Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
16 апреля 2019 12:53

"Қызды қасиетіне, ұлды ісіне қарай мақтаңыз". Бала тәрбиесіндегі басты қателіктер

ПОДЕЛИТЬСЯ

Көктемде күн ұзарып, түн қысқарады. Бала балабақшасына барар күні күнде таңертең жылап, берісі еркелеп, арысы қырсығып, онсыз да жұмысқа асығып тұрған ата-анасын әбігерге салады. Мұндай жағдайда не істеу керек деп бас қатыратын ата-ана көп. Баланы мақтау мен жазалаудың жолы, қалыптасу сатысындағы негізгі қателіктер және ата-әжесінің тәрбиесі жайлы бизнес-тренер, коуч, психолог Асель Рскелдиевадан сұраған едік. 


Көктемде күн ұзарып, түн қысқарады. Бала балабақшасына барар күні күнде таңертең жылап, берісі еркелеп, арысы қырсығып, онсыз да жұмысқа асығып тұрған ата-анасын әбігерге салады. Мұндай жағдайда не істеу керек деп бас қатыратын ата-ана көп. Баланы мақтау мен жазалаудың жолы, қалыптасу сатысындағы негізгі қателіктер және ата-әжесінің тәрбиесі жайлы бизнес-тренер, коуч, психолог Асель Рскелдиевадан сұраған едік. 

Баланы мақтау мен сынаудың жөні бар

Маманның айтуынша, баланы сынау "сен жамансың" деген айыптауға құрылмауы керек.

"Үйде шашылған ойыншықтардың кесірінен оны басып кетіп, аяғымыздың ауыратынын ұқтырып айту керек. Ойнап болған соң ойыншықтарын жинауы маңызды екенін түсіндіру керек. Ал оның орнына "сен үнемі шашып жүресің, сен ұқыпсызсың" десек, баланың жаман екенін айтып, жеке басына тиісеміз. Бала ата-анасын жақсы көріп, оларға сенгені соншалық, осы ауыр сөздеріне сеніп, иланады. Бұл қате тәрбие", - дейді Рскелдиева.

Ал мақтауға келсек, қыз баланы да, ұл баланы да мақтай білу керек екен.

"Қызды әдемісің, ақылдысың, қайырымдысың, жақсысың деп мақтағанда оның ойында өзгеге жақсылығын көрсетуге құштарлық пайда болады. Бұл оның қызға тән қасиетінің оянуы - мейірім, махаббат. Ал ісі үшін мақталған қыз өмір бойында іс-әрекеті үшін алғысқа бөленуді ойлайды. Бұл, әрине, жақсы қасиет, бірақ қыз баланы әрекеті үшін орнымен ғана мақтаған абзал. Оның орнына сұлулығын, мінезінің жұмсақ екенін, ақылды екенін айтып мақтау дұрыс", - дейді ол.

Алайда ұл балаларды мақтаудың жөні басқа екен. Ұл баланы әрекетіне қарай бағалауға тырысу қажет дейді маман.

"Себебі оның мінезін, сымбатын айтып мақтай берсе, ол әрекетсіз, батылсыз болып өседі. Мәселен, ойыншық кеме жасаса, оның қолынан келетінін, шебер екенін, қабілеті бар екенін анық айтып, осы тұрғыда ғана мақтау керек. Ұл баланы мінезіндегі қасиеттері үшін мақтаса, оның әрекетке баруға еш стимулы болмайды. Бұл ерлердің қозғаушы күші, сондықтан, қызды мінезі мен сұлулығына қарай, ал ұл баланы әрекетіне қарай мақтау керек", - дейді Рскелдиева.

Оның сөзінше, балаға қатысты мақтау шектен шығып кетпеуі тиіс. Өзіне қажетті деген, өз жауапкершілігін түсініп жасауы тиіс әрекеттерді (ойыншық жинау, киімін ілу, тіс тазалау және тағы да басқа) мақтау сөз үшін жасау дұрыс емес. Әрдайым әрбір әрекеті үшін мақтай берудің орнына кез келген істің бастауында мақтап, кейін бұл істің өз жауапкершілігі екенін ұқтыру ләзім. Бастысы мақтаусыз, бағалаусыз қалдырмау керек. 

Жазалаудың ең дұрыс жолы

Жазалау турасында маман ұрып-соғып жазалауға болмайтынын, сынмен жеке басына тиісіп, айғайлап және тамақ бермей жазалауға болмайтынын ескертті. Ең дұрыс жаза әлдеқандай қалауына шектеу қою екен: ойыншық сатып алуды шектеу, ойын ойнауына шектеу, теледидар немесе планшет қарауына шектеу.

"Ал ең бір тиімді жазалау түрі - назар аудармау. Балалардың бәрі де назарда болғанын қалайды, егер анасы баласына "өкпеледім" деп сабырмен айтып, өз ісімен ғана айналысып жүрсе, бала тыным таппай, анасының бір ауыз сөзі үшін бар мүмкіндікті жасайды. Мұндайда анасы белгілі бір уақыт шыдап, баласына мұның жаза екенін, бұзық болса мұндай шара қайталанатынын ескертуі тиіс. Тек бұл жазаны шектен асырып жібермеу керек, жас ерекшелігіне қарай созуға болады. Осы жазалау уақыты аяқталған соң баланың қателігін түсіндірмейінше, жаза бекер болды деген сөз. Анасы оған неліктен өкпелегенін түсіндіруі тиіс", - деген психолог шамадан артық болса да сөйлесіп, диалог құра білу керек екенін айтады. Оның үстіне, бұл әңгімені сабырмен, дауыс көтермей айту керек.

Ата-әженің қолында өскен баланың тәрбиесі

"Баланы ата-әжесінің қолына ұзақ мерзімге беруге психолог ретінде қарсымын. Балаға бірінші кезекте жауапкершілікті ата-анасы өз мойнына алуы тиіс. Ата-әжесінің қолына барған бала өз ата-анасына өкпелейді, жақсы көрмеді деген ойы болады", - дейді ол.

Мұнда қым-қуыт тіршіліктің қазанында қайнап жүрген жұмысбасты ата-анаға қарағанда немересін баласынан артық жақсы көріп, мықты тәрбие беретін әжесінің қолында өскені жаман деп те айтуға болмайды. Әйтсе де, маманның айтуынша, бұл ата-әжесінің дүниетанымына, бала тәрбиесіне деген көзқарасына қарай шешілетін жағдай. 

"Өміріне өкпесі қара қазандай, елді сынап жүретін, немересін өз ойындағы стереотиптермен тәрбиелегісі келетін ата-әженің қолына баланы бермеу керек деп нақты айта аламын. Мұндай ата-әже немересінің өз бетінше жүруіне, өмір сүруіне кедергі болады. Еркіндігі болмайды. Ең дұрысы ата-әжесіне демалыс күндері қонақ болып, бетінен сүйгізгені", - дейді Рскелдиева.

Осылайша маман әрбір жас аралығындағы бала тәрбиесіндегі басты назар аударарлық жағдайларды атап берді:

0-1 жас аралығы

Бір жасқа дейінгі бала қоршаған ортасына деген сенімін қалыптастыру фазасын өткереді. Бұл жаста баланы талабы, қалауы бойынша тамақтандырады. Бұл жаста көп психолог баланың қарны ашса тамақ беру керек, қолға сұранса, көтеру керек, еңбектегісі келсе, жіберу керек дейді, яғни қалауын орындау кезеңі. Осы арқылы оның өмірге деген сенімі пайда болады, ал дәл осы кезеңнен өтпесе, ересек өмірде әлсіз, қателікті жеңе алмайтын, батылсыз болып қалыптасады. Жетістікке жеткен адамдар қателік жасаудан қорықпайды, бизнесте банкрот болудан сескенбей, қайта-қайта талаптанады.

Бірнеше рет кәсібінен айырылып, қайта-қайта талаптанған адам ғана мықты бизнесмен бола алады. Мұның барлығы бала шағында өмірге деген сенімін берік қалап алғанын көрсетеді. Бастысы, бір жасқа дейінгі осы сенімді бойына бітіру үшін қолға үйреніп алады, әдеттеніп алады, айтқанын істемесе қырсығады деп ойлаудың қажеті жоқ. Ал егер дәл осы шақта оған бар қолғабысты көрсетіп, қолдауын аямаса, кейінгі өмірінде ол әрдайым өмірге, қоршаған ортасына сенімді болады.

1-3 жас аралығы

1-3 жас аралығында әр адамға қажетті ерік-жігер қалыптасады. Бұл маңызды кезеңнен өткен бала ересек өмірінде жетістікке жете алады, оған ерік-жігері жеткілікті болады. Ал өтпеген баланың ерік-жігері өзін бақылап, өзгенің айтқанымен өмір сүруге ғана жетеді.

Тағы бір айырмашылығы, бұл кезеңнен өткен бала табысты болуға ұмтылса, өтпегені болашақта тек жинақтауға, әрбір тиынды шашауын шығармай жинауға жақын болады. Ерік-жігерін қазір және осы жерде көрсетуге, танытуға қорқады, яғни ертеңгі күнмен өмір сүреді. 

Баланың өмір философиясы осы кезеңнен анықталады. Мәселен, Германиядағы тәрбие беру тәсіліне назар аударсақ, онда балаға 7 жасқа дейін толықтай еркіндік берілген. Ұруды былай қойғанда, дауыс көтеріп, әлденеден тыюдың өзі қате тәрбие әдісі деп бағаланады. Ал бізде? Бізде баланың еркіне жіберу қате деп, өзімшіл болып кетеді деген қауіпті ойлайды. Жауапкершілігі жоқ болады деп сенеді. Ал өзіміз байқасақ, немістер балалық шағында еркін өскенімен, ересек кезінде өте ұстамды, тәртібі мықты болады. Бұл дәл осы 1-3 аралығындағы ерік-жігерін қалыптастыратын шағындағы дұрыс тәрбие.

3-6 жас аралығы

Бұл - "ұят болады" деп, тыюға болмайтын кез. Әлденені байқаусызда құлатып алған немесе аяқ киім бауын дұрыс байламаған балаға жекіп, қатарластарын үлгі етіп, өзін айыптап, даттап сөйлесе, ол өзін кінәлі сезініп қалады. Мұның орнына бұлай неліктен жасауға болмайтынын түсіндіру маңызды.

Мәселен бөтен баланың ойыншығын алып қойса, оған бірден жекіп, ұрысып берудің орнына неліктен бөтен баланың ойыншығын алуға болмайтынын түсіндіру керек. "Барып, қайтарып бер!" деудің орнына "Жүр, бірге барып қайтарайық" деп, дос пейілмен сөйлесе, ол өз ісін жақсы бағдарлап, дұрыстың не, бұрыстың не екенін аңғара түседі. Яғни ненің бұрыс емес екенін ғана емес, оның үстіне ненің дұрыс болатынын, яғни дұрыс нұсқасын көрсетіп беру керек. Бірақ бұл жағдайда айыптамау керек. 


Cуреттер pexels.com және pixabay.com сайттарынан

Бұл жаста балаға оның жақсы екенін, ойы мен ниетінің таза екенін, адал екенін аңғарту керек. Әйтпесе іштей "мен жаманмын" деген ойы қалыптасып, ол пікірі бірте-бірте күшейе береді. Өзінен үмітін үзеді. Осы кезде балаға барынша жылу беру керек, әрбір ісінде, әрбір сөзінде қолдау көрсетіп отыру керек.

Баланың әрекеті, сөзі, ойы дұрыс болмаса, онда ата-анасы, көбіне анасы өзінің тәртібін, ойы мен құндылықтарын түзегені, қайта қарап шыққаны жөн. Себебі бала өзіне берілген, көрсетілген бағдарламаны сіңіреді. Көптеген ата-ана өз баласынан "жақсы бала" моделін шығарғысы келеді. Сол модельді жақсы көріп, бар назарын сол модельге арнайды, бұл дұрыс емес, оның орнына баласы қандай болса сол кейпінде, өзіндік сол образында сүйіп, жылу беру керек. Ата-анасы мұны ескермесе, өз баласынан идеал жасауға тырысып, сол ойдың шырмауында қалып қояды. Бала деген индивид, ол қайталанбайды, ешкімге, ешкімнің санасындағы идеалға ұқсамауы керек. Ата-ананың басты мақсаты баласына өмір беріп, оның өз бетінше өсіп-өнуіне бар қолдауын аямау болуы керек. Ал көбі өз ойындағысын, балалық шағында көрмегенін жасағысы келіп, өз ойын орындап, қатеге бой алдырып жатады.

Ал 7 жастан бастап...

Бұл шақта балаға нормаларды түсіндіру керек. Әзірше бұл жаста оның сыни қабылдау мүмкіндігі жоқ. Бұл кезеңде оның бойында дүниетанымын қалыптастыру, ненің жақсы, ненің жаман екенін ұғу басталады. Ал 14 жастан бастап, нормалардан ауытқу, жақсының жаман болатын, керісінше жаманның жақсы бола алатын кейбір қарама-қайшылықтарымен кездеседі. Бұл сәтте ата-анасы шыдамды болып, әрдайым қолдау көрсеткені абзал.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети