Естен кетпес үш тәулік
Бұл уақиға кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында болған еді. Белоруссияның Велиж, Усвятск деген аудандарын естіген боларсыздар. Менің алғаш болған 101 отдельная стрелковая бригадам (ОСБ) үш күндік соғыста бар болғаны он шақты км ғана алға жылжып, Мишуково, Зайцево елді мекендеріне жеткен. Қатты қырғында бригада өзінің 75% -ын, яғни 9 мың адамды қатардан шығарған болатын. Содан бізді 51 СВОСКД - ға (стрелковая Ветебская ордена Суворова красно знаменная дивизия) қосып жіберді. Жоғарғы Қолбасшының қарауындағы резервке алғанына бір ай ғана болған. Қай жақтан жау қысса, бізді де сол жаққа айдады. Бір күні жау Велиж қаласы жағынан қысқанда, Усвятскідегі тұрған бізді сол бағытқа қарай жіберді. Велиж бен Усвятскінің арасы 80км шамасында. Қалай да болсын сол жерге бір тәулікте жаяу жету керек болды. Күн демей, түн демей жол жүріп келеміз. Әр екі сағатта 10 минуттан ғана демалыс берілді. Құрғақ тамақпен тамақтандық. Шаршасақ та, шыдауға тұра келді. Бір күн ішінде келіп те жеттік.
Жеткеніміз сол еді Усвятск жақтан бізді қыспаққа алды. Содан бізді сол жаққа қайтадан айдады. Барлық қару - жарақ, ішетін тамағымыз өзімізбен. Ең қиыны ұйқы болатын. Алғашқы күннен бастап - ақ, ұйқы дегенге уақыт жоқ. Үзіліс кезінде берілген 10 минутта ұйқыға кететіндер де бар. Осылайша Усвятскіге де екінші күні жетіп қалдық. Жау қайтадан Велиж жағынан қысты. Дереу артқа шегінуге бұйрық берілді. Осы кезде есіме түскен бір нәрсе болды: «Дүниеде адам баласы басына кездесетін үш арсыз нәрсе бар: ол - ұйқы, күлкі және ләпсі». Тіпті жүріп келе жатқанда, қатарымда келе жатқан адамдардың арасына кіріп , амалсыз көзің ілінеді, бірақ аяқ жүріп келе жатады. Құлай салатын жан - жағыңда орын жоқ. Велижге де келіп жеттік. Күн батқан кез еді. Жау қайтадан Велиж жағынан қысты. Дереу сол жаққа баруға бұйрық берілді.
Күн батқан кез еді. Жау жақтан радиомен: Қалай, 51 девизиялықтар, шаршаған боларсыңдар. Енді тынығыңдар! ,- деп громкоговорительмен орыс тілінде хабарлады.
Он шақты күн алдыңғы шепте болдық та, бас колбасшының бұйрығы бойынша шабуылға шықтық. Әрине, жау оңай беріле салмады. Шығын деген екі жақтан да жетерлік. Осы соғыста Жаңақорғандық менімен бірге алынған Қайназаров Қайыпбектің аяғы жараланды. Кейіннен ол туралы Жаралы жауынгер жолдасыммен кездесуім дегенді жазған болатынмын.
Соғыс барысында бір қылтанақ жерден жүгіріп өту керек болды. Әрине, біз байланысшылар, байланыс сымын тартудамыз. Анда-санда жау снарядтарын тастап тұратын. Жүгіріп келеміз. Арғы жақтан оқ дауысы болысымен жата кетеміз. Артыма қарасам, жолдасым басы снаряд ойып кеткен шұңқырда жатыр. Бөксесі болса сыртта. Еріксіз күліп жібердім. Бас керек, ал кеуде керек жоқ па? - деп жатырмын.
Ал үшінші арсыз нәрсе - ләпсі. Енді бұның екі түрі бар: тән қажеті және жан қажеті. Мұның екеуіне де ойланып қарау керек дер едім. Адамды адамгершіліктен тайдыратын жағынан сақ болған жөн. Мен өз басым осы үш арсыздықтың үшеуін де басымнан кешірдім. Үш тәулік ұйқысыз телеграфта жұмыс істегенімде, жазып отырған саусақтарым ісіп кетті. Бірде авариядан 3-4 қабырғамның шеміршегі сынғанда, сегіз тәулік ұйқысыз отырдым. Өлім жазасына кесіліп, өз көрін өзіне қаздырып, атар кезде "Кругом" деген команда берген кезде, қолын көтеріп, бірдеңе деп ыржиып күліп бара жатқанды да көрдім. Сонда мен бұл күлкіні мағынасыз, ессіз әрі сандырақ күлкі ғой деп ойладым. Осылайша 3 күн ары-бері жүруіміз менің есімнен кетпестей болды.
4 партизан отрядын ажалдан құтқару.
Бұл уақиға да Белоруссия жерінде орын алды. Біз тұрған жердің қасында жаулар 4 партизан отрядын қоршап алып, жою қаупі төнгендігін рация арқылы Москваға хабарласа керек. Біздің дивизияға жаудың шебін бұзып, сол отрядтарды аман-есен алып қалу тапсырылды. Бар күшімізді салып, жау шебін бұзып кірдік. Жау 800 м жерден кіргізді де, қайтадан оны жауып алды. Бұл жағдайды ірі басты командирлер ғана білді. Дивизияның штабы Триполье деген қыстаққа орналаспақшы болған.
Қыс айы, күн суық емес. Белоруссия жері лайсаң. Күн сәске кезі еді. Бірде байланыс торабының алдында бір снаряд жарылып, тартып жатқан желілерді кесіп кетті. Мұндай жағдайда тек рация, телефон ғана жұмыс істейді. Телеграф істемейді, себебі біз қоршаудамыз. Тек өз бөлімшелерімізбен ғана байланыса аламыз. Сыртпен тек рация арқылы хабарласады. Полктардан, артиллерия бөлімдерінен басшы командирлерді қос деп, дамыл бермеуде. Байланыс болса, қалыбына келе қойған жоқ. Байқасақ, штабтан 2 км болар-болмас жерде бөлек орман бар екен. Соның шетінен жаудың барлаушылары пулеметтен штабқа оқ жаудыруда. Штабты басып алу не құрту әрекетінде. Бұл елді мекенде қырық шақты ғана үй бар екен. Жаудың атып жатқан жері терезелерден көрініп-ақ тұр. Байланыс үзілген соң, шыдамағандар байланыс торабына келе бастады. Оны жау біліп-ақ тұр. Дивизия командирі бұл елді мекеннен штабты басқа жерге көшіруге бұйрық беріпті. Ал өзі төмен түсіп кеткендігін біздің байланысшы Аягөздік Рақымжанов айтып келді. Бірақ бұл жағдайдан полк командирлері хабарсыз. Енді біз де көшуіміз керек. Байланыс торабына қойылған он номерлі трофейный коммутатор болатын. Ондағы сымдарды біртіндеп ажыратуға асығып, Кузмин бәрін жұлып алды. Ол жақта қабырға бөрене ағаштан болғандықтан, жау пулеметінің оғы оқтын-оқтын дуалдан өтіп жатыр.
Комрота маған заземленияларды жинап алып келуге бұйырды. Есіктен шыққаным енді маған жау оқ жаудырды. Тез жата қалдым. Атылған оқ біз тұрған үйдің ішіндегі Кузминнің тобығына тиіп кетті. Дереу маған берген бұйрығын өзгертіп, мынау ұйысып жатқан байланыс сымдарын линиядан айырып, штаб кеткен жақтағы желіге қосуды бұйырды. Жұлып алған коммутаторды бір телефонистке (кейін білдік Мұқаев Дуйсенғалиға, менің "43 жылдан кейін" деген әңгімемдегі) берді. Өзін телефон отделениясының командирі Баймурзин қолтықтап алып кетті. Содан бүкіл Трипольеде жалғыз қалдым. Шамалы уақыттан соң сымдарды ажыратып, ретке келтірдім. Бұл түс қайта бастаған кез. Далалық ас үйді Лобанов атқа жегіп те үлгерген екен. Бірақ бір оқ оның қазанын екі жағынан тесіп өтіпті. Сол кезде қазаннан шаптырылып бара жатқан сұйық тамақ әлі күнге дейін көз алдымда.
Кейін қарай тартылған сыммен мен де төмен түстім. Бұл кезде жаудың разведкасы атуды тоқтатқан болатын. Шамасы кетіп қалған болу керек.
- Эй связист, стой! - деді біреу. Жалт қарасам, дивизияның артиллерия бастығы. Болған жағдайды менен сұрады. Бәрін айттым.
- Қай жерден атқылады? - деді ол. Мен көрсеттім. Өзіммен бір телефон, винтовкам ғана бар. Шинелім де арбаның үстінде қалып кеткен. Дереу артилеристерінің бәрін шақырдым. Полковник болса, қолыңдағы картасына қарап, барлығына қайда атуын айтып, бір - бірлеп оқ жібергізді. Бірде "Залпом" деп команда бергенде, жаңағы бір бөлек орман аспанға ұшты. Өзі сәл тұрды да, орман ішіне қарай жүре берді. Бір кезде маған: "Не уходи, я приду" дегені бола ма. Содан мен күтіп отырмын. Ол болса жоқ. Мен шинельсіз, әлі тамақ ішпегенмін. Жаурай бастадым. Штабпен сөйлесіп отырмын. Оның бұйрығын бұзатын одан үлкен ешкім жоқ. Қараңғы түсе бастады. Жақын жерде үй жоқ. Бағанағы байланыс торабы тұрған үйге бару қауіпті. Бүкіл жағдайды бес саусағымдай білемін. Қолға түспеуім керек, түскен жағдайда өзімді - өзім өлімге қиюым керек. Бір кезде комвзвод Матошин менімен сөйлесті. Жақын жердегі үйге қанша кабель керектігін білді. Менің шинелімді, жейтін тамағымды Аягөздік Рақымжанов арқылы жібергенін айтты. Бір кезде ол да келіп жетті. Сымды жақын басқа бір үйге тартып, сонда орналастық. Мен болсам, дуананың асасындай қалтылдап жүрмін. Орыс пешіне от жағып, тамақ істеуге кірісті. Пеш үстіне шығып едім, денем жылынып, көзім ілініп кетіпті. Бір кезде мені оятты. Қарасам бөлме іші толған солдат, кір қожалақ, олар да дірдек - дірдек етуде. - Ау, мынауың не?! Мұнда ешкімді кіргізуге болмайды ғой дедім. Бұлар өз бөлімдерінен ажырап қалған қаңғыбастар екен. Дереу шығара бастап едім, Рақымжанов екеуін ертіп, бір жерге бармақшы болды. Сұрасам, келген соң айтамын деді. Бір кезде келді де, екеуіне бастарыңды сағала, жөндеріңді тап деп шығарып жіберді. Рақымжанның қолында байлаулы заттары бар.
- Мыналарың не? - дедім мен.
- Бағана жау штабқа шабуыл жасағанда, мен комдивтің үйіне телефон құрып бердім. Үстел үстінде самовар қайнап тұрған еді. Әрине, дастархан да жасалған, - дейді.
- Ал мынау не?
- Бұл жейтін нәрселер, ал мынау іш киім, мынау комдивтің шубасы,-деп түсіндірді. Көптен бері киім ауыстырмағанбыз. Дереу шешініп, іш киімдерімізді орыс пешіндегі жанып жатқан отқа қойдық. Бірақ, сәлден соң денеміз қайтадан жыбырлай бастады. Бүкіл денедегі киімді жайлаған биттер қайтадан өз ісіне кірісе бастады. Шабуыл кезінде жуыну, киім ауыстыру деген болмаған ғой. Бұл тек біздің басымызда болған жағдай емес, барлығында да да солай.
Биттеген адамның аузы көпіргіш болады екен. Оны да бастан кешірдік. Үш күн жаудың қоршауында болдық. Тамақ ұшақпен беріліп тұрды. Ең бастысы, партизан отрядтарын аман-есен алып қалдық. Үш күннен кейін корпустан телеграф желісін тартып әкелді. Баяғы жайдақ атпен кеткен комдив полковник Серебриковпен не болғанын білмей де қалдым. Майданда КГБ тәріздес контр смерш деген болады. Солар иеленіп алған, бірақ оны кейін білдік. Ал штаб дивизия орналасқан үйдегі радист жігіт отырған жерінде сол күйі қалыпты. Дуалдан келіп тиген оқтан жан тапсырыпты. Шубаны сол жерге тастап кеттік. Оны бізден сұраған ешкім де болған жоқ. Самаурын мен дастархан да сол күйінде қалды.
Полкқа байланыс сымдарын тарту
Штаб дивизиясы бір жерден екінші жерге көшкенде, бүкіл байланысшылар тез арада әскери бөлімдерге байланыс тартуы қажет.
Белоруссия. Қыс. Түн мезгілі еді. Біздің дивизия көптен бері тұрған әскери бөлімді алмастырып, солардың орнын басу керек болатын. Бір түннің ішінде барлық бөлімдер орын - орындарына жайғасуы керек. Мен телеграфистер бөлімшесін басқарушы едім. Сонда әдеттегідей қыздарды қалдырамыз да, дала жұмысына ерлер ғана барадмыз. Қарауыма өзімнен басқа он байланысшыны алып, полкқа кабель тартуға шықтық. Осы жолы бізбен қабаттасып танктер де қозғалысқа енді. Бұл жағдайды қиындата бастады. Біріншіден, біздің кабелімізді үзсе, екіншіден, танк дауысы шыққан жаққа көрінбесе де, жау оқ жаудыруды үдете түсті. Қасымда Ақтөбелік Алдамжаров бар, екеуміз тартылған кабельді ағаштарға ілеміз не жолдан өтетін жерлерге көмеміз. Осылай келе жатқанда, майдан шебіне жақындап та қалдық. Әлсін - әлсін снарядтан оқ жауа бастады. Бір кезде кабеліміз шолтаң етіп шыға келді. Екінші ұшын іздеп жүргенде, анадай жерге бір снаряд келіп түсті, бірақ жарылмады. Айға шағылысып жарқырап жатыр. Біз болсақ жата қалдық. Снаряд әлі жатыр, жарылар емес. Әрі - бері жатқан соң, кейін қарай жылжып басқа жағынан айналып шықтық та, кабельдің екінші ұшын іздедік. Анандай жерде біреудің селтиіп тұрғанын көрдік. Жақындасақ, өзіміздің байланысшымыз.
- Не істеп тұрсың?
- Кабельдің екінші ұшын ұстап тұрмын, -дейді жыламсырап.
- Неге сонша әбіржисің?
- Маған да оқ тиді. Жауырымның сырты ашып барады. Раздевалов пен Бажау қайтыс болды, тағы екеуі ауыр жарақат алды, - дейді.
Кабельдің ұшын ала салып, өз жағымызға қосып, жаралыларға жеттік. Дүйсекенов Смағұл (телеграфист) снарядпен бірнеше жерден, екінші бір телеграфист аяғынан қозғаушы жилкасы қиылған. Өз аяғын өзі жинай алмайды. Бажаудың маңдайынан тиген снаряд миына кіріп кеткен. Раздеваловтың бір аяғының бас жағы бел омыртқасы арқылы басынан асып астында жатыр. Полк командирінің саяси жөніндегі орынбасары келіп, жауынгерлерді рухтандырып, жігерлендіріп әңгіме айтып тұрған кезі екен. Жан - жағында солдаттар болса керек. Біздің байланысшылар да солардың қасында. Біз байланыс сымын соларға тартып келе жатқанбыз. Жаңағы Замкомполк ҚазақССР - ның депутаты, Ленин орденінің иесі болатын. Ол кісіні мен бұрын көргенмін. Ұшып келген снаряд сол кісіге тікелей тиді де, пәршек - пәршегін шығарады. Қасындағыларының өлгені өліп, өлмегені жараланды. Сол кісінің денесін ертеңіне бөлшек - бөлшек болғанын қалтаға салып жинады. Дәл сол жерде мен штабқа хабарлап, жаралыларды жіберуге көлік шақырдым. Олар Лобановты жібердік деп хабарлады. Күтеміз, күтеміз, шана әлі жоқ. Шыдамай штабқа қарай өзім тартып бердім. Штабқа жүз метрдей қалғанда, бір ағаш арасынан аттың пысқырғаны естілді. Барсам шанада Лобанов бүркеніп отыр. Мен болсам оны балағаттап жатырмын. Дереу жаралыларды санбатқа жібердім де, кабельді әрі қарай тартуға кірістік. Бажау мен Раздеваловтың документтерін алып, денелерін сол жерде қалдырдық. Оларды теріп алатын арнаулы көлік, адамдар бар. Осылай жүргенде таң да атып, жарық болып қалды. Күн де сығырайып шыға бастады. Алдыңғы шепке таяу келіп қалдық. Алдымызда жалаңқы жер. Жүрген адамды жау көреді. Айналып тартуға кабеліміз аз. Қалайда осынан тіке тарту керек. Осы кезде артымыздан бізге ыстық тамақ та келіп жетті. Бұл шананы тез қайтару керек. Бізден де басқаларға осы асты апаруы керек. Жамбасымдағы кателогыма ыстық тамақты құйғызып, шананың жақтау ағашына отыра салдым. Нанды балтамен шауып үлестерді. Тас болып қатып қалған, ыстық нанды суыққа шығарған соң тастай жасаған. Қойныңа тығып, жылыған жерін мүжисің де қайта қойңына тығасың. Жау жағынан зеңбірек дауысының шығуы мұң екен, снарядтар келіп түсе бастады. Мен болсам қолымдағы кателогіммен ағашта отырып қалыппын. Дереу бас сауғалап, орман ішіне кірдік. Әйтеуір, адамдарымыз аман екен.
Ал енді кабельді тіке тарту керек. Анау жалаңқы жерде теңкиіп - теңкиіп жатқан адамдардың өлігі. Соларды бетке алып, еңбектеп, бауырымызбен жылжып, келесі өлікке әзер жетеміз. Соны паналап дем алып, тағы солай әрі қарай тартамыз. Не керек 500 метрдей жерді осылай өтіп, телефон сымын алдыңғы шепке жеткіздік. Байланыс бар екен. Сол жерде осы полкқа бұрын штабта ақша жағын басқарған Бегимов дегенді(бұрын Жаңақорған аудандық ақша бөлімнің бастығы) адамның аздығына байланысты жаяу әскерлерге қосқан екен. Таң алдыңда окопта отырып, үлкен дәрет қысады. Қасындағылар осы орныңда (траншеяға) отыра сал да, күрегіңмен лақтырып жібер дейді. Ол кісі бұрын алғы шепте болмаған. Оны ол кісі ұят санайды да, басын окоптан көтеруі мұң екен, маңдайына снайпердің оғы сарт ете қалады. Осыны естідік. "48 жылдан соң" деген тақырыптағы әңгімеде Дүйсекенов Смағұл туралы жазғаным да бар.
Дивизия осы жерден басқа жере ауысатын кезде мен алғашқы көлікпен кеткен едім. Соңғы көлікке жүк тиеп жатқанда, жау самолеті атқылауынан Курганова Софья деген( еврейка) телеграфистка жан тапсырыпты. Ал менің бөлімімнен өлген Раздевалов (Ақтөбелік) телеграфист еді. Кез келген адам телеграфист жұмысын істей алмайды. Оған маман, жаттыққан адам керек. Соловьева Нина да телеграфистка болатын. Ол да үй ішінде отырғанда дуалдан өткен оққа ұшып дүние салған. Осы қыста төрт телеграфисттен айрылдым: Үшеуі өлді, біреуі жаралы.
Құзғын қарғаны неге жек көреміз?
Ұлы Отан соғысының алғашқы кезеңінде біздің адамдарымызды ұшақпен қуған кезі болған екен. Ілгері қарай жылжуы да осал болмаған. Кейін қарай шегіну кезінде өзінің істегені, өз басына қайта келген жерлері болды. Алдыңғы шепте тұрып шегінер кезінде, мотоциклмен бірнеше атқыштарын қалдырып, адам бар екен деп ойласын деп, оқ атып тұрады да, зым - зия мотоциклмен тайып тұрған екен. Ол да өздерінше бір әдіс еді. Қуып келе жатқан әскерлерді ойламаған жерден күтіп алып, байқаусызда шығынға ұшыратуы да болды. Осы атыстың ішінде оқтан қорықпай қарғалар ұшып жүреді. Сондай жауды қуып келе жатып бір алаңда шамасы отызға жуық адамдарға кез болғанымыз бар. Жанына жақындай бергенде бір топ қарға өліктердің үстінен аспанға көтерілді. Жатқандардың барлығының да көздері жоқ, шұқып тастаған. Адамның қай ұлт екені белгісіз, ісіп кеткен. Олардың қай халық екенін бет ажары, көзінен таниды екенбіз-ау дедім. Ал, қарғалар әлі айналақтап ұшып жүр.
Адамдардың құзғын қарғаны неге жек көретініне осы жерде көзім жетті. Біреуді ұнатпағанда "Құзғын қарға сияқтанбай құрышы!" деп айтатыны бар. Сондықтан айтылған сөз екен ғой. Оларды жинайтын арнайы топ бар. Әлі келіп жете алмаған ғой. Сол екі арада құзғындардың істегені анау.
Алпысбайдың тиген пайдасы
Бірнеше күн жауды ысырумен жүріп, бір елді мекенге келгенде, жау бекініс жасап, жүруді тоқтатқанбыз. Әрине, жауды ысыру кезінде шығын мол болады. Алдыңғы шепте жауға қарсы оқ ататын жауынгерлер өте сиреп қалған екен. Дивизия командирінің бұйрығымен траншеяға біздің (байланысшылардың) батальоннан он адам жіберілуі керек болыпты. Бұл хабарды коммутаторда отырған Алпысбай біліп отырған. Бұйрық өз жолымен комбаттан комротаға жетеді. Онда тек адамның саны ғана айтылған, кімдердің баруы керектігін кейінгілер шешеді. Алпысбай болса бұл хабарды қалт жібермей тыңдап отырады. Ол коммутаторда, мен телеграф аппаратындамын. Өзімізше қазақшалап сырымызды айтып отырмыз.
- Сағындық алдыңғы шепке кімдерді жіберу керектігін комзводқа тапсырды. Солардың ішінде сенің де фамилияң бар,- деді.
Ертеректе телефон бөлімінің жұмысын ретсіз маған жүктегенде, мен комротаға сөз қайтарғаным бар. Сол кезде ол да қабағын шытып еді. Кекшіл мінезі әр кезде-ақ сезілетін. Өзі Украинец. Ол халық көбіне солай болады. Мен де дереу қарап қалмай, телеграф аппаратының кілтін қолға ұстадым да, корпусты шақыра бастадым. Менің не істеп отырғанымды командирлерімнің ешқайсысы да білмейді, себебі оның маманы емес. Осы кезде біздің бөлмеде комрота тұрған. Мен:
- Пригласите к аппарату начальника связи корпуса. Просит начальник связи дивизии, - деп тықылдаттым.
- У аппарата начальник связи корпуса, - деді.
- Извините, просил я сам, я телеграфист Алтынбеков. Сейчас меня хотят отправить на передовую. На передовой в траншеях совсем мало солдат. Я в курсе дела, что Вы хотите взять меня к себе,-дедім. Содан коммутатордан корпустың бленкері ашылып кетті.
- Вызовите мне начальника связи дивизии, - деді. Дереу Алпысбай қоса қойды. Екеуіміз де қосыла тыңдап тұрмыз. Дивизияның байланыс бөлімінің бастығына:
- Сейчас же телеграфиста Алтынбекова направьте к нам с вещевыми - продовольственными документами. Я на место его направляю двух бойцов. Из них один телеграфист, другой рядовой солдат, - деді.
- В чем дело, я ничего не понимаю, разрешите мне быть в курсе дела - дегенде, корпустағы бастық бізді айтты демей, мен осының бәрін телефон арқылы тыңдап білдім деп бізді қағыс айтты.
- Разрешите связаться с комбатом, - деп рұқсат алды. Осы кезде корпустағы бастық Алпысбайға аналардың сөзін маған қосып отыр деп бұйырды. Біз екеуіміз де бәрін тыңдап отырмыз.
- Кто у телефона? - Комбат. - Почему Алтынбекова направляете на передовую?
- Я не в курсе. Разрешите узнать.
Алпысбайға өзін комротаға қосуды талап етті. Осы кезде Алпысбай комротаға трубканы бере қойды. Сөздері саңқылдап естіліп тұр. Біз болсақ түк білмегендей, өз бетімізбен отырмыз. Комбат комротаға: - Я на место Алпысбекова направляю самого тебя. На место Алтынбекова кто ты? Ты - пешка. Что ты знаешь в аппарате Морзе? Он мне нужен. Любой офицер может заменить твое место!- деді. Ал комрота Кузмин қызарып кетті де, шыдамай сыртқа шықты. Комбатқа кеткен болуы керек. Іс осымен аяқталды. Бір тәуір жері корпустың байланыс бөлімінің бастығы бізден білгенін айтқанда, жағдай басқаша болуы мүмкін еді. Сол күйінше бұл білінбей кетті. Дегенмен, іштегі кегі ұмытылмаған комрота мені ұмытпағаны ғой. Трипольедегі заземленияға жұмсауы - маған атылған оқтың өзіне тиюі. Тіпті болмаған соң, ауылға мені қалдыруы да содан ба деп ойлаймын. Алпысбайға да менің көмегім болды. "Біреуге істеген жақсылығыңды ұмыт" дейді ғой. Ол жайлы да жазғанмын. "Топырағың торқа болсын, Алпысбай!" оқыңыз.
Адам баласының өмірінде есінен шықпайтын ерекше жолдастары болады. Соның алғашқысы класстас деп аталса, екіншісі армиялық деп аталады. Менің Алпысбайым - ерекше. Армиялық деуден басқа, майдандас, қанды көйлек киіскен жолдас, небір қиын кезеңді бастан кешіріскен жолдас, туысқаннан да артық санауға болатын жолдас. Ұлы Отан соғысы жылдары. 10/XII 1941 жылы Жаңақорған аудандық байланыс торабында түнгі мезгілде кезекші сменада телеграфистік жұмысымда отырғанмын. Кешкі 9 - 10 -дардың шамасында “ Серия “Г” деп аталатын телеграмма қабылдап алдым да, ізбе - із өзім (тәртіп солай болатын) әскери комиссариатқа алып бардым. Телеграмма конверт ішнде. Оны ашып болғанша, кідіріп тұруым керек. Мазмұны- орта дәрежелі білімі бар , 40 адамды Ақтөбе облыстық әскери комиссар қарауына, 40 атты Жамбыл облыстық әскери комиссар қарауына жөнелту. Комиссар оқып болып, бара бер дегенінде: “Ертең келе берейін бе?” - дедім. Ол үн қатқан жоқ. Сонымен, ертеңіне повестка (шақыру қағаз) да келді. 42 адам шақырған екен, бәріміз де жарадық. Стройға тұрғызып: - Кім майданға барғысы келмейді? - деді. Ол кезде бармаймын деу атымен жоқ болатын. Екеуі артық екенін мен ғана біліп тұрмын. Мен бірге өскен жолдастарымнан қалғым жоқ, күні ертең тағы шақырады, танымайтындармен кетесің, ол маған түсінікті. Сол қалған екеудің біреуі Жаңақорғанның сунағы Ержанов Ахмет деген жалғыз басты кемпірдің жалғызы еді. Ол кейін Ташкент қаласында (1943ж.) әскери училищені бітіріп, сонда оқытушы болып қалады. Кейін КазГУ - ді бітіріп, сонда оқытушы болады. Оқу, іздену барысында тарих ғылымдарының докторы дәрежесіне жетеді. Біздің елдің қызы Аханова Әнипаға үйленеді. Әнипа 3 балалы болғанда дүние салады. Ахмет кейін үйленген екен. Кейін Ахмет те (1996- 97) қайтыс болыпты. 14\XII-1941ж. кешкілік вагонмен (сол кезде солай) майдан жаққа жүріп кеттік. Ақтөбеге де келіп жеттік. Түкірген түкірік жерге қатып түседі. Сол жолдастарымнан мен бір бөлек байланысшылар батальонына тап болдым. Міне, ендігі жерде соғыс аяқталып, елге кеткенімше менің майдандас жолдасым - осы Алпысбай. Енді Алпысбайым қандай еді, соған келейін. Алпысбай Байғанин ауданынан, орта дәрежелі білімі бар. Мен қараға жатсам, ол сан -сары. 101 ОСБ-ның құрамындамыз. Жатар жайымыз бұрынғы педучилищенің 3 қабатты оқу корпусы. Жаңа құрылған бригадада екі телеграфист-морзистпіз. Біреуі -Тереңөзектік Жансейтов. Әлі өз бетінше жұмыс істеп кете алмайды. Әлі үйреніп жетілмеген. Мен бұрындары аудандық байланыс торабында телеграфист-морзист болып істегенмін. Облыстық телеграфта (2-қабатта) үш сменада 180 адам (барлығы да әйел жынысты) телеграфист істейді. Бір ғана бір көзі алаңсыз ер кісі механик екен. 1942 жылы майданға кеткенше (қысқа қарай) сол облыстық телеграфта Алысбай екеуміз таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейміз. Алпысбайым келген телеграммаларды әскери бөлімдерге жеткізіп тұрады. Орыс арасында көп болмаған, ымпыл-жымпыл сөйлесіп кетуге әлі орашалақтау. Мына бөлменің ішіндегі түрлі аппаратуралардың бәрі оған таңырқарлық. Бір күні әйелдер жағынан: "Алматы істемейді, Қостанай істемейді" т.б. дауыстар шыға бастады. Бір кезде механик жетіп келіп: "Что ты делаешь?!"-деп жекіргенде, артыма қарасам, Алпысбайым коммутатордағы штепсельдерді біріп суырып, бірін қайта қосып отыр екен. Ол оған қызық сияқты. Дереу механик штепсельдерді өз орындарына қосты. Байланыс қалпына келді. Енді бұған тиіспе деп жатыр. Бір күні Чкаловпен жұмыс көбірек болып,менің жан-жағыма қарауға мүмкіндігім болмаған еді. Отан қорғау министрлігінен К.Е. Ворошилов ұшып келіп, біздің бригаданың дайындығын тексеруге келген-ді. Сол телеграмма да мен арқылы өткен. Күн суық. Қар қалың. Кешкілік казармаға қайтуымыз керек еді, бірақ Алпысбайым жоқ. Бір кезде қарасам, бұрышта залды жылытатын электр пеші(қондырғы) бар еді. Соған қарап отырып, шынтағымен сүйеніп, маужырап ұйықтап отыр. Аузынан суы шұбырып ағып отыр. Оятқанымда, мең-зең болып тұрды. Есін жидырып, жатар орнымызға да келдік. Тағы бірде казармаға жақындап қалғанбыз. Қарасам, Алпысбайымның мұрны көгеріп кеткен. "Ойбай, мұрның кетті, қар алып уқала!"-дедім. Сол күні жылы жерге кіріп келгенде, мұрны түсіп қалар еді. Енді Алпысбайым ширай бастады. Орысша сөйлесе бастады. Қыз-келіншектермен қутыңдасып, әзіл-оспақ айтысуда. Барлық жағдайды біліп жүргенде, өзіміздің майданға аттануымызды білмей қалыппын. Шифрограммалар үсті-үстіне келетін. Оның расшифровкасын білмеймін. Түс қайтқан кез. Бригаданың байланыс бөлімінің бастығы жетіп келіп, бүкіл архивті акталап, отқа жақты. «Жүр кеттік,» - деді маған. Мен казармаға беттей бастағанымда, ол вокзалға қарай бұрды. Сөйтсем, біздің бөлімше поездың үстінде жүруге әзір екен. Майданға жүріп те кеттік. Ногинск қаласында шамалы аялдап, қару - жарақ т.б. алып , Калинин майданына бет алдық. Осы қалада Өтенбергеннің Әлиакбарының Ермағанбетін маған Әйтенов Нұртай ертіп келіп, кішкене отырып қайтты. Мен ол кезде Ермағанбетті танымаймын. Погорелогородище станциясынан түсіп, Ржев бағытында оборонды бұзұға кірістік. 3 күн дегенде Зайцево, Мишукова деревняларына жеттік. Осы екі елді мекеннің ортасында түн мезгілінде Нұртайлардың миномет расчетының үстінен түскен снаряд бұларды опат етіпті. Сол күні түнде мұны маған Жансеитов Ахметжан хабарлады. Ахметжан ол кезде штаб артиллерияда радист еді. Кейін ол Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Пенсияға шығып, облыстық аңшылар қоғамының бастығы кезінде бұл да дүние салды. Бұл аты аталғандар өзіммен бірге майданға түскен 40 адамның ішіндегілер. Майданға түскен күннен бастап мен де, Алпысбай да телефонистікке көштік. Шабуыл кезінде ылғи солай болады. Оборонға тұрып қалсақ, мен телеграф аппаратына отырамын. Алпысбайым коммутаторщик телефон аппаратында. Екеуміз де кілең бір бөлмеде боламыз. Кез - келгеннің кіруіне рұқсат жоқ, құпия жай. Шабуыл кезінде комбриг, комдив қайда болса, соған байланысшы мен болатынмын. Алпысбай штабта коммутаторда. Бұл байланыс батальондарының жауынгерлері бәрі дерлік Ақтөбеліктер. "Қайдасың Алпыспай" - деген мақаламды облыстық (Ақтөбе) газетіне бергенімде. Маған жан-жақтан хат жаудырғандар осылардың тірі қалғандары еді. Хаттары менде сақтаулы. Соғыс аяқталды. Кенигсберг қаласында оккупационный воиск ретінде қалдырды. Мұнда бір ай тұрдық. Июнь айында Польшаға "АК"-ны (Армия красвой) тазалауға Августов қаласына келдік. Бүл соғыстан да қиын болды. Жай жергілікті адамдарша киінген бандалар. Орман ішінде орналасқан банданы қылмыс үстінде ғана ұстайсын. Осы қалада тұрғанда шығыс халықтарының (кореец, Қытай, Жапон) тілін білетіндері бар ма деген телеграмма келіп түсті. Сол кезде мені Киев қаласында әскери саяси академияға шақырды. Мен сылтауратып бармай қалдым. Бұл туралы "қателігім" деп жазған болатынмын. Көп ұзамай, Гродно қаласына келіп, әскери эшелонға (поезд) мінгізді. Екі күн поезд үстінде жүрмей тұрдық. Содан бізді Украинаға алып кетті. Штаб дивизия Пирятиноға орналасты. Алпысбайым Полтаваға кетті. Сонда полк штабында байланысшы. Алпысбайдан қол үзіп қолған кезім осы кез болды. Мына бір жағдай майданда болған еді. Біз шабуылдамыз. Алдыңғы шеп сиреген. Арттан келетін толықтыру жоқ. Әр километрде бір - екі жауынгерден ғана қалған кез еді. Комдив байланысшылар батальонынан алғы шепке он адам жібер деген бұйрық береді екен. Бүкіл хабардың бәрін біз Алпысбай екеуміз үнемі біліп отырамыз. Оны өз командирлерімізге де тіс жарып айтпаймыз. Антты солай қабылдағанбыз. Бұл ант әскери анттан бөлек ант. Айтсақ, әскери трибуналға кетеміз. Сол он адам біреуі етіп комрота капитан Кузмин мені де ендіріпті. Мұны Коммутатордан Алпысбай біліп отырады. Барлығымыз да бір бөлмедеміз. Мұны маған Алпысбай өз тілімізде түсіндірді. Қазақтар сиреген кезіміз еді. Корпустың байланыс бөлімінің бастығы мені өзіне алуға дивизияның байланыс бөлімінен бұрындары сұрайтынын білуші едім. Мұны да тыңдап айтатын Алпысбай. Енді маған алдағы шептегі окопқа баруға сәл - ақ қалды емес пе? Дереу телеграф аппаратына «корпустың байланыс бөлімінін бастығын дивизияның байланыс бөлімінің бастығы сұрап жатыр» - деп, морзе әліппесімен тықылдата қойдым. Шақырып отырған мен. Аппаратқа корпус байланыс бастығы келе қойды. «Извините, вы меня ранее просили к себе. Я в курсе дела. Я Алтынбеков. Сейчас меня хотят отправить на передовую. На передовой нет солдат» - деуім мұң екен, коммутатордан дивизия байланыс бөлімінің бастығын қос деген хабар жетті. Бәрін көріп - біліп отырмыз. Бөлме ішінде комрота да, комвзвода та біргеміз. Алпысбай екеуіміз екі бастықтың сөзін білдірмей тыңдаудамыз. Жоғары бастық төмендегісіне: «Сейчас же Алтынбекова, телеграфиста, направляй ко мне со всеми вещовими - продовольственными документами. Я на место его пошлю двух бойцов!»- деді. Төменгі бастық істің мән - жайынан бейхабар екен. Кешірім сұрап, жағдайды білуге өтінді. Осылайша, үлкені кішісіне сатылап, жағдайды білу үстінде. Енді трубка комротаға келгенде, Алпысбай да, мен де түк білмегендей тым - тырыс бола қалдық. Комбат комротаға: «На месте Алтынбекова пошлю тебя. Что знаешь в аппарате морзе. На месте его ты пешка. Любой офицер может командовать ротой. Мне надо телеграфиста»- деп, комротаның жанын қысты. Ол болса қып - қызыл болып кеткен. Біз болсақ, дәнеңе білмегендейміз, көзіміздің астымен бақылаудамыз. Осы сөздердің барлығын корпус байланыс бөлімінің бастығы Алпысбайға мені де қос деп қосқызып, тыңдап отырды.Менің естелігімде "43 жылдан кейін" деп аталатын тақырыптағы комрота Кузмин осы еді. Бұл, әрине, біз қоршауға кірмей тұрған кез. Алпысбай болмағанда, алғы шепке барған адам өледі, не жарадар болады. Шегініс бола қойса, кім біледі, тұтқынға да түсіп қалады. Сөйткен Алпысбайымды газет арқылы іздеп жүрсем, ол 1953 жылдары қайтыс болыпты. Хат хабар алысқандармен жағдайды білістік. Біреуімен ғана дидарластым. "Майдандас досым, Алпысбай Собалұлы, топырағың торқа болсын, рухың жаннаттан болсын!" - деуден басқа не айтамын. Алпысбаймен елге кетер алдында 1945 жылы ноябрьде 18-і шамасында Пирятинодан Полтавамен телефон арқылы хабарластым. Онда мен отпускқа кетіп бара жатырмын деп едім. Толық адресін де алмағанмын. Сол отпускқа келе жатырғанымда, бұрын оқытушы болғандарды армиядан қайтаруға указ шықты да, военкомат арқылы қайтып бармай қалдым. Алпысбайдың соғыстан кейінгі, соғыс кезіндегі суреті менде сақтаулы. Оны маған әйелі Мәз жіберген. Кейде өткенді ойлағанда, ылғи есіме алып отырамын, суретіне қараймын, іздеу салғанымда келген жауап хаттарды оқимын. Кеш те болса, осы естелігімді жазып отырмын. Ертеректе Алпысбай туралы жазамын деген едім ғой. 20.03.1998ж. Жолым түсіп, Алпысбайдың қызы Гүлсімнің үйіне (Жұмаш деген туған інісінің қызын баурына салып алған) 2000 жылы сәуірдің соңғы күндерінде бардым. Тереңөзен ауданы, Жамбыл атындағы ұжымда екен. Шешесі Мәз де қайтыс болыпты. Әке- шешесіне құран оқып шықтым. 43 жылдан соң. Мына бір жағдай Белоруссия жерінде болған еді: Ақтөбеде құрылған 101 ерекше әскери ұлттық бригада (101- особо стрелковоя национальная бригада) 1942 ж. маиданға түсіп, үш күндей кескілескен айқаста 10 км ілгері жылжыды. Сол үш күн ішінде өзінің 75 % - қатардан шығарып алды. Майданға түсерде 9 мың адам болатын. Содан бірнеше уақыттан кеиін 51 СВКОСД ( стрелковая Витепская краснознаменная ордена Суворова дивизий) құрамына ендірген. Сол Ақтөбедегі құрамнан қалғандарымыз әлі біргеміз. Жоғарғы Қолбасшыдан ерекше бұйрық келді: майдан шебінің арғы бетінде 4 партизан отрядын жау қоршап алған. Соны қалай да болмасын қорғап қалу керек. Осы жерде бір түсіндіре кететін жағдай-мен дивизия штабында телеграфист-морзист қызметін атқарамын. Бүкіл майданда жүрген кезімдегі мамандығым-осы. Барлық құпия телеграммалар мен арқылы өтеді. Кез келген әскери бөлімдердің басшыларынан хабарды мен бұрын білемін, әрі оны құпия сақтаймын. Ол үшін әскери анттан да тысқары берген антым бар. Берген антымды ақтамасам, ешқандай сотсыз-ақ, әскери трибупалмен ату жазасына кетемін. Сонымен, біздің дивизия жаудың шебін бұзып, жау тылына кіруі керек. Майдан шебін 800м. Ендікке ашты да, біз кірген соң, қақпаны жау жағы жауып алды. Жау тылында 4 партизан отряды және 51СВКОСД. Партизан отрядындағылармен кездестік. Дивизияның штабы "Триполье" деп аталатын елді мекенге орналасуы керек деген бұйрық алдық. Орналасып та жатырмыз. Елді мекен биіктеу жерге орналасқан, жан-жағы былшылдаған шалшық, балшықты жер. Қырықшақты белорустардың үйлері екен. Әбден дағдыланған ісіміз: әскери басшылардың отыратын үйлеріне байланыс тартып жатырмыз. Өзі қыстың қысқа күні. Әлі бөлмелерге телефон орнай қоймаған. Командирлер полкпен, артиллерия бөлімшелерімен байланысу үшін шыдамай, байланыс орталығына біреуі бұқпалап, бірі тасалып, үсті-үстіне келіп жатырған. Дәл сол кезде осы елді мекеннің батыс жағында бір бөлек орман болатын. Ара қашықтығы қалайда 1км-ге жете қоймайды - ау. Үстін - үсті жан - жақтан атылып жатқан зеңбірек, минометтер. Бір кезде дәл біздің байланыс торабымыздың терезесінің алдына бір снаряд келіп жарылды да, тартып жатқан байланыс сымдарын (кабель) үзін кетті. Сол кезде жаңағы бөлек орман ішінен пулемет оғы елді мекенге борандай борасын. Бұл - жаудың барлаушылары. Мұндай жағдай бізге әбден үйреншікті болып кеткен. Әркім өз міндетін біледі, айтқызбастан орындауда. Алпысбайым коммутаторға сырттан келген байланыс сымдарын жалғауда (Алпысбай - менің өмірі бірге жүрген жолдасым, ол тұралы арнайы жазамын), мен оған көмектесіп жүрмін. Коммутаторымыз немістердің қашқан кезінде қалдырып кеткен он нөмерлі нөмернигі еді. Полк командирлері 01- ді қос дейді. Әр командирдің жасырын аттары бар. Ол бізге адам атын атағанмен бірдей 01 - дивизия командирі, 04 - штаб бастығы т. б. "Кама"! Мен "Волгамын", жауап бер? - деп зарлап жатыр. Бұлар әскери бөлімдердің аттары. - Сендер жақтағы не атыс?! - деп тағы сұрайды. Өзіміз қоршаудамыз, орманның іші. Дегенмен, кімнің қайда орналасқаны командирге белгілі. "Штабқа шабуыл жасап жатыр!" - деп шындықты айтсаң, құрыдым дей бер. Майданда ең жаман нәрсе - үрейлену. Сол сөзді айтсаң, бүкіл дивизияны үрейлендіресің. Жаңағы полк командирлеріне: "Картошка егіп жатырмыз", - деудеміз. Бұл сөзді олар түсінеді. Мина түскендігін біледі. Аякөздік Рақымжанов деген менен жасы үлкендеу бір телефонист. Сол 01 - дің үйіне байланыс тартып кеткен еді, сол жетіп келіп, 01 - дің 04 -ке штабты басқа жерге көшіру керектігін айтқан бұйрығын естіп келгенін хабарлады. Бұл - түс кезі. Байланысшылар ротасының командирі капитан Кузмин деген кісі болатын. Жаңағы хабарды алысымен, коммутатордың сымдарын бұрап тарқатпастан, жұлып алды. Жедел бұйрықтар беруде. Маған терезе алдындағы заземлениелерді жинауды бұйырды (бұл да немістерден қалған, алып жүруге қолайлы әрі жеңіл дюреалюминийден жасалған таяқша). Есіктен шығуым мұң екен, бағанағы бөлек орманнан мен тұрған үйге оқ жаусын. Мұндайда ойланып жатпайсың, жалп етіп жата кеттім де, кейін қарай жылжыдым. Бөлмеге енсем, комроты Кузмин құлап жатыр. Қасында телефон отделениесінің командирі Баймурзин .(Қандағаш станциясынан, ежелгі байланысшы). Кузминнің тізесіндегі қимылдап тұратын тобыған жаңағы мені көргенде атылған жаудың пулемет оғы ағаш дуалдан өтіп келіп, жарып кеткен екен. Кузмин маған: - Не ходи туда! Остаешься здесь. Все линии отбери и соедини напрямую. Потом следуй за нами! - деуге ғана шамасы келді. Жұлып алған коммутатор - номерник.