Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
15 января 2020 12:43

"Мұның бәрі рас". Аустралияда тұратын қазақ елдегі алапат өрт туралы әңгімеледі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сәуле Паркер, сурет оның жеке мұрағатынан Сәуле Паркер, сурет оның жеке мұрағатынан

Алматылық Сәуле Паркер осымен жетінші жыл Аустралияда тұрып жатыр. Аустралиялық азаматпен отау құрып, бүгінде үш баланы тәрбиелеп отыр. Жасыл құрлықта тұрып жатқан ол Tengrinews.kz тілшісіне Аустралиядағы өрт пен елдің қазіргі жағдайы туралы айтып берді.


Алматылық Сәуле Паркер осымен жетінші жыл Аустралияда тұрып жатыр. Аустралиялық азаматпен отау құрып, бүгінде үш баланы тәрбиелеп отыр. Жасыл құрлықта тұрып жатқан ол Tengrinews.kz тілшісіне Аустралиядағы өрт пен елдің қазіргі жағдайы туралы айтып берді.

"Өртке табиғи фактор да, адами фактор да себеп"

Сәуле қазір Батыс Аустралия штатында Перт қаласында тұрып жатыр. Алматыда қаржы саласында жұмыс істеген. Ал бүгінде бала тәрбиелеп, Аустралиядағы өмірі туралы блог жазумен айналысады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от АВСТРАЛИЯ ❤️ КАЗАХСТАН (@kazakhaussie)

Былтыр қыркүйекте Аустралияда орман өртеніп, салдарынан адамдар мен жануарлар қаза болған еді. Соңғы мәліметтер бойынша, өрт болған соңғы бес айдың ішінде миллиардқа жуық жануар қырылған. 28 адам қаза тапқан. Іс-түссіз жоғалып кеткендер де біршама, өрттен 2 мыңға жуық үйдің күлі ғана қалған.  

Сәуле Паркердің сөзінше, Аустралияда алапат өрт болуына табиғи да, адами фактор да себеп.

"Бір жағынан қолайсыз ауа райы: аптап, қуаңшылық және жел. Екінші жағынан өртті бақылау шараларының орындалмауы. Аустралияда өрт - әдеттегі құбылыс, жыл сайын болады, өрт сөндіру қызметі олардың алдын алу үшін бірқатар шара өткізуі керек. Мысалы, жаз мезгілінің басында өрт сөндірушілер табиғи апат болуы мүмкін жерлерді әдейі өртейді. Оны өрт сөндіру қызметі толық бақылауда ұстап тұрады. Кейін жаздың аптабында ол жерде өрт болмайды. Мұндай тәсілді бұрын аборигендер - Аустралияның байырғы тұрғындары пайдаланған", - дейді Паркер.

Одан бөлек, былтыр адам факторларын да есепке алу керек екенін айтады. Соңғы бірнеше айдың ішінде өрт шығарғаны үшін 200-ге жуық адам ұсталған. Олардың ішінде темекі қалдығын құрғақ жапыраққа лақтырып, байқаусызда өртегендер де, әдейі өрт шығарғандар да бар екен.

Жарты миллиардқа жуық жануар қырылып қалған. Аустралиядағы өрт әлем назарында

"Аустралияда жаз - өрт маусымы"

"Аустралиядағы өрттің залалы орасан. Бүгінде көмектесу үшін ерікті болып барған көптеген жас қаза тапты, арттарында отбасы, балалары қалды. Өрттен қырылып жатқан жануарлар туралы әлем басылымдары жарыса жазып жатыр. Мұның бәрі рас", - дейді аустралиялық қазақ.

Оның айтуынша, басында тұрғындар өрт миллиондаған гектар жерді шарпиды деп ойламаған.

"Қыркүйекте өрт басталғанда оның салдары осындай болатынын ешкім ойлай қоймаған шығар. Себебі Аустралияда жаз - өрт маусымы. Сондықтан басында көбі оған мән бере қойған жоқ. Тек қарашада өрт салдарынан адамдар қаза болғанын естігенде бәрі сақтана бастады. Ал өрт түтіні Сиднейді басып тастағанда әлемдік басылымдар назар аударды", - дейді Сәуле.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от АВСТРАЛИЯ ❤️ КАЗАХСТАН (@kazakhaussie)

Оның айтуынша, табиғи апат аустралиялықтарды біріктірген.

"Бұл проблемада бір аустралиялық та шетте қалмады деп ойлаймын. Бәрі де өз үлесін тигізуге тырысып жатыр. Бірі өрт құрбандары мен өрт сөндірушілерге көмектесетін қайырымдылық қорларына қаражат жіберсе, басқалары өрт сөндіру бөлімдеріне ерікті болып барып жатыр. Басқалары жануарлар мен адамдарға арналған оңалту орталықтарына көмектесті. Біреулері анасынан айырылған кенгуру мен коалаларға сөмке тіксе, басқа бірі өртенген жерлерден тірі қалған аңдарды іздеп жатыр. Ал бәзбіреулер өртке жақын ауданда тұратын адамдарға баспана тауып берген", - деп халықтың бір жұдырықтай жұмылғанын айтады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от АВСТРАЛИЯ ❤️ КАЗАХСТАН (@kazakhaussie)

"Ауада түтіннің иісі тұнып тұрды"

Алапат өрттен кейін бас сауғалап басқа елге көшкен аустралиялықтар жоқ, дейді Паркер.

"Желіде көп отырып, соңғы жаңалықтарды үзбей бақылаймын. Бірақ алапат өрттен кейін аустралиялықтар шетелге көшіп жатыр дегенді естімедім. Керісінше, шетелде тұрып жатқан аустралиялықтар оралып, өз еліне осы дағдарыстан өтуге көмектесуді қалайды. Біз де отбасымызбен басқа жаққа көшуді ойға алмадық", - дейді ол.

Бүгінде Сәуле тұратын Батыс Аустралия штаты да өрттен қатты зардап шеккен екен.

"Біздің штаттың басқалардан айырмашылығы - оның аймағы өте үлкен. Әдетте өрт шықса, халық тығыз орналасқан аудандардан алыс болады. Бірақ өткен аптада өрт бізге қатты жақындады, көрші аудандар өртеніп жатты. Бірақ біздің ауданымыз қауіпті аймақта болған жоқ. Қалалық және аудандық каунсилдар (жергілікті билік - Авт.) әлеуметтік желідегі парақшаларында өрт бойынша жағдайды бір күнде бірнеше рет айтып отырады, өрттің қайда екенін содан білеміз. Картада әр түрлі түспен аудандардың қауіп деңгейі көрсетіледі. Мысалы, ауданыңыз жасыл түспен көрсетілсе, алаңдамай-ақ қоюға болады - сіз қауіпсіз аймақтасыз. Егер көк түсті болса, үлкен қауіп жоқ, бірақ сақ болу керек. Сары түс - өрт қаупі жақын, қызыл түс - сол аймақ өртеніп жатыр деген сөз. Өрт бізге қауіп төндіріп тұрған жоқ, бірақ ауада түтіннің иісі тұнып тұрған кезі болды", - дейді аустралиялық қазақ.


Фото: Reuters

Оның айтуынша, енді тұрғындар өрт болып жатқан аумақтарда жаңбыр жаууын күтіп отыр екен.

"Қазіргі уақытта елдің оңтүстік және шығыс бөліктері әлі өртеніп жатыр. Өрт аумағы 19 миллион гектар болды, бұл - Қырғызстанның тұтас территориясы. Көптеген өрт бақылауға алынған, алайда әлі бақылаусыз өрттер бар. Бүгін бәрі жаңбырды күтіп отыр, синоптиктер таяуда елдің шығысында жаңбыр болатынын болжаған. Ол өртті толық сөндіріп тастамаса да, өрт сөндірушілердің жұмысын жеңілдетуі керек", - дейді Сәуле.

"Халық демалысқа кеткен премьердің қолын алмай қойды"

Паркердің айтуынша, табиғи апат салдарынан мемлекет билігі сынға ұшырапты.

"Біздің премьер-министр мен үкіметке оңай соғып жатқан жоқ, олар күн сайын қазан ішінде қайнап жатқандай болады. Премьер-министр өрт күшейген кезде еңбек демалысында отбасымен Гавай аралдарына кетіп қалған. Демалысын дереу тоқтатып, елге бірден оралған. Бірақ бұл оны оппозиция мен қарапайым халықтың сынынан құтқармады. Елге келген соң келесі күні өрттен зардап шеккен аудандарға барғанында тұрғындар оған тіл тигізіп, қолын алудан бас тартқан", - дейді ол.


Фото: tsn.ua

Сәуле бүгінде Аустралия халқының дүрлікпей, күнделікті тіршілігін жалғастырып жатқанын айтады.

"Елдің үлкен қалаларында өмір әдеттегідей жалғасып жатыр. Туристер саны да азайған жоқ. Адамдар әдеттегідей жұмысқа барып, демалыстарын жағажайда не басқа да орындарда өткізеді. Аустралияның барлық тұрғыны өрт сөндірушілер үшін дұға оқып отыр. Мұнда олар - суперқаһармандар. Солардың арқасында біз әдеттегі тіршілігімізді жалғастырып жатырмыз", - деп қорытындылады Аустралия тұрғыны.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети