22 марта 2021 | 13:00

"14-нен бастаймыз". Шетел қазақтары Наурызды қалай тойлайды?

Tengrinews.kz коллажы

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы - күн мен түннің теңесетін күні. Бұл күні жеті түрлі дәмнен Наурыз көже, бауырсақ пен шелпек пісіріліп, дастархан жайылады. Ал шетелге көшіп кеткен не білім алып жатқан отандастырымызда ондай мүмкіндік бола бермейді. Себебі жергілікті дүкендерде Наурыз мейрамында пісірілетін тағамдарға қажет заттар болмай жатады. Шетелде тұрып жатқан қазақтар Наурызды қалай мерекелейді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.  

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы - күн мен түннің теңесетін күні. Бұл күні жеті түрлі дәмнен Наурыз көже, бауырсақ пен шелпек пісіріліп, дастархан жайылады. Ал шетелге көшіп кеткен не білім алып жатқан отандастырымызда ондай мүмкіндік бола бермейді. Себебі жергілікті дүкендерде Наурыз мейрамында пісірілетін тағамдарға қажет заттар болмай жатады. Шетелде тұрып жатқан қазақтар Наурызды қалай мерекелейді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында.  

"Кореяда наурыз көже пісірмеймін"

Реклама
Реклама

Диана Сағиева отбасымен біраз жыл Алматыда тұрып, артынша 2014 жылы көшіп кеткен. Өзі ірі косметика компаниясында сатушы болып қызмет етеді. Оның айтуынша, 22 наурызда Кореяда жұмыс күніне түсіп тұрғандықтан, мейрамды тойлауға уақыт болмайды.

"Жұмыс көп. Ал кешке үйге келіп, шелпек пісіріп, Қазақстаннан келген таныстарымызға ауыз тигіземіз. Балаларымыз да шелпекті жақсы көреді. 

Кореяда наурыз көже пісірмеймін. Себебі біз Қазақстанда наурыз көже пісірмейтінбіз. Наурыз көже туралы 90-жылдары біле бастадық. Қарағандыда тұратынбыз, ал ол өңірде көбіне өзге ұлт өкілдері тұратын. 90-жылдар қиын кезеңдер болатын, анам ағам екеуімізді бақты, мейрамға уақыт болмайтын. Ал 2000 корей жігітін кездестірдім, ол кезде ортам интернационалдық болатын. Корей асханасын үйрене бастадым. Ал қазір Кореяда тұрып жатқандықтан көжеге қажет заттарды табу қиын. Үйде де тамақ көп жасамаймыз. Бұл елде тамақты үйде дайындағаннан гөрі, сырттан ішкен арзан түседі", - дейді ол. 


Фото: instagram.com/dianasagi

Диананың сөзінше, биыл коронавирусқа байланысты Наурызды бірнеше адам болып жиналып тойлау мүмкін емес. 

"Кореяда түрлі шараға қатысуға тырысамыз. Мысалы 2019 жылы Сеулге барып, мерекені қырғыз, өзбек ұлтының өкілдерімен тойладық. Орта Азия елдерінің елшіліктері Чонгечон бұлағының жанында ірі көлемде мереке ұйымдастырған болатын. Бірақ коронавирусқа байланысты ешкіммен кездесе алмаймыз. Достарымыз бен жақындарысызды виртуалды түрде құттықтап шығамыз. 

Мереке күні шелпек, бауырсақ, тәтті-дәмділер дайындаймын. Қара шайды "орыстарға арналған" дүкеннен сатып алуға болады. Бұл жерде қазақ болсаң да, өзбек болсаң да жергілікті тұрғындар үшін біз "орыспыз", себебі бәрі бір-бірімен орысша сөйлесіп, түсініседі", - дейді Диана Сағиева. 


Фото: instagram.com/dianasagi

"Бір күнде екі қуаныш"

Ал Ботагөз Тыныбаева жары Сабыржанмен 2019 жылы Эстонияға көшіп кеткен. Олар шетелге көшуге жақындарымен ақылдасып шешім қабылдаған. Ол Наурыз мейрамында бір күнде екі қуанышты күн атап өтілетінін айтады. 

"Біздің Наурыз мейрамында қуанышты күн болған болатын: сол күні менің құлағыма сырға салынды. Сондықтан бір күнде екі мерекені атап өтеміз.

Наурыз көже жасау қолымнан келмейді. Бірақ міндетті түрде бесбармақ пен бауырсақ пісіремін. Одан бөлек, жақындарымызға хабарласып, тілек айтып, бір-бірімізді құттықтаймыз", - дейді ол. 

"Күйеуім француз болғанымен, Наурызды қатты жақсы көреді"

Гүлзира Ричард - Алматы қаласының тумасы. Бүгінде Ұлыбритания астанасы Лондонда тұрып жатыр. Бір қызығы, ол шетелге 15 жасында өзі жалғыз көшіп кеткен. Гүлзира күйеуінің тегін алған. Оның жары - Франция азаматы. Қазақстанда танысқан. Бүгінде олардың Амели есімді қызы бар. Гүлзираның сөзінше, олар отбасымен Наурыз мерекесін тойлауға алдын ала, бірнеше күн бұрын дайындалады. 

"Әрине, Наурыз - ежелден қалыптасқан, жыл бастау мейрамы. Сондықтан біз отбасымызбен бірнеше күн бұрын дайындаламыз: үйді тазалап, әрлеп, жақсы қарсы алуға тырысамыз. Отбасымызбен наурызды 14 наурыздан 22 наурызға дейін тойлаймыз. Наурыз көже жасауға тырысамын. Себебі Лондонда тұрып жатқандықтан айран табу қиынға соғып жатады. Сол үшін айранды үйде жасап, жеті түрлі дәмді қосып, Наурыз көже жасауға тырысамын", - дейді Гүлзира. 


Фото: instagram.com/gulzira_richard

Отандасымыздың сөзінше, олар Наурызды жыл сайын толайды. 

"Себебі Лондонда қазақ халқыны, жалпы Орта Азия халқының үлкен диаспорасы бар. Сол үшін жыл сайын UCL (University College London) университеті наурызды тойлауға шақырады. Бәрі жиналып, керемет концерт өткізеді. Тамақ дайындап, сусындар ұсынып, наурыз көже мен бауырсақ дайындап, бәріміз бірге өткізуге тырысамыз. 

Ал үйде наурыз көжеден бөлек, бесбармақ, бауырсақ пен шелпек, палау және мәнті секілді тағам түрлерін жасаймыз. Отбасым да Наурыз мерекесіне деген көзқарасы жақсы. Менің күйеуім француз болғанымен, ол Наурыз мейрамын өте қатты жақсы көреді. Сол күні қызым екеуіміз кәзекейімізді киіп жүреміз. Одан бөлек, сырға-сақинамыз бен шашыма шашбау тағып жүремін. Ал күйеуім қазақтың шапанын киіп алады. Осы күні бәріміз ерекше керемет көңіл-күйде жүреміз", - дейді ол. 

Италия "қызыл" аймақта

Нұрбақыт Шаймағанбетова Миланда тұрып жатқанына 5 жыл болған. Италияға магистратура бағдарламасы бойынша оқуға түскен ол сол елде "fashion индустрия" саласында жұмыс істейді. Нұрбақыт шетелде жүрген кезде "өз ортасын сағынатынын айтады". 

"Ең алдымен барша қазақстандықты Наурыз мейрамымен құттықтағым келеді. Миланда тұрып жатқаныма алты жылдай болды және біз жыл сайын ұлттық мейрамды таныту үшін, қуанышымызды өзгелермен бөлісіп отырамыз, себебі шетелде жүрген кезде "өз ортаңды" сағынасың, өз тіліңде сөйлеп, отандастарыңды көріп, ұлттық мейрамымызды тойлағымыз келеді. Өкінішке қарай, көп танысымызбен тек мейрам күндері кездесеміз. Тек қазақстандықтар емес, сонымен қатар, азаматтығын ауыстырғандар, шетелдік қонақтар да келіп жатады, олар біздің асханамыздан дәм татып, жаңа адамдармен танысқысы келеді", - дейді кейіпкеріміз. 

Оның айтуынша, бүгінде Италия "қызыл" аймақта тұрғандықтан Наурызды онлайн режимде, үйде қарсы алады. 

"Өкінішке қарай, пандемия Италияға қатты әсер етті. Бір жыл бұрын қатаң карантин жарияланып, адамдар жиналмақ түгілі жұмысқа да шыға алмай, үйде отырды. Наурызды үйімізде, бір-бірімізді құттықтап қарсы алдық. Енді 2021 жылы Наурызды тойлаймыз деп отырғанда "қызыл" аймаққа тап болдық және қайтадан қатаң карантин жариялана ма деп қорқып отырмын. Сондықтан биыл да Наурызды әркім өз үйінде онлайн режимде тойлаймыз, себебі Италияда мейрамханалар жабылған.  

Бірақ наурыз көже пісіремін деп ойламаймын. Шынымды айтсам, оны анамның мәзірі бойынша жасай алсам да қатты ұнатпаймын. Италияда мейрам шынымен сезілуі үшін оны жасайтындар бар. Ал міндетті түрде бауырсақ жасаймын. Себебі мен бауырсақты қатты жақсы көремін!" - дейді Нұрбақыт.  

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная