ПОДПИШИСЬ НА НАШ TELEGRAM-КАНАЛ
13 сентября 2021 | 15:09

Тәліптер билікке келгелі ауған әйелдерінің жағдайы қалай?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Reuters Фото: Reuters

Ауғанстанда билікті қолына алған "Талибан" радикал ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған) әйелдерге қатысты ұстанымы әлі нақтыланбады. Тәліптер әйелдердің қоғамдағы ролі туралы әлі ашып айтпады. Көпке тыйым салынды, бірақ мемлекеттік лауазымнан әйелдерге де орын барын басып айтты. Tengrinews.kz тілшісі Ауғанстан әйелдерінің қоғамдағы жағдайы туралы баяндайды. 


Ауғанстанда билікті қолына алған "Талибан" радикал ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған) әйелдерге қатысты ұстанымы әлі нақтыланбады. Тәліптер әйелдердің қоғамдағы ролі туралы әлі ашып айтпады. Көпке тыйым салынды, бірақ мемлекеттік лауазымнан әйелдерге де орын барын басып айтты. Tengrinews.kz тілшісі Ауғанстан әйелдерінің қоғамдағы жағдайы туралы баяндайды. 

Тәліптер үстем болған жылдары әйел ролі қандай еді?

Ауғанстанда "Талибан" 1996-2001 жылдар арасында билікте болған. Сол кезде әйелдерге көп нәрсе тыйым салынып, олар қоғам өміріне араласпайтын. Оларға көшеде емін-еркін жүруіне де шектеу болған. Қасында күйеуі немесе туысқандарынан ер адам болмаса, көшеде жалғыз жүруіне тыйым салынған. Латифа есімде ауған әйелі My forbidden face атты кітабында тәліптерден көшеде жалғыз жүргені үшін оңбай таяқ жегенін жазған. 

"Менің әкем қайтыс болды... Күйеуім, бауырым не ұлым жоқ. Жалғыз жүрмесем, қалай өмір сүремін?", - деп жазған ол кітабында. 


Фото: Reuters

Сондай-ақ, ол кезде көшеде дауыстап сөйлеуге және тақасы бар аяқ киім киюге болмайтын. Ал сұлулық салондары жабылған. 

1996 жылы "Талибан" билікке келгенде Ауғанстандағы мемлекеттік қызметкердің 25 пайызы әйелдер болған. Тәліптер оларды жаппай жұмыстан шығарған. 

"Талибан" қыздарға тек 8 жастан бастап білім алуға рұқсат еткен. My forbidden face кітабында мұғалімдер жасырынып, қыздарға білім бергені жазылған. Бірақ ондай кезде мұғалім мен әйелдер ұсталып қалса, өлім жазасына кесілуі де мүмкін болған. 

Қазір жағдай қандай?

Биыл билікті қолына қайта алған "тәліптер" 90-жылдардағыдай тыйым болмайтынын мәлімдеген. Бірақ таяуда "Талибан" мәдениет комиссиясы басшысының орынбасары Ахмадулла Васик Ауғанстанда әйелдерге спортпен айналысуға тыйым салынатынын айтқан. Ол Исламда әйелдерге көшеге тек шұғыл жағдайда шығуға рұқсат етілетінін, ал спорт шұғыл жағдай емесін мәлім еткен.

Бірақ бұл тыйым әлі күшіне енбеген секілді. Себебі Ауғанстан крикет кеңесінің төрағасы Азизулла Фазли әзірше тәліптер мұндай тыйым туралы хабарламағанын айтқан.  


Фото playmaker24.ru сайтынан 

"Талибан" ауған әйелдерінің білім алып, жұмыс істеу құқығын сақтауға да уәде беріп отыр. Бірақ ұлдар мен қыздар бір сыныпта оқи алмайды. Сондай-ақ, қыздар көзінен басқа барлық жерін жабуы керек. 

Russian.rt агенттігінің мәліметінше, кеше "Талибан" қозғалысындағы жаңа жоғары білім министрі Абдул Баки Хаккани баспасөз мәслихатында ауған әйелдері университеттерде оқуын жалғастыра алатынын, бірақ бөлек оқитынын мәлімдеді. 


Фото: ЮНИСЕФ

Аlhadath телеарнасының мәліметінше, тәліптер әйелдердің телевизияда жұмыс істеуіне рұқсат берген. Ал 1TV News телеарнасының ақпаратына сүйенсек, шенеунік әйелдер де жұмысына орала алады. 

"Талибан" Ауғанстан демократиялық ел болмайтынын мәлімдесе де, 90-жылдардағы тыйымды қайталамады. Әйелдер көшеге емін-еркін шыға алады, бірақ міндетті түрде хиджаб киюі керек. 

Әйелдер өз құқығын қорғамақ

Ауған әйелдеріне тәліптердің көп нәрсеге тыйым салуы ұнамайды. Бұған дейін БАҚ-та бір топ тәліп тамақ істеп беруден бас тартқан бір әйелді өлтіріп тастағаны туралы ақпарат шыққан. Желіде мұндай ақпарат жетерлік. Сондықтан әйелдер өз құқығы толық қорғалғанын қалайды. 

DW мәліметінше, ауған әйелдері тәліптердің ұстанымына қатысты наразалық шараларын өткізген. Кабулдағы белсенділердің бірі Махбобе Назрин Докт елде әйелдер құқығы қорғалғанын қалайды. 

"Мен ешкімнен қорықпаймын. Егер біз күреспесек, жеңіліп қаламыз", - деді ол басылымға. 

Ал Герат қаласында Базира Тахери есімді әйел акция өткізген. 

"Талибан" содырлары өмір бойы шет жерлерде, өркениеттен алыста өмір сүрді, олар тек соғысып үйренген. Жазу мен оқуды бәрі біле бермейді. Қаладағы өмір қандай екенін түсінбейді. Ауған қоғамы кейінгі 20 жылда өзгерді. Тәліптер құқығымызды тартып алуына жол бермейміз", - дейді ол. 

"Мен үш университеттен диплом алдым, ал олар маған үйде отыр деп талап қояды", - дейді тағы бір белсенді. 

Daily Mail мәліметінше, Кабулдағы митингті ұйымдастырушы Фрибе Кабрзани әйелдердің жаңа үкіметті құруға, кабинет пен ақсақалдар кеңесіне қосылуға мүмкіндігі болуы керек екенін айтады. Оның сөзінше, ауған әйелдері кейінгі жиырма жыл ішінде қол жеткізген жетістіктер үшін көп құрбандыққа барған және олардан қол үзуге дайын емес.

"Талибан" содырлары бейбіт митингілерде қару қолданған. Reuters мәліметінше, олар әйелдер наразылыққа шыққанын жариялағаны үшін екі ауған журналисін ұрып соққан.

TOLOnews мәліметінше, тәліптер әйелдер жиналған жерде көз жасаурататын газ қолданған. Белсенділердің бірінің айтуынша, президент сарайына жақындаған кезде тәліптер шеруге шыққандарға "шабуыл жасаған". Олардың айтуынша, бірнеше әйел соққыға жығылған.

Ауғанстандағы әйелдер жағдайын Біріккен Ұлттар Ұйымы да бақылап отыр. Адам құқығы жөніндегі комиссар Руперт Колвилл тәліптерді әйел құқығын сақтауға шақырған болатын. 

Ал әзірше елде әйелдерге қатысты нақты шешім жоқ. 90-жылдармен салыстырғанда көбірек еркіндік берілгенімен, көп тұста шектеу болуы мүмкін. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 484.52   529.45   5.04 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети