Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
06 мая 2020 11:58

"Ақшалай да, заттай да көмек беріледі" - Кореяда тұратын қазақ елде COVID-19 қалай басылғанын айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Диана Сағиева қызымен © Жеке архивінен Диана Сағиева қызымен © Жеке архивінен

Оңтүстік Корея - COVID-19 жұқтырғандар саны бәсеңдеп келе жатқан елдердің бірі. Ақпан айында Оңтүстік Корея елі коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан кейін екінші орында болған. Ал қазіргі статистика бойынша 38-орынға түскен. Коронавирус пандемиясы басталғалы елде 10 мыңнан аса адам COVID-19 жұқтырса, оның 9 333-і айығып шыққан. Жалпы 255 адам қайтыс болған. Корей елінде отбасымен тұрып жатқанына алты жыл болған Диана Сағиеваның айтуынша, бұған елдің мықты медицинасы себеп болған. Tengrinews.kz тілшісі отандасымызбен сөйлесіп, елдегі жағдайды сұрап білді.


Оңтүстік Корея - COVID-19 жұқтырғандар саны бәсеңдеп келе жатқан елдердің бірі. Ақпан айында Оңтүстік Корея елі коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан кейін екінші орында болған. Ал қазіргі статистика бойынша 38-орынға түскен. Коронавирус пандемиясы басталғалы елде 10 мыңнан аса адам COVID-19 жұқтырса, оның 9 333-і айығып шыққан. Жалпы 255 адам қайтыс болған. Корей елінде отбасымен тұрып жатқанына алты жыл болған Диана Сағиеваның айтуынша, бұған елдің мықты медицинасы себеп болған. Tengrinews.kz тілшісі отандасымызбен сөйлесіп, елдегі жағдайды сұрап білді.

Диана Сағиева отбасымен біраз жыл Алматыда тұрып, артынша 2014 жылы көшіп кеткен. Өзі ірі косметика компаниясында сатушы болып қызмет етеді. Оның айтуынша, қазір Кореядағы ахуал тұрақты, жағдай бақылауға алынған. Соңғы бірнеше тәулікте COVID-19 жұқтырған адам тіркелмеген.

"Қаңтардан бастап бүкіл ауруханың дайындығы мықты болды. Мектеп, аурухана, мекемелердің кіреберісіне дене қызуын өлшеуге арналған құрылғылар қойылды. Көптеген қоғамдық орында, тіпті автобустарда қолға арналған санитайзерлер көптеп орналастырылды. Ірі дүкендерді бір тәулікке санитарлық тазалауға жапты. Метроларды арнайы құралдармен күнде тазалайды. Тіпті біздің кеңсе де тазалауға жабылды", - дейді Диана.

Диана Сағиева қызымен © Жеке архивінен

Диана Сағиеваның айтуынша, мемлекет тарапынан коронавирусқа байланысты ақшалай да, заттай да көмек беріледі.

"Ақпаннан бастап балалар қосымша сабақтарға баруды тоқтатты. Баланы қажет мөлшерде тамақтандыру үшін қызыма мемлекет тарапынан бөлінген азық-түлік әкеле бастады. Оны үй-үйге таратады. Сондай-ақ кенже қызым үшін бір жолғы әлеуметтік төлем берілді. Ол 7 жастан кіші балалары барларға беріледі. Әркімге әрқалай беріледі, ол тұратын аудан мен қала бюджетіне байланысты. Мәселен, біз Чолланамдо провинциясындағы Кванджу қаласында тұрамыз. Бізге 300 доллар берілді. Сондай-ақ, біз 400 доллар көлемінде көмек алдық. Ол барлық отбасына берілді. Мен жеке кәсіпкер болғандықтан сәл аздау алдым. Ал жағдайы төмен адамдар көбірек алады", - дейді Диана.

Кейіпкеріміздің сөзінше, Тэгу қаласындағы Щинчонджи шіркеуінің қызметкерлері коронавирусқа тест тапсырудан бас тартып, олар мыңдаған адамға жұқтырғандықтан ақпаннан бастап елдегі бүкіл шіркеу жабылған. Ал мектептер мен жоғары оқу орындары қаңтар, ақпанда демалыс болғандықтан жабылған.

"Сондықтан сол кездегі карантин уақытында тек балабақшалар жабылды. Жалпы білім мекемелері әлі де жабық. Тек 16 мамырдан бастап оқи бастауы мүмкін. Қазір ол жағы әлі талқыланып жатыр", - дейді Диана.

Корейлік оқушылар әлі де онлайн-оқып жатыр екен. Кіші сыныптағы оқушыларға арнайы тегін планшет берілген.

"Бірақ оны карантин біткеннен қайтаруымыз керек. Балалар қиналып қалмауы үшін тегін берілді. Ол тек сабақ үшін қолданылуы керек, ойындар жүктеуге болмайды. Сондай-ақ кітаптарды тегін алдық", - дейді кейіпкеріміз.

Ал кинотеатрлар мен сауда орталықтары жабылмаған, тек ол жерге баратын адам саны әлдеқайда азайған. Диана мұны корейліктердің тәртіпке бағынатындығымен байланыстырды.

"Бізге үнемі "өтініш, адам көп жиналған жерде маска тағып жүріңіз" немесе "мүмкіндігінше халық көп жиналған қоғамдық орындарға бармаңыз" деген секілді хабарлар ұялы телефонға жиі келеді. Сондықтан көп адам ешқайда шықпауға тырысады. Бір жақсысы, Кореяда интернет-шопинг пен тамақ жеткізу қызметі өте жақсы дамыған", - дейді кейіпкеріміз.

Корейліктерді коронавирус басталғалы азық-түлік тапшылығы мазаламаған көрінеді. Себебі, Диананың айтуынша, жалпы Кореяда азық-түлік мол. Тек қорғаныш деңгейі ең жоғары KF94 медициналық маскасының тапшылығы болған. Бұл жағынан халық арасында дүрбелең тумауы үшін билік маскаларды сатуда қызық әдіс ойлап тапқан. Яғни, маска сатып алушының туған күніндегі сан бойынша сатылады.

Суреттегі жазу: дүйсенбі туған күндері 1 және 6 санына аяқталатындар, ал сейсенбі 2 және 7 сандарына аяқталатындар сатып ала алады. Тағысын тағы.

"Ал сенбі және жексенбіде басқа күндері маска ала алмағандар сатып алады. Өзіңмен бірге төлқұжатың болуы керек. Бізге жұмыста фильтрін ауыстыруға болатын маска берілді. Олар әдетте 40 доллар тұрады. Жалпы дүкендерде қарапайым маскалар жеткілікті болды. Негізі корейліктерде коронавирусқа дейін де маска тағу үйреншікті дүние болған", - дейді кейіпкеріміз.

Диананың айтуынша, қоғамдық орындағы адам саны да айтарлықтай азайған. Тіпті кей күндері автобуста жалғыз өзі ғана барған күндері болған. Ал Кореяның аз уақыт ішінде коронавирус деңгейін бәсеңдетуіне денсаулық сақтау жүйесінің мықты болуы әсер еткен екен.

"Кореяның денсаулық сақтау жүйесі өте мықты. Тіпті 2018 жылдың қорытындысы бойынша дүниежүзіндегі ең үздік медицина екенін оқып қалғанмын. Оны статистика да көрсетіп тұр: ақпанда Корея COVID-19 жұқтырғандардың саны бойынша Қытайдан кейін екінші орында болған. Ал қазір біршама төмен түскен және адам өлімі тіркелмеді. Науқастардың саны да біраз елге қарағанда аз. Айтпақшы, науқастарды, дене қызуы жоғары адамдарды ауруханаға кіргізбейді. Себебі операциядан кейін немесе әлсіз науқастар вирусты жұқтырып алу қаупі жоғары. Вирус белгілері бар науқастың үйіне дәрігерлер тест жинағымен барады. Ал ауруханаға өзі келген адамды тест нәтижесі шыққанша арнайы палаталардан шығармайды. Бүгінде корейліктер нәтижесі жарты сағатта шығатын экспресс тест жасап шықты", - дейді Диана.

Кореядағы экспресс тесттер

Диананың сөзінше, коронавирусқа байланысты аса үрей жоқ. Тек вирус туралы хабардың көп болуы, күніне 5-6 рет келетін хабарлама мезі ететін көрінеді.

"Соңғы кездері Кореяда коронавирус елдегі адамдардан гөрі шетелден келгендерден анықталып жатыр. Елге келетіндер 14 күн үйден шықпауы керек, оларға мемлекет тарапынан азық-түлік беріледі. Бірақ, әрине, пәтер ақысын өздері төлеуі керек. Карантин режимін бұзғандарға айыппұл салынады. Оны телефондағы арнайы бағдарлама арқылы бақылап отырады", - дейді кейіпкеріміз.

Диана 1,5 миллион тұрғыны бар Кванджу қаласында тұратындықтан аса бір қорқыныш жоғын айтады. Себебі қала бойынша тек 9 адамнан COVID-19 анықталған. Оның үстіне үнемі витаминдер ішіп, жақсы тамақтанып, уақытында ұйықтайды екен.

"Көптеген корейлік шайдың орнына женьшень тұнбасын және пайдалы шөптер ішеді. Ол тек коронавирус кезінде емес, жалпы. Оның да бір мәні болар. Дегенмен көбіне организмі әлсіз, диабеті барлар, онкологиялық ауруы барлар және қарт адамдар вирусты тез жұқтырады. Ал жалпы Корея коронавирусты өз бақылауына алды деуге болады", - дейді Диана.

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 449.3   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети