Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 124-ке жетті. Кеше вирус жұқтырған бір қазақстандықтың қайтыс болғаны хабарланған. ТМД-ның басқа да елдері қазір пандемиямен күресіп жатыр. Кей елде вирус жұқтырғандар жүзден асқан, қайтыс болғандар бар.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 124-ке жетті. Кеше вирус жұқтырған бір қазақстандықтың қайтыс болғаны хабарланған. ТМД-ның басқа да елдері қазір пандемиямен күресіп жатыр. Кей елде вирус жұқтырғандар жүзден асқан, қайтыс болғандар бар.
Бүгінде ТМД-ға мүше тоғыз ел бар. Бұл одақта коронавирус табылмаған жалғыз ел - Тәжікстан. Қалған сегіз елге вирус еніп үлгерді. Tengrinews.kz тілшісі Қазақстанмен одақтас елдерде коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандарды шолып шықты.
Ресейде - 840 адам
ТМД елдерінен коронавирус тараған алғашқы ел - Ресей. 31 қаңтарда Түмен мен Чита қалаларында вирус жұқтырғандар анықталды. Екеуі де - Қытай азаматы.
Кейін ақпаннан бастап елде вирус жұқтырғандар саны арта түсті. Соңғы екі күнде олардың саны күрт өсті. 25 наурызда 163 адамнан вирус табылса, кеше 182 адамның Covid-19 жұқтырғаны белгілі болды. Жалпы алғанда, Ресейде 840 адамнан вирус анықталған.
Бүгінде елде 38 адам вирустан айыққан. 25 наурызда Мәскеуде екі адамның коронавирустан көз жұмғаны хабарланды. Олардың жасы - 88 және 73-те. Статистика бойынша, Ресейде вирус жұқтырғандардың 0,2 пайызы қайтыс болған. Ал 4,5 пайызы толық емделген.
© Reuters
Беларусьте - 86 адам
Беларусьте коронавирус жұқтыру дерегі 27 ақпанда тіркелген. Сол кезде Иранда оқып жатқан студенттен Covid-19 анықталған.
Кейін 3 және 4 наурызда тағы бірнеше адам вирус жұқтырды. Артынша 10 наурызға дейін елде вирустың жаңа дерегі тіркелмей, кейін Covid-19 жұқтырғандар саны арта түсті. Бір тәулікте ең көп вирус жұқтыру дерегі 20 наурызда болды. Сол күні Беларусьте 18 адамнан вирус анықталған.
Бүгінде Беларусьте 86 адам коронавирус жұқтырған. Оның 77-сі Минск пен облысқа кіретін аудандардан табылған.
Бүгінде 29 адам жазылып, ауруханадан шықты. Елде вирус жұқтырғандардың 33 пайызы құлан таза айыққан. Беларусьте вирустан адам өлімі тіркелген жоқ.
Әзербайжанда - 123 адам
Ал Әзербайжанға коронавирус 28 ақпанда жеткен. Сол кезде елде вирус жұқтырған Ресей азаматы екені белгілі болған. Келесі күні тағы екі адамнан вирус табылған. Артынша 5 наурызға дейін елде вирус жұқтырудың жаңа дерегі тіркелмеген. Наурыздан бастап елде сәт сайын вирус жұқтырғандар көбейе берді.
Бұл елде коронавирус тарағанына бір айға жуық уақыт болды. Бір тәулікте вирус жұқтыру дерегі бойынша кеше ел рекорды қойылды. 26 наурызда Әзербайжанда бірден 29 адамнан вирус анықталған.
26 наурыздағы мәлімет бойынша, елде жалпы 123 адам коронавирус жұқтырған. 15 адам вирустан толық емделген. Елде коронавирус жұқтырғандардың 12,1 пайызы айыққан.
12 наурызда вирустан алғашқы әзербайжандықтың қайтыс болғаны хабарланған. Бүгінде коронавирустан көз жұмғандар саны үшеуге жетті. Әзербайжанда вирус жұқтырғандардың 2,4 пайызы қайтыс болған.
Арменияда - 320 адам
Арменияда коронавирус жұқтыру дерегі 1 наурызда тіркелген. 11 наурызда тағы үш адамнан вирус анықталған. Содан бері елде күн сайын вирус жұқтырғандар саны артып жатыр.
Соңғы он күннің ішінде Арменияда коронавирус жұқтыру дерегі көптеп тіркеліп жатыр. 16 наурызда 17 адамнан вирус анықталса, келесі күні 33, тағы бір күннен соң 32 адамнан Covid-19 табылған.
© Reuters
Арменияның бір тәуліктегі жеке рекорды 23 наурызда тіркелді. Бұл күні елде 41 адамнан вирус анықталған. 27 наурыздағы дерек бойынша, елде бір тәулікте 30 адам вирус жұқтырған. Бүгінде олардың саны 320-ға жетті. 18 адам вирустан толық жазылған. Бұл - 5,6 пайыз.
Кеше Арменияда алғаш рет коронавирустан адам өлімі тіркелді. 72 жастағы әйел көз жұмды. Статистика бойынша, елде вирус жұқтырғандардың 0,3 пайызы қайтыс болған.
Молдовада - 177 адам
Молдовада коронавирус 8 наурызда анықталды. Алғашқы науқас 28 ақпанда Италияда ауруханаға түсіп, артынша ұшақпен Молдоваға оралғаны хабарланды.
Бүгінге дейін елде вирус жұқтырғандар саны артып жатыр. Мысалы, 23 наурызда 15 адамнан вирус анықталса, 26 наурызда бір тәулікте 28 адамның Covid-19 жұқтырғаны хабарланды.
Осылайша, қазір Молдовада 177 адам вирус жұқтырған.
18 наурызда Молдовада коронавирустан адам өлімі тіркелді. Италиядан келген 61 жастағы әйел қайтыс болған. Елде коронавирустан адам өлімі - 0,56 пайыз.
© Reuters
Өзбекстанда - 83 адам
Өзбекстанда коронавирус жұқтыру дерегі 15 наурызда тіркелді. Өзбекстан азаматы елге Франциядан келгені хабарланған.
27 наурыздағы мәлімет бойынша, елде бір тәулікте 8 адамнан вирус табылған. Осылайша, Өзбекстанда 83 адам коронавирус жұқтырған. Олардың - 11-і дәрігер.
Бүгін Өзбекстанда коронавирустан алғашқы адам өлімі тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігі 72 жастағы әйел адамның вирустан қайтыс болғанын хабарлады. Ол ауруханаға кеше түскен.
Статистика бойынша, елде вирус жұқтырғандардың 1,2 пайызы көз жұмған. Өзбекстанда коронавирустан жазылғандар туралы дерек жоқ.
Қырғызстанда - 44 адам
Қырғызстанда коронавирус анықталғаны 18 наурызда хабарланған. Сол кезде елдің денсаулық сақтау министрі үш адамның вирус жұқтырғанын мәлімдеген еді.
Бүгінге дейін елде 44 адамнан вирус анықталған. 24 наурызда елде бірден 26 адамнан вирус табылған.
Бішкекте үш адам Covid-19 жұқтырған. Ең көбі - Ош пен Джалал-Абад облыстарында. Ошта 20 адамнан, Джалал-Абад облысында 19 адамнан вирус анықталған.
Елде коронавирустан қайтыс болғандар мен одан жазылғандар жоқ.