1. Главная
  2. Узнай
  3. Спорт
  4. Спорт

Элизабет Тұрсынбаева 21 жасында карьерасын неге аяқтады? 21 сентября 2021, 14:33

Қазақстан тарихында аз уақыт ішінде мәнерлеп сырғанаудан өз орнын тауып, тарихи жетістіктерге қол жеткізген Элизабет Тұрсынбаева 21 жасында
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек

Фото: Газета.ru Фото: Газета.ru

Қазақстан тарихында аз уақыт ішінде мәнерлеп сырғанаудан өз орнын тауып, тарихи жетістіктерге қол жеткізген Элизабет Тұрсынбаева 21 жасында карьерасын аяқтады. Спортшының бұл әрекетке баруына жарақаты себеп болған. Tengrinews.kz тілшісі аз уақыт карьерасында зор жетістікке жеткен Элизабет Тұрсынбаеваның жеңіс жолын баяндайды. 

Ресей намысын қорғауы мүмкін еді

Элизабет 2000 жылы ақпанда Ресей астанасы Мәскеуде туған. Анасы перзентханада болғанда Элизабет Тейлор түскен "Клеопатра" фильмін жиі көрген. Сондықтан қызы дүниеге келгенде есімін Элизабет атапты. 

Тұрсынбаеваның ағасы Тимур да мәнерлеп сырғанау үйірмесіне қатысқан. Кейін Элизабет те ағасының жолымен осы спортты таңдаған. Себебі спортшы бала кезінен сырқаттанып, иммунитеті әлсіз болған. Ата-анасы сондықтан қызын спортқа беріпті. 


Элизабет Тұрсынбаева бала кезінде. Фото: instagram.com/elizabetkz

Тұрсынбаеваны біз ресейлік спортшы ретінде тануымыз мүмкін еді. Себебі 13 жасында ол жасөспірімдер арасындағы Мәскеу біріншілігінде топ жарған. Сол кезде ол Ресей құрамасының тізіміне енген. 

Ата-анасының туған жерін таңдады

2013 жылы Тұрсынбаева Канадаға қоныс аударып, жарысқа сол жақта дайындала бастады. Сол жылы оны Ресей құрамасы шақырса да, Элизабет ата-анасының туған жері Қазақстан құрамасында өнер көрсетуді ұйғарды. 

Кейін 2014, 2015 және 2016 жылдары ересектер арасында Қазақстан чемпионы болды. 

2015 жылы жаңа маусымды АҚШ-та бастады. Сондағы U.S. Classic турниріне қатысып, екінші орын алды. Бұл спортшының ересектер арасындағы алғашқы халықаралық жарысы болатын. 


Фото: Reuters

Содан кейін Тұрсынбаева түрлі Гран-при кезеңінде, Челленджерлерде бақ сынап жүрді. Сәт сайын медаль да еншіледі. Сол жылы алғаш рет әлем чемпионатына қатысып, 12-орын алды. 

Элизабет үшін алғашқы үлкен сынақ 2017 жылғы қысқы Азия ойындары болды. Спортшымыз бұл жарыста қола медаль жеңіп алды. 2018 жылы Пхенчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарында 18 жастағы отандасымыз 12-орын алған. 

Спортшыны тарихта қалдырған жыл

Қазақстандық спортшының карьерасындағы ең жемісті жыл деп 2019 жылды айтуға болатын шығар. Сол жылы жапониялық Сайтамада әлем чемпионаты өткен. Оған дейін Элизабет әлем біріншілігіне үш рет қатысып, жүлделі орындарға жақындай алмай жүрген еді. Ал Сайтамада қазақстандық спортшы екі түрлі жетістікпен тарихта қалды. 

Қазақстан өкілі еркін бағдарламада төрттік секіруді (сальхов) орындады. Осылайша, ол тарихта мәнерлеп сырғанаудан ересектер арасындағы ресми жарыстарда мұндай жаттығуды орындаған алғашқы спортшы атанды. 

Оның бұл өнерін қазылар да бағалап, Тұрсынбаева күміс медаль алды. Осының арқасында ол әйелдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген алғашқы қазақстандық ретінде тарихта қалды. 


2019 жылғы әлем чемпионаты жүлдегерлері. © Reuters 

Сол жылы отандасымыз Төрт құрлық чемпионаты мен қысқы Универсиаданың да күміс жүлдегері атанған. 

Жарақатынан жеңілді

Әлем чемпионатынан кейін Тұрсынбаева жаттығуларының видеосын жариялап жүрді. Онда спортшы үштік аксель секілді қиын жаттығуларды орындайды. Мұндай жаттығуларды орындауы Элизабетті болашақта мәнерлеп сырғанаудағы басты фавориттердің біріне айналдырар еді. Бірақ бәрі спортшы жарақат алған кезде аяқталды. 

2019/2020 жылғы маусымнан бастап спортшы көп жарысқа қатысқан жоқ. Себебі арқасы ауырып, Элизабет жаттығу да істей алмайтын. Басында арқасы сәл ауырған, кейін ол күшейе берген. Спортшы жаттығу кезінде қарапайым әдістерді де орындай алмаған.  


Фото: Reuters

Тұрсынбаева Ресейге барып тексерілген, онда тірек-қозғалыс аппараты жарақаттанғанын анықтаған. 

"Қатты көңілім түсті. Лизаға Құдай күш-қуат берсін. Әрқашан жаныңдамын, күнім. Амалсыздан үнсіз жылаймын. Мәнерлеп сырғанау әлемінде қанша қиындықтан өткеніңді Құдай мен мен ғана білеміе", - деп жазды Элизабеттің анасы спортшы жарақаттанғанда. 

Жанкүйерлер Тұрсынбаева мұз айдынына оралады деп күтіп жүрген. Оның үстіне Бейжің Олимпиадасы да жақындап қалды. Алайда кеше спортшы карьерасын аяқтағанын хабарлады. 

"Құрметті жанкүйерлер, кәсіпқой спортшы ретінде карьерамды аяқтамақпын. Бұл жаңалықты бөлісу қиын болып отыр...

Көп адам арқам көптен бері мазалап жүргенін біледі. Амал не, мен бұл жарақатты соңына дейін жеңе алмадым, сондықтан толыққанды жаттығу мүмкін болмай қалды. Мен үшін өмірімде бұл тараудың аяқталуы жаңасы басталғанын білдіреді. Мен қазір Қазақстандамын және жыл соңына дейін осында жұмыс істеймін, балаларға көмектесемін, шабыттандырамын және олармен өз тәжірибемді бөлісемін. Мен әрқашан өз елімде мәнерлеп сырғанауды дамытқым келген, ақыры осындай мүмкіндікке ие болдым", - деп жазды ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Elizabet Tursynbaeva (@elizabetkz)

Мәнерлеп сырғанауға өмірінің 16 жылын арнаған Элизабет енді бұл спортты елде дамыту үшін жұмыс істемек. 



Join Telegram