1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости мира

Жарты миллиардқа жуық жануар қырылып қалған. Аустралиядағы өрт әлем назарында

Аустралиядағы өрт © REUTERS Аустралиядағы өрт © REUTERS

Аустралия - Аустралия материгі мен Тасмания аралында және көптеген кішігірім аралда орналасқан мемлекет. Бүгінде бұл мемлекет қызыл өрттен көз аша алмай отыр. Адамдар, жануарлар мен үйлер - өрттің негізгі құрбаны. Осымен бес айға жуық уақытқа созылған табиғи апат шамамен 2019 жылдың қыркүйегінен басталған. Соңғы мәліметтер бойынша, елдегі орман өрті салдарынан жарты миллиардқа жуық жануар қырылған. Tengrinews.kz тілшісі Аустралиядағы өрттің мән-жайын баяндайды.

Аустралия тарихындағы ең ірі өрт

Өрт алдымен Жаңа Оңтүстік Уэльс пен Квинсленд штатында басталып, Виктория, Оңтүстік Аустралия мен Тасманияға өткен. Аустралияның қорғаныс министрі Линда Рейнольдстің айтуынша, бұл - ел тарихында болған ең ірі өрт апаты. Сарапшылар өрттің себебі - аптап ыстық пен құрғақшылық деген пікірде.

РИА Новости мәліметінше, бүгінде өрт бес миллион гектар жерді шарпыған. Бұл Хорватия аумағындай. Мыңдаған үй өртеніп кеткен. The Straits Times мәліметінше, елдегі коаланың 30 пайызы, яғни 8 мыңға жуығы қырылып қалған. Себебі, коала жерде тез қимылдай алмайтын жануар. Одан бөлек елде жарты миллиардқа жуық, яғни 480 миллиондай жан-жануар қырылып қалған.

Аустралиядағы өрттен зардап шеккен коала © instagram.com/wildlifeplanet

Кейбір жерде өрттің алып жатқан аумағы үлкен болғаны соншалық, апат орындарын ұшақпен сөндіру мүмкін емес. Билік елдегі орман өртін сөндіруге 3 мыңға жуық әскери қызметкер атсалысатынын мәлімдеді.

Одан бөлек, өрт салдарынан қаза тапқан адамдардың саны күн санап артып жатыр. Бүгінде олардың саны 23-ке жеткен. Ал DW мәліметінше, Виктория штатында 17 адам із-түссіз жоғалып кеткен.

Елде жаңбыр жауғанымен, өрттің беті қайтпаған

Табиғи апат салдарынан елдегі климат жағдайы да мәз емес. Алайда бүгін Аустралияда нөсер жауған. Жауын-шашын елдің шығыс жағалауынан басталып, Сидней мен Мельбурнға дейін, сондай-ақ Жаңа Оңтүстік Уэльстің басқа да бөліктерінде жауған.

ВВС мәліметінше, жексенбіде жергілікті билік өкілдері елде бейсенбіге қарай күн ыситынын мәлімдеген. Демалыс күндері елдегі ахуал қиын болған: өрттен тағы бірнеше үй бүлінген. Ауылдық жерлерде аспан қызыл түске боялып, тұрғындар күл мен түтіннен көз аша алмаған.


© instagram.com/wildlifeplanet

Орман өртінің зардабы тек Аустралияға емес, сонымен қатар, көршілес аймақтағы елдерге залал келтіре бастаған. Мәселен Жаңа Зеландиядағы мұздықтар өрт күлінің кесірінен қоңыр түске боялған.

Аустралиядағы жағдайға байланысты танымал адамдар қалыс қалмай, қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Мәселен, ресейлік теннисші Мария Шарапова Twitter желісіндегі парақшасында Аустралияға көмек ретінде 25 мың АҚШ долларын аударатынын мәлімдеп, әріптесі Новак Джоковичті де ұсынысын қолдауға шақырған. Ал бүгін Джокович Шарапованың ұсынысын қабылдап, ол да көмек ретінде қаржы аударатынын мәлімдеді.

Одан бөлек, Грета Тунберг, Леонарди Ди Каприо, Ева Лонгория және тағы да басқа танымал тұлғалар Instagram желісіндегі парақшаларында қолдау сұраған.