Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
10 июня 2020 17:06

"Жеңістен жеңілісі көп". Қазақстандық файтерлердің UFC-дегі қарсыластары туралы не белгілі?

ПОДЕЛИТЬСЯ

UFC-де дебютін өткізетін қазақстандық файтерлердің алғашқы қарсыластары белгілі болды. Жалғас Жұмағұлов бразилиялық Раулиан Пайвамен кім мықтыны анықтаса, Мария Агапова октагонға америкалық Ханна Сайферспен шығады. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық файтерлердің UFC-дегі алғашқы қарсыластары туралы баяндайды.


UFC-де дебютін өткізетін қазақстандық файтерлердің алғашқы қарсыластары белгілі болды. Жалғас Жұмағұлов бразилиялық Раулиан Пайвамен кім мықтыны анықтаса, Мария Агапова октагонға америкалық Ханна Сайферспен шығады. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық файтерлердің UFC-дегі алғашқы қарсыластары туралы баяндайды.

UFC-дегі үш жекпе-жегінің екеуінде жеңілген

Бүгін қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұловтың UFC-дегі алғашқы қарсыласы аталды. Ол - бразилиялық Раулиан Пайва. Спортшылар 11 шілдеде Әбу-Дабидегі Яс аралында өтетін UFC 251 турнирінде октагонға шығады.

Пайва биыл 32 жасқа толатын Жұмағұловтан кішкентай. Бразилиялық спортшы 1995 жылы 17 қазанда Сантанада дүниеге келген. Аса жеңіл салмақта өнер көрсетеді.

Раулиан Пайва аралас жекпе-жектегі карьерасын 2013 жылы бастаған. Файтер ММА-дегі алғашқы жекпе-жегінде Моизес Сантосты төрешілер шешімімен жеңген.


Фото mmation.com сайтынан 

2015 жылдың мамырына дейін Пайваның еншісінде алты жеңіс болған, жеңіліс жоқ. Бірақ ол кездегі қарсыласының бәрі тәжірибесіз, аты шықпаған файтерлер еді.

Сол жылы қазанда бразилиялық спортшы азулы қарсыласпен күш сынасуға мүмкіндік алды. Қарсыласы - тоғыз рет жеңіп, бір рет жеңілген Луан Лассерда. Бұл кездесуде Пайва жеңіліп қалды. Бұл оның карьерасындағы алғашқы жеңілісі болатын.

Әйтсе де, сол жеңілістен кейін Раулиан жеңістер сериясына қол жеткізді. 2018 жылға дейін ол 12 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңімпаз атанған. Спортшының бұл көрсеткіші қараусыз қалмады. Раулиан Пайва UFC-мен келісімшартқа отырды. Сөйтіп, 2019 жылы ақпанда файтер ең танымал ұйымдағы дебютін өткізген. Бірақ спортшы жаңазеландиялық Кай-Кара Франстан төрешілер шешімімен жеңілді.


Раулиан Пайва - Кай-Кара Франс жекпе-жегі. Фото: usatoday.com

Былтыр тамызда UFC-дегі екінші жекпе-жегіне шыққан. Бұл жолғы қарсыласы - отандасы Роджерио Бонторин. Екі бразилиялықтың кездесуінде Бонторин Пайваны бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңген.

Ал биыл ақпанда файтер UFC-дегі үшінші жекпе-жегін өткізген. Бұл жолы Раулиан ұйымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Америкалық Марк Де Ла Росамен кездескен ол бірінші раундта нокаутпен жеңген.

Осылайша, Жалғас Жұмағұловпен жекпе-жек Раулиан Пайваның UFC-дегі төртінші кездесуі болады.

UFC-дегі бес кездесуінің үшеуінде жеңілген

Кеше қазақстандық файтер Мария Агапованың UFC-дегі алғашқы қарсыласы ауысқаны белгілі болды. 23 жастағы Агапова басында бразилиялық Мелисса Гаттомен жұдырықтасуы қажет еді. Енді Гаттоның орнына Мария америкалық Ханна Сайферспен күш сынасады. Файтерлер 13 маусымда Лас-Вегастағы UFC Apex турнирінде кездеседі.

Ханна Сайферс 1992 жылы 26 маусымда АҚШ-тың Оксфорд қаласында дүниеге келген. Бала кезінен әкесінің кеңесімен жаттығу жасай бастаған. Әкесі қызының өзін-өзі қорғау дағдыларын игергенін қалаған.

Кейінірек Ханна барып жүрген спортзал қожайыны қыздар арасында кездесу өткізген, Сайферс сол кезде аралас жекпе-жекке ғашық болып қалғанын айтады. Америкалық файтердің бразилиялық джиу-джитсудан күлгін белбеуі бар.


Фото mmation.com сайтынан

Ханна 2013 жылдан бері кәсіпқой деңгейде ММА-мен айналысып жүр. Сайферс сол жылы кәсіпқой деңгейдегі алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалған. Жарты жылдан аса уақыт өткен соң октагонға қайта шығып, қарсыласын бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңген.

Содан кейін америкалық файтер ММА-ден қол үзіп қалған. Үшінші жекпе-жегін 2017 жылы қарашада өткізіп, перулік қарсыласынан басым түскен. Артынша тағы екі жекпе-жекте жеңіске жеткен соң Ханнаға UFC-дің көзі түскен. Бұл ұйыммен келісімшарт жасаспас бұрын Сайферстің рекорды 4-1 болатын.

Файтер 2018 жылы қарашада UFC-дегі дебютін өткізіп, отандасы Мэйси Барберден техникалық нокаутпен жеңілген. Ал былтыр екі кездесу өткізіп, екеуінде де төрешілер шешімімен басым болған.


Ханна Сайферс - Анджела Хилл жекпе-жегі

Ханна Сайферс биыл да UFC-де екі рет октагонға шығып үлгерді. Қаңтарда Анджела Хиллден техникалық нокаутпен жеңілсе, наурызда Маккензи Дернге сабмишнмен жол берген.

Осылайша, америкалық файтер ең танымал ұйымда екі рет жеңіп, үш рет жеңілген. Мария Агаповаға қарсы кездесуі Ханна Сайферс үшін тағы бір сынақ болмақ.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети