Уақытша үкіметтің комиссары ретінде 1930 жылы 3 тамызда тұтқынға алған. 1932 жылы сотталған", - деп көрсеткен екен.

Ғалым Мұхаметжан Тынышбайұлы өзінің басқа тағдырластарымен бірге 1937-1938 жылдары жүзеге асырылған "үлкен террор" құрбаны болып кете барған, ол 1938 жылы Ташкент түрмесінде атылған.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети