Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
24 ноября 2020 11:27

"Табиғатымызға өз қолымызбен қиянат жасап отырмыз". Экобелсенді Сәкен Ділдахметпен сұхбат

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сәкен Ділдахмет © Жеке архивінен Сәкен Ділдахмет © Жеке архивінен

Сәкен Ділдахмет - еліміздегі экологиялық, жануарлар дүниесіндегі өзекті проблемаларды көтеріп жүрген белсенділердің бірі. Ол үш жарым жылдай Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде қызмет етті. Сәкен Ділдахмет Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында комитеттегі қызметінен неге кеткені және қазіргі қызметі, экология саласына келуі және сол салаға байланысты еліміздегі проблемалар туралы айтып берді.


Сәкен Ділдахмет - еліміздегі экологиялық, жануарлар дүниесіндегі өзекті проблемаларды көтеріп жүрген белсенділердің бірі. Ол үш жарым жылдай Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде қызмет етті. Сәкен Ділдахмет Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында комитеттегі қызметінен неге кеткені және қазіргі қызметі, экология саласына келуі және сол салаға байланысты еліміздегі проблемалар туралы айтып берді.

- Биыл шілде айының соңында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен кететініңізді мәлімдедіңіз. Комитеттен неге кеттіңіз? Қазір қайда қызмет етіп жатырсыз?

- Үш жарым жыл бойы осы комитетте баспасөз хатшысы болып қызмет атқардым. Осы уақыт аралығында еліміздің табиғатында болып жатқан жаңалықтарды, проблемаларды, оның ішінде, браконьерлік мәселені баспасөз құралдарына барынша жеткізіп, флора мен фауна қалай дамып жатқаны туралы тек қазақстандық БАҚ-та емес, сондай-ақ шетелдік басылымдарға шығарып, жұмыс атқардым. Жұмысты ауыстыруыма өзімді басқа салада да дамытып көру себеп болды. Қазіргі таңда белгілі бір жобалармен айналысып жүрмін. Ол тек табиғатқа байланысты емес, басқа да салаларды қамтиды.

- Экология саласына қашан және қалай келдіңіз?

2017 жылы қаңтар айында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне баспасөз хатшысы болып келдім. Комитетке келгеннен кейін жан-жағымызға назар аударып, бүкіл ақпарат көзін қарап, халық жалпы осындай комитеттің барынан, еліміздің табиғат жағдайынан, жануарлар, өсімдіктер хабарсыз екенін көріп, PR маманы болғаннан кейін осы салаға білек сыбана кірісіп, үш жылдан аса уақыт қызмет атқардым. Қазір еліміздің кез келген азаматы Қазақстанның флорасы мен фаунасы жайлы хабардар деуге болады.

- Қазақстандағы үлкен экологиялық проблемалардың біріне көшсек. Алматылықтардың мазасын алған ЖЭЦ-2 мәселесі. Бірақ бұл тек Алматыдағы емес, Нұр-Сұлтан және Теміртаудағы үлкен проблеманың бірі. Бұл проблеманы шешудің ұтымды жолы қандай?

- Алматы - үлкен мегаполис. Қалада ЖЭЦ-тен бөлек миллиондаған көлік бар шығар. Жалпы халықты сапалы ауамен қамтамасыз ету үшін мемлекет барынша тиімді жолдарды қарастыруы керек. Біздің қоғам өте белсенді көтеріп келе жатқан экологиялық проблема қаладағы түтін, тұмшаны азайту мәселесін шешудің бір жолы - балама энергетика көзіне көшу. Екіншіден, қаладағы барлық көліктің сапасын арттыру, оларға мемлекет тарапынан қойылатын талапты заңнама түрінде реттеп, қатаң бақылауға алу керек. 

Бұл мәселе айналып келгенде тек Қазақстанда емес, жалпы бүкіл әлемдегі проблеманың бірі. Ол жүйелі түрде шешілуі үшін министрліктер тарапынан қабылданатын заңнамалар бойынша барынша жауап беруі тиіс. Қарапайым өндірушіден бастап, зауыттың экологияға келтірген зардабын, шығынын анықтау деген секілді талап болса, ал жергілікті органдар тарапынан бақылау жасалса экологиялық мәселені шешуге болады. Алматыдағы ауаның ластануына қатысты проблема, әрине, өте үлкен проблема. Оған дәлел ретінде әлеуметтік желіде де карантин кезінде қаланың қаншалықты тазарғанын көрсететін салыстыру суреттері пайда болды. Сондықтан ел билігі адам капиталы мен денсаулығына баса назар аударады деп ойлаймыз. Сондай-ақ былтыр шілде айында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрылған болатын. Осы мемлекеттік органның жұмысы тиімді әрі қарқынды болуы үшін министрлік өз қызметін жіті атқаруы тиіс. 

- Елімізде жануарларға деген қастандық жиілеп кеткен секілді. Мысалы Маңғыстаудағы итбалықты ұрып тастау, Алматы облысында жасөспірімдердің күшікті тірідей өртеп жіберуі деген секілді. Елімізде жануарларға деген қатыгездік неге жиілеп кетті деп ойлайсыз?

- Адамдардың жануарларға деген қатыгез болып кетуінің себебін ғалымдар халық тұрмысының нашар болуынан деп түсіндіреді. Халықтың тұрақты түрде білім алуына, дамуына, табиғатты, экологияны, жануарларды қорғауға деген ынта жігердің болмауынан. Негізі үй жануарларына қатыгездік көрсету деректері көп кездесіп жатады. Ол әлеуметтік желілердің даму салдарынан да болуы мүмкін. Адам көргенін істейді ғой. Биыл, естеріңізде болса, Атырауда белгісіз біреулер итті тоңазытқыш есігімен қылғындырса, артынан Алматы облысында оқушылар күшікті мөшекке салып, тірідей өртеп жіберді. Бұл да әлеуметтік желідегі ақпараттың сүзгіден өтпеуі салдарынан болып отырғанын көрсетеді. Яғни ол дұрыс, танымдық контент ұсынумен байланысты екенін түсінуге болады. Одан бөлек, Ақпарат министрлігі ағарту жұмыстарын халықтың санасына, ойына жеткізу жұмыстарын жүргізуі керек. Танымдық жолмен жеткізсек мұндай жағдайлардың алдын алуға болады. Табиғат ана, Жер - баршамызға ортақ. Сіз бен біз өмір сүру құқығымыз болса, ол жануарлардың да өмір сүруге құқығы бар.  

Тек үй жануарларына емес, сондай-ақ жабайы жануарларға деген қатыгездік көбейіп кеткен. Негізі адамдар қатты өзгеріп кетті. Лайк, репост, пікір қуып кетті. Жануарларға зардап көрсету - өте орынсыз. Сондықтан бүгінде жасалатын басты қадам - ең біріншіден, ағарту жұмыстары жүргізілуі керек. Ол барлық ақпарат көзі, БАҚ болсын, әлеуметтік желі бойынша да жүргізілуі керек.

- Қазақстанда "Қызыл кітаптағы" жануарларға, жалпы жануарларға браконьерлік шабуыл жасау фактілері көбейді. Неліктен ондай жағдайлар көбейді? Әлде оларға берілетін жаза тым жеңіл ме?

- Браконьерлерге заң тұрғысынан берілетін жаза жеңіл емес. 2019 жылы Қазақстан республикасының Қылмыстық және Қылмыстық просессуалдық кодекстеріне өзгертулер енгізілген болатын. Жабайы жануарларды заңсыз атқан жағдайда тағылатын айыппұл мөлшері мен жауапқа тарту мөлшері ұлғайтылған болатын.

Жұрт браконьерлікке көбіне не себепті барады? Біріншіден, бүгінде қоғамда қалтасы толған кәсіпкер болсын, кез келген шенді адам болсын аң атқысы келеді. Ол ермекке айналып кетті. Аңды тани білу керек: ол кәрі аң ба, әлде жас аң ба дегендей. Аңшылық мәдениетін білетін аңшылардың саны азайып кетті. Аңшылық лицензиясын алып, жаппай ата береді. Екінші мәселе - ауылды аймақтардағы тұрмыстың нашарлығы. Халық әлі де аңшылықты күнкөріс мақсатында қолданады. Әлеуметтік мәселелерге байланысты жануарлардың өмір сүруіне, көбеюіне осы секілді факторлар әсер етеді. Негізі браконьерлік - өте үлкен қылмыс. Қазақта "Аңды атпа, оның киесі ұрады" деген сөз бар. Мұндай мәселелерді көп адам ескере бермейді.

Әсіресе киіктің мүйізіне келер болсақ, бүгінде бірлескен қылмыстық топтар оны кәсіпке айналдырып алған. Бұл мәселенің ар жағында жемқорлық тұр. Осының салдарынан жануарлар әлеміне келіп жатқан әсері орасан зор.

- Соңғы кездері Маңғыстаудағы Бозжыра тауында қонақүй салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұған қатысты не ойлайсыз?

- Былтырдан бері елімізде ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамытамыз деп түрлі бағдарлама қабылданып жатыр. Биылдан бастап Іле Алатауы, Көлсай көлдерінде, ұлттық парктерде туризмді дамыту бойынша жерлер беріліп жатты. Әрине олардың бәрі айналып келген кезде, Бозжырадағы мәселе де қарап отырсақ бүгінде табиғатқа кері әсерін тигізіп жатыр. Кез келген елде экологиялық туризмді дамыту неден басталады? Ол халықты ағартудан басталады. Халық жабайы табиғатқа барған кездегі мақсаты - таңсәріде ояну, аспандағы жұлдыздарды бақылап, мүмкіндік болса, жабайы аңдарды көру. Шетелдіктер палатка құрып, жабайы табиғаттың ортасында қаладан, жұмыстан, әлеуметтік желіден тынығу мақсатымен келеді. Экологиялық туризмдегі үлкен мәселе осыдан басталды.

Бозжыра шатқалы © Tengrinews.kz

Бүгінде Бозжыра шатқалындағы қонақүйдің салынуы, оған миллиондаған қаржының жұмсалуы - үлкен проблеманың бірі. Себебі Бозжыра шатқалының өте керемет ландшафты бар, оны тек қазақстандықтар емес, бүкіл әлем туристері келіп көреді. Олар үшін Бозжыраның түбінде бес жұлдызды қонақүйде жату қызық емес. Оларға баяғы көшпенділердің өмірін көру, олар мекен еткен сайын далаға бару қызық.

Бозжыраның ерекше табиғатын сақтап қалғымыз келсе, оны Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының құрамына қосуымыз керек. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамаға сәйкес, кез келген мемлекеттік қорықтың аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Бұл өз кезегінде жерді бизнеске ұзақ мерзімге қолдануға беруге тыйым болады. Екіншіден, ерекше қорғалатын табиғи аумақ болса, қорық инспекторлары қауіпсіздік пен тазалықты қамтамасыз етер еді. Негізі Бозжыра маңындағы елді мекендерге көп көңіл бөлу керек. Сол мекендердің инфрақұрылымы дамитын болса, сонда облысқа пайда келеді.

Бозжыра маңында "Қызыл кітапқа" енген, сирек кездесетін үстірт ешкісі, құландар, қарақұйрықтар мен жабайы мысықтар көп жүреді. Олардың бәрін сақтап қалу керек. Елімізде мекендейтін жабайы жануарларымызды сақтап қалу үшін ешқандай құрылыс жұмысы жүрмеуі керек.

Мына Үстіртте кезінде алабарыс, қабылан мекен еткен. 2018 жылдан бері бірнеше рет осы аймаққа Түрікменстаннан алдыңғы азиялық алабарыс (леопард) кірді. Жақында ғана видео қақпанға түсті. Міне, осы алабарыс секілді сирек кездесетін аңдарды сақтап қалу үшін Бозжырада құрылыс жұмыстары жүрмеуі керек. Себебі, Бозжыраға дейін осындай сирек кездесетін жануарлар қоныс аударады. Қайта қорық құрамына қосып, осындай сирек кездесетін аңдар санын көбейтіп, сол аумақты сафари паркке айналдырсақ, Маңғыстау өңірінің туризм саласы теңдессіз болар болар еді.

- Әлеуметтік желілердегі парақшаңызда еліміздегі туризм мәселесін жиі көтеріп тұрасыз. Қазақстанның туризм саласы қандай деңгейде деп есептейсіз?

- Мойынқұм, Арал, Ырғыздың топырағы - керемет оазис жерлері. Туризм саласында жүрген бизнес өкілдері Араб елдерін мысалға келтіреді. Олардың түгі жоқ,топырақ, шөл, шөлейт жерлерін оазиске айналдырып жіберді. Бізде де осы бағытта жұмыс істеуге болады. Мыңдаған жылдар бойы сақталған жерлерде құрылыс жүрмеуі тиіс. Құрылыс жүргізілген жағдайда жабайы орта, орманның көзі жойылады. Екіншіден, ол жерлерден барлық жабайы жануар қашып кетеді. Мысалы Іле Алатуы ұлттық паркіндегі Үлкен Алматы көлінде 10 жыл бұрын жабайы жануарлар өріп жүретін. Қазір оның бір де бірін кездестірмейсіз. Себебі Үлкен Алматы көліне көліктермен кіреді де оның даусынан жануарлар қашып, Қырғызстан, Қытайға кетіп қалды. Өзіміздің табиғатымызға өз қолымызбен қиянат жасап отырмыз.

- Экология саласында, табиғатты қорғау саласында жүрген адамсыз. Жалпы осы салада жүргеніңізде нені түсіндіңіз, не үйрендіңіз?

- Экология саласында жүрген кезде түсінгенім, болашақ ұрпағымыз өмір сүріп, дамуына қажет ең басты капитал - экология. Бүгінде сіз бен біз таза ауа жұтып, таза су ішсек, еліміздегі орман көбейіп, жабайы жануарларды сақтап қалу - келер ұрпақ үшін, өзіміз үшін өте маңызды қадамдардың бірі. Экологиясы тұрақты мықты ел болса, оның адамдары да бақытты болады, ұзақ ғұмыр кешеді. Мәселе осында. Бүгінгі проблема бүкіләлемдік су тапшылығы болса, ертеңгі күні судан қымбат зат болмайды. Оның барлығы экологияға келіп тіреледі.

Қазақстан соңғы 30 жылда өндірістік ел болып келді, бірақ оның барлығы еліміздің табиғаты үшін орасан зор шығынын келтірді. Сондықтан осы мәселені өзекті етіп, көтеруіміз керек. Барлығы айналып келгенде күннің түсуі, таза самал желдің есуі, ауаның таза болуы дұрыс, сапалы өмір сүруімізге әсерін тигізеді. Сондықтан осы мәселелер бірінші орында болуы керек.

Суреттер Сәкен Ділдахметтің жеке архивінен

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети