1. Главная
  2. Узнай
  3. Жизнь
  4. Фрагменты

"Дәрігер жалақысы 1,5 мың еуродан басталады". Эстонияда тұратын қазақ қызының өмірі

  • 17
Ботагөз Тыныбаева  © instagram.com/sabo.travel Ботагөз Тыныбаева © instagram.com/sabo.travel

Ботагөз Тыныбаева жары Сабыржанмен осыдан бес ай бұрын Эстонияға көшіп кеткен. Кейіпкеріміздің айтуынша, Эстонияда кадр тапшылығы жоғары. Одан бөлек, Эстония тұрғындарға арналған көптеген мүмкіндігімен баурап алған көрінеді. Ботагөздің негізгі мамандығы - эпидемиолог дәрігер. Кейіпкеріміз Tengrinews.kz тілшісіне елдегі мүмкіндіктер мен медицина саласы туралы әңгімелеп берді. 

"Балаларымызға жақсы өмір және жарқын болашақ сыйлау үшін көштік"

Ботагөз жары Сабыржанмен Эстонияға көшуге жақындарымен ақылдасып шешім қабылдаған.

"Біз балаларымызға жақсы өмір және жарқын болашақ сыйлау үшін шетелге көшуге шешім қабылдадық. Бұл жайлы жұбайыммен үйдегілермен ақылдаса бастадық. Отбасымыз бізге демеу болып, қолдады. Сосын отырып жоспар құрып, анализ жасап, таңдауымыз Эстонияға түсті. Неліктен Эстонияны таңдадық? Себебі бұл елде адамдар аз қоныстанған. Мұнда адамдар аз болғандықтан потенциалымызды көрсетуге осы елге келдік", - дейді Ботагөз.

Ботагөз жары Сабыржанмен © instagram.com/sabo.travel

Ботагөз бен Сабыржан шетелге көшерде ең алдымен елдің қауіпсіздігіне назар аударған. 

"Маған ұнағаны бұл елде үнемі тыныштық орнаған. Өзге елдердей митинг болмайды. Сосын өз басым адам көп шоғырланған жерлерді аса ұнатпайтындықтан, халықтың аздығы да ұнады. Әрине, тек турист болып келген кезде ұнауы мүмкін. Бірақ тұрақты өмір сүретін ортаны таңдаған кезде жайбарақат жүргің келеді. Қысым болғанын қаламаймын.

Ең алдымен қауіпсіздік жағына назар аудардық. Отбасыңмен келгеннен кейін, балаларың митинг, қылмыс көп болатын елде тұрғанын қаламайсың. Ол - ең бастысы. Одан бөлек Эстонияда кадр тапшылығы болғандықтан да осы елге қоныс аудардық", - дейді кейіпкеріміз. 

Медицина қызметкерлерінің жалақысы 1,5 мың еуродан басталады

Кейіпкеріміз медицина қызметкері болғандықтан Эстонияда да өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаспақ. Алайда ол үшін ең алдымен тіл меңгеру қажет екен. Ол үшін мемлекет тарапынан эстон тілін үйренуге тегін курстар қарастырылған. 

"Қазіргі уақытта мен тек тіл үйренумен айналысып жүрмін. Себебі медицина саласында елдің тілін білмесең жұмысқа орналасу өте қиын. Бұл жерде дәрігерлерге жақсы жағдай жасалған. Жалақысы да жоғары. Тек Эстонияда емес, көптеген Еуропа елінде медицина саласында жұмыс істеу үшін дипломыңды растауың керек.

Сондықтан мен тіл үйреніп, емтихан тапсырып, стратификациядан өткеннен кейін ғана жұмысқа орналаса аламын. Қазіргі таңда мен үйдемін. Мемлекеттен эстон тілін үйренуге көптеген мүмкіндік беріледі. Одан бөлек үйде онлайн сабақтан өтемін. Себебі мұнда жұмысқа орналасу үшін эстон тілін белгілі бір деңгейде білуің керек", - дейді Ботагөз. 


© instagram.com/sabo.travel

Ботагөздің айтуынша, Эстониядағы медицина қызметкерлерінің жалақысы басқа мамандықтарға қарағанда әлдеқайда жоғары. 

"Жалпы жоғарыда айтып өткенімдей тек медицина қызметкерлері емес, жалпы кадр жетіспеушілігі жоғары. Дәрігерлердің жалақысы басқа салаға қарағанда әлдеқайда жоғары. Қазақстандағы білікті мамандардың еңбегі бағаланбайтыны жанға батады. Біздің елде де дәрігер мамандығының сұранысы артып, жалақысын өссе екен деген ой болады. ЖАлпы елдегі медицина қызметкерлерінің жалақысы әртүрлі.

Мәселен, тіс дәрігерлері шамамен 4,5 мың еуро, алғашында тәжірибесі жоқ дәрігерлер 1,5 мың еуро алады. Фармацевтика саласындағы мамандар да 1,5 мың еуро алады, ал эпидемиологтар шамамен 2-2,5 мың еуро алады. Бұл әрине шамамен алғандағы жалақы", - дейді кейіпкеріміз.

"Елде жалақы аз болғандықтан жұмыс істей алмадым"

Ботагөз Қазақстанда жалақы аз болғандықтан жұмыс істей алмаған. 

"Өмір жолың енді басталған кезде, қаржы жағынан қиындық туады. Менің үлкен армандарым болды, саяхаттап, ел көргім келді. 

Қазақстанда неміс фармацевтика компаниясында қызмет еттім. Ол жұмысыма алғысым шексіз. Себебі шетелде өткен тренингтер арқылы ел-жер көріп, біліміңді дамытуға мүмкіндік берді. Шетелге шыққан сайын өзіме мақсат қойдым", - дейді Ботагөз. 


© instagram.com/sabo.travel

Ботагөз Тыныбаеваның айтуынша, Эстонияда тұрақты өмір сүретін адамға жеңілдіктер қарастырылған. 

"Қазақстанда төлқұжат. Сол секілді Эстониядағы құжат ID карта деп аталады. Ол адам тұруға ықтиярхат тапсырған кезде ғана беріледі. Оны алу процесі аса қиын емес, көп уақыт та кетпейді. Оған тапсыру үшін бар-жоғы төрт құжат керек: жұмыс келісімшарты, төлқұжат, сақтандыру және егер отбасылы болса неке туралы куәлік. Эстонияда тұру ықтиярхаты 3-5 жыл аралығына беріледі. Негізі ID карта алған адамдарға көптеген жеңілдік қарастырылған.

Мәселен, қоғамдық көлікте қатынау тегін болады. Ол үшін Эстония азаматтығы болу да міндетті емес. Ол қаржы үнемдеу жағынан өте тиімді. Екіншіден, бұл елде мемлекет тарапынан тіл меңгеруге тегін курстар қарастырылған. Одан бөлек, мұндағы жұмысшылар қайта мамандандырылудан тегін өте алады", - дейді Ботагөз. 

"Қағазбастық атымен жоқ"

Эстония - IT-технологиялар жақсы дамыған мемлекет.

"Сондықтан бұл елде шын мәнінде барлығын үйде отырып істей беруге болады. Әрине ол жағы Қазақстанда да жақсы дамыған. Бірақ бұл жерде қағазбастылық деген атымен жоқ. Барлығы электрон түрде жасалады. Ол ең алдымен уақытты үнемдейді және тұрғындар үшін өте қолайлы", - дейді Ботагөз. 

Ботагөз Эстонияда әрбір қызметкерге жақсы жағдай жасалатынын айта кетті. 

"Мәселен, жолдасымның жұмысы жайлы айтатын болсам, сейсенбі, бейсенбі күндері тегін түскі ас беріледі. Дүйсенбі - вегетариан күні. Одан бөлек, жұмыс орындарында көптеген тіскебасар тәтті тұрады. Шаршаған кезде демалып алуларына рұқсат. Басшылары қызметкерлерге "егер шаршасаңдар ары-бері жүріп, демалып алып, сосын жұмысқа кіріссеңдер болады" деп айтады. Қызметкердің жағдайын түсінуге тырысады.

Эстонияның қолайсыз тұсы ол климат жағдайы шығар. Мұнда суық жел соғады. Одан басқа кемшілігін көрген жоқпын", - дейді Ботагөз. 


© instagram.com/sabo.travel

13 елде болған

Ботагөз 13 елде: Латвия, Литва, Ресей, Чехия, Испания, Египет, Турция, Германия, Эстония, Финляндия, АҚШ, Швеция мен Норвегияда болған.

"Талғамға талас жоқ, бірақ бұл елдердің әрқайсы маған ерекше әсер қалдырды деп айта алмаймын. Ерекше ұнағаны - Чехия. Себебі маған көрнекі жерлер өте қатты ұнайды. Тарихи жерлерді аралап, сол жайлы кітап оқып не гидпен аралағанда сол заманға тап болғандай сезім болады. Прагада архитектуралық нысан көп. Одан кейін маған Норвегия қатты ұнады. Себебі бұл әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі. Одан бөлек Норвегия музейлердің есігі кез келген адамға ашық, яғни, тегін. Бұл жағы ақша үнемдеуге өте қолайлы.

Ерекше ұнаған елдердің қатарына Финляндияны жатқыза аламын. Өзім тазалықты жаным сүйетін адаммын. Ерсі естілсе де айтайын, маған бұл елде ұнағаны - қоғамдық әжетханалар. Шынымды айтсам, менде "мәдени шок" болды. Бір күні қарапайым мейрамханаға барғанбыз. Таңғалғаным: мейрамхана әжетханасында қолға арналған крем мен гигиена құралдары болды. Кез келген жағдай болуы мүмкін ғой. Соның барлығы қарастырылған: қолжетімді және тегін. Меніңше, басқа елдерде ондай құралдарды талап алып кетер еді. Ештеңеге алаңдамай, емін-еркін жүре бересің", - дейді кейіпкеріміз. 


© instagram.com/sabo.travel

"Әзірге көшу жоспарымызда жоқ"

Ботагөз бен Сабыржанның әзірге өзге елге көшу жоспарларында жоқ. 

"Шетелде тұрып, салыстырмалы түрде қараған кезде Қазақстан мен Эстонияның арасы жер мен көктей екенін түсінесің. Біздің елде де шет елдегідей мүмкіндік жасалғанда, шетелге көшіп кететін адам саны көп болмас еді деп ойлаймын.

Бізге Эстония ұнайды, әзірге көшу жоспарымызда жоқ. Бәлкім, біраз уақыт өткеннен кейін басқа елге көшкіміз келер. Бір нәрсе ұнамаса, сіз бір орында қатып қалатын ағаш емессіз ғой, кез келген уақытта көшіп кетуіңізге болады. Ол - қалыпты жағдай. Кез келген адам алдына мақсат қойып, оған жете білу керек. Бастысы өзіңе сену керек. "Жайлы зонаға" кіріп алып, одан шығу әрине қиын. Өз басым, шет елге көшкісі келетін кез келген адамға көмектесіп, кеңес беруге дайынмын", - дейді Ботагөз.