Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
19 декабря 2019 15:23

"Бұл - масқара". Трамп Зеленскиймен әңгімесінен кейін отставкаға кетуі мүмкін бе?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© globallookpress.com / Reuters © globallookpress.com / Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамптың басына қара бұлт үйірілді. Президентке елдің ішкі палатасы қарсы шығып отыр. Оған Конгресс өкілдері бірқатар айып таққан. Енді Трамптың президенттік тағдыры келесі айда шешілуі мүмкін. Tengrinews.kz тілшісі АҚШ президентіне импичмент жариялауға қатысты оқиғаларға шолу жасады.


АҚШ президенті Дональд Трамптың басына қара бұлт үйірілді. Президентке елдің ішкі палатасы қарсы шығып отыр. Оған Конгресс өкілдері бірқатар айып таққан. Енді Трамптың президенттік тағдыры келесі айда шешілуі мүмкін. Tengrinews.kz тілшісі АҚШ президентіне импичмент жариялауға қатысты оқиғаларға шолу жасады.

Бәрі неден басталды?

Трампты отставкаға жіберу үшін акциялар ол президент болып сайланғаннан басталды. Бүгінде оның импичменті жаңа деңгейге шыққан. Даудың басы Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесуі болып тұр.

Бәрін басынан бастайық. BBC мәліметіне сүйенсек, биыл 25 шілдеде Трамп пен Зеленский телефон арқылы сөйлескен. Сонда Ақ үй басшысы Зеленскийден АҚШ бұрынғы вице-президенті Джо Байденге қарсы тергеуді бастауды сұраған. Сол арқылы ол Украинаға қаржылық қолдау көрсетуге уәде берген.

Бұрынғы вице-президенттің ұлы Хантер Байден 2014-2019 жылдар арасында украиналық мұнай компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі болған. Трамптың пікірінше, Хантердің Украинадағы жемқорлық жүйеге қатысы бар.

Ал сол кезде Джо Байден АҚШ-тың Украина істері бойынша әкімшілігінің жетекшісі болған. Республикалықтардың мәлімдеуінше, ол Украинада ұлына қарсы қылмыстық тергеулердің басталуына жол бермеген.

Трамп қазір неге Байденмен жауласып жүр дейсіз ғой? Себебі Джо Байден 2020 жылы 3 қарашада өтетін АҚШ президентінің сайлауында Трамптың басты бәсекелесі саналады. Түрлі сауалнамаларға қарасақ, сайлау кезінде басты тартыс осы екі кандидат арасында өтпек.

Трампқа кімдер тіс қайрап отыр?

Трамп саяси көзқарасы бойынша республикалық партияға кіреді. Сондықтан ол көп жағдайда республикалықтардан қолдау көреді. Керісінше, демократиялық партия Трамптың көп шешімін сынға алады. Бұл жолы да импичмент мәселесін көтерген - осы демократтар.

Олардың көзқарасы бойынша, Трамптың бұл айыптары шет мемлекеттің АҚШ сайлауына араласуы болып саналады.

Осылайша, Қазақстан уақытымен 19 желтоқсанға қараған түні Конгресс өкілдері палатасында Трампқа импичмент жариялау ісі басталған. Төменгі палата спикері Нэнси Пелосидің сөзінше, Ақ үй басшысы "жеке пайдасы үшін қызметтік өкілеттілігін пайдаланған". Сондай-ақ спикер Трампты АҚШ Конституциясын бұзды деп айыптады.


© Reuters

Ол Трамптың америкалық сайлауға басқа елді араластыруға тырысып, импичментті өзі қажет еткенін айтты. "Ол бізге таңдау қалдырмады", - деп қорытындылады Нэнси Пелоси.

Трамптың өзі заң бұзбағанын айтады. Ол импичмент аясындағы тексеріс президенттік сайлау алдында өз пайдасын ойлаған демократтардың "өтірігі" екенін алға тартады.

Импичментке кім қалай дауыс берді?

Төменгі палата Трампқа басты екі айып тақты - "билігін асыра пайдалану" және "Конгреске кедергі келтіру".

Палатадағылар екі бап бойынша да президентті айыпты деп тапқан: билігін асыра пайдаланды деген нұсқамен 230 адам келіскен, 197-сі қарсы болған. Ал Конгреске кедергі келтіру айыбын 229 адам қолдап, 198 адам жақтамаған. Тек бір конгрессмен дауыс беруге қатыспаған.

Трампқа импичмент жариялау жайлы сөз қозғала бастағанда демократиялық партияның екі өкілі президентке тағылған айыпты мойындамай, өз еркімен қызметінен кеткенін айта кетейік.

АҚШ президенті импичментке дауыс беру процесін "масқара" және "бетсіздік" деп бағалаған. 

Трамптың отставкаға кетуі қаншалықты мүмкін?

Көбіне демократиялық партияның мүшелерінен құралған төменгі палатаның шешімі Трамптың отставкаға кетуіне жеткіліксіз. Енді дауыс беруден кейін іс елдің Жоғары палатасы - Сенатта қаралады. Конституция бойынша, конгрестің импичмент туралы шешімі өзекті саналады, сондықтан Сенат оны кезексіз бірден қарастыруы қажет.

Егер импичментті Сенаттың үштен екі бөлігі қолдаса, яғни, оған 69 сенатор дауыс берсе, Трамп отставкаға кетеді. Ал елді қазіргі вице-президент Майкл Пенс уақытша басқара тұрады. Бірақ сенаторлардың басым бөлігі - Трамп секілді республикалық партияның өкілдері. Сондықтан мамандардың болжамына қарасақ, импичмент жүзеге аспайды. Сенаттың бұл іске қатысты отырысы қаңтарда өтеді.

Бүгінге дейін АҚШ президенттерінің ешқайсы импичмент салдарынан отставкаға кетпеген. 1868 жылы Эндрю Джонсонға, 1998 жылы Билл Клинтонға импичмент жарияланған. Бірақ екеуін де Сенат ақтап шыққан екен. Тағы бір оқиға 1974 жылы Ричард Никсонға қатысты болған. Сол кезде елді басқарған Никсон импичмент жарияланған кезде өз еркімен қызметінен кеткен.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 445.66   490.7   4.78 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети