Тура бір аптадан кейін Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Қазақстандық спортшылар кеше Қытайға аттанды. Tengrinews.kz тілшісі Бейжіңдегі қысқы Олимпиада туралы маңызды мәліметтерді жинады.
Тура бір аптадан кейін Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Қазақстандық спортшылар кеше Қытайға аттанды. Tengrinews.kz тілшісі Бейжіңдегі қысқы Олимпиада туралы маңызды мәліметтерді жинады.
Қысқы Олимпиада қайда өтеді?
2022 жылғы қысқы Олимпиаданы Қытай қабылдайтыны 2015 жылы белгілі болған. Бейжіңмен бірге ең соңғы сәтке дейін Алматы күрескен еді. Жалпы, Алматы қысқы Олимпиаданы қабылдауға алғаш болып өтінім жіберген. Кейін Халықаралық Олимпиада комитетінің сессиясында жеңісті Бейжің жұлып әкетті. Осылайша, Бейжің жазғы да, қысқы да Олимпиаданы өткізетін алғашқы қала атанады.
Бірақ төртжылдықтың басты додасы тек Қытай астанасында өтпейді. Жарыстар үш өңірге бөлінген. Ашылу және жабылу салтанаты Бейжіңдегі "Ұлттық стадионда" өтеді. Ел астанасында жарыстар өтетін тағы алты нысан бар.
Пекиндегі Ұлттық стадион
Одан бөлек, жеті нысан Чжанцзякоуда орналасқан. Бұл қала Бейжіңмен бірге Олимпиаданы қабылдайтын қала ретінде ресми тіркелген. Чжанцзякоу - Хэбэй провинциясындағы округ. 4 миллионнан аса адам тұрады.
Тағы екі жарыс Яньцин ауданында өтеді. Онда екі спорт нысаны бар. 400 мыңнан аса халық тұрады.
Олимпиада медалі қандай болады?
Былтыр қазанда Олимпиада ұйымдастыру комитеті спортшыларға берілетін медальдар дизайнын ұсынды. Марапаттар "Тун Синь" деп аталды, бұл "бірге, біртұтас" деген мағынаны білдіреді.
Медальдың алдыңғы жағына Олимпиаданың бес сақинасының логотипі салынған, айналасына ағылшын тілінде ойындардың толық атауы бар. Артқы жағында эмблема және қытай тілінде ойынның толық атауы бейнеленген.
🎉With exactly 1️⃣0️⃣ 0️⃣days to go before the start of the Beijing 2022 Olympic Winter Games, the design of the medals that will be awarded at the Games has been unveiled! 🏅️🥈🥉#beijing2022 #medal #Olympics pic.twitter.com/c5Zi9gZETe
— Beijing 2022 (@Beijing2022) October 26, 2021
Медальды жасағанда Қытайдағы дәстүрлі әшекейлерді безендіруден шабыт алғаны аталды.
👀🏅Watch this video to take a closer look at our medals and understand the excitement, enthusiasm, and concept behind the medals‘design. #Beijing2022 #Olympics #medal pic.twitter.com/Zjr2t7Bq5w
— Beijing 2022 (@Beijing2022) October 26, 2021
"Олимпиада ойындарының қағидаларына сәйкес, алтын, күміс және қола медальдардың пішіні қарапайым және 2008 жылғы жазғы ойындардың медальдарына ұқсайды, сонымен қатар, Пекинді жазғы және қысқы ойындарды өткізетін алғашқы "Қос олимпиадалық қала" ретінде көрсетеді", - делінген ХОК хабарламасында.
Бейжің Олимпиадасының тұмары кім?
Бейжің Олимпиадасының тұмары - "Бин Дуньдунь". Қазіргі қытай тілінде "бин" сөзі бірнеше мағына береді. Ең алдымен "мұз", сонымен бірге "тазалық", "күш" деген мағынасы бар. Ал "Дуньдун" сөзі "дені сау", "күшті" және "көңілді" дегенді білдіреді. Бұл сөз балалар туралы сөйлескенде жиі қолданылады екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Олимпиада тұмары - бұл қатысушылар мен көрермендерге қуаныш сыйлайтын қысқы спорт түрлерінің елшісі. Ол спортшылардың күші мен ерік-жігерін бейнелейді.
Фото ©REUTERS
"Бин Дуньдунь" скафандрға ұқсас мұздан жасалған кастюм киген. Тұмар авторы Цао Сюэ мен ұйымдастырушылар осы арқылы шексіз мүмкіндік сыйлайтын жаңа технологиялар мен болашақты көрсетуге тырысқан. Мұз костюміндегі панда спортшылармен бірге коньки, шаңғы және сноуборд тебе алады. Сол аяғындағы жүрек олимпиаданың барлық қатысушысы мен көрерменіне деген Қытайдың қонақжайлығын білдіреді.
Олимпиада эмблемасы қандай?
Суретші Лян Цюань Чжэн жасаған Олимпиада эмблемасы Қытайдың дәстүрлі және заманауи мәдениетінің элементтерін біріктіреді. Сонымен қатар қысқы спорт түрлеріне деген сүйіспеншілігін көрсетеді.
Логотип Қытайдың "қыс" иероглифіне негізделген. Жоғарғы бөлігінде эмблема конькимен жүгірушінің бейнесіне, төменгі бөлігінде шаңғышының силуэтіне ұқсайды. Ұшатын лента Қытайдың тау жоталарын, спорт нысандарын білдіреді. Көк түс арманды, болашақты, мұз бен қар тазалығын аңғартады. Қызыл және сары – Қытай туының түсі, олар ұмтылысты, жастықты және өмірлік энергияны суреттейді.
Олимпиадада қандай спорт түрлері болады?
Бейжің Олимпиадасында жеті спорт түрі бойынша 109 медаль сарапқа салынады. Жеті спорт түрі мынадай:
- Биатлон;
- Бобслей;
- Керлинг;
- Конькимен өтетін жарыстар - конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек;
- Шаңғымен өтетін жарыстар - тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл, сноуборд;
- Шана жарысы;
- Шайбалы хоккей.
Керлинг, фристайл, шайбалы хоккей сынды спорт түрінен жарыстар ашылу салтанатына дейін, 2-3 ақпанда басталады.
Қазақстан намысын кімдер қорғайды?
Бейжің Олимпиадасында ел намысын 34 спортшы қорғайды. Қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиадаға 87 жолдама жеңіп алды.
Шаңғы жарысы: Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга.
Фристайл-могул: Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков.
Шаңғы акробатикасы: Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев Қазақстан намысын қорғайды.
Тау шаңғысы: Захар Кучин мен Александра Троицкая.
Шаңғымен секіру: Сергей Ткаченко, Данил Васильев
Шаңғы қоссайысы: Шыңғыс Ракпаров.
Биатлон: Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев.
Конькимен жүгіру: Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузин.
Шорт-трек: Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова.
Қазақстан туын кімдер ұстап шығады?
Бейжің Олимпиадасында Қазақстан туын спортшы ұстап шығады. Olympic.kz сайтының мәліметінше, шорт-тректен Қазақстан командасының көшбашысы, әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова Бейжің Олимпиадасында Қазақстан олимпиадалық құрамасының туын ұстаушылар болып бекітілді.
Фото:olympic.kz
Екатерина Айдова ең алғаш рет 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында қатысқан, кейін Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Айдова үшін Бейжің ойындары карьерасындағы төртінші Олимпиада болмақ. Тәжірибелі спортшы - конькимен жүгіруден әлем кубогы кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы.
Ал Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен әлем кубогы кезеңдерінің барлық жүлдесі бар, 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының медалін алған. Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадаға қатысып, Пхенчханда Қазақстанның туын көтеріп шыққан болатын. Ол мұндай құрметке екінші рет ие болып отыр.