ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
30 ноября 2020 | 09:11

"Пандемияда табиғатымыз керемет екенін түсіндік". Дронның атасы атанған Әділет Рахметолламен сұхбат

ПОДЕЛИТЬСЯ

Әділет Рахметолла © instagram.com/adilet_rakhmetolla Әділет Рахметолла © instagram.com/adilet_rakhmetolla

Әділет Рахметолла бүгінде танымал фото және видеоблогер. Бүгінде оның Instagram желісіндегі парақшасында 127 мыңнан аса оқырманы бар. Фотоаппарат пен камераға деген қызығушылығы бала күнінен оянған ол еліміздің тұмса табиғатын түсіріп, халықпен бөліскенді ұнатады. Халық арасында блогерді "дронның атасы" деп те атап кеткен.


Әділет Рахметолла бүгінде танымал фото және видеоблогер. Бүгінде оның Instagram желісіндегі парақшасында 127 мыңнан аса оқырманы бар. Фотоаппарат пен камераға деген қызығушылығы бала күнінен оянған ол еліміздің тұмса табиғатын түсіріп, халықпен бөліскенді ұнатады. Халық арасында блогерді "дронның атасы" деп те атап кеткен.

- Парақшаңыз көбіне шығармашылығыңызға арналған. Сізді көп адам тек фотограф, видеограф ретінде таниды. Өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Қай жақтың тумасысыз, қандай отбасынан шықтыңыз?

- Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Кенен Әзірбаев атындағы ауылда тудым. Анам мұғалім, әкем мал шаруашылығымен айналысады. Фото, видео түсіруге мектеп жасымнан қызықтым десем болады. Оған әкемнің Тұрған есімді інісі себеп болды. Ол кісі 1989 жылдары Германияда әскери борышын өтеп, 1993 жылы Қазақстанға оралды. Германиядан әртүрлі камера алып келді. Тұрған ағам сол жылдары ауыл-аймақты, Алматыға келіп, бәйгелерді, арасында тойларды түсіріп жүретін. Тұрған ағам 1993 жылдары алып келген камераларымен 11 жылдай түсірді. Мен ол кезде кішкентай баламын. Ол кісі мені қатты жақсы көретін. Үнемі мені жанынан тастамай ертіп жүргендіктен камерасын көріп өстік. Солай қызығушылық ояна бастады.

Кейіннен жетінші сыныпта оқып жүргенде суретке түсіруге қызыға бастадым. Бірақ ол кездері суретке түсірерде адам тұрса болды. Ешқандай тәжірибе жоқ. "Қара" дейсің де түсіре бересің. Мектептегі барлық шараны түсіретінмін. Мен сол суреттерді орталыққа барып, 25 теңгеден шығарып, ауылдағыларға 100 теңгеден сататынмын.

Ағамның арқасында бастапқыда ауылда түсіріп жүрдім. Мектеп бітіргеннен кейін Сəтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық зерттеу университетіне "құрылысшы" мамандығы бойынша оқуға түстім. Студент кезімде жұмысымды оқумен қатар алып жүрдім. Сол кездері әкемнің інісі Ғани Медет деген танысының студиясына жұмысқа орналастырған болатын.

- "Көзді ашқаннан камера көріп өстім" деген екенсіз. Фото, видео түсіру сіздің салаңыз екенін қашан түсіндіңіз?

- Негізі бала кезімнен сезетінмін. Жалпы мектепте география ең сүйікті пәнім болатын. Ізденіп, картаны зерттеп, қызығып жүретінмін. Бүгінде Қазақстаның түкпір-түкпірін, табиғатын түсіріп жүргенімнің бір себебі де сол шығар. Табиғатты объективтің көмегімен ғана көрсете аласың. Қазақстан көркем жерлерге бай. Соны халыққа көрсету арманым болды. Ата-анам "қатарыңнан қалма, оқуға түс" деді. Шыны керек, ата-анамды кінәлап отырған жоқпын. Меніңше, көптеген отбасында сондай. Негізі баланың өз қызығушылығына қарай оқуға түсірген дұрыс деп ойлаймын.

Өз басым құрылыс, мал шаруашылығы жағынан алыс болдым. Тек фото, видеоға қызықтым. Қазір ата-анам жұмысымды жақсы көретінімді түсінеді, іссапарға, түсірілімге шықсам қуана-қуана шығарып салады.

- Парақшаңызды қазақша жүргізесіз. Аудиториясы орыс тілді болғандықтан парақшасын орыс тілінде жүргізіп жатады. Сіз парақшаңызды жүргізе бастағанда ондай ой болған жоқ па?

- Әрине, бастапқыда ондай ой болды. Шыны керек, орысша өте жақсы сөйлеймін деп айта алмаймын. Өзім 100 пайыз қазақша сөйлейтін ауыл ортасында өстім. Парақшамды енді жүргізе бастағанда "Қазақша жүргізген қалай болар екен? Орысша да жазу керек еді" деген ой болды. Сөйлемесем де жазуға болар еді. Бірақ өз басым оны қаламадым. Кейіннен бұл шешіміме қатты қуандым. Себебі маған өзге ұлт өкілдері, орыс тілді адамдар да тіркеле бастады. Алдағы таңда ағылшын тілін қатар алып жүру ойда бар. Парақшамды қазақ тілінде жүргізуімнің бір себебі - қазақ тілінің дамуына септігім тисе деймін. Қазақтың тілінде салт-дәстүрі, қазақи тәрбие жатыр. Бірінші тілді түзеу керек секілді.

- Видеоларыңызды өзіңіз өңдейсіз ба әлде командаңыз бар ма? Жалпы қазір өзіңізге жұмыс істейсіз бе әлде продакшн бар ма?

- Бұған дейін біреуге де, жеке де жұмыс істедім. Қазір жеке жұмыс істеймін. Командамда жалпы 4 адам бар. Видеоға көбіне өзім түсіріп, мүмкіндігінше өзім монтаж жасаймын. Тек дронмен емес, камераны да қолданамын. Бірақ Instagram парақшама көбіне дрон арқылы түсірілген видеоларды саламын. Сондықтан көп адам "дронбегі", "дронның атасы" деп кетті. Монтаж қиын немесе ұзақ болып, үлгермей кетсем, командамдағы адамдарға беремін. Мамандығыма байланысты қосымша курстар оқымадым. Бәрін тәжірибе, сын арқылы үйреніп келе жатырмын. Әлі де білмейтініміз көп. Көпті көрген ағаларымыздың, достарымның кеңесін тыңдаймын. Жалпы бір нәрсені қолға алып, оны бітіргеннен кейін ең алдымен басқа адамдарға көрсетемін. Содан кейін ғана шығарамын. 

- Natgeo-ның қазақстандық парақшасында жарияланған бала суретінің тарихы туралы айтып берсеңіз. Оны түсіру туралы ой қалай келген еді?

- Ол қайырымдылықпен айналысатын, тәрбиесі қиындау, ата-анасынан айырылып қалған балалармен жұмыс істейтін "Салиқалы ұрпақ" атты қордың түсірілімінде жасалған сурет. Сол кезде сондай идея келді. Негізі ол жерде әртүрлі бала бар. Бала әдемі болғанымен, сенің суретіңді ашпауы мүмкін. Пансионаттағы балалар айтқаныңды қағып алады екен, бәрі жақсы тәрбиеленген. Ол араларындағы бір баланы таңдап пайда болған сурет. 

- Сапалы контент үшін сапалы техника керек. Жұмысыңыз үшін сатып алған ең қымбат техникаңыз қандай?

- Жалпы қазір қолданып жүрген дрон - үшіншісі. Біріншісін астанадағы түсірілімдердің бірінде ғимаратқа соғып, сындырып алдым. Артынша тағы бір дрон алдым, оның бағасы шамамен 750 мың теңге. Кейіннен тағы біреуін сатып алдым. Алматыда коронавирус өршіп, карантин режимі жарияланған кездерді сол арқылы түсіріп жүрдім. Кейіннен ол Көлсай көліне батып кетті, оны таба алмадым. Тағы бір дрон аламын ба деп ойланып жүргенде жанашыр бауырларымыз өздері сатып алып берді. Кейде қажет техниканы жалға да аламыз.

- Сізге видео түсіруді үйретуді өтінемін жастар көп шығар. Курстар ашу жоспарда бар ма?

- Курс өткізу әрине жоспарда бар. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты өз басым онлайн өткізгім келмейді. Пандемия аяқталғаннан кейін оффлайн түрде өткізгім келеді. Білгеніңді үйреткен жақсы ғой.  

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ADILET RAKHMETOLLA (@adilet_rakhmetolla)

- Бұған дейінгі сұхбаттарыңызда жалпы жас фотограф-видеографтар туралы айтқанда көбіне "жігіттер, інілер, бауырларым" деп айтасыз. Сіздің ойыңызша, қыздар бұл мамандықты алып жүре ала ма?

- Әрине алып жүре алады. Олар монтаж жасап, суреттерді өңдеп, фотограф бола алады деп ойлаймын. Бірақ оператор болу қиындау сияқты, оны елестете алмаймын. Бірақ қызығушылығы болса, телефонмен түсіре салуға болатын кішігірім түсірілімдерді алып жүре алады деп ойлаймын.

- Сіз суретке де, видеоға да түсіресіз. Бірақ екеуінің қайсы жаныңызға жақын? Екеуін қатар алу қиын емес пе?

- Екеуін бөліп жара алмаймын. Бірақ соңғы кездері фото маған ренжіп жүрген шығар. Қазір көбіне видео түсіремін. Себебі Instagram-да фотодан гөрі видео керемет әсер қалдырып, жақсы қабылданады. Видеоны бөліссем өтімі жақсы болады. Ал фотоны бір қарап, өтіп кетеді. Негізі суретке де түсіргенді жақсы көремін.

- Көбіне Қазақстанның керемет табиғатын түсіріп, бөлісіп жатасыз. Бірақ "еліміздің өзге де тұстарын көрсету керек" деп пікір жазатындар да жоқ емес. Оған қатысты не ойлайсыз?

- Маған кейде жекеме шетелдегі қазақтар еліміздің табиғатын көріп, таңданысын жасыра алмай жазып жатады. Қазақстанның кең байтақ жерінде бәрі бар. Елімізді гүлдендіру, өркендетіп дамыту біздің қолымызда. Әр адам өзіне ұнайтын жұмыс істесе шаршамайды. Мысалы біздің үй жақта қарапайым етікші ағайымыз отырады. Ол кісі аядай ғана бөлмеде отыратынына қарамастан өз жұмысын қатты жақсы көреді. Сол секілді әр адам өзі жақсы көретін іспен айналысса, Қазақстан дами түседі деп ойлаймын.

- Еліміздің біраз өңірінде болған шығарсыз. Бірақ табиғаты жағынан өзіңізге қатты ұнаған қай өңір?

- Мен тек Өскеменде болмадым. Әр өңірдің табиғаты ерекше. Бірақ өзіме қатты ұнайтыны Алматы облысының табиғаты. Бұл өңірде бәрі бар: құмы да, шатқалы да, өзен-көлі, тауы да бар.  

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ADILET RAKHMETOLLA (@adilet_rakhmetolla)

- Пандемия оператор, фотограф, видеографтардың жұмысына қалай әсер етті? Жалпы сізге, сіздің жұмысыңызға қалай әсер етті?

- Пандемия кезінде көптеген видео түсірдім. Соның нәтижесінде карантин кезінде парақшама 40-50 мың адам жазылды. Бәрін жауып тастады. Ойлана келе сабыр туралы ролик түсіргім келді. Істейтін жұмыс болмады, бәрі кейінге қалды. Үйде отырып таңның атып, күннің батқан кезіндегі әдемі көріністерді көріп, түсіріп жүрдім. Видеоларым желіде көптеп тарай бастады. Мұнымен тоқтамау керегін түсіндім. Коронавирус пандемиясының арқасында шығармашылық жағынан өстім деп ойлаймын. Табиғатымыз керемет екенін түсіндік. Бұл жағдай болмағанда күйбең тіршілікпен табиғат туралы ойланатындай уақыт болмас па еді деп ойлаймын.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 489.01   531.78   4.99 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети