Керимбаев Кабдолла

  • Фото ветерана: Керимбаев Кабдолла
    Керимбаев Кабдолла

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ АДЪЮТАНТЫ

Ратбек Арынұлының "Соғыстан қайтқан және қайтпай қалған солдаттар" мақаласынан Керімбаев Қабдолла туралы сыр.
1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия мен Қызыл империя Кеңестер Одағының арасында адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған алапат соғыс басталды. Қан сел боп аққан, қаншама адамдардың қыршын өмірін қиған бұл жойқын соғыс 1405 күн мен түнге созылды. Соғыс басталған сәттен бастап бүкіл Кеңестер Одағы бойынша мобилизация басталды. Ұрысқа жарамды деген еркек кіндіктілер қиша сыпырылып тегіс соғысқа алынды.

Осы жылдың қыркүйек айында Ақсуат орта мектебінің оныншы сыныбына әдеттегідей оқушылар мектеп табалдырығын аттады. Сабақ басталып үлгірмей сыныпқа мұғаліммен бірге аудандық әскери комиссариаттың қызметкері қоса кірді. Ол қысқа ғана соғыстың басталғанын айтты да ұл балаларды тізімдеп алып соңынан қаздай шұбыртып аудандық әскери комиссариатқа алып келді. Бұлардың ішінде жасы 18-ге жаңа толған жасөспірім балаң жігіт Керімбаев Қабдолла да бар еді. Бұларды асығыс-үсігіс дәрігерлік қараудан өткізді.

....Уақыт тығыз, сөз қысқа
Кетіп бара жатырмыз
Сұрапыл бір соғысқа
- деп ақын Қасым Аманжолов жырлағандай алды-артына қарай алмай Қабдолла осылайша шұғыл түрде соғысқа аттанған еді.

Бұл кезде Алматыда 100-ші бригада жасақталып жатқан. Міне Қабдолла осы бригадаға келіп қосылды. Мұнда он алты айлық дайындық курсынан өтті. Сонда жүріп Қабаң лениногорскілік Төлеген Тоқтаров, Жұмажан Батталовтармен танысып, соғысқа кіргенге дейін бұлардың жұптары бір жазылмады.
Уақыт тез өтіп жатты. Курсты аяқтаған Қабдолла Мәскеу түбіндегі Панфилов дивизиясына келіп қосылды. Айта кететін бір жайт, И.В.Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясы да Алматыда жасақталған еді.

Бұл дивизия соғыстың алғашқы күндерінен-ақ соғысқа араласып Мәскеуді қорғады. 1941 жылдың қазан, қараша айларында Мәскеу түбінде жаумен кескілескен ұрыс жүргізеді. Қатты қарсылық көрсеткен панфиловшылар бір адым да шегінбей, жаудың бетін қайтарады. Өздері де әбден қансырап, көбі қырылып кетеді, бірақ жауды Мәскеуге өткізбейді. Мысалы, Дубосеково разъезінде жау танкісіне қарсы соғысқан 28 панфиловшының біреуі ғана тірі қалады.

Сөйтіп генерал Панфилов бастаған дивизия соғыс тарихының алғашқы бетінде-ақ өздерін даңққа бөлейді. Бұл дивизияның ерлігі бүкіл дүниені дүрліктірді. Осы ерлігі үшін бұл дивизия 8-ші гвардиялық панфиловшылар дивизиясы аталынып, Мәскеу түбінде қайта жасақталады. Сол Алматыда құрылған 100-ші бригаданың жауынгерлері осы дивизияны толықтырды. Төлеген Тоқтаров, Жұмажан Батталов және Керімбаев Қабдолла бұл дивизияға 1942 жылдың ақпан айында келіп осылай қосылған еді. Мұнда келген соң бұларды бөліп жіберді. Төлеген Тоқтаров пен Жұмажан Батталов автоматшылар ротасына кетті де, Керімбаев Қабдолла сол дивизиядағы атағы сол кезде-ақ аңызға айналып үлгірген Бауыржан Момышұлының қарамағында қалды.

Соғыс басталғанда рота, онан соң батальон командирі болған Баукең бұл кезде жоғарылап, полкты басқарып жүрген. Кейіннен Александр Бектің "Арпалыс" ("Волоколамское шоссе") кітабы арқылы Бауыржан Момышұлының атағы бүкіл Кеңестер Одағына танылды. Екі көзі шоқтай жайнаған жап-жас жігіт Баукеңнің назарына бірден ілікті. Кісі танитын Баукең көп ойланбастан Қабдолланы өзіне байланысшылыққа алып қалды. Оңқай асықтай лыпып тұрған жас жігіт Баукеңнің алып кел, шауып кел тапсырмаларын бұлжытпай орындап жүрді.

Басын небір қауіп-қатерге тіге жүріп, ол соғыс өнеріне де машықтанып алды. Соғыс қаруларын да тез меңгерді. "Қорықпа, ештеңеден тайсалма, бірақ өзіңді қорға. Ерліктің ерлігі өзіңді сақтай білу", - дейтін Баукең бұған оңаша қалған сәттерде.

Біраз уақыт өткеннен соң Баукең жас жігіттің болашағына үміт артып, арнайы офицерлік курсқа оқуға жіберді. Бұл курсты да Қабдолла ойдағыдай аяқтайды.
Енді иығына лейтенант шенін қадап келген жас офицерді полк командирі Бауыржан өзіне адъютант етіп тағайындайды. Алайда уақыт өте келе Қабаңа бұл орын олқы сияқты болып көрінеді. Бұл жүрісін місе тұтпады. Өзін нағыз қызу соғыстың ортасында сынап көргісі келді. Өзінің орыны соғыстың нағыз қайнаған ортасы деп ұғынған Қабдолла Баукеңе бірнеше рет соғысқа жіберуді сұрап өтініш білдірді.

- Білген адамға адъютант та жауапты жұмыс. Өзіңнің іс қимылыңмен, сөйлеген сөзіңмен сен командирге ақыл-кеңес беріп отырасың. Сен арқылы мен солдаттардың ойын, мұң-мұқтажын да біліп отырамын. Командирдің бұйрығы Отанның бұйрығы, понятно тебе – деді Баукең түйіліп.

- Жолдас командир, түсінем ғой. Сонда да мен үшін ең жауапты нәрсе қайнаған соғыстың ортасы, жіберіңізші мені ұрысқа – деп Қабдолла жалынғандай болды.
- Жә, сен командирдің шинелінің етегіне кіріп бас сауғалап жүрмін деп намыстанып жүр екенсің, оны сезіп жүрмін. "Ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы" - дейді атаң қазақ. Намысқой болғаның маған ұнайды, - деді Баукең гүрілдеген дауыспен. Расында Қабдолла айта алмай жүр еді, ойының үстінен дәл түсті.

- Мен сені бұйрықпен бұғаулап ұстағым келмейді, барғын соғысқа – деп рұқсатын беріп, аттандырып салды. Сөйтіп Керімбаев №249 Эстон полкы дивизиясына рота командирінің орынбасары болып тағайындалды. "Болмасаң да ұқсап бақ" - деп ұлы Абай айтпақшы даңқты қолбасшы Баукеңнің қасында аз уақыт болған Қабаң оның нағыз жауынгерге тән көптеген қасиетінен үлгі-өнеге алғандығын кейіннен жырдай ғып айтып беретін. Баукеңнің майданның шешуші сәттеріндегі төзімділігі мен батылдығы, алғырлығы жанына жігер беріп, көкірегіне ерлік отын тұтатқандай болатын. Қайда жүрсе де көз алдында Баукеңнің өр тұлғасы тұратын.

1943 жылдың қақаған қысында Великие Луки түбіндегі ұрыста жас командир батылдығымен көзге түсіп, І дәрежелі Отан соғысы орденіне ие болды. Осы жолғы қатты шайқаста Қабдолла аға жараланып, госпиталға түсті. Одан емделіп шығысымен әскери чекист ретінде ол Балтық бойы жағалауында жасырынып қалған жау бандыларына қарсы күреске қатысты. "Зеленый черт" деген жасырын атпен Литваға әйгілі болған Чернуксті тұтқындауға ат салысты. Талай-талай ауыр жылдарды басынан өткізіп, Ұлы Жеңістен кейін үш жылдай міндетті әскери қызметте болған Керімбаев 1948 жылы ғана туған елге оралып, бейбіт еңбекке бел шеше кірісті.

Елге келген соң Қабаң ішкі істер органында қызмет істейді. Алдымен Ақсуат, Көкпекті аудандарында арнайы комендатурада офицерлік лауазымды жұмыс атқарды. Ол кезде Қазақстанға зорлықпен әкелінген немістер мен шешендер арнайы есепте тұратын. Әскери чекистік тәжірибе жинақтаған Қабаң маман ретінде осы жұмыстарда болды. Кейіннен Жарма ауданында ішкі істер бөлімінде учаскелік төтенше өкіл болып қызмет атқарды.

Онан соң Ақсуат аудандық атқару комитетінде инспектор, кейіннен аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болып сайланады. Уақыт өте келе, Қабаң аудандық тұтынушылар одағында жауапты қызметтерде болды. Қай салада жұмыс істемесін Қабаң міндетті абыроймен атқарып, адамгершілік тұғырынан бір де бір төмендемеді.

Аяулы жары Қаман апай екеуі тоғыз ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Өнегелі отбасынан шыққан олардың барлығы да жоғары оқу орындарын тәмамдап, балалы-шағалы болды. Олар ұлан байтақ республикамыздың әр жерінде, әр салада абыройлы еңбек етіп жүр.

Он жылдай әскери өмір, кейіннен ауданда әр салада қызметте жүргенде де Қабдолла ағаның ойынан қазақтың біртуар ұлы Баукеңмен бірге өткізген күндері есінен бір елі кетпейтін. Ұзақ жылдар өзінің батыр командирімен кездесуінің сәті де түспеді. Арада жиырма жыл өткенде сағынышты кездесудің сәті де келді.

Аудандық тұтынушылар қоғамында қызмет істейтін Керімбаев 1962 жылы Алматының іргесіндегі Қарғалы сауда техникумына білімін жетілдіруге барды. Техникум оқытушылары бір күні осындағы адамдармен кездесуге Бауыржан Момышұлының келетіндігін хабарлады. Осылайша оған ел басына күн туған қысылтаяң шақта қол бастаған өзінің алғашқы командирімен бетпе-бет кездесуінің сәті түсті.

Бауыржан Момышұлымен кездесу соңынан немесе үзіліс кезінде сәлемдесермін деп ойлаған Қабаң акті залының ең алдындағы қатардың ортасынан орын алған. Тағатсыздана күткен кездесу де басталып, жиналғандарға Баукең бір жарым сағаттай өз басынан өткен қилы оқиғалар жайлы әңгімелеп берді. Өзіне қойылған сұрақтарға жауап беріп бола бергенде Баукеңнің көзі бір кездегі адъютантына түсіп: " Сен Қабдолласың ба?" деген саңқ еткен дауысы шыққанда:

-Дәл солай, жолдас командир – деп Қабаң орнынан қалай атып тұрғанын өзі де аңғармай қалды. Зал толы адам дүрілдетіп қол соғып жіберген сәтте, командир мен адъютанттың құшақтары айқаса түсті.

Бұл кездесу жайлы "Кооператор Казахстана" журналының 1962 жылғы №11 санында көлемді мақала да шықты. Баукең өзінің "За нами Москва" атты кітабына қолтаңба жазып беріп, Қабаңды үйіне шақырды. От пен оқтың ортасында жүрген күндерін екеуі еске алып, осы кездесудің ескерткіші ретінде сүретке түсті. Сүретте батырдың Мақпал есімді қызын көтеріп Қабдолла аға тұр. Баукең мен жұбайы Ғайникамал апай оның жауынгер шәкіртіне мейірлене қарап қалыпты.

Ратбек Арынұлы.

"Ұмытпа мені Ақжайлау" кітабынан үзінді.

Нравится