Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
31 декабря 2021 09:40

Медициналық туризм дегеніміз не? Неміс профессорымен үлкен сұхбат

ПОДЕЛИТЬСЯ

Анна Веген, Германияның медицина ғылымдарының докторы, профессор Анна Веген, Германияның медицина ғылымдарының докторы, профессор

Кейінгі 10 жылда қарыштап дамыған ғылым мен технология дәстүрлі медицинаны түрлендіріп, оның мүмкіндігін кеңейтті. Бүгінде шетелде турист болып қана қоймай, ем алу мен демалысты біріктіруді жөн көретін пациенттердің саны артты. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі Германияның танымал дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Анна Вегенмен сұхбаттасып, медициналық туризмнің мүмкіндігі жайында сұрады.    


Кейінгі 10 жылда қарыштап дамыған ғылым мен технология дәстүрлі медицинаны түрлендіріп, оның мүмкіндігін кеңейтті. Бүгінде шетелде турист болып қана қоймай, ем алу мен демалысты біріктіруді жөн көретін пациенттердің саны артты. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі Германияның танымал дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Анна Вегенмен сұхбаттасып, медициналық туризмнің мүмкіндігі жайында сұрады.    

Қазақстанмен не байланыстырады?

Анна Веген медициналық туризм саласында қызмет көрсететін DeutschMedic GmbH халықаралық компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры. 100-ге жуық елмен серіктестік орнатқан Германия дәрігерінің компаниясы Қазақстанмен де тығыз байланыста, сондай-ақ, ол Deutsch-Kasachische Gesellschaft e. V. неміс-қазақ қоғамдық қорының құрылтайшысы. 

"Мені Қазақстанмен байланыстыратын фактор тым көп. Әңгімені мынадан бастайық, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау секторын неміс техникасымен қамтамасыз еткен алғашқы шетелдік компанияның басында өзім тұрдым. Одан бөлек, елдеріңізге жыл сайын жұмыс сапарымен барып, түрлі мамандандырылған көрмелер мен семинарларда дәріс оқимын. Сонымен қатар, Германия аурухаларында Қазақстаннан келген дәрігерлердің тағылымдамаларын ұйымдастырумен айналыстым. Кейінгі 20 жыл бойы Қазақстанмен медициналық туризм бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асырып келемін", - дейді ол. 

Қазір немен айналысады? 

Медицина докторы өзінің қызмет жолына тоқталып, DeutschMedic GmbH халықаралық компаниясы қалай пайда болғанын айтып берді.

"Германияда медицинаның барлық сатысынан өтіп, заманауи техниканың қолданыстағы интеграциясымен айналысып жүрмін. 2000 жылдан бері шетелдіктерге Германияда ем алуға мүмкіндік ашып, арнайы бағдарлама әзірледім. Кейін бұл істі табысты бизнеске айналдырдым. 1998 жылы серіктестеріммен бірге "Денсаулық және көмек" қоғамдық ұйымын құрдым. Кейін біздің қызметтің ауқымы кеңейіп, DeutschMedic GmbH халықаралық компаниясы пайда болды. Бұл жетістікке жету жолында Қазақстандағы әріптестерімнің де пайдасы тиді. Неге десеңіз, кейінгі 10-15 жылда Қазақстанда медициналық туризмді ұйымдастырушы фирмалардың саны кем дегенде үш есе өсті, сондай-ақ, тәжірибелі агенттіктер өз жұмысының қыр-сырын тез меңгеріп алды", - дейді неміс дәрігері. 
 

Медициналық туризм дегеніміз не?

Анна Веген медициналық туризм не екенін және оның заманауи медицинада қандай роль атқаратындығын түсіндірді.

"Медициналық туризм - жалпылама ұғым. Атақты теоретиктердің өзі әлі күнге дейін нақты тұжырымдама жасай алмай отыр. Менің ойымша, денсаулық сақтау саласы бойынша ем алу үшін тұрғылықты мекенжайынан басқа елге уақытша кеткен кез келген адам медициналық турист. Олар профилактикалық тексеру не күрделі операция, денсаулықты оңалту жолдары, отбасын жоспарлау мәселелерін шешу, курортта демалу және тағы да басқа қызмет түрлерін қолдана алады. Кейінгі жылдары кең етек жайған медициналық туризм Германияда өте қатты дамыған, тіпті, біздің елді медтуризмнің отаны деуге болады. Бірнеше жыл бұрын беделді статистикалық институт Германияда медициналық қызмет алатын шетелдік пациенттердің санын айына 250 000-ға бағалады. Дегенмен, пандемия келісімен медициналық туристердің саны едәуір қысқарды", - дейді Анна Веген. 

Пандемия медициналық туризмге қалай әсер етіп жатыр?

Неміс дәрігері медтуризмнің коронавирус инфекциясымен күрес жолында қандай амалдарға барғанына тоқталды.

"Коронавирус бойынша келіп түскен сұрақтар санында шек жоқ, бірақ Германиядағы медициналық туризмде вакцинация қарастырылмаған. Германия елшілігі визаны, ең алдымен, аса ауыр науқастарға береді, одан кейінгі кезекте - кешенді ем алуды қажет ететін науқас. Екіншіден, Германияда ем алып жатқан шетелдік пациенттерге мемлекеттік сақтандыру шаралары қарастырылмаған. Десе де, бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Вакцинадан бөлек, коронавирустан кейін өкпесі қабынып, денсаулығы нашарлаған пациенттер де бар. Біз олардың ішінен медициналық көмекке аса мұқтаждарын іріктеп, сатылы көмек көрсетудеміз", - дейді ол. 

Медициналық туризм қандай елдерде дамыған?

Вегеннің сөзінше, медициналық туризм туралы жалған ақпарат көп. Ол медтуризмнің көптеген мемлекетте қолға алынғанын жеткізді.

"Медициналық туризм экономикасы мықты бірнеше ғана елде дамыған деген жалған түсінік бар. Алайда осы сала бойынша жаһандық конгрестің тізіміне үңілсек, медтуризм мен көшпелі медициналық қауымдастықтарды тек Еуропадан не Солтүстік Америкадан емес, Африка, Үндістан және Оңтүстік Америкадан да табуға болады. Бүгінде көптеген ел медициналық туризмнің экономикалық пайдасын түсініп, шетелдік пациенттерге арналған клиникалардың санын арттырды. Мен бұл жерде әр елдің денсаулық сақтау туралы заңнамасына негізделген тәсілдердің айырмашылығын ғана байқаймын. Мәселен, Германияда шетелдік туристерге арналған емханалар жоқ, өйткені бұл бай мен кедейдің бөлінісіне әкеп соғатын фактор ретінде қарастырылады. Дегенмен, шетелдік пациенттер Германияның кез келген азаматына қолжетімді процедуралар мен жоғары санатты профессорлар, реабилитологтар және басқа да мамандардың көмегіне жүгіне алады. Айырмашылығы тек біреу ғана: неміс пациенттері медициналық сақтандыру бойынша тегін ем алса, шетелдіктер қызметті өз қалтасынан төлейді", - дейді медицина докторы.

Қазақстанда қалай?

Ол Қазақстандағы медициналық туризмнің дамуы мен шетелде ем алып жүрген қазақстандықтар туралы да сөз қозғады.

"Неміс клиникалары ешқашан бос қалған емес, олар, тіпті, ешқандай жарнаманы да қажет етпейді. Сол себепті де мұндағы емханалар пациент тартып, бизнестің алғышартымен айналыспайды. Көптеген мемлекетте, тіпті, өз халқы үшін толыққанды жоғары технологиялық медициналық көмек жоқ, осы орайда дамыған елдердегі медтуризм таптырмас амал болып тұр. Мәселен, Қазақстанның пациенттері ұзақ жылдар бойы шетелде ем алып жүрді. Алайда қазір елдің ұлттық денсаулық сақтау секторы айтарлықтай дамып, бәсекелестіктің не екенін білді. Нұр-Сұлтанға бір келгенімде сондағы емханаға кірдім. Палатада жедел жәрдем қызметі жеткізген пациенті АҚШ азаматы болды. Ол Қазақстандағы сапалы ем жүргізу жолдарына тәнті болған еді. Бұл көп жағдайды аңғартады. Тіпті, басқа елдің азаматтарының Қазақстанға арнайы барып, емделетінін де жақсы білемін. Медициналық туризмді жетілдіру жолында Қазақстанның барлық мүмкіндігі бар екенін айтқым келеді", - дейді Веген.
 

Медициналық туризм қандай ауруларға басымдық береді?

Неміс дәрігері кез келген адамның медициналық турист бола алмайтынын айтады.

"Медициналық туризмнің қызметі, өкінішке қарай, кез келген пациентке қолжетімді деп айтуға келмейді. Біріншіден, адамдардың әлеуметтік жағдайына байланысты болса, екіншіден белгілі аурудың диагнозына келіп тіреледі. Нақты мысал - бірлескен эндопротездеу операциялары. Онда хирургия және кейінгі қалпына келтіру емі жүргізіледі. Сондай-ақ, пациенттерді туа біткен ауытқулардан арылту немесе аяқ-қолды ампутацияламаудың жолын қарастыру да жатады. Жүрек ақаулары, жүрекке электрофизиологиялық көмек көрсету, жақ-бет хирургиясы, реконструктив урологиялық операциялар және онкологиялық аурулар бойынша емделгісі келетін пациенттерге мемлекет тарапынан жеңілдік қарастырылған", - дейді компания басшысы.

Медициналық туризмнің мүмкіндігі және оның ғылыми жаңалықтары

Сонымен қатар, Анна Веген 2021 жылы медициналық туризм қандай ауруларды жеңе алатынына және Германия медицинасы жасаған жаңалықтарға тоқталды.

"Медициналық туризмнің дамуына тоқталатын болсақ, көптеген адамның ойынша, пандемия зерттеулер мен ғылыми жаңалықтарды ығыстырып тастады, өйткені бүкіләлемдік ғалымдардың назары коронавируста. Бұл оймен мүлде келіспеймін. Мысалы, Мюнхендегі неміс ғалымдары инсулин шығаратын ұйқы безінің жасушаларында рецепторлардың ерекше түрін тапты. Олардың антиденелермен немесе генетикалық терапиямен бітелуі болашақта миллиондаған адамды екінші типті қант диабетінен арылтады. Германияның оңтүстігіндегі басқа да әріптестеріміз атеросклероз процесін басу және қабыну ауруларымен күресу үшін синтетикалық пептидтерді ойлап тапты. Сонымен қатар, бүкіл әлемде жүргізілген катетерлік демеудің мүмкіндігін ескере отырып, Германияда қан кету қаупін арттырмайтын коронароангиографиялық тромбоздың алдын алатын жаңа дәрі-дәрмек пайда болды. Ал Геттинген ғалымдары пациенттерге мыңдаған инвазив тексерудің орнына жүрек жеткіліксіздігін дәл диагноздайтын физикалық белсенділігі бар магнитті-резонанстың жаңа технологиясын ойлап тапты. Қысқаша айтқанда, неміс медицинасының ғылым жолындағы жетістігі тым көп. Сондықтан да шетелдік пациенттер бұл жағдайларды міндетті түрде ескереді", - дейді медицина докторы. 

Әңгіме соңында Анна Веген медициналық туризмді салыстыру құралына айналдырмауды сұрап, оның негізгі миссиясын айтты.

"Медициналық туризм қызметіне жүгінетін пациенттер арқылы олардың елінің денсаулық сақтау секторына баға беруге болмайды. Германия азаматтары да АҚШ, Қытай және басқа да мемлекеттерге барып, өзіне қажетті процедурадан өтіп жатады. Менің айтқым келгені, адам денсаулығы туралы әңгіме қозғалғанда медицинаны елге бөліп жарудың қажеті жоқ. Ол бәрімізге ортақ. Медициналық туризмді пациенттердің бір елден екінші елге келуі ғана деп қарастыруға болмайды. Бұл кез келген науқасқа қажетті көмек көрсету үшін әртүрлі елде бар ресурстарды бірлесіп пайдаланудың жолы деп есептеймін", - деді ол. 

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Анна Вегеннің жеке мұрағатынан

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.77   490.7   4.81 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети