Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
14 декабря 2020 17:01

"15 жасымда жалғыз көшіп кеттім". Лондонда тұрып жатқан қазақ қызы өмірі, отбасы мен қызметі туралы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Гүлзира Ричард отбасымен © Жеке архивінен Гүлзира Ричард отбасымен © Жеке архивінен

Гүлзира Ричард - Алматы қаласының тумасы. Бүгінде Ұлыбритания астанасы Лондонда тұрып жатыр. Бір қызығы, ол шетелге 15 жасында өзі жалғыз көшіп кеткен. Tengrinews.kz тілшісі Лондонда білім алып, бүгінде табысты қызмет етіп жүрген отандасымызбен сөйлесті. 


Гүлзира Ричард - Алматы қаласының тумасы. Бүгінде Ұлыбритания астанасы Лондонда тұрып жатыр. Бір қызығы, ол шетелге 15 жасында өзі жалғыз көшіп кеткен. Tengrinews.kz тілшісі Лондонда білім алып, бүгінде табысты қызмет етіп жүрген отандасымызбен сөйлесті. 

Гүлзираны ата-анасы шетелге өздері жіберген. Ол мектепті де, жоғары оқу орнын да Лондонда бітірген. 

"Ата-анам Алматыда. Әкем профессор болған. Ал анам қазақ тілі пәнінен сабақ берген. Өзімнен үлкен әпкем бар. 15 жасымда шетелге кетіп қалдым. Мектеп, бакалавр, магистратураны Лондонда бітірдім. Шетелдіктерге арналған ағылшын методикасымен оқытатын мектепте білім алдым. 18 жасымда Оксфорд колледжіне түстім. Біраз уақыт Лондонда жұмыс істедім. Мамандығым - қаржы сарапшысы. Кейіннен Қазақстанға қайтып келдім. Біраз уақыт ата-анамның жанында болып, жергілікті банктердің бірінде бас маман болып жұмыс істедім. Елде бір-екі жыл жұмыс істеп, бәрібір Ұлыбританияны аңсап тұрдым да 23 жасымда қайтадан кетіп қалдым. Сөйтіп Шотландияның Абердин университетіне магистратураға түстім. Оны бітіргеннен кейін қайтадан Лондонға қайтып келдім. Бұл жерде де қаржы сарапшысы болып бірнеше жерде жұмыс істедім", - дейді Гүлзира. 


Гүлзира Ричард

Ол 15 жасында Лондонға өзі жалғыз кеткен. 

"Ата-анам Ұлыбританияда оқысын, білім алсын деген оймен жіберді. Ол жерде мен ирландиялықтардың отбасында тұрдым. Оларды біздің мектеп қамқоршы отбасы ретінде бекітіп берді. Алғаш ол кісілермен тұрған кезде қорықтым. Себебі бұған дейін ирландиялықтар туралы көп естігенмін, олар қызуқанды деген секілді ой қалыптасқан. Бірақ сол кездегі екінші анам мені өте жақсы қарсы алды. Ағам мен әпкем болды. Екі-үш жыл бірге тұрып, өте жақсы араласып кеттік. Барлық мейрамды бірге қарсы алдық.

Шетелге 15 жасымда өзім жалғыз шығуға еш қорықпадым. Бір сөзбен айтқанда керемет сезімде болдым. Себебі Лондонға көп адам бара бермейді. Бұл шетелге ең алғаш шығуым. Сонымен 13 жылдан бері Ұлыбританияда тұрып келе жатырмын", - дейді Гүлзира. 

Кейіпкеріміздің сөзінше, Лондонда жұмысқа орналасу оңай емес. Ол үшін бірнеше кезеңнен өту керек. 

"Себебі Ұлыбританияға көптеген елден адамдар келіп жұмыс істегісі келеді. Сондықтан адамдарды жұмысқа қабылдау процесі қиын. Жергілікті таныстарымнан не істеу керегін сұрап, ақыл-кеңес сұрадым. Олардың сөзінше, егер сен ұлыбританиялық болсаң, саған басқаша қарайды. Бірнеше сұхбаттан өттім. Осыған дейін 100 шақты сұхбаттан өткен шығармын. Бірақ бір жұмысқа кіру үшін бірнеше кезеңнен өтесің. Біріншісі - тест, екіншісі - сұхбат. Үшіншіден, тапсырған тестіңе баға беріп, сөйлеседі. Төртінші кезең - бас менеджермен сұхбат және бесіншісі - бас директорлармен сөлесу. Бес кезеңнен өткеннен кейін ғана шешім қабылданады", - дейді ол. 

Гүлзира ең алғашқы табысы туралы әңгімелеп берді. Айтуынша, мектептегі оқуымен қатар жұмыс істеп жүрген. 

"Ең алғаш 16 жасымда бірінші жалақымды алдым. Ол кезде сабағыммен қатар мейрамханада менеджер болып жұмыс істедім. Лондон қымбат қалалардың бірі. Әрине, ата-анам да ақша жіберіп тұратын, ол да жететін. Бірақ өзімнің кішігірім бюджетім болса, өзіме ұнайтын, қажет заттарды да сатып алсам дедім. Ең алғашқы табысым - 500 фунт (қазіргі бағам бойынша, шамамен 280 мың теңге) болды. Алдымен анама қызыл, әдеміше пәлте сатып алып бердім де жібердім. Ал өзім бірінші рет Starbucks-қа барып, өзіме күшті бір түскі ас ұйымдастырдым: сэндвич, кофе, мармелад алғаным есімде", - дейді ол. 

Гүлзира Ричард отбасымен 

Бүгінде Гүлзира Лондондағы маркетинг компаниясында қаржы сарапшысы болып жұмыс істейді. Бірақ қазір пандемияға байланысты онлайн жұмыс істеп жатыр екен.

"Жолдасым IT саласында кеңесші. Әзірше Қазақстандамыз. Жұмысымның бәрі есепке байланысты. Көп адам менің жұмысым қиын деп ойлайды. Өз жұмысымды өте қатты жақсы көргендіктен болар, мен үшін жұмысым қиын емес. Кішкентайымнан аналитикалық ақыл-ой жүйем жақсы дамыған. Кеңсеміз Лондонның орталығында орналасқан. Бұл жердегі жалақы да жоғары. Бірақ қазір пандемияға байланысты көптеген қызметкер еңбек демалысымен кетті. Жалпы Лондондағы орташа жалақы 2000 фунт (шамамен 1 122 000 теңге). Оны көбіне жоғары оқу орнын бітірген студенттер алады. Бізге қазан айына дейін осы орташа жалақыны төлеген. Ал қаңтар айынан бастап жалақыны толық төлейді. Менің осыған дейінгі жалақым 2500 фунт (шамамен 1,4 миллион теңге) болды", - дейді Гүлзира. 

Гүлзира күйеуінің фамилясын алған. Оның жары - Франция азаматы. Қазақстанда танысқан. Бүгінде олардың 1,5 жасар Амели есімді қызы бар. 

"Туған жері Леон қаласы. Біз Қазақстанда таныстық. Әрине, қазақ жігітіне тұрмысқа шықсам деп ойладым. Бірақ өмір бәрін өз орнына қойды. Ол Қазақстанға орыс тілін меңгеруге келген. Мен жұмыс істеп жүрген кезде түскі асқа бірге барғанбыз.

Ата-анам, жақындарым екеуміздің бас қосуымызға еш қарсы болған жоқ. Себебі әкем Орынбордың қазағы, өзі орысша тәрбие алған. Әкем маған: "Қызым, өзің қалай қарайсың? Шетелдің азаматы. Не істейсің? Ойың қандай?", - деп сұрады. Мен ойланып, "Әр ұлтта жақсы да, жаман да адам болады. Бірақ бұл жүрегімнің таңдауы. Егер сіз батаңызды берсеңіз, мен дайынмын" дедім. Әкем менің шешімімді құптады. Күйеуім мен әкем өте жақсы тіл табысып кетті. Ал әпкем мен секілді біраз жыл шетелде тұрған, білім алған, көзі ашық адам. Сондықтан ол жағынан проблема болған жоқ. 

Біз 2018 жылы үйлендік. Басында тек тіркеуден өтіп, аздаған жақын туысымыздың басын қостық. Кейіннен бір жылдан кейін Леон қаласында 250 адамға той жасадық. Той қазақ және француз дәстүрі бойынша аралас түрде өтті. Тойға келетін қонақтарға қазақстандық шоколад, киіз үйлер мен ойыншықтардың бір шабаданын алып кеттім де тойбастарға салдым. Той қазақша әндер, қазақтың күйімен сүйемелденді. Қазақтың әдемі дәстүрін көрсетуге тырыстық", - дейді Гүлзира.

Гүлзираның сөзінше, күйеуінің туыстары да оны жақсы қарсы алған. 

"Олар өте керемет жандар. Алғаш мені туған күніне үйге шақырған. Қатты қобалжыдым. Шынымды айтсам, мен өте бақытты жанмын. Себебі менің күйеуім, оның ата-анасы керемет жандар. Тіл білмегендіктен қиын болады деп ойладым. Бірақ шынымды айтсам ойым мүлде өзгерді. Бірақ қазір француз тілін үйреніп алдым. Қазір жалпы бес тіл: қазақ, орыс, ағылшын, француз және итальян тілін білемін", - деді ол. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети