Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
20 июля 2018 16:15

"Мұз үстінде құламаған алтынды, Қара жерде құлаттық!". Қазақстандықтар жоқтау айтып жатыр

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандықтар пышақ жарақатынан қайтыс болған Денис Тенге жоқтау айтып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қазақстандықтар пышақ жарақатынан қайтыс болған Денис Тенге жоқтау айтып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Олар қайғылы жағдайға көңіл білдіріп, спортшыға арнаған жоқтауларын әлеуметтік желілерде жариялап жатыр.

***

Қазақ ақыны Серік Сейтман қайғылы жағдайға ортақтасып, былай деп өлең жазды:

"Тағдырыңды таңып берген пышаққа..
Біздің xалық шыныменен ұсақ па?!
Мұз үстінде ойнақтаған құлыншақ...
Қинадың-ау...
Сыймадың-ау құшақққа...", - деп жоқтайды ақын.

***

Айнұр Жаппарқұлова да қайғыға ортақтасып, Денис Тенге арнап өлең шығарды.

"Қош бол, Денис!

Күн де міне қызарып тұр алғызыл,
Әрбір жерден естіледі әр қыжыл...
Арамыздан сен де кетіп барасың,
Сырғанаудың саңлағы жалғыз ұл...

Қапылыста жемтік болып қасқырға,
Сұм ажалға құшағыңды аштың ба?
Қара мұзда сырғанаушы ең мәз болып,
Нең бар енді қара жердің астында ?

Жүректерден мұз боп бүгін ерисің,
Көк туыңды желбіретем демейсің.
Ұлтың өзге болғанымен қазақтың,
Ұлы едің арда туған Денисім.

Жоқтауымен айтып жатыр айдын ән,
Қара бұлттың қабағынан қаймығам.
Ботадайын боздап жатыр боз дала,
Қарағанды қан жұтады қайғыдан.

Келер ұрпақ жыр ғып айтар бір күндер,
Ұл едің ғой өр қазақты ұлтым деп.
Обалыңа қалды-ау сірә қайтейін,
Іштен шыққан шұбар жылан шіркіндер....

Қош бол енді біздің батыр баламыз,
Бір Алладан иман сұрап қаламыз.
Жанкүйер боп отырушы едік қой,
Жаназаңа қалай ғана барамыз?

Атың сенің болар бізге әлі аңыз.
Сені жоқтап жатыр міне бар халық,
Сарғаюда Сарыарқадай даламыз....
Қош бол енді біздің Денис баламыз!", - деп жазды Айнұр Жаппарқұлова.

***

Қазақ ақыны Мирас Асан мынадай жоқтау айтып жатыр:

"Қыран өлсе тепкісінен қарғаның,
Қорқау болып елестейді жан-жағың.
Мұз жүрекке амал таппай аттанды-ау,
Мұз айдынды бағындырған саңлағым...

***

Ақын Ұларбек Нұрғалымұлы іштегі күйінішін бір шумақ өлеңмен жеткізіп отыр.

"Үйренген жұртпыз надан - тойда мақтап,
Құшағым қайда саған жайған аппақ?
Қолаңды ұшып түскен қолыма алып,
Молаңды құшып тұрмын тайғанақтап...", - деп жазған ақын Ұларбек Нұрғалымұлы.

***

Ақын Олжас Қасым да Денис Тенге арнап жоқтауын айтып жатыр.

"Сен жүлде алған күн еді ғой ұлы күн. 
Бірі едің ғой спорттағы ірінің.
Мұз үстінде ойнақ салған құлыным,
Мұзға айналып кетті-ау сенің ғұмырың!", - деп жоқтады Олжас Қасым.

***

Балтабек Нұрғалиев есімді ақын да қайғылы жағдайға көңіл білдіріп, жоқтауын айтты.

"Бұл ажал мүлде кісі танымайды,
Қайғыға жамалды ғой тағы қайғы.
Мұп-мұздай қасіретті хабар мынау
Қалайша жүректерді қарымайды?
Ағамды жырлап-жоқтап отырғанда,
Сырлы сөз жолдап жаңа оқырманға.
"Денис Тен өлді!" деген хабар жетті,
Ыстық жас ыршытатын соқырдан да.
Уа, Денис, отандасым, бауырым-ау,
Жарқ еткен жұлдызым-ау, жарығым-ау.
Халқыңды жылатып сен қайда кеттің,
Жылауға қосылды ғой тағы жылау.
Көтерген Қазақстанның байрағын да,
Ескерткіш елі қояр қайран ұлға.
Мұз алаң тайғағында таймап едің,
Өмірдің тайып кеттің тайғағында.
Сырғанап мұз үстінде мәнерлеп, сен,
Кеттің ғой күшіңді бар дәлелдеп, сен.
Еліңнің Әнұранын әуелеттің,
Әлемдік додаларда сан өрлеп, сен!
Біз үшін баһадүрсің - білеріміз,
Жәннати болсын жаның - тілегіміз.
Өзіңдей жұлдыз-ұлға қастық қылған,
Бұл жалған қандай суық, жүрегі - мұз.
Атыңды ұрпақ айтар ізгі леппен,
Жұлдызды жауыз қолдар үзді көктен.
Жай ғана мұз дегенің сөз емес-ау,
Сақтасын Жаратқаным мұз-жүректен.
Сақтасын Жаратқаным мұз-жүректен...", - деп жазған Балтабек Нұрғалиев.

***

Жас ақын Табиғат Абаилдаев қайғысын білдіріп, өлең шумақтарын арнады. 

"Ат басындай алтын берсе де Қазақстанымды айырбастамаймын!"

Кешір, Денис! Алашыңды, халқыңды,
Тастады өмір бәрімізді сұрақ қып.
Мұз үстінде құламаған алтынды,
Қара жерде құлаттық!
Тірі кезде кімдер білген парқыңды,
Қанды жұтқан хабарды естіп мың өлдік.
Алты Алашын сатпайтұғын алтынды,
Айнаға енді айырбастап жібердік", - деп жоқтады Табиғат Абаилдаев.

***

Ақниет Аманжолқызы есімді қолданушы да спортшының өліміне мұңын шертіп, былай деп өлең арнапты:

"Алмағайып заман болды мұнымыз.
Тал түсте кеп тонап кетер ұрымыз.
Көлік, ақша ештеңе емес жоғалтсақ.
Бірақ бүгін құрбан болды ұлымыз.
Құрбан, иә, дәл осы сөз керегі.
Деген едік әлі талай жеңеді.
Бағалы еді бүкіл халық үшін ол.
Өзі әкелген алтындардан себебі.
Үміт еді жалғыз ғана сенетін.
Денис десе ойға келер ер есім.
Ажал деген қандай сұмдық зымиян.
Жинай алмай қалды қазір ел есін.
Жарақаттан құламаған, сынбаған.
Коньки десе, Денис дейтін күллі адам.
Өзгелерді бағындырам деп жүріп,
Өз елінде құрбан болды бір балаң.
Жыла, көңіл, жанарымнан жас құла.
Талант кетті, жалғыз, мәңгі Хас тұма.
Көздің жасы көл барып жиылып,
Мұз боп қатсын конькінің астына", - деп жазған өлеңін Ақниет Аманжолқызы.

***

Рахат Әбдірахманов та спортшының өліміне көңіл айтып, іштегі мұның екі шумақ өлеңмен жеткізді.

"Десек те көктен келіп қойды-ау өмір, 
Адамның құны сонда айна ма бір?
Айырылып қалдық қалай аяқасты
Айнадай мұз бетінде таймаған ұл?

Бұл қаза халыққа ауыр, жақынға ауыр,
Ұмытпас атыңды әлем, атыңды ауыл.
Жалт етіп бұрылғандай мұз үстінде, 
Жарқ етіп ағып түскен батыр бауыр!", - деп жоқтады ол.

***

Жұлдызай Ысқақ спортшының қазасына көңіл білдіріп, жоқтау арнады.

"Мұз үстінде құстай ұшқан өренім,
Айдыныңды басты бүгін неге мұң?!
Көк тайғақта қанатымен сəн құрып,
Көк байрақты желбіреткен ер едің...
Киіміне ою-өрнек салдырып,
Күй үнімен мың бұралған шеберім!
Қазақ үшін қалықтадың қыранша,
Ұлтым басқа демедің,
Ғұрпым басқа демедің!
Халық бірге сұлап түсті бір сəтте,
Жарық күнде жалмағанда сені өлім.
Кім ойлаған ойнақтаған құлынға,
Өз қоғамы жауыз болып төнерін?!
Мұз үстінде алаулаған жалынды,
Білмедік-ау бұлай ерте сөнерін...
Жарық жұлдыз едің көкте жарқ еткен,
Бөлек еді өнерің.
Биік еді беделің.
Сен де көктен ерте ағып түстің бе?!
Бұған қалай сенемін?!
Қош...", - деп арнады өлеңін ақын.

Еске салайық, кеше, 19 шілдеде Алматыда белгісіз біреулер Денис Тенді пышақтап кеткен болатын. Оқиға шамамен 15.00-де Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. Кейін қалалық ІІД өкілдері Денис Тенге автоұрылар шабуыл жасағанын мәлімдеді. Сөйтсек, спортшы ұрылардың үстінен түскен болып шықты. Жанжал кезінде спортшының аяғына пышақ тиіп, көп қан жоғалтқан. Ол ауруханада көз жұмды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети