Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
22 октября 2019 14:16

Бұрынғы және қазіргі мемлекет басшыларына ұқсайтын қарапайым адамдар

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Tengrinews.kz коллажы © Tengrinews.kz коллажы

Көшеден танымал тұлғаға ұқсас адамды көрсеңіз таңғалып, сол ма, жоқ па деп ойлана кетесіз. Күні кеше Украина президенті Владимир Зеленскийге ұқсайтын өзбекстандық азамат желі қолданушыларын таңғалдырды. Tengrinews.kz тілшісі қазіргі және бұрынғы мемлекет басшыларына ұқсас адамдар жайлы мәлімет жинады.


Көшеден танымал тұлғаға ұқсас адамды көрсеңіз таңғалып, сол ма, жоқ па деп ойлана кетесіз. Күні кеше Украина президенті Владимир Зеленскийге ұқсайтын өзбекстандық азамат желі қолданушыларын таңғалдырды. Tengrinews.kz тілшісі қазіргі және бұрынғы мемлекет басшыларына ұқсас адамдар жайлы мәлімет жинады.

Нұрсұлтан Назарбаев

Бұл - 2016 жылы Instagram желісінде қызу талқыланған суреттердің бірі. Тұңғыш Президент, Елбасыға ұқсайтын адам қала автобустарының бірінде жүрген. Желі қолданушылары бұл - Елбасының өзі десе, ендігі бірі сурет авторының фотошопты жақсы меңгергенін меңзеген. 

Ал 2018 жылы Қазақстан қарулы күштерінің құрметті ардагері Қадырәлі Мұқашев оны көрген адамдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен шатастыратынын айтқан. Оның сөзінше, ардагерді Қазақстан мен Ресей шекарасында Нұрсұлтан Әбішұлы деп ойлап қалған екен. 


Қадырәлі Мұқашев © Манап Мұрзатаев

Айта кетейік, Елбасыға ұқсайтын адам бар. Ол - Қостанай қаласының тұрғыны Сәрсенбай Доданов. Ол 1997 жылы "Караван" газеті Елбасына ұқсас жандар сайысын жариялаған кезде 14 адамның ішінде жеңімпаз атанған. 

Сәрсенбай Доданов үшін Елбасына ұқсас болу атақ-абыроймен қатар мол мүмкіндіктер берген. Соның бірі - "Елбасы жолы" киноэпопеясының үшінші бөлімінде Доданов Назарбаевтың рөлінде ойнағаны. 


Сәрсенбай Доданов пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев

Ким Чен Ын

Ал бұл - Қытайдағы Шэньян қаласы көшелерінің бірінде кәуап сататын Корей Халық Демократиялық Республикасының "басшысы" Ким Чен Ын. Қытай тұрғындары оны алғаш көргенде дәл осындай ойға келген. Алғашында ол өзінің Корей басшысына ұқсайтынын байқамаған. Халық сатушымен суретке түсе бастаған кезде ғана аңғарған.

Кәуап сатушысы өзінің танымалдығын саудасын дамыту үшін оңтайлы пайдалана бастаған. Ол Ким Чен Ынның стилінде шаш үлгісін және костюм киіп шыққан. Сатушы әр суретке бір кәуап сатып алуды сұраған. 


Қытайлық кәуап сатушысы © Сурет ашық интернет көздерінен

Танымалдығы арта түскен сатушы тіпті көмекші жалдаған. Себебі оның көп уақыты клиенттермен суретке түсуге кететін көрінеді. 

Дональд Трамп

Бұдан бөлек Вьетнамда Ким Чен Ын мен Америка басшысы Дональд Трамптың сыңарлары тілшілерге көшеде сұхбат беріп, жергілікті халықпен суретке түскен. Фейк президенттердің есімі Говард Экс және Рассел Уай. 

Олар жалған саммиттерге қатысып, тілшілерге жалған мәліметтер жасаған. 


Жалған Дональд Трамп пен Ким Чен Ын © Сурет ашық интернет көздерінен

Жергілікті арналардың біріне сұхбат берген жалған президенттерді полиция ұстаған. Корей басшысының сыңарын Вьетнамнан депортациялаған. Ол 27-28 ақпанда АҚШ және Корей Халық Демократиялық Республикасының басшылары саммитте кездесетінін естігеннен кейін президенттермен жүздеспекші болған. Полиция оның бұл әрекеті дұрыс емес екенін түсіндіріп, артынша оны депортациялаған. 


Актер Говард Экс пен Рассел Уайт © Сурет ашық интернет көздерінен

Си Цзиньпин

"Қытай басшысы Си Цзиньпин ауылда бәліш сатып жүр". Дәл осындай жаңалық 2014 жылы қытайлық желілерде тарап кеткен болатын. Қытайдың Чанша қаласының тұрғыны Шао Цзяньхуа есімді ер адам Қытай басшысымен ұқсастығы үшін танымалдығы бірден арта түскен. Себебі түскі ас уақыттарында оның бәліштерін сатып алуға ұзын-сонар кезек жиналған екен. Сатушының сөзінше, ол күніне 1600 бәліш жасаған кездері де болған. 


Шао Цзяньхуа және Си Цзиньпин © REUTERS

Барак Обама

30 жастағы қытайлық актер Сяо Цзиго АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обамаға қатты ұқсайтын адам ретінде танылған. Оның Қытайдағы танымалдығы соншалық, бұл актердің мансабына әсерін тигізбей қоймаған. Оның айтуынша, БАҚ өкілдері актерді саяси ықпалы тиіп кетеді деп бағдарламаларға шақыруға қорқақтаған. 


Актер Сяо Цзиго Барак Обама рөлінде © Сурет ашық интернет көздерінен

Владимир Путин 

Бұл - Ресейдегі КВН ойындары арқылы танылған Дмитрий Грачев. Ол - Comedy Club резиденті әрі актер. Көпшілікке Ресей президенті Владимир Путинге жасайтын пародиясы арқылы да танылып жүр. Жалпы Ресей президентіне ұқсайтын адамдар саны көп. Алайда халық Дмитрий Грачевті ерекше ұқсатқан. 


Дмитрий Грачев

Петр Порошенко

Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенконың "сыңары" метрода ұйықтап отырғандай болып түсіп қалған. Украиналық блогер Роман Синицын Facebook желісіндегі парақшасында бұрынғы президентке ұқсайтын адамның суретін жүктеген. 

16 маусымда жүктелген фотоны көрген желі қолданушылары оның үш жыл бұрынғы сурет екенін айтқан. 

Владимир Зеленский

Айта кетейік, кеше 21 қазанда Мәскеу метросында Украина президенті Владимир Зеленскийге ұқсайтын ер адам табылған. Фото бірден Желіде тарап кеткен. Зеленскийге ұқсайтын ер адамның Умид есімді Өзбекстан азаматы екені белгілі болды. Ресейде ол отбасымен бірге тұрады. Мәскеудегі автосервистердің бірінде автомаляр болып жұмыс істейді екен.

"Мен бұрын Зеленскийдің кім екенін білмегенмін. 2016 жылы маған достарым сондай әзілкештің бар екенін және менің соған ұқсайтынымды айтқан. Кейіннен ол президент болған кезде мен оны білдім", - дейді ол. 

Зеленскийдің сыңарын достары Дима деп атайды. Ал жұмыста оны әзілдеп Зеленский деп атап кеткен. 

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 449.3   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети