Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
04 августа 2021 16:05

Олимпиадада жабық киіну туралы бастама көтерілді. Неге?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото sport24.ru сайтынан Фото sport24.ru сайтынан

Токио Олимпиадасында неміс гимнастары орын алмаса да, әлемдік БАҚ беттеріне шықты. Нәтижесімен емес, жаңа бастамасымен - спортшылар толықтай жабық киімде өнер көрсетті. Мақсаты - спортты сексуалдандыруды тоқтату. Tengrinews.kz тілшісі бұл бастама қалай шыққанын баяндайды. 


Токио Олимпиадасында неміс гимнастары орын алмаса да, әлемдік БАҚ беттеріне шықты. Нәтижесімен емес, жаңа бастамасымен - спортшылар толықтай жабық киімде өнер көрсетті. Мақсаты - спортты сексуалдандыруды тоқтату. Tengrinews.kz тілшісі бұл бастама қалай шыққанын баяндайды. 

Орын алмаса да...

Әйелдер арасындағы спорттық гимнастикада қатысушылардың аяғы толығымен ашық болады. Сырт көзге шомылу киіміне ұқсайды. Бұл кезінде спортшыларға сайыс кезінде түрлі жаттығу жасауға ыңғайсыз болмауы үшін таңдалған. 


Фото: REUTERS

Ал биыл Олимпиада ойындарында неміс гимнастары мұндай киім киюге қарсы болды. Олар жарысқа толыққанды жабық киіммен шықты.  


Германия құрамасы. Фото: REUTERS

Мұның себебі неде? Неміс гимнастарының айтуынша, олар осы арқылы спортты сексуалдандыруға қарсы екенін білдірген. 

"Әдеттегі костюм кигенде өзін қолайсыз сезінетін гимнаст қыздар бізден үлгі алады деп үміттенемін. Әйел ретінде біз өзімізді қолайлы сезінгіміз келеді. Ал гимнастика секілді спортта есейіп, денең өзгерген сайын бұл қиындау болып барады", - деді германиялық гимнаст Сара Восс. 

Осылайша, гимнастиканың көпсайыс жарысында іріктеуден өте алмаса да, Сара Восс пен оның құрамадағы әріптестері әлемдік БАҚ беттеріне шықты. 

Еуропа чемпионатында да жабық киінген

Германиялық гимнастардың бұл осындай алғашқы бастамасы емес. Олар биыл сәуірде өткен Еуропа чемпионатында да толықтай жабық киінген. Сол кезде де нәтижелі өнер көрсете алмаған германиялықтарды бәрі талқылаған еді. 

"Әрине, күнделікті өмірде шалбармен жаттығамыз. Сол сәтте өзімізден "Неге сайыстарға осылай қатысып көрмеске? Жарыстарда да өзімізді неге қолайлы сезінбеске?" деп сұрадық", - дейді Германия құрамасының өкілі Элизабет Зайтц.

Сол кезде Германияның гимнастика федерациясы спортшылардың бұл бастамасын қолдаған. 


Фото: REUTERS

Бұған жаза бар ма?

Олимпиадаға оралайық. Қалыптасқан киім формасымен шықпаған германиялықтарға жаза қолданыла ма? Жоқ. Себебі спорттық гимнастикада аяқ жабық тұратын костюмдерге тыйым салынбаған. 

Тек оны бұған дейін діни сенім бойынша ғана қолданатын - мұсылман елдерінің гимнастары бұрын да толыққанды жабық киіммен өнер көрсететін. 1993 жылдан бері мұсылман елдерінің спортшы қыздарына жабық комбинизонмен өнер көрсетуге рұқсат берілген. 1996 жылы Атланта Олимпиадасында мұсылман спортшылар сондай комбинизонмен жарыс жолына шыққан. 

Ал қалған елдердің қатысушылары ешқандай міндетсіз ашық форманы таңдайтын. Сондықтан, неміс гимнастарының бұл шешімі ережеге томпақ емес. 


Фото: REUTERS

Бірақ кейінгі жылдары көркем гимнастикада спортшыларға қысқа белдемше немесе көйлек киюге рұқсат берілген. Ал спорттық гимнастикада тек осындай шомылу киімдерімен ғана жарыс жолына шығуға болады. 

Бірнеше дүркін әлем чемпионы ресейлік Светлана Хоркина германиялықтардың бұл шешіміне спорт тұрғысынан баға берген. 

"Бізде екілік сальто деген бар - бұл элементте қолыңмен тізеңді ұстайсың. Егер комбинезон киген спортшы бұл элементті орындап жатқанда қолы тайып кетсе, ауыр жарақат алады. Маңыздысы, немістерге бұл костюм кедергі келтірмеуі керек. Ал ұнаса, кие берсін", - деді Хоркина "Газета.ру" сайтына. 

Норвегия гандболшылары да қарсы шыққан

Осыдан бірнеше апта бұрын дәл осындай бастаманы Норвегия гандболшылары да көтерген. Норвегиялық гандболшы қыздар Болгариядағы Еуропа чемпионатында бикини киюден бас тартқаны үшін жазаланған. 


Фото: AmalieSkram/Twitter

Себебі олар турнирдің киім бойынша ережесін бұзған: спортшылар бикини орнына шолақ шалбар киіп шыққан. Өйткені, гандболшылардың айтуынша, тым қысқа киім жағажайда ойнау үшін өте қолайсыз. 

Бірақ Еуропа гандбол федерация (EHF) норвегиялықтардың бұл шешімін құптамай, әр ойыншыға 150 еуро көлемінде айыппұл салған.

Ал әзірше желі қолданушыларының пікірі әр алуан болып отыр. Бірі жабық киінген спортшыларды қолдаса, қалғандары бұл шешімін сынға алған.  

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети