Індет жұқтырған, енесі қуып шыққан, жұмысбасты. Далада қалған бес әйелдің оқиғасы

25 Қазан 2018, 13:19
1
Індет жұқтырған, енесі қуып шыққан, жұмысбасты. Далада қалған бес әйелдің оқиғасы - Tengrinews.kz иллюстрациясы
Tengrinews.kz иллюстрациясы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, әлемде әрбір үшінші әйел немесе әйелдердің 35 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Қазір елімізде қорғансыз әйелдерге пана болатын "Аналар үйі" аз емес. Сол үйлерге әйелдер қандай жағдайларда барады? 

Қолдарына балаларын ұстап, далада қалып жатқан аналарға пана болып жүрген үйлердің бірі - Тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушілеріне арналған Аrasha баспанасы. Осы баспананың директоры, "Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты" қоғамдық қорының президенті, психолог Маргарита Өскембаева Tengrinews.kz тілшісіне бірнеше әйелдің оқиғасын айтып берді. 

14 жасында зорланған

Баспанамызға келіп тұрған әйелдердің бірі 14 жасында зорланған, 16 жасында үйінен қашып кеткен. Оның анасы қызы 14 жаста болғанда үйіне түрлі еркекті ертіп келетінді шығарған. Бір күні анасы дүкенге шығып кеткенде ер адам қызды зорлаған. Сол уақыттан бері анасымен тұру қиынға соққан қыз үйінен қашып кетіп, вокзалда бірнеше күн түнеген. Ол вокзалда отырғанда жанына бір жігіт келіп, қалын сұраған. Сөйтіп, бар жағдайды айтып берген қызды әлгі жігіт үйіне апарып, анасына "үйленемін" деген . Жігіт те анасына бар оқиғаны айтып беріпті. Алайда жігіттің анасы қарсы болып, екеуі сонда да үйленген. Енесімен бірге тұру қаншалықты қиын болса да шыдаған қыздың бірінші баласы шетінеп кетеді. Кейін екі бала туады. Бірақ бірнеше жылдан кейін күйеуі сотталады. Ол есірткі саудасымен айналысқан екен. Ұлы соттала сала анасы әйелді екі баласымен қуып шыққан. Бірнеше күн саябақта түнеген үшеуін сұлулық салонында жұмыс істейтін әйел байқап, бізге хабарласты. Сөйтіп, ол әйел балаларымен баспанамызда тұрып жатыр.


Иллюстрация. © grifoninfo.ru

ВИЧ жұқтырғанын біліп, тастап кеткен

Бір күні СПИД орталығынан дәрігер хабарласты. "Бізде бір әйел жатыр, ВИЧ жұқтырған, қолында екі баласы бар, олардың біреуі жаңа туған, оған баланы емізуге болмайды, баласы аш, аштан өледі", деді. Сөйтіп, ол әйел екі ұлымен бізге келді. Стандарт бойынша, мұндай әйелдерді баспанамызға тұрғыза алмаймыз, сондықтан ол мешіттің пешін жағып, сол мешітте тұрып жүрді. Біз оған материалдық, заңдық көмектерді көрсетіп тұрамыз. Баспанаға келгенде қолында не құжаты, не бір заты болмады. Айтуынша, ата-анасы қайтыс болған, ал жолдасы мен бір баласы жол апатына түсіп, олар да қайтыс болыпты. Кейін екінші мәрте тұрмысқа шығып, екінші баласын туғанда қанынан ВИЧ табылған. Мұны естіген күйеуі әйелді екі баласымен тастап, жоқ болып кеткен. Әйел оралман екен, азаматтығы болмаған. Сол үшін босанғанда 118 мың теңге төлеуі тиіс болыпты. Қолында бар 10 мың теңгені төлеп, қалған 108 мыңы төленбегені үшін перзентханадағылар төлқұжатын алып қалыпты. Кейін құжатын алып бердік. Біраз уақыттан кейін кіші ұлы бронхит болды. Азаматтығы болмаған соң тегін медициналық көмек ала алмайтын білген ол жедел жәрдем шақырмаған, баласы өліп қала жаздады, тиісті орындарға хабарласып, ауруханаға жатқыздық, емделіп шықты. Үлкен ұлын мектепке қабылдамай, екі ай бойы сабаққа бармаған, оны мектепке орналастырдық.

Демалыссыз жұмыстан туған қызғаныш

Үш баласы бар бір әйел баспанамызда тұрып жатыр. Ол балаларын асырау үшін демалыссыз, базарда жұмыс істейді. Демалыссыз істеген жұмыс орны күніне 3 мың теңге төлейді. Күйеуі әйелін қызғанып, "таңнан кетесің, кешке келесің, кіммен, қайда жүргеніңді бір Құдай біледі" деп үнемі ұрып-соққан. Тіпті балаларының көзінше соққыға жыққан. Күйеуі ішімдікке тым құмар болыпты, оның соққысына шыдамаған әйел үйінен қашып, бізге келді. Шымкентте анасы мен інісі тұрады, бір кездері пана іздеп оларға да барыпты. Бірақ олар "қайтып келдің, елдің сөзі бар" деп сыйғызбаған. Балалары бір жерден әкелерін көріп қалудан қатты қорқып жүреді. Әйел үнемі базардағы жұмысында, балалары баспанада, бізде қалады.


Иллюстрация. © pixabay.com

Қызымен қосып соққыға жыққан

Әсел деген әйелдің бес баласы бар. Күйеуі үнемі соққыға жығып, әйелімен қосып қызын да ұрған. Полицияға бірнеше мәрте барып, арыз жазған, алайда олар ешқандай шара қолданбапты. Олардың айтуынша, ұрып-соғу салдарының 3 түрлі деңгейі болады және соққыға жыққан адамды жазалау үшін зардап шегушінің аяғы немесе қолы сынуы керек, басқа жағдайда айтарлықтай жаза мен шара қолданылмайды. Бұл әйел бес баласын ертіп туыстарын паналаған, алайда олар да сыйдырмай, кетуге мәжбүр болыпты. Балалары да, өзі ол ер адаммен тұрғысы келмейді, бірақ баратын жері де, тұратын баспанасы да жоқ.

Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын

Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа шыдамай, бізге қашып келген әйелдердің арасында дәулетті отбасынан шыққан, жағдайы жақсылар да болды. Бір әйел қолында төрт ұлы бар, аяғында шәркей, бір қабат киімін салып алған, бізге келді. Өзі 35 жаста, күйеуі 47-де болған. Жолдасы 47 жасқа келгенше өмірі жұмыс істеп көрмеген, әйел де жұмыс істемеген. Себебі жұмыс істейтіндей мұқтаждық болмапты, ер адамның ата-анасы кезінде жақсы жерде жұмыс істеп, балаларының бар жағдайын жасап берген. Қаланың мықты аудандарында, зәулім үйде тұрған. Екеуі де үнемі үйде, болмайтын нәрсеге ашуланып, себепсіз қызғанып, күйеуі әйелін үнемі ұрып отырған. Ол келіншек өте сұлу болатын, жолдасының себепсіз қызғанышы мен ұрып-соққанына шыдамаған ол бізге келіп тұрды. Кейін бұл іс сотқа дейін жетіп, ер адам сотта кешірім сұрап, қайта қосылды. Алайда біраз уақыттан кейін екеуі ақыры ажырасып, екі бала әкесінде, екі бала анасында қалыпты, әйел сол екі баласымен өз анасына кеткен.

Баспанаға келген әйелдерге "міндетті түрде ажырас" демейміз, қосылып кететін жұптар да бар, ондай кезде қуанамыз. Себебі, ажырасудан қатты зардап шегетін - балалар. Отбасындағы жанжал, соққыға жығу дегеннің барлығы баланың психологиясына қатты әсер етеді, бала бірден өзін кінәлайды. Сондықтан бұл баспананы ашудағы басты мақсат балаларға көмектесу болды.


Иллюстрация. © pexels.com

Өскембаеваның айтуынша, мұндай баспананы ашу жоспары алты жылдан кейін жүзеге асқан.

"Гендерлік саясатпен 2001 жылдан бері айналысамын. Сол кезден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушілеріне арналған баспана ашуды ойладым. Балалар психологі болған соң көбінесе ата-аналар балаларымен келетін. 2011 жылы 15 жастағы қызды әкесі соққыға жығып, сол кезде қыз бала көмек сұрап, әкесінен қорқып, үйінен қашып, "ол үйге бармаймын, қорқамын, барсам қашып кетемін немесе асылып өлемін" дейтін күйге жетті. Ол қыз өзіне қол жұмсауы мүмкін еді, сол үшін қызды әкесінен тығып қойдық. Бірақ бұл әрекетіміз заңсыз еді, сондықтан сол кезде ойладым: "ондай балаларға арналған бір орталық керек екен, заңды көмек көрсету үшін баланың жанында ата-анасы болуы керек". Сөйтіп, 2017 жылы баспананы ашып, атын Аrasha деп қойдық", - деді ол.

Баспана басшысының айтуынша, әйелдерге сегіз түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі.

"Баспанаға бес, төрт, үш, ең кемі бір баламен келетін әйелдер бар. Қаржыландыруды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жүзеге асырады. Баспана 20 орындық, яғни 20 адамға арналған. Үнемі толық, себебі көмек сұрап келетіндер көп, күніне бүкіл республикадан хабарласып, әйелдер келіп жатыр. Оларға психологиялық, медициналық, заңдық және тағы да басқа көмектер көрсетеміз. Стандарт бойынша, баспанада 6 ай тұруға болады. Әйелдер түрлі курсқа қатысып, жұмысқа тұрады. Кейбірінің ешқандай құжаты жоқ, заңгеріміз көмектесіп, құжаттарын да жасап береміз", - деді Маргарита Өскембаева.

Айта кетейік, әйелдер мен балалар паналап отырған, жалға алынған баспананың иесі үйін өзге мақсатта пайдаланатынын айтқан, енді бұл жандар тұратын шамамен 300 шаршы метрлік баспана керек.

Получить короткую ссылку

Тегтер:

  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц