Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
02 марта 2020 12:21

Көкпар ережесі бекітілді: енді халықаралық жарыстар қай нұсқамен өтеді?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Биыл 22-23 ақпанда Түркияның Анталия қаласында бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының үшінші форумында көкпар ойнының кейбір элементтерін өзгерту туралы ұсыныс қабылданды. Бұл туралы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 


Биыл 22-23 ақпанда Түркияның Анталия қаласында бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының үшінші форумында көкпар ойнының кейбір элементтерін өзгерту туралы ұсыныс қабылданды. Бұл туралы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Рахат Жақсыбайдың айтуынша, форумда биыл Түркияда өтетін көшпенділер ойнындағы көкпар спортының ережесі туралы арнайы жиын өтті. Жиынға тоғыз елдің өкілі қатысқан. Атап айтқанда: Түркия, Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Венгрия, Моңғолия және Ресей елінің өкілдері. Негізгі көтерілген мәселе - жалпы ойын қандай ережемен өтеді, соған бір ортақ шешімге келу. Жиын барысында көкпарды шеңбер арқылы ойнау мәселесі көтерілген. 

"2019 жылдың ақпанында астанада бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының, халықаралық "Көкбөрі" федерациясының кезекті жиналыстары өткен. Жиналыста да дәл осындай (шеңбер арқылы ойнау - автор) шешім қабылданып, дауыс беріліп, ортақ ереже қабылданған. Ол кешегі Түркиядағы жиында да осы халықаралық ереже бойынша шеңбер арқылы ойнаймыз ба деген бір ғана сұрақ көтерілді. Сегіз ел шеңбер бойынша ойнаймыз деген шешімге, Қырғызстан тарапы тайқазанмен ойнаймыз деген шешімге дауыс берді.


Бірінші суретте шеңбер, ал екінші суретте қазандық

Қазіргі уақытта қырғызстандық ақпарат құралдарында "біз бұл жиын туралы білген жоқпыз, қатысу туралы айтылған жоқ" деген сияқты ақпарат тарап жатыр екен. Дегенмен, бұл жиналыста қазір жұмыс істеп тұрған Қырғызстанның "Көкбөрі" федерациясының президенті дауыс беру рәсімінде, барлығында болды. Сондықтан бұл шешімді ортақ шешім деп қабылдасақ болады", - дейді Рахат Жақсыбай. 

Көрнекі сурет © Tengrinews.kz 

Рахат Жақсыбайдың айтуынша, былтыр ақпанда көкпар шартына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданған кезде мынадай қағидалар айтылған:

"Біріншіден, егер біз осы спортты әлемдік деңгейге шығарғымыз келсе спорттың да, аттың да қауіпсіздік жағын ойлау керек. Осы қауіпсіздік жағынан шығатын үш түрлі мәселе бар:

1. Көкпарды серкемен емес, муляжбен ойнау. Муляж деген - серкенің жасанды түрі. Егер бұл ойынды Еуропаға шығарамыз десек жануарлардың құқығын қорғайтын ұйымдар бар. Дұрыс қабылдануы үшін біз муляжға өтуіміз керек. Спорттық инвентарь ретінде дамытуға соған дауыс бергенбіз. 

2. Уақытқа байланысты. 20+20 деген қағида бар. Яғни, 1 тайм - 20 минут, арасында 10 минут үзіліс, сосын 2-тайм 20 минут. Бұл да басқа ат спортына қатысты тәжірибесі ескеріле отырып жасалды. Ол да аттардың қауіпсіздігі деген мәселеге келеді. Себебі, 20 минуттан 40 минут ойнаған кезде аттар да шаршап қалады. Поло секілді ойындарда 6-7 минуттан 6-7 кезең ойнайды. Тура сондай емес, бірақ уақыт жағынан 40 минуттың шамасында болады. 

3. Шеңбер мәселесі. Қазақстан соңғы үш жылда шеңбермен ойнайды. Қазақстан чемпионаттарында қазандық жоқ. Одан тиісінше аттар мен адамдар жарақат алған кездер болған. Қазір бұл көрсеткіш азайған. Көкпар - жалпы алғанда экстрим спорт. Жарақат болады, бірақ бұрынғыға қарағанда азайды.Көкпаршылар түрлі жарақат алатын. Қазандық жағдайында баспен келіп салғаннан кейін ат та, адам да әртүрлі позицияда түсуі мүмкін. Шеңбер бойынша кедергіге соғылу жағдайы жоқ", - дейді Рахат Жақсыбай. 

Ескерту! Видеода спортшылардың ауыр жарақат алған сәттері бар! +18!

Рахат Жақсыбайдың сөзінше, бұл ұсыныстарды тек қазақтың көкпарының ережесі деп айтуға болмайды. Бұл ұсынысты біраз ел айтқан екен.

"Қазандықтың кіргеніне жалпы 15-ақ жылдай уақыт болған. Қазандық тарихта болмаған. Яғни, бұл - біз тамырымыздан үзіліп қалдық деп айтатындай жағдай емес. Бұл шешімді 2019 жылдың ақпанында қабылдағанбыз, кеше Түркиядағы жиында құжатты бекіттік. Бірақ ішкі чемпионаттарға араласпаймыз. Ол тек халықаралық жарыстарға байланысты", - дейді Рахат Жақсыбай. 


Көрнекі сурет © Tengrinews.kz 

Сондай-ақ, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры бұрынғы және қазіргі көкпар ойындарының айырмашылығын айтып берді. 

"Бұрынғы дәстүрлі көкпар командалық болмаған. Ол жаппай көкпар, көпшіліктің арасынан серкені алып шығу қағидасына сүйенген. Биыл Қазақстанда көкпардың 20-шы чемпионаты өтеді, яғни командалық. Мысалы жаппай көкпарды ойын деп айтатын болсақ, командалық көкпар - ол спорт. Спорт болғасын ережесі болады. Ойын мен спорттың ерекшелігі - ойында көбіне фестиваль, яғни, той-думанның, басқа да көрініс үшін болады. Ал спорт кәдімгі жарыс. Өз алдына бөлек шара", - дейді Рахат Жақсыбай. 

Сонымен қатар, Рахат Жақсыбай көкпардағы қақтығыстарға қатысты пікір білдірді. 

"Кеше болған оқиға спорттық федерацияға қатысты емес. Бақылауды қай аймақта өтсе, сол жердегі әкімшілік қауіпсіздік шараларын қадағалайды. Ал біздің өтетін жарыстарымызда барлық ереже бекітілген. Мысалы, қол жұмсаса не балағаттаса, атпен келіп қақса деген секілді. Егер біз халықаралық деңгейге шыққымыз келсе, төбелес қажет емес, біз спорт жағына көбірек көңіл бөлуіміз керек. 


Көрнекі сурет © Tengrinews.kz 

Ол жеке той берушінің қуанышын бөлісіп, жаппай көкпар беру ғой. Сондықтан спорт пен жаппай көкпар екі бөлек. Егер спорттық жарыс кезінде сондай оқиға болса, бізде тәртіптік кеңес бар. Сол бойынша қаралады. Соған қатысқан спортшылар тиісті жазасын алады. Ойын барысында қағып кету, басқа мәселе болса сол жерде жазасын алады", - дейді Рахат Жақсыбай. 

Рахат Жақсыбайдың айтуынша, көкпардан биылғы Қазақстан чемпионаты 27 наурыз-4 сәуір аралығында Шымкент қаласында өтеді.

"Барлық өңірден осы жарысқа күтіп отырмыз. Бұл чемпионатта тек көкпар емес, негізі төрт спорт түрінің чемпионаты қатар өтеді. Сонымен қатар, биыл көкпардан әлем чемпионатын өткізу жоспарланды. Сосын маусымда Алматы облысында аударыспақ пен теңге ілуден халықаралық Азия чемпионатын өткізсек деген жоспар бар", - деді Рахат Жақсыбай. 

Қазандық па, шеңбер ме - қырғыздар неге шүйлікті?

Еске салайық, былтыр ақпанда астанада көкпар ойнайтын елдердің өкілдері бас қосып, халықаралық стандарттарға сай ереже бекіткен. Алайда халықаралық көкпар ойындарына енгізілген жаңа ережелер дау туғызған еді. Астанада өткен Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының кеңесі қабылдаған жаңа ережелер бәріне бірдей ұнай қоймаған. Атап айтқанда, қырғыз көкпар федерациясы жаңа ережелерге қарсы болып, оған қазақстандық тарапты айыптаған еді.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети