ОЦЕНИТЕ ДЕПУТАТОВ МАЖИЛИСА
20 октября 2021 | 17:37

АҚШ-тағы қазақстандық студент пандемияда көп ақша табудың жолын айтты

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button

Work and Travel бағдарламасы бойынша пандемия кезеңінде АҚШ-қа барған қазақстандық студент қалай көп ақша табуға болатынын және бағдарламаға тиімді дайындалу жолдарын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Work and Travel бағдарламасы бойынша пандемия кезеңінде АҚШ-қа барған қазақстандық студент қалай көп ақша табуға болатынын және бағдарламаға тиімді дайындалу жолдарын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Work and Travel – студенттерге арналған ең танымал халықаралық бағдарлама. Аты айтып тұрғандай, бағдарлама бойынша қатысушылар Америкада уақытша жұмыс істеп, саяхаттауға мүмкіндік алады. Кейінгі жылдары Work and Travel-мен табыс тауып жүрген қазақстандықтардың саны едәуір артты.

Осы жазда танымал бағдарлама арқылы мұхит асқан Төлеген Сейтақынның жасы 20-да, Алматы қаласында туған. Қазір Каспий университетінде 3-курста оқиды. Ол Work and Travel саяхатынан кейін магистратураны АҚШ-та оқуды жоспарлап отыр.

"Бұл жобаға 2019 жылдан бері қызығушылық таныта бастадым. Сол жылдары әпкем Work and Travel арқылы Америкаға барып, қатты өзгеріп келді. Бұрын оның өмірге деген көзқарасы, дүниетанымы, мақсаты мен құндылықтары мүлде басқа еді. Несін жасырайын, мен оған қызықтым. Дәл сол шақтан бастап мен де АҚШ көруім қажет екенін түсіндім", - дейді ол.

Work and Travel-ге қалай дайындалады?

Төлеген Work and Travel бойынша өтініш білдірген кезде коронавирус індеті әлемді жаулап, елдер шекарасын жабуға шешім қабылдады.  

"Бағдарламаға дайындықты 2020 жылдың қарашасында бастадым. Work and Travel-мен Америкаға бару үшін демеуші компаниялар қажет. Мен әпкемнің кеңесіне құлақ асып, Халықаралық алмасу орталығын таңдадым. Программада 2 нұсқа бар: FULL және SELF, яғни біріншісі арқылы қалаған жұмысты өзің таңдайсың, ал екіншісінде жұмыс орнын өзің іздейсің. Мен екінші нұсқаны таңдадым, өйткені оның қызмет құны әлдеқайда арзанырақ. Интернет қазір бәрінде бар ғой. Барғың келген қаланың картасын ашып, сол жердегі мейрамхана, қонақүй немесе дүкенді табу үшін асқан білімнің қажеті жоқ. Есесіне 500 долларға дейін үнемдейсіз. Алайда ескеретін мәселе бар. АҚШ-та алаяқтар тым көп, сондықтан жұмыс беруші жайлы толық ақпарат жинап, компанияның құжатын сұратқан аздық етпейді", - деді Сейтақын.      

Оның айтуынша, демеуші компаниямен келісімшартты мұқият оқыған абзал.

"Барлық қажетті құжатты жинаған соң ХАО-мен екіжақты келісімге келдік. Осы тұста алдыңа қойылған құжаттың барлық бетін толық оқып шығып, әр деталіне мән берген дұрыс. Жаһандық пандемия келіп, шекаралар жабылғаннан кейін көп қатысушының төленген ақшасы кері қайтпады. Сол себепті коронавирус әлі ауыздықталмай тұрған шақта бұл ньюансты ескеріп, келісімшартқа енгізу керек", - дейді студент.  

Ки-Уэст, Флорида

"Work and Travel үшін асып бара жатқан талап жоқ"

Сонымен қатар, Төлеген Work and Travel бойынша қандай студенттер Америкаға бара алатынын айтты.

"Қазақстандағы кез келген ЖОО-ның 1-4-курс студенттері бақ сынай алады. Алайда бітіруші курс студенттеріне виза алу қиынға соғады, өйткені Америка елшілігі студенттердің оқуды аяқтауына кедергі жасағысы келмейді. Сондай-ақ, ағылшын тілінде еркін сөйлей алсаңыз, бағдарламаға қабылдандым дей беріңіз. Шынтуайтында, Work and Travel үшін асып бара жатқан талап жоқ, тек ынта мен жігер қажет", - деді ол. 

Бағдарламаға қанша қаражат кетеді?

Work and Travel бағдарламасына жалпы қанша сома кететінін нақты айту мүмкін емес. Себебі жыл сайын тариф пен доллар бағамы өзгеріп отырады.

"Жалпы алғанда, 4500 доллар жараттым. Бұған бағдарлама құны, барып-келу әуебилеті және күнделікті қажеттілікке жұмсалатын қаражат кіреді, өйткені бірінші айда айлық алмағанша өз ақшаңызға күн көресіз. Айтпақшы, қаржыдан қысылмау үшін төлемді бірнеше траншқа бөлу мүмкіндігі қарастырылған. Осы жайтты көп студент білмейді", - дейді 3-курс студенті.  

Қомақты қаражат тапқыңыз келсе...

Төлеген Сейтақынның сөзінше, бағдарламаға кеткен бар шығынды ақтап, бірнеше есе табыс табуға да болады.

"Егер көп ақша тапқыңыз келсе, бірнеше жерде жұмыс істеуге тура келеді. Мұнда әр елдің студенттері жиналған және олардың артық ақша табуға деген ұмтылысы ерекше. Кейбіреулері 2-3 жерде қатар жұмыс істеп, күніне бірнеше сағат қана демалып жүрді. Ең бастысы, тайм-менеджментті қалыпқа келтіріп, өз уақытыңды тиімді жұмсай алсаң жеткілікті", - деді ол.

Сондай-ақ, Төлеген қандай жұмыс орындарында көп жалақы алуға болатынын да айтып берді.

Төлеген өзі жұмыс істеген мейрамхананың бастығымен, Мартас-Винъярд

"Даяшылардың табысы жоғары"

"Мейрамхана бизнесін ұсына аламын. Мейрамханада даяшылар айлықтан бөлек, шайпұл алады. Көбі, тіпті, сол шайпұлмен-ақ күн көріп, жалақысын депозитке салады. Дәл осылай көп ақша жинауға болады. Десе де, барлық жерде жағдай бірдей емес. Жұмыс орнын таңдау кезде талдау қажет. Өзіме келер болсам, мен де мейрамханда аспаздың көмекшісі болып жұмыс істедім. Бастапқыда көп қаражат табу ойымда болған емес, бірақ ағылшын тілін жетік меңгергендіктен қалғандарынан 2 есе көп айлық алдым. Жинаған қаражатым әке-шешеме, туған-туысқа және достарыма сыйлық алуға және бірнеше қалада саяхаттауға жетті, тіпті, 3000 доллар артылып қалды", - деді Сейтақын.   

АҚШ-тағы салықтың жыры бөлек

"АҚШ дүкендеріндегі сөреде бір баға көрсетілсе, кассадағы баға мүлде басқа, неге десеңіз, олар көрсетілген сомаға сату салығын қосады. Мәселен, 5 долларға сусын көрсеңіз, оны 10 долларға сатып алуыңыз әбден мүмкін. Ал жұмысқа келсек, бекітілген салық мөлшерін есепші өзі көрсетеді, бірақ бұған бас қатырмай-ақ қойсаңыз болады. АҚШ-та салық жүйесі мықты жұмыс істейді. Сондай-ақ, федерал салықтарды Қазақстанға келгеннен кейін қайтаруға болады", - дейді Төлеген.  

Сақтандыру пакеті неге маңызды?

Ол медициналық сақтандырудың маңызы ерекше екенін айтты.

"Сақтандыру картасы бағдарлама құнына кіреді және ол сізді кез келген жазатайым мен төтенше жағдайдан құтқарады. Біз Covid-19 вирусына қарсы қабылдаған барлық процедураны медициналық сақтандырудың арқасында өтедік, әйтпесе қып-қызыл шығын. Тіпті, Америкада жедел жәрдем қызметін шақыру үшін қосымша төлем жасайсың. Ал емханаларда ем алу кейде 6000 мың долларға дейін барады", - деп ескертті ол.  

Голливудтағы The Universal студиясы

"Америкада коронавирустың бар-жоғы білінбейді"   

Төлеген Сейтақынның сөзінше, АҚШ-тағы мейрамхана бизнесі пандемияға қарамастан бірқалыпты жұмыс істеді.

"Мен Массачусетс штатындағы Мартас-Винъярд аралында жұмыс істедім. Жұмыс беруші вакцинаны талап етпеді, бірақ екпе алғандардың жүріс-тұрысына шектеу қойылмады. Америкада кейде коронавирустың бар-жоғы білінбейді. Флоридада болғанымда сақтану шараларын ұстанып жүрген ешкімді байқамадым. Кейіннен мен өз денсаулығымды ойлап, Бостонда екпе алуға шешім қабылдадым. Қазір жағдайым жақсы", - дейді студент.

Work and Travel бағдарламасының оң және теріс тұсы

"Негізі бағдарламаның басты мақсаты - мәдениет алмасу. АҚШ-тағы 2-3 ай аралығында түрлі ортада жұмыс істеп, көптеген адаммен танысасың, олардың тарихын, салт-дәстүрін білесің. Оған қоса, Америка өте үлкен ел, олардың әр штаты бөлек мемлекет сияқты. Саяхаттың арқасында білімің кеңейіп, көзің ашылады. Өкінішке қарай, бірнеше қиындықпен де бетпе-бет келесіз. Онда әлі күнге дейін нәсілдік дискриминация бар, азиялықтарға да оң көзқарас толық қалыптаспаған", - деп сөзін аяқтады Төлеген.

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Төлеген Сейтақынның жеке мұрағатынан

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 524.02  course up  549.54  course up  5.08  course up

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer