1. Главная
  2. Узнай
  3. Жизнь
  4. Фрагменты

Ұмытылған дәстүр: қазақтың кешіру салты туралы не білеміз? 05 ноября 2020, 10:21

Қазақ дәстүрінде "Кешіру" салты бар. Қыз алып қашқанда не абайсызда адам өлімі кезінде ауыл ақсақалдары жиналып, кешірім сұрап барады екен.
Фото:e-history.kz Фото:e-history.kz

Қазақ дәстүрінде "Кешіру" салты бар. Қыз алып қашқанда не абайсызда адам өлімі кезінде ауыл ақсақалдары жиналып, кешірім сұрап барады екен. Оның да өз амалдары бар. Кешірім берілмесе, жаза да қарастырылған. Этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне қазақ қандай жағдайда және қалай кешірім сұрағанын айтып берді.

Қыз алып қашқан соң кешірім сұрап барған

Маманның айтуынша, қазақ халқының байырғы дәстүрінде қызға құда түсу, сырға тағу, ұрын жүргізу, от жаққан жерін көру, қалыңмал беру, ата көші, ана сүтін өтеу жолымен келін түсірген. Қыздың ата-анасының разылығымен, толық жол-жоралғыларын атқарып ұзатып алатын. Ал кейде қыз бен жігіт махаббаттары жарасса да, қалыңмал өтеуге шамасы келмейтін жағдайда немесе қыздың ата-анасы құдаласуға қарсы болғанда жігіт қызды алып қашқан. Мұны қазақ дәстүрінде "Қыз алып қашу" деп атаған.

"Жігіт өзі сүйген қызды алып қашып үйіне келген соң, жігіт жақтың әке-шешесі ауылдағы туыс туғанын, көрші-қолаңын шақырып, бір ақ сарбасын сойып, ақ дастархан жайып, ауыл ақсақалдарымен кеңес өткізеді. Дүйім ауыл адамдары құда жаққа өтелетін қалың мал мен ана сүті ақысын жинап, ауылдағы белді, қазақ дәстүрін толық білетін бес-алты адамды қыз жаққа құдалыққа, кешірім сұрауға аттандырады. Екі жастың бақытына араша болмай, берекемен ортаға ақ отау тігейік деп келісіп, қыз жақ құдаларының бар қалауын орындайды. Мал береді, ақша ұсынады, қоржын толы дәм апарады. Киіт кигізеді. Құдалар кешірім берген соң, құдаласып, той күнін бекітіп келін түсіру, қыз ұзату тойын жасап, екі жастың басын қосатын болған", - дейді Болат Бопайұлы.


Дудин С.М. Ерлі-зайыптылар. Қазақстан, Семей облысы. 1899 жыл

Оның сөзінше, қыз жақ кешірмейінше, қызға қысым салмайды. Егер қыз той жасауға, жігітпен бас қосуға қарсы болса, онда қызды аман-есен ата-анасына апарып табыстайды. Кешірім сұрап, қызды алып қашқаны үшін белгілі төлем төлейді.

Қызды зорласа, күш көрсетсе, ата заңы бойынша жігіт жазаға тартылады екен.

Адам өлтіргені үшін кешірім сұрау

Болат Бопайұлының айтуынша, қазақ дәстүрінде абайсыздан адам өлтіріп қойған жағдайда ауыл ақсақалдары мен қазыларының алдынан өтеді. Өлтіріп алған адамының туыс-туғандарынан кешірім сұрап, аяқтарына жығылады екен.

"Өлген адамның құнын төлейді. Жерлеу ақысын, жеті, қырқы, жылдық асына ірі қара мал сойып береді. Өлген адамның отбасына үнемі қамқор болу міндетін мойнына алады. Егер балалары кәмелет жасына толмаса, олар өскенше материалдық және рухани жақтан ай сайын көмек беруге міндеттеледі. Адам өлтіруші бұдан бас тартса, абақтыға қамалып жазаланады. Қазы дүре соғып, міндетті зорлықты түрде орындатады. Егер адам қайтыс болған жақтан кешірім сұрамаса, оның қылмысы да ауырлай береді. Өтемі де көбейеді", - дейді ол.

Ал қайтыс болған адамның туыстары кешірім бермесе, өлтірген адам кешірім алғанға дейін жазадан құтылмайды, дейді этнограф.


Поляков И.С. Семей облысы. Қазақстан, 1879 ж. 

Қазақ тағы қандай жағдайда кешірім сұрап барған?

Қазақ қыз алып қашпай немесе адам өлтірмесе де, ренжіткен адамынан да кешірім сұраған екен.

"Баяғы заманда ата-бабаларымыз бірін-бірі ренжітіп алғанда, жылап отырып кешірім сұраған. Алдымен кім қателік жасаса, сол ренжіткен адамын үйіне шақырады. Ақ дастархан жаяды, ақ сары бас қой сояды. Дастархан үстінде ренжіткен адамының аяғына жығылып, ақ ниетімен кішірейіп кешірім сұрайды. Ендігі қатесін қайталамауға ант береді. Ренжіген адамға шапан жауып, ат мінгізіп, түйе жетелетіп, сол қатесіне айып төлейді. Ренжіген адам осыдан кейін оны кешіреді. Дастархан басында төс қағысып дос болады, берекелеседі. Мұны қазақ дәстүрінде "Кешіру салты" деп атайды", - дейді Бопайұлы.

Маман қазақтың кешірім сұрау салты не үшін пайда болғанын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, бұл ауылдар арасында жауласудың алдын алады екен.

"Қазақ дәстүрінде кешірім сұрау кек сақтаудың алдын алады. Адам өмірін ұзартады, пәле- қазадан сақтайды деп сенген. Жамандықтың алдын алады. Жат болып алыстап кетпеуге себеп болады. Соғысудан, кісі өлімі болудан қорғайды. Қан басқан қара ниеттен сақтайды. Адамдарды жақсы жолға бастайды деп ырым етеді. Реніш адамды азапқа салады, жүрекке аурлық түсіреді. Кек қайтарып, өш алуға итермелейді. Кісі өлтіруге жетелейді деп сенген. Осындай масылдан құтылудың сара жолы кешіру, кешірім жасау деп біледі. Бұл біздің ата-бабамыздың дана қасиеті", - дейді ол.

Болат Бопайұлы қазақта кешірім сұраудың белгіленген тәртібі бар екенін де айтты.

"Қазақта кешірім сұраудың және кешірім берудің өзіндік орныққан заңды тәртібі, белгілі ережесі бар. Ренжіткен адам мен ренжіген адамның арасындағы оқиғаның себеп-салдарын, ауыр-жеңілін тектеп, ауыл ақсақалдары шешетін кездер де болады. Ал жеке екі адам бір-бірінен кешірім сұрайтын кездер бар. Ол реніш тудырған оқиғаға байланысты болады", - дейді маман.

Этнографтың айтуынша, ердің намысы, әйелдің ары, рудың рухына тиетін дау мен жанжал болса, онда ауыл ақсақалдары бірігіп кешірім сұрайды екен. Іштен ірісек, сыртан шіриміз, кешірім ғана дауды тоқтатады деп сенген екен.