Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
05 января 2021 13:08

"Қазақ тілі, жер, ашаршылықты зерттеу". Тоқаев жаңа мақаласында қандай мәселелер көтерді?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласы жарияланды. Мұнда Президент елдегі бірқатар мәселені көтерді. Оның ішінде жер туралы, экология мен қазақ тілі туралы жазды. Tengrinews.kz тілшісі Тоқаев мақаласында көтерілген мәселелер туралы баяндайды.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласы жарияланды. Мұнда Президент елдегі бірқатар мәселені көтерді. Оның ішінде жер туралы, экология мен қазақ тілі туралы жазды. Tengrinews.kz тілшісі Тоқаев мақаласында көтерілген мәселелер туралы баяндайды.

"Шекарамыз толығымен шегенделді"

Президент мақаласында жерге "таласқандарға" жауап берді. Бұған дейін Ресейдегі Мемлекеттік Дума депутаты Вячеслав Никонов мемлекеттік телеарна эфирі барысында Қазақстан деген ел болмады деген еді. Кейін оның сөзін бірқатар ресейлік шенеунік қолдаған. Олар Қазақстанға жерді Ресей сыйлаған деген болатын.

"Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз - ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек", - деп пікір білдірді Тоқаев.

Мемлекет басшысы шекарамыз толығымен шегенделгенін жазды. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілген.

Сонымен қатар, ол қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейтінін, ешқашан сатылмайтынын мәлімдеді.

"Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді", - деді ол.

"Осы мекеннің иесіміз деп қалай кеуде соғамыз?"

Мемлекет басшысы экология мәселесін де көтерді. Мысалы, былтыр Көбейтұздың тұзын ұрлап, көлді ластап, оған көлігін жуғандар болған еді.

"Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?! Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар", - деді Тоқаев.

Киіктерді қырған броконьерлер ісі де Президент назарынан тыс қалмаған.

"Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл - ащы да болса, шындық", - деді ол.

"Қазақ тілін білу - әр азаматымыздың міндеті"

Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында қазақ тілі мәселесін де көтерді. Ол қазақша білмейтін қазақстандықтарға үндеу жасады.

"Мемлекеттік тілді білу - Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда "Ештен кеш жақсы" деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек", - деді Президент.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік кезінде қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді.

"Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты", - деді ол.

Жастарға жаңа грант тағайындауды ұсынды

Мемлекет басшысы дарынды жастарға қолдау көрсету мәселесіне де тоқталды.

"Дарынды жастардың бәрі шетелде жүрген жоқ. Ел ішінде де білікті әрі білімді өрендер жетіп артылады. Біз оларды басшылардың жаңа буынын дайындауға барынша тартып жатырмыз. Билік органдарындағы азаматтар, ең алдымен, ұлттық мүддеге берік болуға тиіс. (...) "Жас келсе - іске" дейді халқымыз. Жастар - қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек", - деді Тоқаев.

Президент азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында "Тәуелсіздік ұрпақтары" атты грант тағайындауды ұсынды.

"Ашаршылықты жан-жақты зерттеу керек"

Мақалада қазақ тарихындағы ауыр кезеңдер де ұмыт қалмады. Солардың бірі - өткен ғасырдағы ашаршылық. Мемлекет басшысы сол ашаршылықты жан-жақты зерттеу керегін мәлімдеді.

"Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі - 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді.

Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек", - деді ол.

Тоқаев еліміздің Тәуелсіздік алғалы жаңа тарихымыз жазылмағанына да тоқталды.

"Ұлттық мүддемізге сай келетін көптомдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді", - деді Президент.

Қазақстанда ауыл әкімі сайланады

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда енді ауыл әкімдері сайланады. Бұған дейін ауыл әкімдерін аудан басшылары тағайындайтын еді.

"Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ, реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлаймыз", - деді Тоқаев.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети