12 февраля 2020 | 10:45

Қордайдағы қақтығыс кезінде меморгандар қалай әрекет етті? Хронология

© Tengrinews.kz/Әлихан Сәриев

7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған. Жаппай төбелеске 300-ге жуық адам қатысқан. Оқиға салдарынан 10 адам қаза тауып, 40-қа жуық үй, 20-дан аса сауда үйі қирап, көптеген көлік өртенген. Қордай ауданындағы оқиғадан кейін бірнеше шенеунік қызметінен босатылды. Қайғылы оқиға кезінде билік өкілдерінің әрекеті қандай болды? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған. Жаппай төбелеске 300-ге жуық адам қатысқан. Оқиға салдарынан 10 адам қаза тауып, 40-қа жуық үй, 20-дан аса сауда үйі қирап, көптеген көлік өртенген. Қордай ауданындағы оқиғадан кейін бірнеше шенеунік қызметінен босатылды. Қайғылы оқиға кезінде билік өкілдерінің әрекеті қандай болды? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 

07.02.2020

Реклама
Реклама

7 ақпанда әлеуметтік желіде Масанчи ауылындағы қақтығыс кезіндегі видео тарай бастағаннан кейін Жамбыл облысының Полиция департаменті сол күні пікір білдірді.

"Полиция қақтығысты тоқтатты, жағдай бақылауға алынды", - делінген ведомство хабарламасында.

Құқық қорғау органдары ауыл тұрғындары арасында қақтығыс болғанын, сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын мәлімдеген. Сонымен қатар, полиция өкілдері қазақстандықтарды ресми ақпаратқа сеніп, қауесет пен жалған ақпарат таратпауды сұрады.

Артынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірден Қордай ауданындағы жағдайға қатысты Twitter желісіндегі парақшасында пікір білдірді. 

08.02.2020

8 ақпанда сағат түнгі 02:30 шамасында қырғыз-қазақ территориясында орналасқан Қырғызстан шекарашылары Қазақстанның шекаралас аймағындағы ауылдағы жағдайдың ушығуына байланысты қызметтің жетілдірілген нұсқасына ауыстырылды. Бұл туралы 7-нен 8-не қараған түні Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлаған.

Артынша Қырғызстанмен шекараның жабылуы туралы ақпаратты Қазақстанның ҰҚК Шекара қызметі жоққа шығарды

"Шекара жабылған жоқ. Бұл қауесет шындыққа жанаспайды. Штат режимінде жұмыс істеп жатырмыз", - делінген хабарламада. 

Ресми мәлімдемелер жасалды

8 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бірқатар тапсырма берді.

Сол күні Орталық коммуникациялар қызметінде Қордай аудандағы Масанчи ауылындағы жағдай туралы брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қақтығыс салдарынан 8 адамның қаза тапқанын, сондай-ақ 30 үй мен 23 көлік қирағанын мәлімдеді. Одан бөлек, қақтығысқа қатысқан 47 адам қамауға алынғаны белгілі болды. 

"Арандатушылар мен оқиға куәгерлері болған жайтты видеоға түсіріп, мессенджерлер мен әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды заңсыз әрекеттерге шақырған. Бұл қақтығыстың шиеленісуіне және топтық ұрысқа қатысушылар санының көбеюіне әкелді. Нәтижесінде көрші елді мекендерден 300-ге жуық адам келді", - деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. 

Сонымен қатар, министр жаппай төбелес кезінде екі полицейге оқ тигенін хабарлады. 

"Жаппай төбелес кезінде 40-тан аса қатысушы жарақат алған, оқ тигені бар, 8 адам, өкінішке қарай, алған жарақатынан қаза тапты. Қоғамдық тәртіпті күзету мен заңсыз әрекеттерді тоқтату бойынша қызметін орындау кезінде полиция қызметкерлері түрлі жарақат алды, оның ішінде екеуіне оқ тиген", - деді Тұрғыбаев.

Барахолканың жабылуы 

8 ақпанда Алматыдағы барахолка базары санитарлық күн жарияланғандықтан жабылғаны хабарланды. "Байсат", "Барлық", "Ялян", "Рахат", "Барыс", "Алатау", "Болашақ", "Мизам", "Арлан", "Өжет", "Ақ-Бұлақ", "Кенжехан" базарлары санитарлық күн жарияланғандықтан жұмысын тоқтатты. Артынша ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев базардың жабылуына қатысты пікір білдірді. 

Министр арандатушылар Алматыдағы барахолкада жанжал шығармақ болғанын айтты. 

Фейкке қатысты пікір

Желіде қақтығыстың неден басталуына қатысты түрлі ақпарат тараған. Мысалы, жаппай төбелестің басталуына қария мен балалардың өлімі себеп болды деген қауесет болған.

Бірақ ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұл мәліметті жоққа шығарды.

"Бұл шындыққа жанаспайды", - деді Абаев ОКҚ брифингінде. 

Брифингтен кейін журналистер Абаевтан Масанчиде "қарт кісі мен балаларды балтамен шапты" деген ақпараттың анық-қанығын сұрады.

"Адамды балталап тастаған деген ақпарат жалған", - деді Абаев.

Ұсталған 44 адам босатылды

8 ақпанда Масанчи ауылында болған жанжал салдарынан ұсталған 47 адамның 44-і босатылды. Бұл туралы бұрынғы вице-премьер Бердібек Сапарбаев мәлімдеді. 

09.02.2020

9 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданындағы қақтығыстың кімнің кесірінен болғанын айтты. Бұл туралы Тоқаев Twitter желісінде жазды.

"Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығы арқасында арандатушылар қантөгіс жасады. Олар жазаланады. Мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Бейбітшілік пен келісім біздің басты байлығымыз, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ!", - деп жазды Перезидент.

Ішкі істер министрлігінің өкілдері Қордайдағы қақтығыс салдарынан 10 адамның қаза тапқанын ресми түрде растады. Оқиға орнында 8 адам қаза тапса, түнде тағы екі адамның қаза тапқаны белгілі болды.  

Сонымен қатар, ІІМ полицейлер қақтығыс кезінде қару қолданбағанын айтты.

"Жарақат алғандардың арасында біздің бес қызметкеріміз бар, оның үшеуіне оқ тиген. Соған қарамастан полицейлер қару қолданбаған", - деді ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди. 

Оқиғаның қалай ушыққаны белгілі болды

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Масанчи ауылындағы тұрғындар арасындағы жанжал 5 ақпанда басталғанын айтты. 

"5 ақпанда Масанчи ауылының тұрғындары арасында тұрмыстық жанжал туындады. Уақыты нақты есімде жоқ. Оған қатысы бар бір күдікті қамауға алынды. Қалғандары "ешқайда кетпейміз деген" қолхатпен үйлеріне жіберілді", - деді ол журналистерге орталық коммуникациялар қызметінің кулуарында.

Кейін министрдің орынбасары қайғылы оқиғаның нақты себебіне тоқталды.

"Тұрғындар жолды бөлісе алмаған. Ауылда 3 адам бір көлікте кетіп бара жатқан. Тағы 3 адам жүк көлігінде отырған. Олар ауылдағы жолға шықпақшы болыпты. Кейін қос тарап жолды бөлісе алмаған. Салдарынан олар сөзге келіп, оқиға орнында бір-біріне қол көтерген", - дейді Алексей Калайчиди.

Оның айтуынша, кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, мәселені шешкен. Алайда әлеуметтік желідегі ақпараттар жағдайды ушықтырып жіберген. 

Ал 9 ақпанда сағат 13:30 шамасында ІІМ Қордай ауданындағы жағдайды арандатушылар анықталғанын мәлімдеді. 

Сол күні Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Асқар Мырзахметовтың шешімімен Қордай ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды.

Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарымен кездесті

Кездесу барысынан хабар мен суреттерді премьер-министрліктің ресми сайты белсенді түрде ақпарат таратып отырды. 

Премьер-министрдің экс-орынбасары Бердібек Сапарбаев Қордай ауданында Сортөбе, Масанчи, Ауқатты және Қаракемер ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді. 

Президент бірнеше шенеунікті қызметінен босатты

Аудандағы қайғылы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы бірқатар шенеунікті қызметінен босатты. Оның ішінде облыс әкімінің орынбасары, Қордай ауданының әкімі, Облыстық полиция департаментінің бастығы, аудандық полиция бөлімінің басшысы бар. 

Қордайдағы қақтығыс: Тоқаев кімдерді қызметінен босатты?

Артынша Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовті қызметінен босатып, орнына ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевты қойды. 

Бүгінде жаппай тәртіпсіздіктер, жаппай тәртіпсіздікке шақыру, адам өлтіру, бұзақылық, билік өкіліне күш қолдану, мүлікті бүлдіру, сондай-ақ қару жасау бойынша 25 қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Президенттің тапсырмасымен Бас прокуратура ведомствоаралық жедел-тергеу тобын құрды, олар қазір осы іспен айналысып жатыр.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная