Жұмысы жоқ жастар қалай тәжірибе жинай алады

24 Тамыз, 12:05
1
© pixabay.com
© pixabay.com

Қыркүйекте жаңа іскерлік маусым басталып, вакансия көбейеді. Ал тек тәжірибесі бар үміткерге оң қабақ танытатын ірі қалада оқу орнын кеше ғана аяқтаған немесе білімін тәмамдамай-ақ жұмыс іздеген жастар не істеуі керек? "Жұмысқа қабылдамаса, тәжірибені қайдан аламын" деген диллема әрбір жастың көкейін тескені анық. Осы орайда мансап жолын жоспарлауға көмектесетін мамандар бұл мәселенің шешімі - волонтер болу дейді.

Бұл сөзді естігенде ешқандай мансабы жоқ және аса талаптар қойыла бермейтін жұмыс деген  таптаурындар қалыптасқан. Алайда, волонтерліктің кейбір елдерде өте жоғары бағаланатыны және мәртебеге ие екенін бәрі біле бермейді. Тіпті жұмыс берушілер үміткерді қабылдамай тұрып, одан волонтерлық тәжірибесі бар-жоғын анықтап жатады. Расында бұл жұмыс үшін ақша төленбесе де, оның артықшылығы әлдеқайда көп екенін байқауға болады. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі волонтерлықтың арқасында өзін басқа қырынан танып, талай жетістікке жетуге болатынын дәлелдеген еріктілермен сұхбаттасып көрді.

"Тұйық мінезімді жойғым келді"

Жамбыл облысының тумасы 23 жастағы Назерке Смағұлдың ерікті болғанына 5 жыл. Осы уақыт аралығында ол өзін басқа қырынан ашқан екен.

"Волонтерлықпен 18 жасымнан айналыса бастадым. Осы уақыт аралығында 10-15 іс-шараға қатысып үлгердім. Мен ең алғаш волонтерлықпен айналысқан шара 2013 жылы өткен "Алма-ата - моя первая любовь" атты музыкалық фестивалі, онда навигатор яғни, фестивальге келушілерге билеттегі орнын табуға көмектестім. Орнын тауып берген адамдар маған алғысын айтқанында іштей риза болып қалдым. Сол кезден бастап өзіме таныс емес, қызықты бір нәрсемен айналысқым келді. Бір жағынан, мінезім тұйық болғандықтан, адамдармен оңай араласа бермейтінмін. Сол қасиетімді жойғым келді", - дейді ол.

Назеркенің айтуынша, ол тек жұртқа көмектесіп ерікті болып қана қоймай, өзінің білмеген қабілетін аңғарып, тіпті ағылшын тілін жетік меңгеруге көмектескен.

"Ағылшын және корей тілдерін жетік меңгеріп алдым"

"Көп шараға волонтер болуымның себебі ағылшын тілінде сөйлеу деңгейімді көтеру болды. Басында "Қате жіберемін" деп қорқып, алшақтап, көп сөйлеспейтінмін. Кейіннен ол комплексімнен де арылдым. Волонтер болған кезде Германияның Бокс Федерациясының Президентімен тілдесу, тіпті Индонезияның Қазақстандағы елшісімен кешкі ас ішу де бұйырды. Волонтерлік деген ақша төленбейтін жұмыс емес, керісінше, тегін өмірлік тәжірибе деп қарау керек. Ойламаған жерден ағылшын тілімді көтеріп, сонымен қатар, қазір Абылай хан атындағы университетте ағылшын тілінің оқытушысымын", - дейді ерікті.

Назерке ерікті болуының арқасында қай ұлттың адамы болса да тез тіл табысатын жағдайға жетіп, бұрынғы тұйық мінезінен еш нәрсе қалмағынын айтты.

"Бір ай бұрынғы өзіңе ұқсамау"

"Рухани және кәсіби жағынан алға жылжу, даму бар. Себебі, өмірлік ұстанымдарымның бірі "Бір орында тұрмау және бір ай бұрынғы Назеркеге ұқсамау". Түрлі елден келген адамдармен әрдайым байланыста болғандықтан олармен қалай тіл табысу керектігін, олардың менталитетін, мәдениетін бес саусақтай танып алдым. Себебі ол қабілет менің мамандығымда таптырмас нәрсе. Сонымен қатар, ешкіммен араласа бермейтін, тұйық бала болып өстім. Әңгімеге бірінші болып қолқа салуға ұялатын қыз қазір жоқ", - дейді ол.

"Жақсы іске жетелейтін достарым көп"

Назерке ерікті болған кезінде ағылшын тілімен қоса корей тіліне деген қызуғышылығы оянып, сол тілді меңгеріп те алған.

"Мен үшін қуанарлық нәрсе - көп дос тапқаным. Әрқайсы әр түрлі, әр саладан, жан-жақты. "Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен" демекші көп жетістікке қол жеткізген жастарды көріп, бір орнымда қалғым келмеді. Оларға қарап бой түзегім келді, дәл сол достарымдай биік шыңдарды бағындырғым келді. Волонтерлық кезінде танысқан достарымның арқасында ағылшын тілінен басқа корей тіліне қызығушылығым пайда болып, меңгеріп алдым", - дейді ерікті.

Назерке ерікті болу біреуге көмектесу емес, ерікті болу - өмірдің өзі дейді.

"Әр қатысқан шағын я ірі іс-шара болса да өзімді жаңа қырымнан ашып отырамын. Ағылшын тілін білмейтін қыз, қазір жетік меңгерген тіпті ағылшын тілінің оқытушысы болып жұмыс істейді. Корей тілі бес ұйықтаса да, түсіне кірмейтін қыз қазір ол тілді де меңгеріп алған. Жұртпен әңгімелесуден қашқақтайтын қыздан жаңа адамдармен танысудан ләззат алып келетін қызға айналды. Ең бастысы әр айналысып жатқан ісің арқылы "Маған не береді?" деп емес, "Қандай пайдасы тиеді?" десең ғана тұлға ретінде өсесің", - дейді Назерке Смағұл.

"Тәжірибе жинай аласың"

Ал Алматы облысының тумасы, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 3-курс студенті 21 жастағы Азат Абдуллаев 2 жыл ерікті болғанына қарамастан, 70-тен аса жобаға атсалысып үлгеріпті.

"Мен "Еріктілер лигасының" Қоғамдық қорының еріктілер үйлестірушісімін. Негізі волонтерлық өте көп бағытқа бөлінеді. Қоғамдық, мәдениеттік, медициналық, экологиялық, донорлық... айта берсең көп. Маған соның барлық бағытында жұмыс істеу бұйырыпты. Өзім 70-тен аса жобаға қатыстым. Ең басты ұғып алатын нәрсе: сен 100 я одан да көп жобада еш өзгеріссіз істеуің мүмкін немесе өзіңді барлық жерде сынап, керемет тәжірибе жинайтын 10 жобада қатысуың мүмкін. Істеп жатқан жұмысың арқылы өзіңе керек тәжірибеңді алсаң болғаны", - дейді Азат.

"Сан үшін емес, сапа үшін жұмыс істеймін"

Азат елінің сәл де болсын жақсаруына септігін тигізсең соның өзі қуаныш дейді.

"Мен өзімді ерікті ретінде ең алғаш 2017 жылғы қысқы Универсиадада сынадым. Ол жерде атлеттерді күнделікті марапаттау салтанатында ұйымдастырушылардың көмекшісі болып жұмыс істедім. "Халық Арена", "Алматы Арена", "Балуан Шолақ" спорт сарайы мен Республика сарайы нысандарына жауапты болғанмын. Сонымен қатар, FISU-дің ұйымдастырушы атташесі болдым. Өзім секілді қанша еріктіні білемін олар сан үшін емес, сапа үшін жұмыс істейтінін мәлімдей аламын. Әр ерікті болып жұмыс істеген жобамда мемлекетке пайдасы тигенін көрсем, қандай сезімде болатынымды білсеңіздер ғой...", - дейді ол.

Азаттың айтуынша, ерікті жұмысының арқасында отанына деген патриоттық сезімі күшейе бастаған.

"Демалу үшін, ең алдымен шаршау керек"

"Бұрындары мен мемлекет өткізіп жатқан іс-шараларға немқұрайлы қарап, тіпті мән бермеген де болсам, қазір мүлдем басқа. Волонтерлықтың арқасында өмір көріп, адам танып, өзің адам боласың дегім келеді. Ол саған не университет қабырғасында, не болашақ жұмысыңда бермейтін үлкен тәжірибе мектебі. Бұл ерікті жолын өмір бойы жалғастырғым келеді. Ақша төлемейді деген стереотипке тоқталар болсам, ештеңе етпейді. Себебі кейін сен сол еңбегіңнің жемісін жейсің. Анам айтпақшы "Демалу үшін, ең алдымен шаршау керек" , - дейді Азат.

Ал келесі кейіпкеріміз Алматының тумасы 18 жастағы Айдана Тасбекова ерікті болғанының арқасында қазір өзінің мамандығы бойынша ерікті жұмыс орнын тапқан. 

"Қазір FISU 2018 студенттер арасында өтіп жатқан әлем чемпионаты болып жатыр. Өзім журналистика мамандығының 2-курс студентімін. Осы "Алматы Аренада" өтіп жатқан шарада мен баспасөз орталығында яғни, журналистерге, ресми БАҚ өкілдеріне барынша осы шара туралы анық-қанығына дейін жазып, суретке түсіріп, репортаж жасап береміз. Біздің жасағанымызды ақпараттық порталдарда, телеарналарда көрсетіп жатыр. Таңнан кешке дейін, мүлтіксіз жұмыс істегеніме қарамастан мені еш жерде үйретпейтін тәжірибеден өтіп жатырмын. Осындай тәжірибелерден өткеннен кейін жұмыс табу да жеңілдейді", - дейді ол.

"Жұмыс табу да жеңілдейді"

Айдана уақыт бір орында тұрмайды, бүгін талап мынадай болса, 4 жылдан кейін мүлдем басқаша болатынын айтты. 

"Студент білім алып жатқанда, студенттік 4 жыл қалай өтіп кететінін де байқамай қалады. Дәл сондықтан 4 жыл бойы университет қабырғасында қамалып қоймай, өзіңіді барлық шақырған жерге, шақырмаса да барып, тауып ізденуің керек. "Жыламаған балаға емшек жоқ" дейді ғой, тура сол секілді өмірге аш болуың керек", - дейді Айдана. 

 

Дипломы бар бола тұра жұмыс таба алмау жастардың үйреншікті мәселесіне айналды. Бүгінгі мақала кейіпкерлерінің сөзіне сүйенсек, жұмысқа тез тұрып кетудің басты кілті - біліктілік пен жұмысқа деген икемділік. Жұмысқа қабылдайтындардың көбісі үміткердің дипломының түсі емес, керсінше дәл қазіргі сәтте не істей алатының, қандай іске икемің бар екені қызықтырады. Сондықтан болар, университет түлектерінің білімі бар бола тұра, біліктілігінің жоқтығы. 

Получить короткую ссылку


Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц