Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
10 октября 2018 15:39

Қазақтың Шерағасы өмірден өтті. Қаламгер шығармалары - өшпес мұра

ПОДЕЛИТЬСЯ

Шерхан Мұртаза. © alashainasy.kz Шерхан Мұртаза. © alashainasy.kz

Жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген.


Жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген.

Шерхан Мұртазаның еңбек жолы

Шерхан Мұртаза 1955 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1955-1956 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында бастаған ол 1956-1960 жылдары "Лениншіл жас", одан кейінгі жылдары "Социалистік Қазақстан" газеттерінде жалғастырды. Тілші, әдеби қызметкер, редактор болған Шерхан Мұртаза 1970 жылдары "Жазушы" баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және "Жалын" альманахының бас редакторы болған.


© zhasorken.kz

Шерхан Мұртаза 1972 жылдан бастап үш жыл бойы "Жұлдыз" журналында бас редактор, одан кейінгі жылдарда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, 1980 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, 90-жылдардың бас кезінде "Егемен Қазақстан" газетінің редакторы болды.


© sajasat.kz

Сонымен қатар, Шерхан Мұртаза "Қазақстан" мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы, Ұлттық саясат, мәдениет және тілді дамыту жөніндегі комитеттің мүшесі, Мәдениет, баспа, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер жөніндегі комитеттің мүшесі, Мәдениет, баспа, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер жөніндегі комитеттің мәдениет, әдебиет және өнер бөлімдік комитетінің төрағасы болған.

Жазушы 1990-1993 жылдары ҚазКСР Халық депутаты, 1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің, ҚР Парламенті Мәжілісінің екінші шақырылымының депутаты болды (1999-2004). Сонымен қатар, "Қазақстан" мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды, ҚР Жоғарғы кеңесінің, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Сондай-ақ, ол ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі болып, 1995 жылдан бастап шығармашылық жұмыспен айналысқан, 1996 жылдан "Егемен Қазақстан" газетінің қызметкері болды.

Халық жазушысына берілген марапаттар

Шерхан Мұртаза "Құрмет белгісі", "Отан" ордендерімен марапатталған. Сонымен қатар, "Қара алқа" романы үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын иеленген, жазушы Қазақстандық Лениндік коммунистік жастар одағы, Жалпыодақтық Лениндік коммунистік жастар одағы, "Тарлан" тәуелсіз сыйлықтарының лауреаты.

Сонымен қатар, Шерхан Мұртаза ҚазКСР мәдениетіне Еңбек сіңірген қызметкер, Қазақстанның Халық жазушысы және Қырғыз Республикасының Халық ақыны. Мұртазаның сүйікті ісі төс белгілер және асықтар жинау болған.

Шерағаның шығармашылығы

Шерхан Мұртазаның тұңғыш кітабы 1958 жылы жарық көрген - "Құрылысшы Дәку" очерктер жинағы. Одан бес жыл уақыт өткенде жазушы "Табылған теңіз" атты еңбегін жариялады. Бұл еңбегі соғыс жылдарындағы тылдағы адамдардың қажырлы еңбегін баяндайды.

Бұдан кейін "Бұлтсыз күнгі найзағай", "Белгісіз солдаттың баласы", "Мылтықсыз майдан", "41-жылғы келіншек", "Ахметжанның анты" және тағы да басқа повестері мен "Интернат наны" атты әңгімелер жинағы жарияланған.

Мұртаза 1976 жылы "Қара маржан" атты еңбегін жарыққа шығарып, 1978 жылы осы еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленген. Жазушының бұл еңбегі өндірістің дамуы жөнінде, адам мен қоршаған ортаға қамқорлық туралы маңызды мәселелер көтерген, ғылыми-техникалық төңкеріс жайын сипаттаған романы.


© adebiportal.kz

1980 жылы жазушының мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өміріне арнаған "Қызыл жебе" атты екі кітабы шыққан, ал үшінші кітабы "Жұлдыз көпір" деген атаумен 1984 жылы басылған. Мұртазаның роман-трилогиясы шыққаннан кейін драматургия саласында жазушының "Қызыл жебе", "Сталинге хат" және "Бесеудің хаты" атты пьесалары қойылды.

Сонымен қатар, Шерхан Мұртаза "41-ші жыл келіні", "Интернат наны", "Жүрек қартаймайды" әңгімелер жинақтарының және "Қара алқа", "Қызыл садақ" романдарының авторы.

Шерхан Мұртаза шығармашылық жолын студент кезінде Лагиннің "Хоттабыч қарт", Кәрімнің "Біздің үйдің қуанышы" шығармаларын қазақ тіліне аударумен бастаған. Ол Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Айтматовтың "Ботагөз", "Қош бол, Гүлсары", "Теңіз жағалап жүгірген тарғыл төбет" повестерін, "Боранды бекет", "Жанпида" романдарын қазақ тіліне аударды. Екі томдық шығармалар жинағы 1982 жылы жарық көріп, Айтматовтың туындыларын қазақ тіліне аударған.

Көпшіліктің Шерхан Мұртазаға қатысты біле бермеген қасиеттері

Шерхан Мұртазаның сүйікті ісі төс белгілер мен асықтар жинау болған.

Әдебиет порталы жариялаған деректерге қарағанда, Жазушының шын есімі – Шері. Қазақтың айбарлы, қайратты жыртқыш аңы - барысқа байланысты қойылған.

Шерхан Мұртаза спортты жанына серік еткен атлет. Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған студенттік шағында бокспен айналысқан. Ол уақытта факультеті намысын қорғап, орта салмақтарда жүлдегер атанған. Шерхан Мұртаза спорттың бильярд және тапанша ату түрінен де жақсы болған.

Қазақстан ұлттық арнасындағы "Таңшолпан" таңғы ойын-суықтық бағдарламасы Шерхан Мұртазаның идеясымен ашылған.


© egemen.kz

Тұтас болмысы қазаққа қызмет етті

Шерхан Мұртаза еңбек жолының бірқатар жылын арнаған "Егемен Қазақстан" газеті жазушының қазасына байланысты көңіл айтуларды жариялады.

"Шіркін, дүние-ай десейші! Кеше ғана жайраңдап Парламенттің төрінде, елдің сөзін сұңқардай даусы саңқылдай сөйлеп отырған Шерағамыз да дүниеден өтті....

Бауыржан ағамыз бен Тұмағаңнан кейінгі Мыңбұлақтан ұшқан қырандардың бірі еді. Ұшса – сұңқар, шапса – тұлпар ағамыз ең алдымен кісілік келбетіне кір жұқтырмаған парасат иесі болды. Шерағаңның ағалығы мен азаматтығының өзі неге тұрады? Шығармашылық иелерінің баяғыдан келе жатқан "Гогольдің шекпенінен шықтық" дейтін сөзі бар. Ал бізде қолына қалам ұстап, елдің сөзін екі ауыз ойға сыйдыратын сақа журналистердің көбі "Шерхан ағамыздың шекпенінен шыққан шәкіртпіз" дейді...

Жарықтықтың жүзі былайғы жұртқа суық болғанымен, жаны жібектей жұмсақ еді. Қайырымды, бауырмашыл еді. Ағамның жарқын күлкісі мен айбатты сөздері әлі көз алдымда.

Опасыз дүние деген осы болар?.. Кеше елдің қақ төрінде жайқалып жүрген Шерхан аға кейінгі кезде көп қиналды да ғой!.. Өмір ғой!.. Алдынан жарылқасын!", - деп жазды Мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.


© egemen.kz

"Қаламдасыңның қазасына көңіл айтуға көтерген қаламдай ауыр нәрсе жоқ-ау, сірә!?.

Ал Шерағамның қазасы маған қатты батып отыр. Ештеңе айта алар емеспін, ауыр қаламды көтере алар емеспін. Сондықтан мені кешіресіздер деп ойлаймын.

"Әй, Әкімбай!" деп еркелетуші еді. Бір-ақ жас үлкендігімен өмірбақи аға болып, өмірбақи ағалық биіктіктен аласармай өтті, Шер-ағам! Не деген қасиетті адам!...

Алдың пейіш болсын, асыл адам!", - деп жазды жазушы Әкім Тарази.

Сонымен қатар, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Шерхан Мұртазаның қазасына байланысты Facebook парақшасы арқылы баршаға көңіл айтты. 

"Достарым, қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, көрнекті қаламгер, ұлт жанашыры Шерхан Мұртаза ағамыз дүниеден озды. Ұлттық әдебиетімізде өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған талантты суреткер, қазақтың біртуар азаматы келмес сапарға аттанды. Шерхан ағамыздың әрбір айтқан сөзі, ақылы мен даналығы жүрегімізде мәңгі қала бермек. Есімі ел есінде қалып, еңбегін халқымыздың болашақ ұрпақтары жалғастыратына сенімдімін. Қазақ әдебиетінің қаралы күні баршаңызға қайғырып көңіл айтамын. Алла алдыңыздан жарылғасын, аға! Жаныңыз жәнатта болсын. Қош, нар тұлға! ", - деп жазды министр.

Қазақстанның ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та Facebook арқылы көңіл айтты.

"Бүгін қазақ әдебиеті мен журналистикасы қара жамылды. Халық жазушысы, абыз ақсақалымыз Шерхан Мұртаза дүниеден озды. Артына мол мұра, өлмес өнеге мен өшпес із қалдырған тұлға қолына қалам ұстаған қауым үшін сарқылмас қазына, журналистердің ұстазы әрі қамқоршысы еді. Қаламын қайраткерлікпен ұштаған ұлы тұлғаның есімі ел есінде мәңгіге сақталады. Бақұл болыңыз Шер-аға!", - деп жазды Абаев.

Еске сала кетейік, Шерхан Мұртаза 2018 жылы 9 қазанда Алматы қаласында дүниеден өтті. Жазушымен қоштасу рәсімі ертең, 11 қазанда Мұхтар Әуезов атындағы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сағат 10.00-де өтеді. Шерхан Мұртаза 86 жаста болған еді.

Нұрсұлтан Назарбаев Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети